Кәсіпкер даулы мәлімдемесінен кейін қазақша сөйледі (ВИДЕО)

Кәсіпкер даулы мәлімдемесінен кейін қазақша сөйледі (ВИДЕО)

Кәсіпкер даулы мәлімдемесінен кейін қазақша сөйледі (ВИДЕО)
ашық дереккөзі
Ресейліктермен кездесуде шетелдіктерге қазақ тілінде жауап беру “мәдениеттің көрінісі емес” екенін айтқан Chocolife компаниясының директоры Рамиль Мухоряпов қазақстандықтардан кешірім сұрады деп хабарлады turkystan.kz Stan.kz-ке сілтеме жасап. Компания басшысы өзінің Instagram парақшасына қазақ тілі жөнінде асығыс айтқан пікірі үшін барша қазақстандықтардан кешірім сұрап, видео жариялады.
“Сәлем достар, сіздер кешегі видеоның тек бір бөлігін көрдіңіздер. Ең алдымен барлықтарыңыздан кешірім сұрағым келеді. Ешкімді ренжітейін деген ниетім болған жоқ. Дұрыс айтасыздар, сіздерді мұқият тыңдауым керек еді”, – деді директор.
Рамиль Мухоряпов Қазақстанда туып-өскенін айтып, қазақ тілін үйренуге тырысатынын жеткізді.
“Мен ең алдымен кешегі видео намысына тиген жандардан кешірім сұрағым келеді. Ол видеоны қайта қарап шықтым. Шынымен, асығыс қатты айтыппын. Өзім осында, Алматыда туып-өстім. Біздің компания қызметкерлерінің 99%-ы – қазақтар. Осы елге салық төлеп отырмыз. Мен қазақ тілін дамытудың маңыздылығын жақсы түсінемін. Сондықтан компания өнімдердің барлығын қазақ тіліне аударды. Ал қосымшаның жартысы қазақ тіліне аударылып, жартысы дайындық үстінде. Жақын арада бұл жұмыстарды аяқтаймыз. Өзіме келетін болсам, мен қазақ тілін аздап түсінемін, бірақ жақсы сөйлей алмаймын. Бірақ алдағы уақытта үйренуге тырысамын. Достар, тағы да кешірім сұраймын”, – деп қорытты ол.
Еске салсақ, әлеуметтік желіде Chocolife компаниясының директоры Рамиль Мухоряповтың ресейліктермен кездесуде айтқан сөзі қызу талқыға түсті. Кездесу барысында компания басшысы шетелдіктерге қазақ тілінде жауап беру “мәдениеттің көрінісі емес” екенін айтқан болатын.