Жаңалықтар

Таразда Шерхан Мұртазаға ескерткіш қойылды

ашық дереккөзі

Таразда Шерхан Мұртазаға ескерткіш қойылды

Таразда Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойы аясында тұлғаның ескерткіші ашылды деп хабарлады turkystan.kz Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Салтанатты шараға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев, қоғам қайраткері, ақын, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді қатысты. Дархан Қыдырәлі баршаны айтулы оқиғамен құттықтап,  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. «Шерхан Мұртаза – саналы ғұмырын халқымыздың әдебиеті мен мәдениетін дамытуға арнаған көрнекті тұлға, Халық жазушысы, қоғам қайраткері. Шерхан Мұртаза өзінен кейін мол әдеби мұра қалдырды. Оның жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады», - делінген құттықтау хатта. Өз кезегінде көрнекті қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері де орамды ойларын ортаға салып, жиналғандарды құттықтады. Ескерткіш Халықаралық Тараз инновациялық институтының бас ғимараты мен жатақханасының алдында орналасқан. Демеушілік қаражат есебінен жасалған ескерткіш қоладан құйылған. Тұғырдың биіктігі 4 метрге жуық, ал мүсіннің жалпы биіктігі 7,7 метрді құрайды.