Жаңалықтар

Науқас баланың анасы "Нұр Отанға" алғыс айтты

ашық дереккөзі

Науқас баланың анасы "Нұр Отанға" алғыс айтты

Ауыр сырқатқа душар болып, БМС (балалақ милық салдануы), қояншық және микрацефелиамен ауыратын бүлдіршіннің ата-анасы  бес айдан бері баласына берілуі тиіс тегін дәрі-дәрмекке қол жеткізе алмай табан тоздырған. «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалы көмек қолын созғаннан  кейін ғана бұл мәселе оң шешімін тапты.

– Назель – менің үлкен қызым. Маған оған қарау өте ауыр. Бала отыра да, еңбектей де, жүре де, басын көтере де алмайды, тамақ та сұрамайды, – дейді баланың анасы Алмажан Өтегенова.

Алмажан – үш баланың анасы. Отбасында күйеуі ғана жұмыс істейді. Жатақхананың шағын бөлмесін жалдап тұрып жатыр. А.Өтегенованың айтуынша, жұбайының табысы баспана ақысын төлеу мен отбасының қажетіне әзер жетеді екен.

– Қажетті дәрі-дәрмектер «Кеппра» мен «Конвулексті» сатып алуға тура келген. Тек бір дәрінің бумасының өзі ғана 11 мың теңге тұрады. Айына оның үш бумасы керек. Бізге таныстарымыз «Нұр Отан» партиясына баруға кеңес берді. Солардың ақылын тыңдап, партияның қоғамдық қабылдауына жазылдым. Қабылдауда болғаннан кейін бізге тегін рецепт жазып берді, – дейді әйел.

«Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы қоғамдық қабылдауының меңгерушісі Марал Елеуқұловтың айтуынша,  партиядан көмек сұрап келетіндердің арасында балалары ауыр сырқатқа шалдыққан ата-аналар көбейген.

– Бұл мәселенің күрделенуіне стихиялық миграция қатты әсер етіп отыр. Өңірлерде балаларын сауықтыруға қол жеткізе алмаған адамдар сапалы ем алуға мүмкіндік жасалған Астанаға келеді. Олар бізден квота алуға, дәрі-дәрмек мәселесін шешіп беруге көмек сұрайды. Біз қолымыздан келгенше олардың өтініштерін орындауға тырысамыз, – дейді М.Елеуқұлов.