Жаңалықтар

51 жылдан бері кран тізгіндеп жүрген ана

ашық дереккөзі

51 жылдан бері кран тізгіндеп жүрген ана

«Адал еңбек адамды қанаттан­ды­рады» деген сөз Шәрбан Тай­ши­ко­ваға арналғандай. Олай дейтініміз, 51 жыл­дан бері ауыр жүк көтеретін кран кө­лігін тізгіндеген ана бүгінде жасы жет­піске таяса да, алға ұмтылып, алып техниканы әлі де жүргізіп жүр. Мұ­ның сыры істеген ісіңнен қуаныш таба білуде шығар, бәлкім. Қалай де­сек те, көпбалалы ананың еңбекпен өріл­ген өмірі кімді болсын, бейжай қал­дырмайды. Кейіпкерімізбен кешкі уа­қытта сөйлесуге тура келді. Өйткені күн­діз Шымкенттегі темір-бетон өнім­дерін шығаратын зауыттағы қай­на­ған жұмыстың белортасында жүретін кран жүргізушісінің осы кезде ғана қолы босайтын. «Басында онша ұнамады, несін жа­сы­райын. Кранның құрылысын, қызметін жат­тап алып оқыдық. Содан практикаға төрт-бес айға жіберетін болды. Көбін Шым­кенттегі мекемелерге жіберді. Айлық тө­ленетін. Мен практикадан Кентауда өт­кім келетінін айттым. «Ол жаққа барсаң, еш­теңе төленбейді» деді. Мен үшін айлық маңыз­ды болмады. Үйімді сағынған шы­ғар­мын. Ағам институтта оқитын, әпкем тұр­мыста. Анамның қасына бару керек бол­ды. Әкемнің қайтқанына екі жыл бол­ған. Сөйтіп, Кентауға бардым. Мұнаралы кран жүргізетін құрылысқа жіберді. Бірін­ші күні біраз қобалжыдым. Кранға алғаш шы­ғуым. Төбеге көтеріліп, кран рөліне отыр­ғанда қуанышымда шек болмады. Бірін­ші күні тек қарап тұрдым. Кран жүр­гізушісі орыс әйел екен. Ертесіне кел­ге­нім­де «Бұлай қарап тұра берсең үйренбейсің, отыр мына жерге» деп, қалай жасау керегін көрсетті. Айтқанын істедім. Ал жұмыс­шы­лар «Өзің отыр, анау жас, жай істеп жатыр» деп айқайлап жатыр. Ал әйел айтқанынан қайтпай, «Жоқ, бұл үйрену керек» деп тұрып алды. Бір күн қасымда тұрды да, ер­те­сіне жұмысқа келмеді. Сөйтсем, кіш­кен­тай баласы бар екен. Ауырып қалыпты. Содан амал жоқ, жұмысшылар менің істе­геніме көнді», – дейді Шәрбан апа күліп. Сол жерде төрт ай практикадан өт­кен­нен кейін қорқынышы да басы­лады. Ары қарай оқуын жалғастырып, ой­­да­ғыдай тәмамдайды. Бітірген соң Кен­таудағы комбинатқа жолдама алып, те­мір-бетон зауытына барады. Ағаш өң­дейтін цехта мұнаралы кран айдайды. Жа­нындағы есік-терезе шығаратын цехқа учи­лищеден практиканттар келген бола­тын. Сол жерде бір бала станокқа саусағын ке­сіп алған соң комиссия келіп, он сегізге тол­мағандардың бәрін жұмыстан шы­ғарады. Жұмысқа жаңадан кіріскен жас қыз­меткер Шәрбан Тайшикованың он сегіз­ге толуына бір жарым айдай уақыт бар. Осыдан кейін ол он сегізге толғанша дайын болған есік-терезелерге бояу жағып жүреді. Кран жүргізу әйел адам түгілі, ер адам­­­ның өзіне оңай жұмыс емес. Бұл істі шебер меңгерген Шәрбан апа Кен­тау­дағы құрылыс материалдары ком­би­на­ты­нан кейін Шымкентке келіп, осы салада та­лай жыл тер төгіп, еңбек етеді. Манап Өте­баев атындағы колледждің, бірнеше тұр­ғын үйдің құрылыс жұмыстарына қа­ты­с­ады. Қазір Шымкент қаласындағы те­мір-бетон өнімдерін шығаратын зауыт­та жұмыс істейді. Бұл жерде еңбек етіп жат­қанына 18 жыл болыпты. Екі ауысым­мен жұмыс істейді. Жұмыс таңғы 9-да бас­талып, кешкі сағат 5-терде аяқталады. «Мен зауытқа жұмысқа келгенде Шәр­бан апай зейнетке шыққан. Көпбалалы ана болған соң ерте шыққан ғой. 59 жаста еді. Бірақ олай ойламайсың. Қазірге дейін бірге жұ­мыс істеп келе жатырмыз. Қимылы шап­­­­шаң, шаршауды білмейді. Адамдармен тез тіл табысады, бәрінің көңілін таба біле­тін жан. Маған ұнайтын қасиеті – адам ба­ласын алаламайды. Үлкенмен де, кіші­мен де сөйлесіп, қажет кезде ақылын ай­тады. Түсінбесе, ұрысып та алатыны бар. Жұ­­мысына адал. Үйінен шыққан кезде үй­дің мәселесін сол жерде қалдырып ке­теді. Жұмысқа келгенде ешқандай проб­ле­ма туралы айтпайды. Бар ойы тек жұмыста. Кран айдағанына биыл 51 жыл болыпты. Жұмыс істегеніне қарап таңғаламын. Ол кісіден бес жас кішімін. Мен де зейнеттемін. Зертханада жұмыс істеп жатырмын. Шәр­бан апайға «Қасыңызда көбірек жүре бе­рейік­ші, сіздің бойыңыздағы күш-қуат, жа­ғ­ымды энергия бізде жұға берсін» деп ай­тамыз. Денсаулық болмаса, бәрі бекер ғой. Сондықтан бұл Жаратушының берген сыйы деп ойлаймын», – дейді әріптесі Мария Әділбекқызы. Шәрбан Тайшикова – алты бала­ның анасы, күміс алқа иегері. Бү­гінде Құдай қосқан жолдасымен бірге не­мере, шөбере сүйіп отыр. Қыздары мұ­ғалімдік жолды таңдаған, саудамен ай­налысатыны да бар. Ал ұлы менеджер бо­лып жұмыс істейді. «Балаларым жолымды қуып, кран айдауға құлшынбады», – дейді кейіпкеріміз. Ең бастысы, олардың аман­ды­ғын тілейді. Жастарға да айтары бар. «Талаптанып, алдына мақсат қойған адам дегеніне жетеді. Адам еңбекпен шың­да­лады. Қимылдаған денсаулыққа да пай­да­лы. Сондықтан еңбектен қашпау керек, ең бастысы мұратың айқын болсын», – дей­ді Шәрбан Тайшикова.