Жаңалықтар

Айтыстың ақмылтығы

ашық дереккөзі

Айтыстың ақмылтығы

Хазар теңізі жағалауын мекендеген үнді-иран жұрты пайғамбар са­на­ған, авесталық дұға-формулдардың не­гізін қалаушы Заратуштрадан қалған «Дұ­рыс ой түзік сөзге, ол оң әрекетке бас­тайды» деген сыңайдағы үш әлемді бірік­тіруге негізделген, қалай қолдансаң, сол бағыттың межесін анықтауға ыңғай та­ныта қоятын тәмсіл бар. Мен соның жер бетіне шашырап түскен көлең­кесін­дей қиық сәулесінің жауһарларын кейде ай­тыс өнерінен көргендей боламын. Ақын­ды алдымен импровизацияға, яғни суырыпсалуға төселдіріп, белгілі ортада жастай жетілдіру арқылы табан асты оқыс ой тауып, содан соң өрнегі қиыннан қиыс­қан, кестесі келісті өлең құратып, ал­қалы жиынға машықтандыратын ай­тыс – тыңдаушы топтың түрлі сезімге то­лы толғаныс әрекетін туындатып, ве­гетатив көңіл күй жасайтын күшке ие. Мі­не, жоғарыда айтылған үштік тәмсіл – трихотомия, яғни ақынның ойы, сөзі, әрекет (тыңдарман әрекеті. – авт.) ізі осы жерде жатыр. Айтыстың тарихы тым тереңге, сонау есте жоқ ескі күндерге қарай тартады. Содан да бо­лар, әдебиеттану теориясының білгірі, ака­демик З.Ахметов суырыпсалма ақынның тұл­ғасын байырғы жыршы, жырау сияқты әлеу­меттік ой-пікірді реттеуші сөз иелерінен де ауқымы кең, солар атқарған қызметті то­лайым қамтитын ескі тип ретінде қарас­тырады. Олай болса, кешегі Сыр сүлейлерінің сарқыты, бүгінгі заманауи сахналық айтыстың арғы-бергі тарихында «Алтын домбыра» жүл­десін үш рет жеңіп алған, Алла абыроймен ал­қағандықтан, шашасына шаң жұқпай, тозаңына қара ілеспей келе жатқан айтыстың ақмылтығы Мұхтар Ниязовтың шығармашы­лық сүбесінің аужайын, жалпы оның айтыскерлік шеберлігімен байланысты қазіргі заманауи айтыстың өткені мен бүгінін түстеп тану үшін сөзімізді сәл әріден бастаған жөн болар.

Қайнар бұлақтың қарқыны

Қазақ айтыс өнерінің байырғы бастау­лары, дамуы, кейінгі жеке арналардың қалып­тасу, салалану тарихы мен теориясына қатыс­ты кезінде мамандар тарапынан жазылған жайлар баршылық. Сахарадағы көшпелі ха­лықтардың, оның ішінде қазақ пен араб бә­дәуилері өнеріндегі ұқсас тұстарды салыс­тырып, негізінен, бұлардың ақындыққа бейім жұрт екенін айтқан Ш.Уәлихановтан бастап, «Айтыс өлеңдері» атты іргелі зерттеу жазып, қазақ, қырғыз, қарақалпақ, өзбек жұртындағы импровизация өнерін сарапқа салған М.Әуе­зовпен қатар пікір айтқан мүйізі қарағайдай ға­лымдар, осы тақырыптан докторлық дис­сер­тация қорғаған Сыр бойының тумасы М.Жармұхамедов тақырыпты мүмкін болған жеріне дейін жеткізді. Тіпті, әдебиеттанушылар ара­сында айтысқа қатысты сөз қозғамағандар тым сирек. Солай бола тұра, айтыс өнерінің тари­хи, саяси, әлеуметтік, қоғамдық, заманауи үдерісінің өткені мен бүгіні арасына алтын көпір болатындай өзегі тұтас еңбекті кезіктіру қиын. Өйткені бұл тақырып әр кезде, алуан көз­қарас пен кеңестік қасаң идеология ая­сын­да түрлі деңгейде, біріне екіншісі кереғар пікір­лер тоғысында бағаланып келді. Аталмыш ғалымдардың ойын ортақ ар­наға тоғытар болсақ, айтыс әуелде топталып айтылатын тұрмыс-салт жырлардан бастау алып, жүре келе, «сөз жарысы, пікір таласы» ма­ғынасын иеленіп, кейін қайымдаса дамудың арқасында екі ақынның жұрт алдында сөзбен түй­рескен жекпе-жек өнері дәрежесіне кө­теріл­генін аңғаруға болады. Ғалымдардың бәрі бір ауыздан, ақындар айтысы белгілі бір саз аспабының сүйемелдеуімен, көпшілік бас қос­қан ас, жиын-той, ойын-сауық кезінде өте­тінін, оның әділ төрешісі халық екенін айтады. Айтыстың бұл ерекшелігі күні бүгінге дейін ілкідегі сол тұмса қалпын бұзған жоқ десек болады. Өйткені қазақ даласында алқаның қолдауынсыз өткен бірде бір айтыс жоқ. Мұның себебін М.Жармұхамедов «Айтыс өзі­нің тез баурағыш тартымды сипаттары ар­қылы қазақ өмірінің әр саласымен ертеден біте қайнасқан жанр» деген пікірмен бекіте тү­седі. Ал М.Әуезов аталмыш өнер орта ғасыр­да Батыс Еуропадағы фильд, Франция теріс­тігіндегі трувер, орталық Еуропадағы мейс­тер­зингер, Скандинавиядағы скальд, орыс ско­морохтары мен қазақтағы өзара тығыз бай­ланысын ашып көрсеткен болатын. Кеңес Одағы тұсында зерттеліп, ерекше зер­делене бастаған айтыс өнерін Қ.Жұ­­­малиев жанрлық тұрғыда жеті топқа бөл­се, М.Әуезов әдет-ғұрып және ақындар ай­тысы деп екі түрге жіктеп, ақындар ай­ты­сы­ның мазмұнын қысқа жауаппен қақты­ғы­сатын түре айтыс және кең көсіліп, түйдек­те­тіп ұзаққа сілтейтін сүре айтыс деп анықтай тү­се­ді. Қазіргі сахналық сипат алған айтыс М.Әуезовтің жіктемесіндегі екі түрдің кейін­гісінің белгілі бір уақыт аясына шақталған фор­масын құрайды. Айтыс өнерінің білгірі М.Жармұхамедов әдебиеттану ғылымындағы осы жанрлық жіктеулерді толықтырып, бұл қа­тарға жазба айтысты қосты. Ал Т.Бекниязов ай­тыстың уақыт өткен сайын жаңаша дами­тынын, «Қазіргі айтыста заман өзгерісі, қо­ғамда болып жатқан жаңалықтар, халық өмірі­нің соны әлеуметтік сипаты сөз болып, бей­бітшілік, гуманизм мәселелері қозға­ла­тынын» айтты. Ол рас, жалпы сөз сайысында, ай­тыстың үстінде қозғалмайтын тақырып жоқ. Заман ағымы нені талап етсе, қоғам мү­шелері, яғни ақынның тыңдармандары қай нәрсені қаласа, айтыс міндетті түрде соны та­қырып етіп көтеріп, айтыскер халықтың ойын­дағысын айтып, биік мінбердегі билік басындағыларға жеткізіп отыратын дәне­кер­лік қызметі – ежелден қалыптасқан жа­зыл­маған дала заңдарының бірі. Кейінгі бір ғасыр, оның ішінде біз куә болған соңғы 20–30 жыл көлемінде ай­тыстың мазмұны адам таныстай болып өз­герді. Әрине, жақсы жағына қарай. Осы ара­да халық ауыз әдебиетіндегі ауызша сөз құрай­тын суырыпсалмалық дәстүр мен кейінгі жаз­ба әдебиет өкілдері жайын өз алдына сөз ет­кен орынды. Шын мәнінде, бұл өзі тек қазақ әде­биеті мен фольклорында ғана емес, әлемдік поэзиядағы үлкен керте, түйткілі көп мә­се­лелердің қатарынан саналады. Бір кезде ауыз­ша поэзияның ұңғыл-шұңғылын, әсіресе оның ауызша қабылдау, сіңіру, шығару, таралу мә­селесін шұқшия зерттеген американдық ға­лым А.Лорд «жазбаша дәстүр ауызша сөз өне­рінің көрін қазушы» деген ыңғайда үкім айт­қан болатын. Әрине, бұл пікірге иек артар бол­сақ, қоғамға жазба айтыс келген кезде суы­рыпсалу үрдісінің күні еңкейіп, жұтылып кету керек еді. Өйткені академик З.Ахметовше айтқанда, импровизацияға қарағанда «...жазба әдебиетінің өмір шындығын бейнелеу әдісі, көр­кемдік ой жүйесі, қолданатын жанрлары, стиль, тіл өзгешеліктері қай жағынан да жаңа, соны қасиет-сипаттары мол» ғой. Рас, қоғамға жазба мәдениет дендеп кірген кезде халық мұрасын жадқа сақтаған орындаушылардың жазбаша сауат ашып, тұрақты мәтінге телміруі жыршылық, күйшілік, әншілік дәстүрде А.Лорд айтқандай, ауызша мәдениеттің «көрін қаз­баса» да, елеулі әсерін тигізіп бақты. Бір қы­зығы, бұл үдеріс айтыс өнерінде керісінше си­пат алып, өзінің өміршең қасиетін көрсете бас­тады. Ал көптің көкейіндегі «Бұл қалай?» де­ген шоқпарбас сауал әлі күнге дейін сол күйі, жауапсыз кетіп бара жатыр. Әрине, та­би­ғаты жағынан тым жақын тұрған өнер түр­лерінің арасындағы мұндай алағаттық кім-кімді де таңғалдырмай тұрмайды. Сол үшін қазіргі сахналық айтыс өнері өкілдерінің шығармашылық зертханасын зерделей түскен жөн. ХIХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ға­сырдың басында серпінді дамыған жазба ай­тыс, негізінен Шығыстың классикалық әде­биетін меңгерген шайырлар арасында өріс алды. Мұндай айтыстардың мазмұнына, негі­зі­нен, қарсылас ақынға үшбу хат жолдау ар­қылы мысал айтып, жұмбақ жасыру тәсілі тән. Әрине, мұның бәрі жазба айтыс иесінің білім өре­сін, ақыл-ой – интеллект деңгейін көр­се­ту­ге негізделуінен. Жазба айтыс өз тарапында ауыз­ша дәстүрдегі көркемдік мазмұн мен түрді дамытуға ерекше ықпалын тигізді. Жазба сауат пен импровизация біріне екіншісі кереғар мәдени ұстындар бола тұра, екеуара мә­мілеге келуі ғажап құбылыс. Бұл да сол, ай­тыс өнерінің кез келген жағдайға икемделіп, қоғамдық-әлеуметтік болмысқа бейімделгіш ерекше табиғатын танытады. Мұнда алдымен жазып шығару, содан соң жазба мәтінді жат­тап алу, кейіннен әлгі жадындағы дайын қор­ды қарсылас ақынның уәжіне сай қайта туын­дату, түрлі жағдаятқа байланысты жатта­ғаны мен табан асты суырыпсалу арқылы екі айрықтың басын қосу мәселесі қыл үстінде – сөзді әуен­детіп, лекітіп айтып отырған кезде жедел ше­шім табуы тиіс. Әрине, ол оңай шаруа емес. Сондықтан да мұндай жан-жақты қарым-қасиетті талап ететін бұла өнерде жүзден жүйрік, мыңнан тұлпардың ғана жүретіні айт­паса да түсінікті. Қоғамның тынысын та­мыршыдай тап басып, соны мәселе етіп көтеру жолында талант, таным, білім, сахна мә­де­ниеті, орындау машығын бір бойына жия ал­маған айтыс ақыны тыңдаушының қажетін өтей алмайды. Олай болмаған жерде оның сахнадағы ғұмыры да келте. Қазіргі айтыс осы заңдылыққа негізделген. Айтыстағы әуелгі қайнар бұлақтың қар­қыны жылдар өткен сайын басқа қырынан ай­шықтанып, түрленіп, құбылып, бүгінде мүл­дем басқа сипат алып бара жатыр. Иә, «Айтыс­тың түп мақсаты – ұту, қарсыласын қи­сынды да уәжді сөзбен қапысын тауып, ерік­сіз тізе бүктіру...» дейтін М.Жармұхамедов пікірі қашан да өзекті. Ол үшін айтыскер үнемі, үдемелі дайындық үстінде болуы тиіс. Жалпы кім болса да, мейлі ол байырғы немесе бүгінгі жыршы, әнші, күйші болсын, алқаға түсер алдында міндетті түрде дайындалады. Өйткені қоғамда қазіргі айтыс ақындары айтар сөзін «алдын ала дайындап алады» деп күң­кілдеу басым. Қай өнер түрінде болсын, дайын­далмау деген ұғым жоқ. Тіпті, алқаға түсетін сөзуар би-шешендер де алдын ала дайын­дық жасайды. Бұл жайында өнер иесі топқа түсер алдында міндетті түрде дайындық жа­сайтынын әлем фольклорын зерттеген ғалымдар тақырып ыңғайына қарай сан мәрте айтып, жазды. Олай болса, алдын ала дайын­дық жасамайтын ақын болмайды. Мәселе сол дайын­даған өлеңін көпшілік алдында имп­ро­визация тәсілімен, туындатпа шығармашылық тетіктерді іске қоса отырып, ерекше орындау­шы­лықпен топқа салып, тыңдаушының ықы­лас, ілтипатына бөлене білуде. Заманауи айтыс ақындарының сахналық ғұмыры бәйшешек гүлмен тағдырлас болатыны сондықтан. Айтыс өнерін Кеңестік кезеңге дейінгі, Кеңес Одағы тұсындағы және тәуелсіздік дәуі­ріндегі деп шартты түрде үш топқа бөлуге бо­лады. Аталмыш жіктеменің кейінгі екі саты­сында науқандық сипат басымырақ. Әсіресе, Кеңес Одағы тұсында ақындар колхоз, совхоз, өндіріс, облыс, аудан, ауыл атынан сөйлеп, бұрын­ғы айтыстың түр-сипаты мен мазмұнын басқа арнаға бұрып жіберді. Ұлы Отан соғысы жыл­дарында айтыс үндеуге айналып, пла­кат­тық сипат ала бастады. Мұндай науқаншылдық еге­мендік алған жылдан кейінгі «қайта құру» ке­зеңінде де байқалып қалып отырды. Соңғы кезде айтыс бұл әдеттен арыла бастағандай. Мұн­дай заңды үдерісті М.Жармұхамедов ай­тыс­тың «әсте тоқырамайтын, тіпті жаңа ке­зең­де соны белеске көтеріле беретінінің ай­қын айғағы» ретінде қарастырады. Әділ сөз, орынды баға. Мен ғасырлар қойнауынан жеткен қазақ айтыс өнерінің бір белесін, еге­мендікпен қоса көтерілген соны өресін «Жүр­сіннің жүйріктері» деген, әдеби айна­лым­ға енбегенмен, ауызекі қолданыста жүрген тұрақ­ты сөз тіркесінің пайда болу кезеңімен бай­ланыстырған болар едім. Иә, азаттық алған жыл­дары қазақтың айтыс өнерінің белгілі асуы онсыз да күрмелуге жақын тұрған. Көне­нің мұрасын жаңа заманға жалғаған Манап, Тәушен, Көкен, Махамбетқали, Замаддин, Көп­бай, Егеухан, Әсия, Надежда, Әселхан, Қо­ныс­бай, Шынболат, Шолпан, Баянғали, Есен­құл, Шорабек, Қаныбек, Қатимолла, Әбдкәрім сияқ­ты жүйріктер өздері бағындырған межелі белден түсіп, тізгінді келесі буынға берді. Тап осы тұста айтыс сахнасына Қуа­ныш, Айтақын, Жандарбек, Құдай­бер­лі, Әзімбек, Бекұзақ, Серік, Ерік, Жадыра, Кен­­­жебай, Ақмарал, Маржан, Кәрима, Елена, Әнуар, Мэлс, Аманжол, Қойлыбай, Оразалы, Анар, Айнұр, Алтынкүл, Айбек, Әбілқайыр, Бауыр­жан, Салауат, Айнагүл, Бекарыс, Бекжан, Дәулеткерей, Балғынбек, Ахметжан, Жәкен, Шынберген, Мұхамеджандар шығып, бұл өнер­дің бағытын байырғы түрді астар ете оты­рып, заманауи талап-тілек негізінде қайта жа­сақ­тап, ұлттық құндылықтарды ұлықтай бас­тады. Бұл күнде ой елегінен өткізіп отыр­сақ, тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңнің өзін үш буынға бөліп, айтыс ақындарының жаңа толқынын қалыптастыра бастаған солардың өзі тұғыр тағын қазіргі Ринат, Мұхтар, Мақсат, Жансая, Нұрмат, Шынарбек, Сара, Жандарбек, Рүс­тем, Еркебұлан, Дидар, Нұрлан, Арман, Мақ­сат, Қалижан, Мейірбек, Біржан, Шал­қар­бай, Аспанбек сияқты кейінгі өкшебасар көк­жал толқынға ұсына бастаған сияқты. Өйткені айтыс – үнемі жаңарып, мазмұн, түр жағынан жа­сарып, ұйқас үйлесімі жасанып, астары түлеп, сөз сиқыры жасырған сыр өзге түрде құ­бы­лып, жаңа буын тыңдаушының талабын қана­ғаттандырып отыруға жаралған өнер. Сол са­наттағы тұғыры аласармаған, тұяғы тасты көскен қас жүйріктің бірі һәм бірегейі – Мұх­тар Ниязов. Ендігі сөз бұрынғы сары далада сөз саптаған сүлейлердің бүгінгі сөз ұстаған сарқытының, жазба дәстүр мен суырыпсалма үрдісті түйістірген түйсік иесінің сахнада өт­кізген кейбір айтыстары жайында.

Шымшыма сөздің шебері

Айтыс сахнасында тұғырдағы ақжем тас­түлек емес, зар күйінде тұрған қоңыр түлек бар­шын Мұхтардың сөз сайыстарының бәріне бір­дей талдама жасау мүмкін емес, әрине. Біз­дің қолымызға түскен азын-аулақ мәтіннен-ақ оның шама-шарқын тануға болады. Жалпы, мұнда бірден көзге түсетін жайт, қай мәтінде болсын, ақындар айтысты үш-төрт қайырым­мен күрмейтіні көрініп тұр. Осының өзі зама­науи айтыс сахналық түрге байланысты бел­гілі бір қалып, шекті ая қалыптастырып үл­гер­генін, уақыт – айтыстағы басты өлшемдерінің біріне айнала бастағанын көрсетеді. Осы үш-төрт кезектесуде базынаңды басып айтып, барыңды базарлап үлгеру – оңай міндет емес. Бұл – сахнагерлікке тән барлық ерекшелік атаулы айтыс өнеріне, айтыс ақынының бойы­на толық көшкенінің белгісі. Бұрынғы айтыс пен бүгінгі айтыстың бір ерекшелігі, заманында шайырлар қа­лыптастырған жазба айтыс дәстүрінен ен­шілеген қасиет – айтыс ақыны төңіректі шар­лап, әр нәрсені барлап жүріп алмай, та­қырып­қа тұтқиылдан келіп тура түсе кетеді. Тіп­ті, кей жағдайда байырғы майталмандарша аман­дасып жатуды да қажет деп таппайтын сияқ­ты. Өйткені оның бәрі уақыт алады. Қа­зіргі айтыс та техногенді өмірдің өзі тәрізді, тым жылдам, өзгермелі. 2020 жылы Астанада өткен «Алтын домбыра» сайысында Мұхтар­дың қарсыласы болған Бекарыс Шойбеков сал­ған жерден «Қызылорданың мәдениет ми­нистрі, / Билікте пісіп тұрған бес тарысы... / Бұл баяғы момақан Мұхтар емес, / Бұл жолы ке­ліп отыр басқа кісі...» деп, түйрей сөйлейді. Иә, тап осы кезде ол қалалық мәдениет бөлі­мі­нің басшысы болып мемлекеттік қызметке тағайындалып, тиісті заңнамадан емтихан тап­сырған. Бекарыстың «...Ауылынан үміті үзіл­ген соң, / Шымкентке келуі жиілеп кетті, / Біз жақта оншақты күн оқыды да, / Барды да Қызылорданы билеп кетті...» деп қыжыр­туы­ның себебі сол еді. Айтыс осындай өмір­баян деректерін күйттеуден басталып, Түр­кістан – Қызылорда облыстарында орын алып жат­қан сан түрлі әлеуметтік мәселелерді күйт­тей жөнеледі. Тап осы жерде біз кешегі Кеңес Одағы тұсында аға буын ақындар пай­да­ланған айла-тәсіл түрлері күні бүгінге дейін өзінің мән-мағынасын жоймағанына куә боламыз. Міне, оңтайлы сәтті орайлы пайдалан­ған Мұхтар алғашқы кіріспе түйдек­тің бастама жолынан-ақ алды-артын матап, көрер­мен көңіліндегі күдікті сейілтіп, көпші­ліктің езуіне күлкі үйіре қояды: «Аманбысың, қы­сық көз, көз көргенім, / Байқамайтын өз мі­нін, өз кемдерін...». Мұны ат шаптырым зал­да отырған қауымның тынысын сезініп, бір­ден күретамырға түсе қою десе болар. Одан әрі қарсыласын ұлықтап отырып сілелетеді: «Алыс­қанда желкемен жерге қадап, / Шабыс­қан­ның алқымын ісіреді. / Көзі мысқыл ағам­сың, сөз қышқыл, / Қыжыртумен бітетін ісі үне­мі». Сыңар жолда егіз ұйқасқа құрылған «кө­зі мысқыл, сөзі қышқыл» тіркесінің өзі үл­кен жүк арқалап тұр. Айтыс өнерінің білгірі М.Жармұхамедовше толғасақ, «Мұнда кемсіту жоқ, әзілге сыйымды жеңіл юмор ғана бар». Қар­сыласының сырт пішіні мен жеке басын­да­ғы мінді тілге тиек ету ежелгі айтыста да, одан кейінгі дәуірде де болған һәм бола бере­тін тәсіл. Шығармашылық зертханасының бас­ты ерекшелігі – шымшыма сөзге құрылған Мұх­тар қарсыласын «қармағына» бір іліндіріп ал­ған соң, кімге де дес бермейтін, қашан да есе жі­бермейтін шебердің бірі. Міне, «Он жылда ал­маған біліміне он күнде қол жеткізуіне» бай­ланысты айтылған уәжі: «...Ұстаздық үйрет­пеген нәрселерді, / Мұқтаждық үйретті де, рух­тандым... / «Шымкентте кілті бар деп» бе­кер айтпайд, / Есігін ашатын бар құлыптар­дың». Мұнда да екі жолдың басында «ақбоз», «көк­боз» болып қатар келген «ұстаздық» пен «мұқ­таждық» сөзі өзара ұйқасып қана қоймай, тың­даушының санасында дыбыстық үйлесім жа­сап, күшейтпелі мағынаға иелік етіп тұрға­ны анық. Тағы да сол, абайламаса аунатып ке­­­тетін уытты әзіл, езу тартқыза қоятын жеңіл юмор. Иә, ол қай айтыста болсын, өзін ажуа мен мысқылдан аулақ ұстауға тыры­сады. Өйткені ол пайдаланатын тәсілдің оң­тайлы түрінен емес. Біз білетін Мұхтардың қара­пайым қалпы да осы – кімді болсын жа­ны­на жақын тартып, өмірге құштарлығын есе­леп, риясыз күлкіге кенелтетін зілсіз әзілге бейім. Өмірдегі мінез бен өлеңдегі басты тәсіл арасында осындай байланыс желі жатыр. Осы бір ғана айтыстың өзінен ақынның басты тәсілін тиянақтай түсетін, соғыс өрті жүріп жат­қан Армениядан көлік әкелдің деп күста­налауға орай айтқан «Армияға бармаған бұл Мұхтарды, / Арменияға барды деп ойлайсың ба?» немесе Сырдың суының сағадағы Түркі­стан­нан шегенделуіне байланысты жауабынан «Па­лауға сәбіз қосып жейтін ел ең, / Неге сон­ша қыстыңдар жауша бізді? / Бізде күріш шық­паса күртілдетіп, / Нанға қосып жейсің бе, ол сәбізді?» секілді еріксіз езу тартқызатын сәт­терді тергіштей беруге болады. Тыңдар­манға керегі де – осы. Өйткені тауып айтылған шумақ түгіл, әр жолға зор табыс көзі ретінде қарайтын айтыстың жазылмаған ежелгі заңы солай. Ол әзілге жеңдіріп отырып, бір сәт өзін де, сөзін де жиып ала қойып, «Қой деген құр­бан­­дық қой қай кезден-ақ, / Мауыздалсын, өр­тенсін, лаулап өлсін. / Әйтеуір елім тыныш, адам аман, / Ау, Беке, не келсе де малға келсін!» деп, төпелеп ала жөнеледі. Демек, әзіл айтты екен деп әлсіздік танытып, тізгінді сәл босат­тың екен, таутайлақ жеген жолбарыстай ауна­тып алып, бүгерлей салуы оңай. Жаңақор­ған ауданында орын алған төрт түлік малдың өліміне байланысты шетін жағдай құрсауынан сытылып шыққан сөзі еді бұл. Әрине, тіл жетсе, білім дәрежесі көтерсе, тә­сіл тапса, амал етіп қай нәрседен бол­сын «құтылуға» болады. Сөйтіп, ойнақ­шы­тып келіп, бәз болмысына қайта түсіп, «Ау, Бе­ке, аман-сау жүр шалқақтаған, / Тай жеген бөрі құсап талтақтаған...» сияқты қарымды эпи­калық айшықтармен бір орағытып өтіп, «Қатарың болмаса да тойға келіп, / Қара өлең­нің базарын тарқатпаған» деп, Бекарысты тағы да тік түйреп өтеді. Әрине, бастан-аяқ диа­логқа құрылған айтыста кейде «...қоғамдық, мем­лекеттік мүддені жоғары қою талабын ұстан­ған айтыс ақындары бұрыннан қалып­тасқан жеңу, жеңілу дәстүрін де басты шарт деп санамайды». Ғалым М.Жармұхамедовтың атал­мыш уәлі пікірі тап осы жерге дәл келетін сияқ­ты. Өйткені қазіргі айтыс жеңу мен жеңілістен гөрі айтыскердің үнемі қимыл-қоз­ғалыста жүретін жылжымалы һәм жинақ­тал­ған таным-тәжірибесі мен меңгерген білімі ар­қылы қалыптасқан «кристалды интеллект» дең­гейін танытуға негізделген. Мәселенің қал­ған жағы тыңдаушының еншісінде. Шығыс Қазақстанда өткен «Алтайым, ал­тын бесігім» атты айтыста Айнұр Тұр­сынбаевамен сөз қағыстырған Мұхтар байыр­ғы жеңге мен қайны арасындағы тама­ша әзілге тізгін сүйепті. Кейде, абайламаса, әзіл­дің азғырушы, арбаушы Әзәзілге айналып ке­­тетін кездері болады ғой. Жоқ, Мұхтар ара­ласқан айтыстан ондай оспадарсыздықты ке­зіктіру қиын. Қайны мен жеңге арасында өт­кен дәстүрлі айтыс мәтіндерінде «Дегенде икем кісі, икем кісі, / Жігіттің өлең айтар икем­дісі. / Жеңгем деп бір-екі ауыз әзіл айтып, / Қайныңның келіп отыр сүйкенгісі» деп бас­талатын бір ерекше жарасым болатын. Мұхтар сол салтқа сүйеніп, баяғы самаладай желпіген әзі­лімен жіберіп, тартып аңысын аңдап оты­ра­ды. Әсіресе, кіріспедегі «Тайлақтай ерсе бүгін көш­ке өлеңім, / Көштен бұйда үзбеуді қош көремін» деген екі жолдың бейнелі күрмеуі мен көтеріп тұрған жүгі зор. «Атандай ағалар­дың алдымдағы, / Аманатын арқалап өскен едім» деп тебіренетін ақын өзін дәстүрлі орта дә­негінің дәмін алып өскен оғлан екенін сөз әусе­лесінде білдіріп өтеді де, тап бергеннен-ақ тап­жылтпас әзілдің диірмен тасымен бастыра қояды: «Аялап Айнұрдайын аруыңды, / Мі­незін жұмсартайын адуынды. / Шаққанын өл­тіретін қара құрттай, / Тіліңе жинап келдің бар уыңды». Айнұр қыз да оңай сойдан емес. Десе де, Мұх­тардың бастырмалатуы бөлек, «Қарсылас шақ келтірмес Головкиндей, / Еркектің соғып біт­тің бәрін жарға... / Сөзінен бөзі қымбат сияқ­ты ғой, / Үстіне үйір жылқы жамылған ба?» деген шумақтағы «Үстіне үйір жылқы жамылу» ұғымы суырыпсалма, жазба айтыс, тіпті заманауи поэзияда да соны теңеу, шекесі шылқыған қанық бейненің қатарына жататын едәуір табыс. Бейнелі ойлауға дағды алдырған жан үшін үйір жылқының құнын құнттап қажеті жоқ, оны Айнұрдың иығынан көрген кісінің бірден көңілі көншіп, есебін әркім өзі ойша шығарып ала береді. Оның қай айты­сына болсын, осындай бейнелілік тән. Бұл тарапта есті Айнұрдың да жауабы жайдары: «Ал­тын бас мендей әйелден, / Бақыр бас сен­дей ер артық». Тағы да сол, көтермелеп оты­рып, тастай салатын әдетімен «Айнұрдың жара­ланып балтасынан, / Талайлар құлаушы еді жалпасынан» деген мадағын сына тауып бір өткізіп алған соң, қарсыластың түрлі түр­тпегіне шалыс ұйқастың ыңғайымен «Тілімен ризық тапқан ақындармыз, / Арадай аяғымен бал тасыған» деп, байыппен жауап қатып оты­ра­ды. Аталмыш айтыста қарсыластың Мұх­тар­ға берген бағасы бөлек: «Лапылдап, лаулап отырсың, / Маздаған, Мұхтар, отсың ғой!». Міне, сөзге тоқтау деген – осы! Айтыс барысында Мұхтар, тамашадан тар­тынып, он күн жол жүріп келгенін айтып, «Алдыменен әйелді алдырыңдаршы, / Арты­нан келе жатар бала-шаға» деп әзілге шылбыр тастаған тұста, Айнұр «Шай құйып жүрген қу қыз­дар, / Келіп ед саған нешеме. / Шай емес, бұғы­ның қанын, / Құйып кеткен бе кесеңе?» деп, шап етіп шалғайынан ала түседі. «Ә, бәлем, шалыс өреленген жерің осы шығар?» дейсің, ішіңнен. Жоқ, жылыстап отырып, одан да жол тауып, жорғалатып кетіп бара жатыр: «Ауыздықпен алысып біздер қазір, / Бұғыға қан беретін жастамыз ғой!». Әдемі әзілмен басталған айтыс, сол биігінде тұрып күрмеледі: «...Басқаның бармағына ашылмайтын, / Сен­сорыңды сипасын қожайының!». Мына түйін­нен кірме сөзді әзілге кіріктіре отырып, санаға сіңіріп, өңін өзгертіп жіберудің әдемі тәсілін көреміз. Атыраулық Шалқарбай Ізбасаров екеуінің ай­тыс мәтіндерінен жылдас, заманы ортақ құр­дастың бір-біріне өткізе айтқан өткір әзіл­дерінің куәсі боламыз. Мұхтар өзінің қашанғы әдетімен әр қадам сайын тобықтан қағып, топ­шыдан ұрып, қарсыласын тәлтірек күйге тү­сіріп, бағытынан тайдырып бағады. «Асса­лаумағалейкүм, Шалқарбайым, / Алты алашқа белгілі талтаңбайым» деген алғашқы қағыт­па­дан бастап-ақ қыр ізіне түсіп алып, қыжыр­тады: «Табам деп тайлық күлкі, аттық әзіл, / Шал­қарбай ізденісте қатты қазір!». Пах, шір­кін, құрдасқа не айтса да жарасымды ғой. Алып ұрып былай, іштен шалып олай, көтеріп, қайта тастап жібереді: «Шалқарбайдың астына бар­маймыз» деп, / Столдар да қашатын бопты қазір». Қолына домбыра алса, делебесі қозып, байыз тауып отыра алмай кететін арқалы қар­сыласын қалай да бас көтертпеуге тыры­сады. Содан соң, тағы бір айналып келіп, осы қалай деген жерден шаптүрткі жасай қояды: «Сөзіңде қалжың бай да, білім кедей, / Біздер бірақ жүрміз ғой бір үндемей». Шалқарбай ес жия­мын дегенше тағы төпелей түседі: «Жақ­сылап қараған жан түсінеді, / Жан дүниеңнің суреті түріңде ғой. / Бетіңе әбден береке сіңген екен, / Көз демей, ауыз демей, мұрын демей...». Оқып отырып Шалқаржанға кәдімгідей жа­ның аши бастайды: «Топқа түскен жүйріктей көсіл онда, / Тоққа түскен қарғадай дірілде­мей». Айтыстағы ақмылтық Мұхтардың ары­ны, міне, осындай. Сонда «Шалқарбай не деді?» дейсіз ғой? Қарап жатқан жоқпын, тырнап жа­тыр­мынның кері: «Бесіктің астындағы банкыны айт­тың, / Подружка болғандай мамымменен. / «Манный жейтін жасында манты жеді» деп, / Қауыштырдың балалық шағыммен». Ой, ша­­баздың баласы-ай, бүйтпесең сен Шал­қар­бай болармысың?! Қарсыласынан ке­ле­сі кезегін алған бойда «Сенің білмейтінің де жетеді ғой, / Сабақтан алған бағаң екі еді ғой. / Бір кесе шәй ішкенде сахнада, / Маң­­­дайдан үш кесе тер кетеді ғой...» деген қар­қынмен қайта кірісіп, мұзжарғыш ке­ме­дей бұрқ-сарқ қайнап кетіп бара жатады. Шал­қарбай да құрдас болған соң шыдай­тын шығар, әйтпесе «Өлеңге теңеу керек, тіркес керек, / Теорияны сен біраз қағасың ба? / Жеңіл ұйқас жертезек боп жата ма, / Сен тұратын Жайықтың жағасында?» деген сөз­дерін оқығанда, «Мына айтыстан кейін ара­лары қалай болды екен?» деген сауал­дың құрсауында қаласың. Әрине, бұл тек мәтінде көрініп тұрған жағдаят. Ал жекпе-жек­тің куәсі болған көрермен не күйде бол­ғ­а­нын, сол сәттегі көптің жанды эмо­ция­сы тек бейнежазба таңбалаған мұра­ғат­та. Жалпы, қай айтысты болсын, мәтін есебінде жалаң оқу мен көзбе-көз отырып, тың­даудың арасында үлкен айырма бар. Ай­тыс ақыны мен тыңдаушы арасында бұйығы өтіп жататын жанды үдеріс кезінде орын алатын эмоцияға толы түрлі ахуалды тілмен жеткізу қиын, әрине. Мұны толық сезіну үшін айтысты көру керек. Айтыс – көз қуанышы үшін мәтін күйін­де оқуға арналған жалаң өлең емес, екі ай­тыс ақынының сөз қақтығысын қатар тың­дап, көру үшін жаратылған ерекше өнер. Оның маңызын біржақты ұғу һәм се­зіну қиын. Ғалым М.Жармұхамедовтың «...айтыс үстінде өзектес туған егіз жырлар кейін жеке-дара өмір сүре алмайтын тұтас туындыға айналады» дейтіні сондықтан. Жа­қында Теке қалада өткен сондай дүбірлі жиында, «Қадыр Мырза Әли атындағы мә­де­ниет және өнер орталығының» басшысы, ақын Бауыржан Халиолла ұйымдастырған, айтыс ақындарының тізгін-шылбырын Жүрсін Ерман қолға ұстаған, бір өлкенің тарихын тіктеген өлкетанушы, Алаш арыс­тарының ақтығы Қайыржан Хасановтың 80 жылдығына арналған ақындар айты­сы­ның бірінде әлгіндей жанды үдерістің куәсі бол­дым. Жалпы, қалай десек те, айтыста кі­сіні тырп еткізбей, кісендеп ұстайтын бө­лек тылсым бар. Дүйім жұрт дүрлігіп, дү­ріл­дете шапалақ соғып отыратыны со­ның белгісі. ...Міне, соңғы жұп, сахна төріне Бе­ка­рыс Шойбеков пен Мұхтар Ниязов көтеріл­ді. Екеуі де «Алтын домбыра» иегері, азуы алты қарыс, нағыз сөз сүлейлері. Мұхтар сал­ғаннан әзілге басып, қарсыласын илеп, түй­рей бастады. Бекарыс та берен емес пе, «Сіз­ге деген ниетім шалқасынан» деп бір сүй­кеп һәм жеңіл сүйкеніп өтті де, «Ко­мик­ті» драмаға басшы қылсаң, / Не болады «тра­­гедия» болмағанда» деп жақында ғана бар­ған қызметін мүйіздеп өтті. Ал суырып­салуға келгенде сақылдап кететін Мұхтар не деді? Бекарыс Түркістан облыстық мәс­ли­хатының депутаты ғой. Соны іліп, қу­лық­қа басып, «Ал қазіргі жағдайда депу­тат­тар, / Әртіске әртіссің деп айта алмайды» деп, саяси сарказммен тобықтан қағып жі­бере қойды. Алдыңғы түртпектерге де уә­жі тас түйін: «Ақын адам басқарса айып па екен, / Ақынның атындағы театрды?!». Жалпы, қазір айтыс өнерінің дең­гейі өлшеусіз өсіп, сахнаға жан-жақ­ты дайындығы бар сөз иелері шыға бас­таған. Мен тыңдап отырып, соны бай­қадым. Ер Жүкең талай жыл терін үгіп, топ­қа салған күліктердің тұяғы осал бол­сын ба? Екеуі елдің алдында екіленіп, өзеу­реп, жұрттың мазасын май ішкендей етпей, әде­мі әзілмен қоңыр желдей желпи берді. Орамды ой, бірін екіншісі толықтырып отыр­ған жарасымды әзіл, уытты тіл тиген же­рін бүріп, күйдіріп бара жатты. Міне, аға­ны ұлықтаудың үлгісі. Сығырайып оты­рып, сындыратын, тымырайып отырып, тын­дыратын Бекарысқа «Мен жеңер ем Бе­кеңді, адам жеңсе!» дейді. Мұнан артық не деуге болады?! Көбіміз айтысты телеэкран арқылы тыңдаймыз. Бірақ сол жерде сөз сайысына түсіп жатқан ақындардың са­насында жүріп жататын бұйығы, нәзік құ­бы­лысты сезіне бермейміз. Ғылымда имп­­­ритинг, яғни бейсаналы түрдегі сана жайындағы ұғым бар. Айдалада құлын­да­ған биеге құлынын ешкім телімейді, оның са­насы солай, енесіне өздігінен телінуге қа­лыптасқан. Айтыс өнері де сол секілді, ақын атаулы әуелде бұл өнерге бейім бо­лып туады. Десе де, импрессинг – бала кү­­­ніндегі көрген, білген, тәжірибе атау­лы­ның санада өшпес із қалдыруы деген ұғым және бар. Болашақ айтыс ақыны мұнан да мүдірмей өтуі тиіс. Жеке тұлға ретінде да­му, сондай-ақ мүмкін емес нәрселердің «мүм­кін» болуы осы кезеңнен аттай шауып өт­кен санаулылардың үлесінде. Мұның бәрі жиылып келіп, инсайт деген құбы­лысқа маңдай тірейді. Біз сахнадан көріп қызықтап, ақынның жыры аяқ астында, өзінен-өзі жарқ етіп шыға келген сияқты әсер­ленетініміз осыдан. Шын мәнінде, ой­ла­маған жерде жарқ ете қалатын нәрсе жоқ. Найзағайдың өзі ақырғы сәтке дейін көзге көрінбейтін, бұлтта жинақталатын электр қуатынан күш алады. Ал адам ба­ласының миының қатпарлары бір нәрсені елеп, көпке алып шығу үшін жылдар бойы бұйы­ғы жұмыс істей береді. Кейін ол абай­сызда табылған сияқты, жарқ ете қалуы бек мүмкін. Суырыпсалма ақынның сана­сын­да да, осы шамалас үдеріс жүріп өтеді. Анығы Аллаға аян, сосын бір білсе, Мұх­тар­дың өзі ғана білер. Ал әзірге біздің түй­сін­геніміз – осы.

Берік ЖҮСІПОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, фольклортанушы