Сауытбек АБДРАХМАНОВ: Қазақстан өзінің жақсы атын қайтарып ала алды
Сауытбек АБДРАХМАНОВ: Қазақстан өзінің жақсы атын қайтарып ала алды
«Ata topraklarimizda…»
Күні кеше, 13 қазанда Астанаға келген сапарында Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған өзінің Instagram парақшасында тап осылай жазды. «Ата мекенімізде бас қосып жатырмыз» деп, түбі бір түркінің тұтастығын жалпақ жаһанға жария етті. Иә, Тұран төріндегі Қазақ елі бүкіл түркі әлемі үшін қадірлі мекен. Түркістан облысының құрылуы, оның орталығы көне Түркістан шаһарының айналасы екі-үш жылдың ішінде тыңнан түлеуі, таяуда ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қасиетті қаланың жаңа мәртебесін қалыптастыру туралы қабылдаған шешімі бұл тақырыпқа зиялы қауымның қызығушылығын да арттыра түсті. Мәжіліс депутаты, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сауытбек Абдрахмановтың белгілі тележурналист Бибігүл Жексенбайға «Түркістан» арнасы үшін берген, 12 қазанда эфирге шыққан сұхбатының жазбасын «Түркістан» газеті оқырмандарының назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз.
– Құрметті Сауытбек Абдрахманұлы, «Түркістан» телеарнасының арнайы бағдарламасын өзіңізден бастамақпыз. Жақында Мемлекет басшысы Түркістан облысына барып қайтты. Түркістанның қазақ мемлекеттілігіндегі орны туралы арнайы айтты. Бұл киелі шаһарды рухани және тарихи елордамыз ретінде тануымыз керек деген ойын ортаға салды. Сіздің пікіріңізше, рухани елордаға айналу үшін Түркістан қаласының алдына қандай міндеттер, мақсаттар қойылуы керек деп ойлайсыз?
– Әңгімені сәл әріден бастау, Түркістанның затынан бұрын атын айту қажет сияқты. Мағжанның мынадай өлең жолдары бар:
Көп түрік енші алысып тарасқанда,
Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?
Ортақ түркі атын иеленген ел-жұрттар өз алдына бөлшектеніп, тілдері дараланып, жан-жаққа тараған кезде, бір ағайындар сонау Кіші Азияға өтіп кетіп жатқан замандарда қара шаңырақ бізде қалды. Түркістан деген қара шаңырақ. Сол ұғымның өзі, осы қара шаңыраққа қазақтар ие болып қалғанының өзі бізге үлкен тарихи жауапкершілік жүктейді. Осы тұрғыдан қарағанда біздің қара шаңыраққа ие болуымыз және данышпан бабамыз Қожа Ахмет Ясауидің сүйегі осы жерде жатуы, сол қасиетті мекенде анандай зәулім кесене тұрғызылуы және, абырой бергенде, тіпті арғы отаршылдық заманды былай қойғанда, кешегі кеңестік кезеңнің өзінде жер-судың, қалалардың аттарын өзгертуге әбден бойы үйреніп алған большевиктердің, коммунистердің өзі тап осы Түркістан деген атқа тиіспегені немесе тиісе алмағаны, бәлкім, киесінен қорыққаны біздің бір үлкен олжамыз. Тәуелсіздік жылдарында бұл қала ерекше мәнге ие болды. Түркістанның 1500 жылдық тойы тойланды. Бұл орайда Тұңғыш Президенттің осы облысты құру идеясын көтеріп, жүзеге асырған еңбегі де тарихи әділеттілік үшін аталуы керек деп ойлаймын.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үшін бұл қаланың орны ерекше. Өйткені 2019 жылы көктемде бүкілхалықтық мандатты алып, Президент болып сайланғаннан кейінгі бірінші барған қаласы – Түркістан. Сол қасиетті мекенде ақсақалдардың батасын алған соң Қасым-Жомарт Кемелұлы қазіргі үлкен, кемел істеріне кіріскен еді. Биыл да кезектен тыс Президент сайлауының алдында Жарлыққа қол қоя салысымен алдымен барған қаласы Түркістан болды. Оның да терең мағынасы бар. Сол жерде үлкен-үлкен әңгімелерді қозғады. «Екі дүниенің есігі, ер түріктің бесігі» деген сөзді тағы да санамызда жаңғыртып өтті. Өткен жылы ғана қаланың түркі әлемінің рухани астанасы мәртебесін алғанын айтты, одан кейін айтқан ең үлкен тезисі, мәнді месседжі – Түркістанды біз рухани және тарихи елордамыз етуіміз керек дегені. Бұл, әрине, Түркістан қаласының алдынан жаңа да жарқын жол ашатын үлкен тұжырымдама. Осы жөнінде Үкіметке арнайы тапсырма берді. Енді алдағы кезде біз өзіміздің рухани жаңғыруымызды осы қаламен, осы қасиетті атқа ие шаһармен байланыстырғымыз келеді. Оның сыртында, Түркістан қаласының өзінің келешегіне байланысты үлкен-үлкен цифрлар айтылды. Мысалы, қалаға тартылған инвестицияның 8 есеге асқаны, өнім көлемінің бір жарым есеге асқаны, шағын қалада қазірдің өзінде 77 мың адамға көпқабатты тұрғын үй салынғаны аталды. Әрине, бұл өте үлкен жұмыс атқарылғанын көрсетеді. Бұл жерде де облыстың бұрынғы басшысы Өмірзақ Шөкеевтің өзіндік қолтаңбасы қалды деп айтуымыз керек. Қазір облыс тізгінін қолына алып отырған, Шымкенттей миллиондық мегаполисті басқарған үлкен тәжірибесі бар, дипломатия мектебінен өткен тәжірибесі бар, бизнестің қыр-сырын меңгерген өмір өткелдері бар азамат – Дархан Сатыбалды бауырымыз да осы жақсы істерді жемісті, жарасымды жалғастырады деп ойлаймын. Өткен жолы мені арнайы шақырып, облыстың құрметті азаматы атағын тапсырған кезде айтқан ойлары да, қозғаған әңгімесі де көңілімнен шықты.
– Түркістан аймағы – тарихта да, қазіргі өмірде де еліміздің болашағына, келешегіне, бүгініне еңбек сіңіріп жатқан қайраткерлердің көп шыққан топырағы. Мемлекет басшысының қаланы рухани елорда болуға тиіс деуінің үлкен сыры бар, әрине. Мұнда жаңа өзіңіз айтып отырған үлкен тарихи құндылықпен қатар, бүгінгі ұрпаққа, бүгін сол жерде тіршілік етіп жатқан азаматтарымызға артылар жауапкершілік те аз емес. Президент Түркістан төрінде еңбекке қатысты да жақсы ойлар айтты. Осы тұрғыдан өзіңіздің жерлестеріңізге, түркістандықтарға қандай бір нақты қадамдар жасау керек деп ойлайсыз? Санадағы сілкініс тұрғысында не істеуге болады?
– Біз қазіргі таңда алдымен Оңтүстіктегі халықтың бүкіл Қазақстанға еңбекқорлықтың эталоны, үлгісі ретіндегі жақсы атын қалпына келтіруіміз керек. Осыған күш салсақ, Түркістанның тер сіңген, жер емген жұрты осындай дәрежеге жетіп отыр, осының барлығы еңбектің арқасы деп өзге өңірлерге үлгі ете алсақ, ір шаруа тындырған болар едік.
– Жалпы, Түркістан ежелден Жібек жолының нағыз ортасында тұрды. Батыстан да, Шығыстан да ағылатын нағыз сауданың, мәдениеттің ордасы болып келді. Дәл сол тұрғыдан қарағанда туризммен, сауда-саттықпен айналысу арқылы да Түркістанның жаңаша бір түлеуіне, жаңғыруына қандай мүмкіндіктер қарастырылуы керек деп санайсыз?
– Бұл жағынан біздің жанымызда жақсы үлгі тұр. Мысалы, Өзбекстандағы туризмнің жағдайын алайық. Ташкент, Самарқанд, Бұқара, Хиуа, Үргеніш сияқты көне қалалардың туристік әлеуеті өте жоғары. Ендігі бір қолға алатын шаруа – сол белдеуге Түркістанды қосу. Егер шетелдік туристер жаңағы қалаларды аралап келіп, Түркістанды да қамти кететін маршрутқа қолымыз жетсе, бұл елдегі туризмнің бір тың серпіні болатындығы сөзсіз. Бұл үшін біз тиісті инфрақұрылым жасауымыз керек, сервисті жақсартуымыз керек.
Туризмнің тағы бір үлкен резерві және тіпті басты резерві – ішкі туризм. Өкінішке қарай, жаз шықса Антальяға ағылатын, бар тапқан-таянғанын Кемерге, басқаға қалдырып кететін біздің ағайынның туған жерді танып-білуге ықылас танытпайтыны қынжылтады. Дәл осы жерде тұрып, таяу тұстағы Баянауылға бармаған қазақ көп. Дәл осы жерде тұрып, Қарқаралыны көрмеген қазақ көп. Тіпті, Астанада тұрып, Бурабайға бір бармаған адамдар табылады. Бұл қалай? Жағдайы бола тұрып, Қатонқарағайға баруға қызықпайтын адамдар табылады. Жағдайы жоқ адамдарға әңгіме жоқ. Демек, біз өзіміздің еліміздегі табиғаттың сұлулығын, тарихтың тереңдігін танытатын хабарларды, жарнаманы әлі де көбейтуіміз керек. Мысалы, әр қазақ азаматы Түркістанды көруді өзінің бір парызы деп санаса, соның өзінен-ақ ішкі туризм үлкен серпін алып кетер еді.
Түркістан мен Ыстанбұл арасында әуе жолы жаңаша жанданатын болса, қазіргі визасыз қарым-қатынас жағдайында өз басым бірнеше жылдан кейін Түркістанды көреміз деген түрік азаматтары ұшақтарға таласа-тармаса мінетін кез де келеді деп ойлаймын. Соған да біз дайын тұруымыз керек.
– Жалпы, Түркістанның дамуына әсер беретіндей еңбек адамдарының, қызмет көрсетушілердің білім деңгейін көтеру бағытында арнайы бір бағдарламалар керек пе әлде арнайы оқу орындары ашылу керек пе? Жұмыссыздық бар дейміз, жұмыс істейтін адам жоқ дейміз. Сол тұрғыдан да ойыңызбен бөлісе кетсеңіз.
– Туризм университеті қолға алынып жатыр ғой. Оның ішінде сол салада істейтін, туризмге қатысы болатын адамдардың кемінде үш тілді білуі деген талап сақталса, қала азаматтарының ішкі мәдениеті арта түссе, ол да инфрақұрылымға, тартымдылыққа, сөз жоқ, әсер ететін болады.
– Біз Түркістан киелі жер, руханияттың орталығы деп сөйлегенімізбен, көп кемшін тұстар, адамдардың бойындағы қоғамға жат нәрселер оңтүстік өңірден көп шығатыны өкінішті. Бұл жерде адамның санасындағы бір кемшін тұстарға байланысты не жетіспейді? Бұқаралық ақпарат құралдарының олқылығы ма, әлде тәрбиенің әлсіздігі ме, әлде отбасылық олқы тұстар бар ма? Неліктен біздің киелі өңірдің өзінен келеңсіз дүниелерді көп еститін болдық деп ойлайсыз?
– Бұл жердегі мәселе халықтың санында. Мысалы, Оңтүстікте 3 миллионнан астам халық тұрады. Адам саны 300 мыңға жетпейтін облыстар да бар. Сондай облыстарда келеңсіз жағдай көрінген кезде ол онша көзге түспейді. Ал 3 миллион халқы бар өңірден (Шымкентті қосқанда ғой) келеңсіз жағдайлар көрінген кезде «Ой, сол жақтан неше түрлі нәрсе көп шығады» дейді. Көп шығуы табиғи нәрсе, өйткені адамдар 10 есе көп. Сонда қарапайым логика бойынша келеңсіз жағдайлар да он есе көп болуға тиісті. Бірақ, оның есесіне жақсы жағдайлар да он есе көп болуға тиісті... Өз басым оңтүстік өңірде, Түркістан жағында келеңсіз жағдайлар өзге өңірлерге қарағанда көп деп санамаймын. Ол халықтың санына байланысты екенін жаңа айттым. Әрине, бұдан онда кемшіліктер аз деген ұғым тумайды, мен тек салыстырмалы түрде қарау керектігін ескертіп отырмын. Ол жердегі біраз мәселелер бәсекенің күштілігіне байланысты. Талас-тартыс та содан ширығып тұрады.
– Дегенмен, оңтүстік өңірдің менталитетіне қатысты халықтың арасында әртүрлі әңгіме көп. Түркістан атын алып өзгергеннен кейін жылдар бойы қалыптасқан менталитет, оңтүстіктік, шымкенттік менталитет дегеннің басқаша түлеуі үшін, яғни рухани тұрғыдан басқа өңірлерге үлгі болатындай деңгейге көтерілу үшін не істеуге болады?
– Мәселенің тамырын дәл ұстап тұрсыз. Дәл қазір, жаңа Қазақстан құру жағдайында, жаңа облыс құрылып жатқан кезде біз белгілі бір дәрежеде ребрендинг жасауға тиіспіз. Мысалы, шымкенттіктер сондай, шымкенттіктер мұндай деген әртүрлі жағымсыз, негізінен әділетсіз пікірлер қалыптасып кеткен, енді қазір «шымкенттіктер» деген атауға байланысты кейбір жағымсыз жағдайлар көңілге ұнамайтын болса, енді ондағылар «түркістандықтар» деп аталады. Енді ондағы адамдар түркістандық болуға, сол атқа лайық болуға ұмтыламыз, сол өңірдің азаматтары ретінде біз бұрынғыдай емеспіз, қазір елдің рухани астанасын облыс орталығы етіп отырған адамдармыз деп жаңаша ойлап, жаңа жауапкершілік таныта бастаса, ол да жаңа имиджге әсер етуі әбден мүмкін.
– Руханият деген кітапсыз, оқусыз болмасы анық. Жасыратыны жоқ, тек Түркістан өңірі емес, жалпы елімізде, енді бұл тек қана Қазақстанға, қазаққа ғана тән мәселе емес, бүкіл әлемде де сол тенденция байқалып жатыр ғой, оқуға, кітапқа қызығушылықтың төмендеуі байқалады. Жаңа технологияларға, әлеуметтік желілерге әуес болып кеткендік бар. Қалай біз жастарды, жасөспірімдерді кітапқа баулимыз? Кітап деген адамға ойлануға мүмкіндік беретін дүние ғой. Мысалы, мен өзім биыл Түркістанда болдым. Әдемі кітапхана, жақсы технологиялармен жабдықталған, бірақ оқырмандары аз. Бес-алты адам ғана жүр. Тек Түркістанда ғана емес, жалпы кітапханаларда адам санының аздығына, қызығушылықтың азайып бара жатқанына алаңдаймыз.
– Кітапханадағы адамдардың азаюы осы Астанаға да тән, Алматыға да тән, барлық кітапханаларда жағдай сондай. Мен өзім кітапқа құмар адам ретінде барған жерде кітапханаларға кіріп, кітапты қолыма алған соң бірден формулярға қараймын. Қай кітапты ашсаң да формулярлары аппақ. Ешкім алып оқымаған. Белгілі дәрежеде сөреге қойылған қазына болып шығады. Солардың тікелей айналымға түсуі, оқылуы нөлге жақын.
– Халықаралық мәселелерді де қозғай кетсек деймін. Бұл бағытта қандай істерді, қандай қадамдарды алдымен айта аламыз? Президенттің сыртқы саясаттағы қызметіне тоқталсаңыз.
– Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлемдік деңгейдегі дара дипломат екендігінің нақты бір белгісі – Си Цзиньпиннің Астанаға сапары. Мұны арнайы айтып отырғанымның мәні мынада – егер мәселе тек екі ел басшысының сөйлесуінде ғана болса, сол күннің ертеңінде-ақ Самарқандта жолықты ғой, сол жерде де сөйлесе алатын еді ғой. Бірақ Қытай басшысы пандемиядан кейінгі бірінші сыртқа шыққан елі Қазақстан екендігін арнайы қадап тұрып, бадырайтып көрсетті және Қытай елі Қазақстанның аумақтық тұтастығына кепілдік береді, оның ішкі істеріне араластырмайды деген үлкен мәлімдеме жасады. Бұл – біздің дипломатиямыздың үлкен табысы. Өйткені біз аю мен айдаһардың арасында арпалысып жан бағуымыз керек. Басқа жолымыз жоқ. Сондықтан қазіргі жағдайда бұл мәселені Тоқаевтың толымды табысы деуге болады.
– Иә, Қасым-Жомарт Кемелұлының әлемдік мінберлерден айтып жатқан әңгімесі бүкіл дүниенің тек біздің Мемлекет басшысына ғана емес, бүкіл елімізге, қазақ ұлтына деген назарын аударып отыр. Оған қоса, бір жағынан Димаштың феноменіне, бір жағынан Иманбектің феноменіне қызығушылар көбейе түсуде. Осылайша, қазақ топырағына, қазақ еліне, қазақ жеріне деген бүкіл әлемнің қызығушылығы жыл өткен сайын көбейіп келе жатқан сияқты. Сол тұрғыдан біздің халқымызға осындай қызығушылық туғызып отырған жақсы мүмкіндікті жақсы жағынан пайдаланып қалу, ішкі санадағы серпіліс керек сияқты.
– Бұл мәселе кешегі Қаңтар оқиғасынан кейін ерекше маңызды. Әділін айтсақ, қаңтардан кейін небәрі 7-8 ай өткен кезде біз жақсы атымызды қалпына келтіріп үлгергеніміз феномен құбылыс деуге болады. Осы аз уақыттың ішінде Қазақстан өзінің жақсы атын қайтарып ала алды және жаңа биікке шығып, бүкіл әлемге ірі сөздер айта алды. Мысалы, Қасым-Жомарт Кемелұлының Санкт-Петербургтегі экономикалық форумда айтқан әңгімесі бүкіл Біріккен Ұлттар Ұйымының қызметіне қатысты мәселе. Өйткені Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысындағы аса маңызды қағидат – мемлекеттердің аумақтық тұтастығы. Президентіміз ұлттардың өзін-өзі билеу құқы аумақтық тұтастықпен қиғаш келмеу керектігін айтты. Өйткені ұлттардың өзін-өзі билеу құқын алға тартатын болсақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, әлемде кемінде 400 мемлекет құрылар еді. Ол нағыз хаос болар еді, бейберекеттікке, берекесіздікке бастар еді. Біз сондықтан Тайваньды да, Косовоны да, Оңтүстік Абхазияны да, Солтүстік Кипр Түрік Республикасын да қолдамаймыз. Өйткені біздің нық сеніміз бойынша әр ұлтта бір ғана мемлекет болуы керек. Неге, мысалы, бірнеше ондаған миллиондық күрдтердің мемлекеті болмайды, неге аз ғана албандардың екі мемлекеті болады? Албания мен Косово. Сербиядан бөлініп шықты. Ешқандай халықта екі мемлекет болмауы керек. Ондайларды Тоқаев квазимемлекеттік құрылымдар деп атап отыр.
Біз басымызға бұйырған бақтың бағасын білуге тиіспіз. Әлемдегі 193 елдің бірі ретінде өзіміздің көк туымызды өзіміздің жеріміздің төріне қадау уақыты бұйырғанына тәубе деуіміз керек. Бізден ештеңесі кем түспейтін, бізді саны жағынан бірнеше есе орап кететін халықтардың талайы бір жапырақ туын қадайтын алақандай төбе таба алмай жүр. Мысалы, татарлардың бізден несі кем? Белгілі бір дәрежеде кезінде дінімізді сақтап қалуға септескен, молдалары сауатымызды ашуға көмектескен, әу баста кітаптарымызды басып берген дегендей. Олар енді бұндай күнді армандай да алмайды үлкен елдің ішіндегі анклав болғандықтан.
– Түркістанды айтқан кезде дінге қатысты әңгіме қозғамай кету мүмкін емес. Біздің халқымыздың, өсіп келе жатқан жастардың, жасөспірімдердің арасындағы діни сауаттылығымыз қаншалықты дұрыс жүріп жатыр? Ғасырлар бойы біздің қазақтың жүріп өткен діни жолы, қазіргі насихат, қазіргі әртүрлі қозғалыстардың пайда болуы тұрғысынан қарағанда бізде осы бағытта мемлекеттік идеологиялық нақты қадамдар жасалуы керек пе деп ойлаймын.
– Бұл бір қиын мәселе. Біз өзіміздің конституциялық сипатымыздан біршама алшақтап барамыз. Мұны ашық айту керек. Біз зайырлы мемлекетпіз. Конституциялық осы қағидат, өкінішке қарай, тиісінше сақталмай отыр. Мысалы, зайырлы қоғамда, зайырлы мемлекетте дінді арнаулы телеарналар арқылы насихаттаудың жайын қатты ойлану керек. Басқа да мәселелер бар. Ататүрік «Дін табалдырықтан әрі шықпауы керек» деген. Дін жүректе жатуы керек, көңілде тұнуы керек, санада тұруы керек. Ол саясатқа араласпауы керек. Ал бізде дін саясатқа ықпал жасайтындай жағдайға жетіп қалды.
– «Түркістан» телеарнасы жалпы түркі әлеміне қазақты танытудың бір жолы, жаңа бір тетігі сияқты көрінеді. Өзіңіз осы ақпарат саласын басқардыңыз, министр болдыңыз, жалпы біздің бұқаралық ақпарат құралдарына қазақты танытуда, қазақты болашаққа талпындыруда не жетіспей жатыр деп ойлайсыз?
– Қазақты қазақтың өзіне танытуда кемсіндіретін жайлардан, яғни ішкі комплекстерден құтылдыру жағы жетіспей жатыр. Басқасын былай қойғанда, қазақтың басы бірікпейді, алауыз деген әңгімені айтудың өзі ақылға сыймайды. Парламентте жұмыс барысында дау-талас болып тұрады, фракциялар бар, әртүрлі адам бар. Жұмыс тобының отырысында бір белгілі азамат «трайбализм» деген сөзді қайта-қайта қолданып жатты. Содан кейін мен мынаны айттым. Қазақстан тутси мен хуту бір-бірін қырып-жоятын Руанда емес. Қазақта жүз бен жүз тұрмақ, тайпа мен тайпа тұрмақ, ру мен ру соғысып көрмеген, ондай нәрсе қазақтың тарихында жоқ. Тек жер дауы, жесір дауынан шығатын барымта, сырымталар, сойыл сілтесіп, бөрік ішінде бас жарылу деген сияқты эпизодтар ғана орын алған. Ал осындай халыққа трайбализм деген сұмдық сөзді қалай айтуға болады? Трайбализм жалпы Африкадағы жабайы тайпаларда ғана көрінетін нәрсе. Тек өзге өңірден екендігі үшін ғана найзасын ала жүгіретін мешеу сананы біз ғылымда трайбализм дейміз. Соны алып келіп біздің санамызға тықпалау, сондай ойларды, бір заманда елді іштей іріту үшін айтақтаушылар айтып кеткен, совет заманында алауыздық ояту үшін қоздырылған әңгімелерді бүгінгі күнде бізге қатысы бар ғылыми термин сияқты сөйлеу ешқандай сын көтермейді. Обалы не керек, ол азамат менің сөзімнен кейін «Жақсы, түсіндім, енді олай айтпаймыз, онда басқа сөз қолданайық» деді. Сондай нәрселерден құтылуымыз керек. Қазақ жалқау деген әңгімені де көп айта беріп, бойымыз үйреніп, етіміз өліп бара жатыр.
– Өзіміз сондай болып бара жатырмыз.
– Соған бейімделіп бара жатырмыз. Қазақ әуелден жалқау болса, мынадай даланың қиын табиғатында номадтар бұл күнге жете алмас еді. Мал бағу, қи ою, шөп шабу, тезек теру дегендердің барлығы – ауыр жұмыс. Сол ауыр жұмысқа қазақ көндіккен. Сөйтіп, көндіккенің арқасында қыста да киіз үйде бала туып, өсіп-өнген және осы күнге жеткен. Ал жаңағы біз айтып отырған, өзіміз қазір сөзімізді арнап отырған оңтүстік өңіріндегі еңбекқорлық тіпті ерекше.
– Біз баланы жастайынан еңбекке тәрбиелейтінбіз. Айналып келгенде Мемлекет басшысының алдымен айтып жатқаны да еңбек. Еңбекке баланы тәрбиелеуде қазір біздің жасалмай жатқан дүниелеріміз бар сияқты. Бәлкім, мектеп бағдарламасын қайтадан қарау керек пе? Баланы сөзбен емес, шынымен де дұрыс еңбекпен тәрбиелесек, ертең еліміздің болашағы дұрыс болады ма дегеніміз ғой.
– Еңбекке тәрбиелеудің үлкен бір тетігі – әділеттілік орнату. Неге? Өйткені қазір жұрт жарытып жұмыс істемеген адамдардың дәулетті тұрып жатқанын көріп отыр. Еңбекке деген мотивация жоқ немесе жоққа жуық. Ештеңе істемей-ақ басқалар жақсы өмір сүріп жатыр, мен неге жанымды қинаймын, ал жанын қинағандар күнін зорға көріп жүр деген сияқты ойлайтындар көп. Сондықтан алдағы кезде Әділетті Қазақстанда әркім еңбегіне қарай өмір сүретін болса, әркім біліміне қарай табыс табатын болса, бәрі де бірте-бірте өзгереді. Ана жолы Қарағандыда сөйлегенде айтып едім, үшке оқыған бала үш қабатты коттеджде тұрып, беске оқыған бала соның үйіне қызыға қарайтындай болмауы керек деп. Әділеттілік болуы керек. Әділеттілік болу жұрттың бәрінің бірдей шекесі шылқи қалуы деген сөз емес. Бүкіл әлемде, тіпті швед социализмі делінетін Швецияға барсаңыз да кедей-кепшік кездеседі. Бірақ соған қарап Швеция бай ел емес, мына кедейлер де жүр деп ешкім айтпайды. Өйткені ол адамдар өзінің бір кемшіліктеріне байланысты жұмысын өндіре алмаған адамдар екендігін жұрттың бәрі біледі. Ол елдерде жақсы жұмыс істеген адам, жақсы білім алған адам міндетті түрде жақсы өмір сүретініне жұрт сенеді. Сол жағдай бізге де келеді. Содан кейін бірте-бірте жақсы еңбек еткен адамдар жақсы тұрған сайын жұмыс істеуге құлшыныс күшейе береді де, еңбекке құштарлық бірте-бірте өзі де келе бастайды. Жалпы, Бибігүл, біз қанша жерден идеологияны айтқанмен, адам қолына шалғы алып, баласына шалғы беріп, алты қырдың ар жағындағы сайға барып, шөп шауып, соны арбамен алып келіп, қорадағы малына қысқа шөп дайындамайынша сана өзгермейді. Нақты айтқанда, өз күніңді өзің көруің керек. Біз әлі сол мемлекетке арқа сүйейтін, патерналистік психологиядан толық арылған жоқпыз.
– «Түркістан» телеарнасы өздерінің үшжылдығында еліміздегі мықты телеарналардың қатарына қосылды, өткенде жүлде де алып жатыр. Арна журналистері бүкіл түркі әлеміне шығатын жақсы телеарна боламыз деп алдарына үлкен мақсат қойып отыр. Осы телеарнадағы әріптестерімізге бір ауыз тілегіңізді айта кетсеңіз.
– Баяғыдағы «Еуропаға ашылған терезе» дегендей, біздің түркі дүниесіне ашылатын тереземіз осы «Түркістан» телеарнасы болса, құба-құп. Осы телеарна арқылы түркі дүниесі, ағайындас халықтарымыз біздің жан-дүниемізді жақсырақ сезінетін болса, біздің елге құрметі күшейетін болса, біздің елді көруге деген қызығушылығы артатын болса, әрине, бұл – ғанибет шаруа. Осы ғанибет шаруаны атқаратын іні-қарындастарымызға шығармашылық табыс тілеймін. Ел аман, жұрт тыныш болсын.
– Уақыт тауып, жақсы ойларыңызбен бөліскеніңіз үшін көп рақмет. Ел алдында осылай абыройлы қызмет ете беруіңізге тілектеспіз.