Жаңалықтар

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді қайтару үшін ведомствоаралық топ құрылды

ашық дереккөзі

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді қайтару үшін ведомствоаралық топ құрылды

Жайылымның жетіспеуі ауыл шаруашылығы са­ласы үшін өзекті мәселе болып отыр. Осы­­ған орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пайдаланылмай жатқан жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөнінде тапсырма берген болатын. «AMANAT» партиясы жанынан құрылған «Жер ама­наты» комиссиясы еліміздің өңірлерін аралап, пай­даланылмай бос жатқан жерлерді мемлекетке қайтару ісі­мен айналысып жатыр. Жақында комиссия­ның ара­ласуымен Қарағанды облысында 1 миллион гектар жер мемлекет меншігіне өтті. Осы орайда Қара­ған­ды об­лы­сы Жер қатынастары басқармасының басшысы Дарын Бұл­қайырға хабарласып, жер мәселесіне қатысты жағ­дайды білген едік. – Жақында Қарағанды облы­сында 1 миллион гектар жайылым мем­лекет меншігіне қайтарылды. Бұл жердің иелері кім? – «AMANAT» партиясының Атқару­шы хатшысы Асхат Оралов «Жер ама­на­ты» комиссиясының мүшелерімен бірге Қара­ғанды облысының тұрғындарымен кездесіп, жайылым тапшылығына қа­тысты өзекті мәселені талқылаған бо­ла­тын. Жалпы, Қарағанды облысы бойын­ша жыл басынан бері пайда­ла­ныл­май жатқан ауыл шаруашылығы мақ­сатындағы 1 млн 225 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды. Облыста ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер кө­лемі – 12 млн 88,4 мың гектар. Оның ішін­де жайылымның аумағы 10 мил­лион гектардан асады. Ал жер пай­да­ланушыларға келсек, олардың жалпы са­ны саны 160-тан астам. Нақты жер ие­­ленушілердің, оның ішінде өз еркімен қай­тарғандардың өтініші бойынша, олар­дың атын атаудан тартынып отыр­мыз. – Негізінен, жер сот шешімімен қай­тарылып жатыр ма әлде бұл іске әкімшілік араласа ма? – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер­ді қайтарып, халықты жайылымдық жер­мен қамтамасыз ету жөнінде тап­сыр­ма бергенін білесіздер. Тапсырманы орын­дау мақсатында облыс әкімі Жеңіс Махмұдұлы Қасымбектің биылғы 7 шілдедегі өкімімен пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер­ді алу бойынша ведомствоаралық кіші топ құрылды. Оған мүдделі мемлекеттік, құқық қорғау органдарының басшылары және аудандар мен қала әкімдерінің орын­басарлары кірді. Бұл топты құрудағы мақсат – пайда­ла­нылмайтын ауыл шаруашылығы жер­лерін анықтау және мемлекет меншігіне қай­тару. Кейін оларды ауыл шаруашы­лы­ғы айналымына тарту үшін мемлекет­тік органдардың өзара іс-қимылын қам­тамасыз ету және осы бағыттағы жұ­мыстарды үйлестіру. Қазір облыс бойынша ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы жер осы жұмыс тобы мен «AMANAT» партиясының жа­ны­нан құрылған «Жер аманаты» ко­мис­сиясының бірлескен жұмысының нәти­же­сінде қайтарылып жатыр. Қарағанды облысы Жер ресурстарын басқару департаментінің мәліметінше, жер ие­ленушілер жердің басым бөлігін тү­сін­дірме жұмыстарының нәтижесінде өз еркімен қайтарды. – Мемлекет меншігіне қайтарыл­ған жерді заңдастыруда қандай ке­дер­гі кездеседі? – Жерді заңдастыруда ешқандай ке­дергі жоқ, бәрі заң аясында шешіліп жа­тыр. Меншiк иесi жекеменшiк құқы­ғы­нан немесе жер пайдалану құқығынан бас тарту туралы жария етiп немесе жер те­лімiне қатысты одан бас тартатынын ай­қын бiлдiретiн басқа да iс-әрекет жа­сап, өзiне тиесiлi жер телімiндегі меншiк құқығынан бас тарта алады. Уақытша жер пайдалану құқығынан немесе жеке­меншiктегi жер телімiн уақытша пайд­а­л­ану құқығынан бас тарту жалдау шар­тын немесе өтеусiз уақытша жер пай­далану туралы шартты тоқтату белгiлен­ген тәртiппен жүзеге асырылады. Мұн­дай жер телімдері одан әрі қайта бөлу үшін арнайы жер қорына алынады. – «Жер аманаты» комиссиясының мү­­шелерімен кездесуде ауыл тұр­ғын­­дары мен шаруа қожалық­тары­ның бас­шы­лары жердің құнар­сыз­дануы, құдық тапшылығы, субси­дия­ның тө­мендігі, жемшөп жетіс­пеу­шілігі және дизель оты­нының ба­ғасына қатысты шағымын айтты. Ен­ді бұл мәселе қалай шешіледі? – Кездесу барысында ауыл тұрғын­дары мен шаруалар бірқатар мәселе кө­тер­гені рас. Аудан тұрғындарының басым бөлігі ет және сүт шаруашы­лы­ғымен айналысады. Сондықтан бұл мә­селе назарда. 2017-2021 жылдар ара­лы­ғында Агроөнеркәсіптік кешенді дамы­тудың мемлекеттік бағдарламасы ая­сында жайылымдар алқабын ұлғайту және шалғайдағы жайылымды дамыту мақсатында облыста жайылымды суару және инфрақұрылымын құру бойынша 622,5 мың гектар жайылым суарылды. Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шығындарының бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидасының №4 «Жайылымдарды суландыру инф­ра­құрылымын құру және мал өсіруші шаруа­шылықтарды сумен қамтамасыз ету (құдықтар, ұңғымалар)» жобасының паспортына сәйкеc инвестициялық салымдарды өтеу үлесі 50 пайыз болды. 2022 жылғы технологиялық картаға сәйкес көктемгі дала жұмыстарына 23,6 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Оны жеткізу бойынша оператор анықталды (Retail Trade Oil ЖШС). Ди­зель отынын сатып алатын кезде шаруа­шылықтарға жеңілдік жасалды. Сондай-ақ облыстың мал өсірушілері үшін шөп шабу жұмыстарына көктемгі егіс жұмыстарының қалған көлемінен 1 500 тонна арзандатылған дизель оты­ны бө­лінді (1 литрі 198 теңгеден). Күзгі астық жинау жұмыстарын жүргізу үшін технологиялық картаға сәйкес, облыс­тың ауыл шаруашылығы тауарын өң­діру­шілеріне 20,7 мың тонна (шілдеде 4 000 тонна, тамызда 8 000 тонна, қыр­күйекте 7 000 тонна, қазанда 1 700 тон­на) дизель отыны арзандатылып берілді. – Облыс бойынша жыл басынан бері ұйымдастырылған тексеріс нә­ти­жесі қандай? – Биыл 1 қаңтардан бастап 2021 жыл­ғы 30 маусымдағы «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңнамалық акті­леріне жер қатынастарын дамыту мәсе­ле­лері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заңына сәйкес, жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылау функциясы жер­гілікті атқарушы органдардан облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астанада аумақтық бөлімшелерін құра отырып, орталық уәкілетті органға – Қа­зақстан Ауыл шаруашылығы министр­лі­гінің Жер ресурстарын басқару коми­тетіне берілді. Қазір жердің пайдаланылуы мен қор­ғалуына мемлекеттік бақылауды «Қа­зақстан Республикасы Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің Жер ресурс­та­рын басқару комитеті Қарағанды об­лы­сының Жер ресурстарын басқару де­пар­таменті» республикалық мемлекеттік мекемесі жүргізеді. Департамент бүгінде пайдаланбай жат­қан 55 мың гектар жері бар 14 шаруа­­шылыққа қатысты және жалпы алаңы 20 мың гектарға тарта ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы жерді пай­далануға беру жөніндегі конкурс­тар­дың нәтижесіне тексеріс ұйымдастырды. Жалпы, жыл аяғына дейін 200 мың гектарға тарта жерге тексеру жүргізу жос­парланып отыр. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ