Отбасында дағдарыс пайда болған кезде қалай күресеміз? – зерттеу

Отбасында дағдарыс пайда болған кезде қалай күресеміз? – зерттеу

Отбасында дағдарыс пайда болған кезде қалай күресеміз? – зерттеу
ашық дереккөзі
«Дағдарыс» сөзі барлық салада қолданылады. Бұл ұғымды естігенде көзімізге қиын-қыстау кезең елестейді. Бірақ грек тілінен аударғандағы түп мағынасы «бетбұрыс» дегенді білдіреді екен. Яғни, бұрынғыдай өмір сүру мүмкін емес пен жаңа шешімді қабылдау арасындағы өтпелі кезең. Отбасында ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Ертелі-кеш кез келген отбасы дағдарысқа ұшырайтыны анық. Бірақ бірі оны еңсеріп, бірлігі нығайса, енді бірі бұл «дауылға» төтеп бере алмай қалады. Дағдарыс отбасындағы өтпелі кезеңдерде, сыртқы жағдайлардың әсерінен немесе отбасының бір мүшесінің жеке проблемаларының салдарынан туындауы мүмкін. Бұл кезең отбасы үшін үлкен сынақ.  width= Отбасында дағдарыстың басталғанын қалай білуге болады? Мәселені шешу үшін алдымен оны көре білу маңызды. Сондықтан отбасы дағдарыс жағдайында екенін уақытында байқау – бұл оны шешудегі ең үлкен қадам. Дағдарыс отбасындағы жанжалмен байланысты ма? Отбасындағы кез келген шиеліністі дағдарыс деу орынды ма? Осы тұрғыдан тереңірек қазбаласақ. Дағдарыс ерлі-зайыптылар арасындағы жаман қарым-қатынас емес. Дағдарыс – бұл өзгерістерді, жаңа шешімдерді, бірлесе отырып әрекет етуді талап ететін кезең. (Сондықтан дағдарыс жағдайында «ұрыспаңдар», «ұрыспай тұра алмайсыңдар ма?» сынды кеңестер көмектеспейді). Дағдарысты шешу – отбасындағы жүйені қайта қарау, жаңа жоспар құруды талап етеді. Ал дағдарысты жеңе білген отбасы кез келген жағдайда дұрыс шешім қабылдап, бір біріне сенім арта білуді үйренеді.  width= Сонымен, отбасында дағдарыс қалай пайда болады? Отбасы мүшелері арасындағы психологиялық байланыс (қашықтық) өзгереді. Бір-бірінен алыстап келуі мүмкін, әлде, керісінше, бір-біріне тым қатты жақындап, жеке тұлға ретінде дамуды тоқтатады. Отбасында рөлдер бірдей бөлінбейтінін білген жөн. Бір адам бәрібір басымдық танытады немесе бір адам көп жауапкершілікті мойына артады, бірі шетте қалып, тек бақылаумен жүреді. Отбасында қалыптасқан құндылықтар, дәстүрлер, рәсімдер, ережелер өзгереді. Ал жаңасын құру қиын екені бәрімізге мәлім. Отбасы мүшелері бір-бірінен қолдау таппайды әлді ойдағыдай қолдауды ала алмай жатады. Жұбайлар бір-біріне қатыгездік танытады, өзара келісімге келе алмайды және мәселелер қандай да бір стандартты тәсілдермен шешіледі. Отбасылық дағдарыс барысында ерлі-зайыптылар қоршаған ортадан оқшауланып, өз әлемдерінде жүреді. Достарымен, туыстарымен сирек кездесіп, қонақ шақырып, көпшілік алдына бірге шығудан қалады. Егер бұл кезеңде ерлі – зайыптылардың ата-аналары, не болмаса, жақын туыстары ортаға түсетін болса, жағдай ушығып, дағдарыстың жаңа формасына көшеді. Бұл кезде отбасының ішінде не болады? Отбасылық жанжал мен ұрыс-керіс үдей түседі. Ыдыс-аяқ сындырып, төбелес ашу міндетті емес. Кейде дағдарыс кезінде ерлі-зайыптылар бір-біріне салқындық танытып, ашылып әңгіме айтпайды, ортақ жоспар құрмайды. Тек іштегі ренішпен өмір сүре береді. Сырт көзге бақытты отбасы болып көрінеді. Яғни, сырты бүтін, іші түтіннің кейпін кешеді. Жұбайлар бір-бірімен сөйлесуден қалады, тіпті, кей жағдайларда бір жерде, бір бөлмеде отырудан қашады.  width= Отбасында дағдарыс әртүрлі бейнеде болуы мүмкін. Сондықтан психология дағдарысты нормативті және нормативті емес деп бөледі. Бұл екі ұғымның ара-жігін ажырата білу үшін отбасы қандай кезеңдерден өтетінін түсініп алған жөн. Отбасы – бұл тек екі адамнан құралған одақ емес. Бұл өзіндік заңы мен нормалары бар шағын мемлекет. Екі адам отбасы құрмас бұрын, жеке-жеке, әлде өз ата-аналарымен бірге тұрады. Кейін бір-бірін жолықтырып, ұнатып, бас қосады. Араға уақыт салып, отбасында бала өмірге келеді. Жас жұбайлар ата-ана атанады. Бала саны артып, отбасы мүшелері көбейеді. Кейін балалар ер жетіп, өз еншілерін алып, бөлек шығады. Ерлі-зайыптылар қайта өздері қалады. Немерелері келіп тұруы мүмкін. Бірақ уақыт ешкімді аямайды. Қартаяды, өмірден озады. Бұл кезеңдерді бастан өткергенде отбасы жағдайға сай төселе білмесе, үлкен қиындықтарға тап болады. Оны еңсеру үшін үлкен күш-жігер мен ұйымшылдық қажет. Бұл – нормативті дағдарыс. Десе де, әр кезеңде отбасында дағдарыс орын алады деген сөз емес. Бірақ та бұл кезеңдерде жағдай тұрақсыз болары анық. Болжап білу мүмкін емес дағдарыс кезеңдері де болады. Оған сыртқы жағдайлар – жұмыстан немесе баспанадан айырылу, ауыр дерт, ажырасу немесе өлім себеп болады. Бұл жағдайды бастан кешіру қиын болатыны соншалықты, отбасында дағдарыс орнайды. Енді әрқайсысына жеке-жеке тоқталсақ. Опасыздық Көзге шөп салу – кез келген адам үшін ауыр соққы. Егер жолдасыңыздың бұл әрекетке барғанын білсеңіз, жаныңыз жараланып, өзегіңіз өртеніп, аспан айналып жерге түскендей сезімде боларыңыз сөзсіз. Деректерге сүйенсек, шамамен адамдардың 70 пайызы опазыдық жасаған, не болмаса, жұбайы сол әрекетке барған. Ер адамдар да, әйелдер де сырттан тояттайды. Бірақ барлығы бұл жайтты өте ауыр өткереді. Бұл кезеңде тек отбасының ұйытқысы бұзылып қана қоймай, өзіне және өзгеге деген сенім кетеді. Опасыздық критерийлері тіпті жұптың өзінде де әртүрлі болуы мүмкін. «Кездейсоқ» жыныстық қатынас немесе рухани қарым-қатынас опасыздыққа жата ма? Егер ерлі-зайыптылардың бірі іссапарда әлде ауруханада жатса өзгемен тән құмарлығын қандыруға бола ма? Опасыздыққа себеп көбіне сезімнің сууы және ерлі-зайыптылар арасындағы жақындықтың төмендеуінен болады. Отбасының ішінде олқылықтарды өзгертудің орнына адамдар өзге серік тауып, онымен жеңіл өмір сүруді көздейді (бұл кез келген жаңа қарым-қатынастың басында жеңіл болады).  width= Егер сіз опасыздыққа тап болсаңыз, психолог сізге қалай көмектесе алады? - Ең алдымен, ол сізге кем дегенде ішкі тепе-теңдікті ұстауға көмектеседі. Өзіңізді жинап, аяғыңызда тік тұра біліңіз. Эмоциясын басқара білген адамға  кез келген мәселені түсіну оңайырақ болады. - Көптеген адамдар: «сатқындықты кешіруге бола ма?» «Кейін қалай өмір сүремін?» деген сұрақтарды қояды. Бұл сұрақтарды өзгеге емес өзіңізге қоя білуіңізі керек. Кешіріп, бәрін ұмытуға дайынсыз ба? Әлде кешіру мүмкін емес пе? Жауап табу қиын, түсінеміз. Тіпті, кейде кешіре білсекте, ұмыта білмейміз. - Келесі кезең – себептерді іздеу. Бұл опасыздық қандай сигнал беріп тұр? Жеке дағдарыс па, әлде қарым-қатынас мәселесі ме? Ерлі-зайыптыларға не жетпейді – рухани жақындық, бір-біріне деген сенім? Бұл кезеңде ерлі-зайыптылардағы проблемалар үшін жауапкершілік көбінесе екіге бөлінетінін түсіну маңызды. Барлық мәселелер үшін өзіңізді кінәлі санамаңыз. Бірақ сіз барлық жауапкершілікті жұбайыңызға жүктемеуіңіз де керек. - Бұдан кейін мәселенің шешімін табуға болады. Кейде ең дұрысы  – қарым-қатынасты тоқтату болып көрінеді. Бірақ ашу үстінде шешім қабылдап, асығыстық танытпағаныңыз жөн. Тәжірибеге сүйенсек, кей жағдайларда опасыздықтан кейін, қателікпен жұмыс істеу арқылы, қарым-қатынас нығая түседі. Бір сөзбен айтқанда, опасыздықтан кейін де өмір сүруге болады. Бірақ проблема өздігінен шешіліп, баяғы сарынға түседі деп ойлау қате. Дәл осы жерде психолог мамандары дұрыс шешімге келуге көмектеседі.  width= Ажырасу Өлімнен кейінгі екінші ауыр қайғы. Ажырасу туралы шешімді сіз қабылдасаңыз да – бұл жан жарасын жеңілдетпейді. Ажырасқан адамдардың жүрегі сыздап, жаны ауырады. Бұл кезеңде өзіңізге уақыт беріп, әр сезімді кеше білген жөн. Көз жасына ерік беріңіз, ашу-ызаны шығару керек. Себебі іште тұнып қалған эмоция жаныңызды жегідей жейді. Ажырасқанан кейін адам 5 кезеңнен өтеді: -Шок. Жоққа шығару -Ашу. Агрессия -Саудаласу -Депрессия -Қабылдау Ажырасудың қай кезеңінде болсын білікті психологтың кеңесін алған абзал. Себебі адамдардың көбі бір кезеңде ұзақ тоқтап қалады. Арада бала болса жағдайды басқаша шешу қажет. Балаларды ата-ана арасындағы ұрысқа араластырып, манипуляция жасаудың қажеті жоқ. Ажырасып жатқан ата-ана емес, ажырасып жатқан ер мен әйел. Сол себепті, ең бірінші, ер мен әйел әкелік және аналық жауапкершілікті сезінуі тиіс. Ажырасу шешіміне келген ата-ана жағдайды жан-жақты ойластыру қажет. Өзара келісімге келе алмаса, отбасылық психологтың көмегіне жүгінуге болады.  width= Отбасы мүшесінің бірінің ауыр дертке шалдығуы Ауыр дерт – бұл отбасы үшін үлкен сынақ. Тас түскен жеріне ауыр демекші, бұл жағдайға тап болғандар ғана бар қиындықты түсіне алады. Мысалы, отбасында бала қатты ауырды делік. Анасы бар уақытын сәбиіне  арнайды. Яғни, бейсаналы түрде нәзік жандылар әйел екенін, күйеуіне де уақыт бөлу керектігін ұмытып кетеді. Бір проблемамен күресіп жүргенде, ойламаған жерден екінші проблемаға тап болады. Ол – опаздық пен ажырасу. Неге баса назар аудару керек? - Өзіңізді тастап жібермей, денсаулығыңызды ойлаңыз. Күш жинап, шабыт алатын іспен айналысыңыз. Бұл сізге ауыр кезеңдерде сынып кетпеуге көмектеседі. - Отбасындағы жүктемені бөлуге тырысыңыз. Кім және не істей алатынын алдын ала келіскен жөн. - Демалуды ұмытпаңыз. Ауру адамның емін іздеген дұрыс, бірақ отбасында одан да басқа атқарар жұмыстар бар. Жұбайыңыз бен басқа балаларға да уақыт бөліңіз.  width= Өлім Көп адам бұл кезеңде қайғымен қатар кінәні де мойнына артып алады. «Мүмкін мен бір нәрсені дұрыс істемеген болармын? Жақсы дәрігерге қаратпаған болармын? Ауырып жатқанда, неге ұрсысып, ашуын шақырдым екен? Құдай оны емес, неге мені алмады?» деген сыңайлы сұрақтар сананы мазалайды. Адамды Құдай береді және өзі алады. Ажалға араша бола алмаймыз. Бірақ адам психикасы бұл түсінікті қабылдағысы келмейді. Жақынын жоғалтқан адам қорқынышпен бетпе-бет кездеседі. Бұл дағдарыс жағдайында отбасына қалай көмектесуге болады? - Бірінші және ең бастысы – отбасы мүшелерінің әрқайсысына қайғы-қасіретпен өмір сүруге мүмкіндік беру. Әр кезеңнен өту үшін уақыт беріңіз. - Өлім тақырыбында сөз қозғап, қайтыс болған адам туралы айтудан қашпаңыз. Адам сезімін сыртқа шығара білу керек. - Отбасында жаңа жүйені қалыптастырып, рөлдерді айқындау.  width= Дағдарыс, әрине, отбасы мүшелерінің әрқайсысы үшін өте қиын кезең. Бірақ дағдарыс болмай даму процесі жүрмейді. Қиын кезеңдер бізді шыңдап, жақындарымызды бағалауға көмектеседі. Сондықтан психологтардың басты міндеті – өмір сүруге, жаңа ресурстар табуға көмектесу.