Жаңалықтар

Отбасында дағдарыс пайда болған кезде қалай күресеміз? – зерттеу

ашық дереккөзі

Отбасында дағдарыс пайда болған кезде қалай күресеміз? – зерттеу

«Дағдарыс» сөзі барлық салада қолданылады. Бұл ұғымды естігенде көзімізге қиын-қыстау кезең елестейді. Бірақ грек тілінен аударғандағы түп мағынасы «бетбұрыс» дегенді білдіреді екен. Яғни, бұрынғыдай өмір сүру мүмкін емес пен жаңа шешімді қабылдау арасындағы өтпелі кезең. Отбасында ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Ертелі-кеш кез келген отбасы дағдарысқа ұшырайтыны анық. Бірақ бірі оны еңсеріп, бірлігі нығайса, енді бірі бұл «дауылға» төтеп бере алмай қалады. Дағдарыс отбасындағы өтпелі кезеңдерде, сыртқы жағдайлардың әсерінен немесе отбасының бір мүшесінің жеке проблемаларының салдарынан туындауы мүмкін. Бұл кезең отбасы үшін үлкен сынақ. Сонымен, отбасында дағдарыс қалай пайда болады? Отбасы мүшелері арасындағы психологиялық байланыс (қашықтық) өзгереді. Бір-бірінен алыстап келуі мүмкін, әлде, керісінше, бір-біріне тым қатты жақындап, жеке тұлға ретінде дамуды тоқтатады. Отбасында рөлдер бірдей бөлінбейтінін білген жөн. Бір адам бәрібір басымдық танытады немесе бір адам көп жауапкершілікті мойына артады, бірі шетте қалып, тек бақылаумен жүреді. Отбасында қалыптасқан құндылықтар, дәстүрлер, рәсімдер, ережелер өзгереді. Ал жаңасын құру қиын екені бәрімізге мәлім. Отбасы мүшелері бір-бірінен қолдау таппайды әлді ойдағыдай қолдауды ала алмай жатады. Жұбайлар бір-біріне қатыгездік танытады, өзара келісімге келе алмайды және мәселелер қандай да бір стандартты тәсілдермен шешіледі. Отбасылық дағдарыс барысында ерлі-зайыптылар қоршаған ортадан оқшауланып, өз әлемдерінде жүреді. Достарымен, туыстарымен сирек кездесіп, қонақ шақырып, көпшілік алдына бірге шығудан қалады. Егер бұл кезеңде ерлі – зайыптылардың ата-аналары, не болмаса, жақын туыстары ортаға түсетін болса, жағдай ушығып, дағдарыстың жаңа формасына көшеді. Бұл кезде отбасының ішінде не болады? Отбасылық жанжал мен ұрыс-керіс үдей түседі. Ыдыс-аяқ сындырып, төбелес ашу міндетті емес. Кейде дағдарыс кезінде ерлі-зайыптылар бір-біріне салқындық танытып, ашылып әңгіме айтпайды, ортақ жоспар құрмайды. Тек іштегі ренішпен өмір сүре береді. Сырт көзге бақытты отбасы болып көрінеді. Яғни, сырты бүтін, іші түтіннің кейпін кешеді. Жұбайлар бір-бірімен сөйлесуден қалады, тіпті, кей жағдайларда бір жерде, бір бөлмеде отырудан қашады. Егер сіз опасыздыққа тап болсаңыз, психолог сізге қалай көмектесе алады? - Ең алдымен, ол сізге кем дегенде ішкі тепе-теңдікті ұстауға көмектеседі. Өзіңізді жинап, аяғыңызда тік тұра біліңіз. Эмоциясын басқара білген адамға  кез келген мәселені түсіну оңайырақ болады. - Көптеген адамдар: «сатқындықты кешіруге бола ма?» «Кейін қалай өмір сүремін?» деген сұрақтарды қояды. Бұл сұрақтарды өзгеге емес өзіңізге қоя білуіңізі керек. Кешіріп, бәрін ұмытуға дайынсыз ба? Әлде кешіру мүмкін емес пе? Жауап табу қиын, түсінеміз. Тіпті, кейде кешіре білсекте, ұмыта білмейміз. - Келесі кезең – себептерді іздеу. Бұл опасыздық қандай сигнал беріп тұр? Жеке дағдарыс па, әлде қарым-қатынас мәселесі ме? Ерлі-зайыптыларға не жетпейді – рухани жақындық, бір-біріне деген сенім? Бұл кезеңде ерлі-зайыптылардағы проблемалар үшін жауапкершілік көбінесе екіге бөлінетінін түсіну маңызды. Барлық мәселелер үшін өзіңізді кінәлі санамаңыз. Бірақ сіз барлық жауапкершілікті жұбайыңызға жүктемеуіңіз де керек. - Бұдан кейін мәселенің шешімін табуға болады. Кейде ең дұрысы  – қарым-қатынасты тоқтату болып көрінеді. Бірақ ашу үстінде шешім қабылдап, асығыстық танытпағаныңыз жөн. Тәжірибеге сүйенсек, кей жағдайларда опасыздықтан кейін, қателікпен жұмыс істеу арқылы, қарым-қатынас нығая түседі. Бір сөзбен айтқанда, опасыздықтан кейін де өмір сүруге болады. Бірақ проблема өздігінен шешіліп, баяғы сарынға түседі деп ойлау қате. Дәл осы жерде психолог мамандары дұрыс шешімге келуге көмектеседі. Отбасы мүшесінің бірінің ауыр дертке шалдығуы Ауыр дерт – бұл отбасы үшін үлкен сынақ. Тас түскен жеріне ауыр демекші, бұл жағдайға тап болғандар ғана бар қиындықты түсіне алады. Мысалы, отбасында бала қатты ауырды делік. Анасы бар уақытын сәбиіне  арнайды. Яғни, бейсаналы түрде нәзік жандылар әйел екенін, күйеуіне де уақыт бөлу керектігін ұмытып кетеді. Бір проблемамен күресіп жүргенде, ойламаған жерден екінші проблемаға тап болады. Ол – опаздық пен ажырасу. Неге баса назар аудару керек? - Өзіңізді тастап жібермей, денсаулығыңызды ойлаңыз. Күш жинап, шабыт алатын іспен айналысыңыз. Бұл сізге ауыр кезеңдерде сынып кетпеуге көмектеседі. - Отбасындағы жүктемені бөлуге тырысыңыз. Кім және не істей алатынын алдын ала келіскен жөн. - Демалуды ұмытпаңыз. Ауру адамның емін іздеген дұрыс, бірақ отбасында одан да басқа атқарар жұмыстар бар. Жұбайыңыз бен басқа балаларға да уақыт бөліңіз. Дағдарыс, әрине, отбасы мүшелерінің әрқайсысы үшін өте қиын кезең. Бірақ дағдарыс болмай даму процесі жүрмейді. Қиын кезеңдер бізді шыңдап, жақындарымызды бағалауға көмектеседі. Сондықтан психологтардың басты міндеті – өмір сүруге, жаңа ресурстар табуға көмектесу.