Жаңалықтар

Президент ақтаулық егіздер Қасым мен Жомартқа хат жолдады

ашық дереккөзі

Президент ақтаулық егіздер Қасым мен Жомартқа хат жолдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтауда тұратын Қасым мен Жомарт есімді егіздерге хат жолдады. Қуанышын бөліскен егіздердің әкесі бұл отбасы үшін күтпеген тосынсый болғанын айтты деп хабарлады turkystan.kz Mangystaumedia басылымына сілтеме жасап. Президент 13 жастағы қос жеткіншекке ел үшін қызмет етер азамат болып, биік белестерді бағындыруды тілеген. «Айналайын Қасым мен Жомарт, сендер туралы жақында хабардар болдым. Терең білім алып, үлкен дипломат болам деп алдарыңа биік мақсат қойыпсыңдар. Бұл – мемлекет мүддесі үшін аса қажет мамандық. Мемлекетіміз, халқымыз үшін бар күшін салып қызмет ететін үлкен азамат болыңдар. Еліміздің келешегі – жастар. Сол үшін алғыр, ақылды, зерек, білімді болып өсіңдер. Өйткені бұл – зор жауапкершілік. Бүгінгі жасөспірім – ертеңгі ел иесі. Сендер қаншалықты білімді, білікті болсаңдар, еліміздің келешегі соншалықты кемел болады. Зульфия әжелеріңнің, ата-аналарыңның, елдің үмітін ақтайтындарыңа кәміл сенемін. Өздеріңдей көп тіл білуді мақсат еткен, Отанын шексіз сүйетін жастардың өсіп келе жатқанына қуаныштымын. Әрдайым осындай белсенді, талапты болыңдар. Өмірде биік белестерді бағындыруларыңа тілектеспін!» - делінген хатта. Мемлекет басшысынан арнайы хат алған Қасым мен Жомарттың қуанышында шек жоқ. «Олар хатты қайта-қайта оқып, алған әсерін достарына айтып тауыса алмай жатыр. Президентіміздің берген батасы қабыл болсын», - деді егіздердің әкесі Ерлан Мәуленов.