Павлодардағы музейде Махамбеттің Ресейде сақталған домбырасы тұр

Павлодардағы музейде Махамбеттің Ресейде сақталған домбырасы тұр

Павлодардағы музейде Махамбеттің Ресейде сақталған домбырасы тұр
ашық дереккөзі
Г.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінде Алматының көне ұлттық музыкалық аспаптары көрмесі өтіп жатыр деп хабарлады turkystan.kz Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап. Көрмеге Алматы қаласында орналасқан Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің аспаптары қойылған. Павлодардағы Майра Шамсутдинова атындағы ән-өнер шығармашылығы мұражай үйінің басшысы Ерлан Рақымовтың айтуынша, бұл – Ықылас музейінің облыстарға жасап отырған алғашқы сапары.
«2017 жылдан бері осы көрмені Павлодарға әкелуді мақсат еткенмін. Соның сәті биыл түсіп, шақыртып отырмын. Бұл көне аспаптарды сақтайтын музей болғандықтан, сапарға көп шыға қоймайды. Мақсатымыз – солтүстік өңірде, Павлодар қаласында сол қазақтың көне аспаптарын көрсету, халыққа таныту, насихаттау. Оған қоса, биыл Потанин музейінің 80 жылдығы, әрі биыл Республика күні мерекесі қайта жаңғырып жатыр. Сол мереке қарсаңында халыққа көрсетейік деп шақырттық», - деді Ерлан Рақымов.
Көрмеде Ақан серінің, Біржан салдың, Қамар Қасымовтың домбыраларының түпнұсқалары бар. Сонымен қатар құнды жәдігерлердің бірі – ақын, отаршылдыққа қарсы көтеріліс басшысы, Бөкей Ордасында дүниеге келген Махамбет Өтемісұлының домбырасы. Бірақ көрмеде домбыраның көшірмесі қойылғанын атап өту керек. Аспаптың шебері және жасалған уақыты белгісіз. Ол ағаш пен жібек жіптен жасалған. Ерлан Рақымов бұл домбыраның музейге жету жолы да оңай болмағанын айтып берді. Махамбеттің аспабы – 13 пернелі, жұмыр шанақты домбыра. Ол ұрпағы, музыкант Арыстан Баталовтың қолында болған.
«31 жылы Арыстан көз жұмғанда ағасы Қатеп Қызылордаға алып кеткен. 1933 жылы белгілі күйші Сейтек Оразұлы домбыраны іздеп Қызылордаға барады. Домбыраны 2 күн шертіп, аспапты өзіне сыйға сұрағанмен, ала алмайды. Қатеп қайтқан соң туысы Қажетте қалады. 1934 жылы ол көз жұмып, анасы Ресейге көшкенде өзімен бірге алып кеткен. Ресейде аспап Елеу деген қарттың үйінде сақталған. 74 жылы оның ұлы Мұстафа Исмағұловтың қолына өтеді. 85 жылы аспаптың бет тақтайына реставрация жасалып, тарихи құндылық ретінде Алматыдағы Ықылас музейіне әкеліп тапсырылған», - деді Ерлан Рақымов.