Оралда бұзылған екі үйдің орнынан жаппай жерленген адамдардың сүйегі табылды
Оралда бұзылған екі үйдің орнынан жаппай жерленген адамдардың сүйегі табылды
Орал қаласында Пугачев көшесіндегі екі ескі үйді бұзып жатқанда экскаватор жиырмаға жуық адамның бас сүйектері мен сүйектерін қазып алды деп хабарлады turkystan.kz «Уральская неделя» басылымына сілтеме жасап.
Куәгерлердің бірі оқиғаны видеоға түсірген. 53 жастағы ер адам полиция қызметкерлеріне антиквариат - монеталарды іздеу үшін құрылыс орнына келгенін айтты. Алайда ол адам сүйектерін тауып алып, ұялы телефонына түсіріп алған.
Тағы бір куәгер пайдаланылған құрылыс материалын алу үшін жүк көліктерін түсіру орнына келгенін айтып отыр. Сол жерде ол адам сүйектерін тауып алған. Полиция ер адамнан 11 бас сүйегі мен 323 сүйекті тәркіледі.
«Табылған адам қалдықтары сот сараптамасына жіберіледі. Оның нәтижесі бойынша заңды іс жүргізу шешімі қабылданады. Егер адамдардың сүйегінің сол жерде жатқанына 60 жылдан асып кеткенін білсек, іс тоқтатылады», - деп атап өтті полиция өкілдері.
Ал «Старый Уральск» мұражайының қызметкері адам қалдықтарының пайда болуының екі нұсқасы болуы мүмкін екенін айтты.
«Бұл аймақта өте ескі зират болды. Шамамен XIX ғасырдың орта тұсында. Екінші нұсқа - бұл өткен ғасырдың 20-30-жылдарындағы каннибализмнің іздері болар», - деді ол.