Жаңалықтар

Атырау облысында жүк вагондары тағы да рельстен шығып кетті

ашық дереккөзі

Атырау облысында жүк вагондары тағы да рельстен шығып кетті

Атырау облысында қиыршық тас тиелген үш жүк вагоны рельстен шығып кетті деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, оқиға 18 қазанда жергілікті уақытпен сағат 11:15-те болған. «Мақат ауданындағы Доссор стансасында «Dossor Processing Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі тоғыз вагонның үшеуі рельстен шығып кетті. Жүк вагондарын сүйреген тепловоз Мақат стансасынан Доссор стансасы бағытына жолға шыққан. Жүк пойызындағы тоғыз вагонның бәріне қиыршық тас тиелген. Бұл оқиға өзге пойыздардың кестемен қозғалуына кері әсерін тигізбеді», - делінген хабарламада. Темір жол бойындағы оқиғадан зардап шеккендер жоқ. Еске салайық, қазан айының басында Атырау облысында төрт жүк вагоны рельстен шығып кеткен болатын.