«Бізде теория, оларда практика көп» – NYFA-да білім алған аға оқытушы

«Бізде теория, оларда практика көп» – NYFA-да білім алған аға оқытушы

«Бізде теория, оларда практика көп» – NYFA-да білім алған аға оқытушы
ашық дереккөзі
Жаңа медиа журналистен әмбебап болуды талап етеді. Кейіпкеріміз әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, PhD доктор Айкерім Әлімжанова «Болашақ» Халықаралық бағдарламасы арқылы Нью-Йорк фильм академиясында білімін шыңдап келді. Шетелде журналистика саласында білім алу қандай екенін ұстаздан сұрап білдік. – Ең алдымен, оқуға дайындық қалай болды? Қандай бағдарламамен бардыңыздар? Таңдау неліктен ол бағдарламаға түсті? – Америкада білім алуды көптен ойлап жүргенмін. Пандемия кезінде бір жарым жылдай қашықтан білім бердік. Бұл кезең студенттер үшін де, оқытушы үшін де оңай болмады. Соңғы жаңа технологияларды меңгеруге ден қойдық. Бос уақытымызды жеке тұлғалық дамуға бағыттадық. Жолға, кептеліске кететін уақытты тілді жетілдіруге жұмсадық. Сонда да шетелде академиялық ортада білім жетілдірудің қажеттілігі туындады. Одан кейін медианың дамыған Отаны Америкада білім алғым келді. Таңдау Нью-Йорк фильм академиясына түсті. Өйткені ол жердегі медиажурналистика бойынша білім беру жүйесі ұнады. Өткен жылдан бастап, «Болашақ» бағдарламасы ЖОО-ның ұстаздарына, ғылыми-педагогикалық бағытта үлкен қолдау көрсете бастады. Сондықтан осы бағдарлама арқылы бағымды сынап көрдім және бір жылдық тағылымдама стипендиаты атандым. Қуанышымда шек болмады. Жалпы, Нью-Йорк фильм академиясына Қазақстаннан 8 оқытушы бардық. Олар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, журналистика факультетінен, белгілі журналист, ф.ғ.к., Жаңылхан Асылбекова, аға оқытушылар Нұрлайым Данаева, Дәурен Мұхамеджанов, Л.Гумилев атындағы Еуразия универсиетінен PhD доктор Эльмира Ибрева, аға оқытушы Анель Шалқарбек, СҚО М.Қозыбаев университетінің ф.ғ.к., доценті Айсұлу Шайкенова, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының PhD докторы Мадина Бакеева - бәріміз бірге оқыдық. Тобымызда сонымен қатар Сауд Арабиясы елінен келгендер, Грекия және Ресейлік студенттер болды. Жобалық жұмыстар біздердің идеяларымызды жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік берді. [caption id="attachment_200639" align="alignnone" width="1920"] width= Жеке мұрағатынан[/caption] – Неге NYFA? Олардың білім жүйесіндегі ерекшеліктер қандай? Сізге несімен ұнады? – Нью-Йорк фильм академиясының оқу бағдарламасы 10% теория, 90% практика болды. Голливудқа фильм түсіретіндердің көпшілігі осы оқу ордасының түлектері. Сондай-ақ Америкадағы атақты BBC, CNN, FOX, NBC арналарында қызмет етеді. Академияның оқытатын мамандықтары әлемдік сұранысқа ие. Фильм түсіру (filmmaking), сценарий жазу, (screenwriting), кинемотография (cinematography), монтаж (digital editing), документалды фильм (documentary filmmaking), проюсерлік (producing), 3D анимация және визуалды эффект (3D Animation&Visual Effects), фотография (photography), теле-радио журналистика (Broadcast Journalism), ойын дизайны (Game Design) сияқты мамандықтар оқытылады. Біз Broadcast Journalism бойынша білім алдық. Қазіргі білім беру жүйесіндегі жаңа технологияларды, жаңа әдіс-тәсілдерді үйрендік. Монтаждың қыр-сырын меңгердік. Қазір өзіміз түсірген фильмдерімізді өзіміз монтаждай аламыз. [caption id="attachment_200640" align="alignnone" width="1920"] width= Жеке мұрағатынан[/caption] – Қазақстандағы университеттердегі білім жүйесімен салыстырмалы түрде айтып өтсеңіз. Бізде қалай, оларда қалай? Ұстаздың қызметінде айырмашылық бар ма? – Бізде теория, оларда практика көп. Өйткені техникалық база мықты жабдықталған. Әр студент қалаған уақытында түсірілімге қажетті видео камераларды, жарық құралдарын ала алады. Бір үлкен зал толы жабдықтар. Тапсырма жанры бойынша локация таңдай аласың. Аудиториядан тыс түсірілім алаңдарында сабақ өтуге мүмкіндік бар.  Мысалы, телеарналардың архив базасында тарихи видеолар мәтіндеріне талдау жүргіздік. The New York Times газетінің редакциясында репортаж дайындадық. БҰҰ-ның кеңсесінде «Семей полигонының жабылғанына 30 жыл» толған кезінде ашылған көрме туралы сюжет жасадық. Нью-Йорктегі Қазақстан консулдығының қазіргі жай-күйі, елшілік қолдауымен жарық көрген аударма кітаптар туралы т.б. тақырыптарда арнайы репортаждар дайындадық. Барлығы NYFA news жаңалықтарында таратылды. Сабақтар бір-бірімен тығыз байланысты. Жобалық тапсырмаларды уақытынан кешіктірмей, талаптарға сай жүйеге жүктеп отыру керек. Сондай-ақ жобаны қабылдау уақытында барлық пән оқытушылары, кафедра меңгерушісі, факультет деканы қатысады. Барлығы өз ойын айтады, жетілдіру жолдарын ұсынады, одан бөлек қателіктермен жұмыс күні бар. Дедлайн, дисциплина, тайм-менеджметке қатты бағынады. Әр профессордың ассистенті бар. Олар ұйымдастыру, қосымша түсіндіру, әр студентке жеке көңіл бөлумен айналысады. Сабақта жасап үлгермеген жобаларды кітапхана базасындағы компьютерлік кластерде жалғастыруға болады. Кешкі сағат 22.00-ге дейін ашық. Қосымша техникалық жағынан кеңестерді ол жердегі қызметкерлерден алуға болады. Оқытушы тек сабағын ғана беріп кетеді. Кураторлық жұмыстар, мәдени іс-шаралар ұйымдастырумен студенттік бөлім айналысады. Шеберлік сағаттар сабақтан тыс уақытта өтеді. Алдын-ала тіркеуден өтесіз. Шақыру жіберіледі. Конференция, форумдар жылына бір немесе екі рет үлкен көлемде ұйымдастырылады. Көп шаралар онлайн өтеді. Академияда фильм фестивальдері көктемде ұйымдастырылады екен. Уақытты қатты бағалайтындарын бірден байқадық. Ешкімнің артық уақыты жоқ. Жылдың басында келісілген жоспармен ғана жүреді. [caption id="attachment_200641" align="alignnone" width="1920"] width= Жеке мұрағатынан[/caption] – Бір жылда немен айланыстыңыздар? Сабақтан бөлек жұмыс істеуге мүмкіндік болды ма? – Бір оқу жылында екі семестр оқыдық. Барған күні студенттік билетімізді, қажетті құжаттарымызды алдық. Барлығы тіркеу бөлімінде дайын тұр екен. Сол күні жарты жылдық оқу кестемізді берді. Барған кезде бірден Avid Media Composer сияқты бірнеше бағдарламаны қатар үйрендік. Әлемдік медиа визуалды контентке аса мән беріп отырғандықтан, сторителлинг форматында персоналды журналистика (personal journalism) пәнінен әрқайсымыз 5-6 қысқа метражды документалды фильм түсірдік. Оқу кестеміз аптаның бес күнінде және сенбі, жексенбі түсірілімде болғандықтан, қосымша жұмыс істеуге мүмкіндік болмады. Оның үстіне білім жетілдіруге келгендіктен, басқа нәрсеге алаңдамадық. Керісінше, өзімізге тиімді әлемдік шараларға қатысуға ұмтылдық. Мысалы, Нью-Йоркте өткен Амазон веб-сервистер саммитіне (AWS Summit New York) қатыстық. Қазіргі медиа кеңістікке кеңінен сіңіп келе жатқан дата деректер базасымен жұмыс істеудің тиімді әдіс-тәсілдерін үйрендік. Медианың дата деректер базасы мен технологиялық мүмкіндіктері туралы көп мәліметтер алдық. Осы саладағы зерттеуші ғалымдармен, мықты мамандармен танысып, пікір алмасып, байланыс орнаттық. Жалпы әр сәтімізді тиімді өткізуге ұмтылдық. – Америкадағы өмір туралы айтып беріңізші. Адаптация қалай болды? Қанша уақытқа созылды? – Америка – адамдардың өмір сүруіне барлық жағдай жасалған ел. Адамдардың қарым-қатынасы, бір-біріне құрметпен қарауы, танымайтын адамға дейін сыйлай беретіні алғашында таң қалдырғаны рас. Сенен бұрын кешірім, рұқсат сұрайтыны тағы бар. Күлімдеп қарсы алып, күлімдеп шығарып салатын профессорлардың жүйке жүйесі тыныш. 89 жастағы профессордың сөзі түзу, салмақты, әр ақпараты ой салады. Алғашында бәріне таңырқай қарайсың. Кейін ол ортаға сіңдік. Адаптациядан қазақтар сияқты тез өтетін халық жоқ шығар. Әлемнің кез келген бұрышында қазақтар бар. Білмеген тұстарымызда жергілікті қандастардан кеңес алып отырдық. Бір-екі айда бұрыннан Нью-Йоркте тұратындай өмір сүріп кеттік. [caption id="attachment_200642" align="alignnone" width="1920"] width= Жеке мұрағатынан[/caption] – Америкада алған білімді қазір қаншалықты қолданып жатырсыз? ҚазҰУ-да сабақ бересіз. Сабақтар қандай форматта болып жатыр? – Қазір әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, журналистика факультеті, ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасында оқытушымын және кафедра меңгерушісінің ғылыми-инновациялық және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары қызметін атқарудамын. Америкада бір жыл жасаған жобаларды қазір студенттерге дайын материал ретінде лабороториялық сабақта қолданып жүрмін. Бұйырса алдағы уақытта бір оқу құралын дайындасам деймін. Қазір студенттерім жобалық тапсырмалар жасап үйреніп жатыр. Нәтижелерін алдағы уақытта көреміз. Пандемиядан кейінгі студенттер, үш тілді жетік меңгеруге, технологияны игеруге, жылдам өмір салтына бейімделгені байқалады. Сондықтан ұстаздар қауымы жиі білімін жетілдіріп отырғаны дұрыс. Осы орайда «Болашақ» бағдарламасына зор алғыс айтқым келеді. Бір оқытушыны оқыту арқылы жыл сайын жүздеген шәкіртті біліммен сусындатып отыр. – «Болашақ» бағдарламасымен шетелге оқуға түскісі келетін жастарға қандай кеңес бересіз? Олар қалай дайындалуы керек? – Негізінен барлық кеңестер, ақпараттар «Болашақ» бағдарламасының сайтында кезең-кезең бойынша тұр. Мұқият танысуға болады. Менің тек тілегім бар: шетелде оқығысы келетін жас болсын, үлкен кісі болсын біріншіден, нақты мақсатын айқындап алғаны дұрыс. Екіншіден, баратын шетелде Қазақстаннан екенін ұмытпағаны жөн. Үшіншіден, шетелдегі бар мүмкіндікті пайдаланып, елге келгенде халықтың игілігіне пайдаланса екен деймін. [caption id="attachment_200643" align="alignnone" width="1920"] width= Жеке мұрағатынан[/caption] – Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Ақмарал БЕРЕКЕТ