«Бізде теория, оларда практика көп» – NYFA-да білім алған аға оқытушы
«Бізде теория, оларда практика көп» – NYFA-да білім алған аға оқытушы
Жаңа медиа журналистен әмбебап болуды талап етеді. Кейіпкеріміз әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, PhD доктор Айкерім Әлімжанова «Болашақ» Халықаралық бағдарламасы арқылы Нью-Йорк фильм академиясында білімін шыңдап келді. Шетелде журналистика саласында білім алу қандай екенін ұстаздан сұрап білдік.
– Ең алдымен, оқуға дайындық қалай болды? Қандай бағдарламамен бардыңыздар? Таңдау неліктен ол бағдарламаға түсті?
– Америкада білім алуды көптен ойлап жүргенмін. Пандемия кезінде бір жарым жылдай қашықтан білім бердік. Бұл кезең студенттер үшін де, оқытушы үшін де оңай болмады. Соңғы жаңа технологияларды меңгеруге ден қойдық. Бос уақытымызды жеке тұлғалық дамуға бағыттадық. Жолға, кептеліске кететін уақытты тілді жетілдіруге жұмсадық. Сонда да шетелде академиялық ортада білім жетілдірудің қажеттілігі туындады. Одан кейін медианың дамыған Отаны Америкада білім алғым келді. Таңдау Нью-Йорк фильм академиясына түсті. Өйткені ол жердегі медиажурналистика бойынша білім беру жүйесі ұнады. Өткен жылдан бастап, «Болашақ» бағдарламасы ЖОО-ның ұстаздарына, ғылыми-педагогикалық бағытта үлкен қолдау көрсете бастады. Сондықтан осы бағдарлама арқылы бағымды сынап көрдім және бір жылдық тағылымдама стипендиаты атандым. Қуанышымда шек болмады.
Жалпы, Нью-Йорк фильм академиясына Қазақстаннан 8 оқытушы бардық. Олар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, журналистика факультетінен, белгілі журналист, ф.ғ.к., Жаңылхан Асылбекова, аға оқытушылар Нұрлайым Данаева, Дәурен Мұхамеджанов, Л.Гумилев атындағы Еуразия универсиетінен PhD доктор Эльмира Ибрева, аға оқытушы Анель Шалқарбек, СҚО М.Қозыбаев университетінің ф.ғ.к., доценті Айсұлу Шайкенова, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының PhD докторы Мадина Бакеева - бәріміз бірге оқыдық. Тобымызда сонымен қатар Сауд Арабиясы елінен келгендер, Грекия және Ресейлік студенттер болды. Жобалық жұмыстар біздердің идеяларымызды жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік берді.
[caption id="attachment_200639" align="alignnone" width="1920"] Жеке мұрағатынан[/caption]
– Қазақстандағы университеттердегі білім жүйесімен салыстырмалы түрде айтып өтсеңіз. Бізде қалай, оларда қалай? Ұстаздың қызметінде айырмашылық бар ма?
– Бізде теория, оларда практика көп. Өйткені техникалық база мықты жабдықталған. Әр студент қалаған уақытында түсірілімге қажетті видео камераларды, жарық құралдарын ала алады. Бір үлкен зал толы жабдықтар. Тапсырма жанры бойынша локация таңдай аласың. Аудиториядан тыс түсірілім алаңдарында сабақ өтуге мүмкіндік бар. Мысалы, телеарналардың архив базасында тарихи видеолар мәтіндеріне талдау жүргіздік. The New York Times газетінің редакциясында репортаж дайындадық. БҰҰ-ның кеңсесінде «Семей полигонының жабылғанына 30 жыл» толған кезінде ашылған көрме туралы сюжет жасадық. Нью-Йорктегі Қазақстан консулдығының қазіргі жай-күйі, елшілік қолдауымен жарық көрген аударма кітаптар туралы т.б. тақырыптарда арнайы репортаждар дайындадық. Барлығы NYFA news жаңалықтарында таратылды.
Сабақтар бір-бірімен тығыз байланысты. Жобалық тапсырмаларды уақытынан кешіктірмей, талаптарға сай жүйеге жүктеп отыру керек. Сондай-ақ жобаны қабылдау уақытында барлық пән оқытушылары, кафедра меңгерушісі, факультет деканы қатысады. Барлығы өз ойын айтады, жетілдіру жолдарын ұсынады, одан бөлек қателіктермен жұмыс күні бар. Дедлайн, дисциплина, тайм-менеджметке қатты бағынады. Әр профессордың ассистенті бар. Олар ұйымдастыру, қосымша түсіндіру, әр студентке жеке көңіл бөлумен айналысады. Сабақта жасап үлгермеген жобаларды кітапхана базасындағы компьютерлік кластерде жалғастыруға болады. Кешкі сағат 22.00-ге дейін ашық. Қосымша техникалық жағынан кеңестерді ол жердегі қызметкерлерден алуға болады. Оқытушы тек сабағын ғана беріп кетеді. Кураторлық жұмыстар, мәдени іс-шаралар ұйымдастырумен студенттік бөлім айналысады. Шеберлік сағаттар сабақтан тыс уақытта өтеді. Алдын-ала тіркеуден өтесіз. Шақыру жіберіледі. Конференция, форумдар жылына бір немесе екі рет үлкен көлемде ұйымдастырылады. Көп шаралар онлайн өтеді. Академияда фильм фестивальдері көктемде ұйымдастырылады екен. Уақытты қатты бағалайтындарын бірден байқадық. Ешкімнің артық уақыты жоқ. Жылдың басында келісілген жоспармен ғана жүреді.
[caption id="attachment_200641" align="alignnone" width="1920"] Жеке мұрағатынан[/caption]
– Америкада алған білімді қазір қаншалықты қолданып жатырсыз? ҚазҰУ-да сабақ бересіз. Сабақтар қандай форматта болып жатыр?
– Қазір әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, журналистика факультеті, ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасында оқытушымын және кафедра меңгерушісінің ғылыми-инновациялық және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары қызметін атқарудамын. Америкада бір жыл жасаған жобаларды қазір студенттерге дайын материал ретінде лабороториялық сабақта қолданып жүрмін. Бұйырса алдағы уақытта бір оқу құралын дайындасам деймін. Қазір студенттерім жобалық тапсырмалар жасап үйреніп жатыр. Нәтижелерін алдағы уақытта көреміз. Пандемиядан кейінгі студенттер, үш тілді жетік меңгеруге, технологияны игеруге, жылдам өмір салтына бейімделгені байқалады. Сондықтан ұстаздар қауымы жиі білімін жетілдіріп отырғаны дұрыс. Осы орайда «Болашақ» бағдарламасына зор алғыс айтқым келеді. Бір оқытушыны оқыту арқылы жыл сайын жүздеген шәкіртті біліммен сусындатып отыр.
– «Болашақ» бағдарламасымен шетелге оқуға түскісі келетін жастарға қандай кеңес бересіз? Олар қалай дайындалуы керек?
– Негізінен барлық кеңестер, ақпараттар «Болашақ» бағдарламасының сайтында кезең-кезең бойынша тұр. Мұқият танысуға болады. Менің тек тілегім бар: шетелде оқығысы келетін жас болсын, үлкен кісі болсын біріншіден, нақты мақсатын айқындап алғаны дұрыс. Екіншіден, баратын шетелде Қазақстаннан екенін ұмытпағаны жөн. Үшіншіден, шетелдегі бар мүмкіндікті пайдаланып, елге келгенде халықтың игілігіне пайдаланса екен деймін.
[caption id="attachment_200643" align="alignnone" width="1920"]