Жаңалықтар

Астанада «Жастар Рухы» волонтерлеріне арналған фотокөрме өтіп жатыр

ашық дереккөзі

Астанада «Жастар Рухы» волонтерлеріне арналған фотокөрме өтіп жатыр

Астанада «Керуен» сауда орталығында «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастырған «Біздің волонтерлер» фотокөрмесі өтіп жатыр. Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев «Жастар Рухының» волонтерлері әрқашан алдыңғы қатардан табылатынын атап өтті. Ал осы фотокөрменің басты мақсаты – тұрғындар арасында волонтерлердің қызметін насихаттау. «Төтенше жағдай кезінде волонтерлер зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін тәулік бойы жұмыс істеді. Жақында Қостанай облысында жүздеген отбасы өрттен зардап шеккен кезде еріктілеріміз еліміздің барлық өңірінде гуманитарлық көмек жинады. Әулиекөл ауданында 300-ден астам волонтер жұмыс істеді. Олар азық-түлік пен бірінші кезекте қажетті заттарды таратуға, қалпына келтіру жұмыстарына, үйінділерді сұрыптауға, аумақты тазалауға жұмылдырылды. Волонтерлеріміз ардагерлер мен қарияларға жүйелі түрде көмектеседі. Аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға, ерекше қажеттілігі бар балдырғандарға арналған мерекелік іс-шаралар ұйымдастырады. Ең бастысы – мұның бәрі тегін атқарылады. Себебі, бұл – волонтерлердің жүрек таңдауы», – деді Нұржан Жетпісбаев. Көрме қонағы, студент Наргиз Әлібекованың айтуынша, жастардың мұндай қызметі қашан да құрметке лайық. «Бұған дейін волонтерлер туралы жазбаларды әлеуметтік желілерден оқып жүрдім. Ал бұл көрмеге деген таңданысым тіптен ерекше. Себебі еріктілердің еңбегін жаңа қырынан көрдім. Тіпті, болашақта волонтерлер қатарына қосылсам ба деген ой келді», – деді ол.