Жаңалықтар

«Шынтағымен соқты»: қызын жұрттың көзінше ұрып-соққан әйелдің күйеуі пікір білдірді

ашық дереккөзі

«Шынтағымен соқты»: қызын жұрттың көзінше ұрып-соққан әйелдің күйеуі пікір білдірді

Желіде анасының қызын жұлқылап, басын көлікке ұрған видеосы тараған еді. Кейін зардап шеккен қыздың гимнаст Аяла Маматаева, ал қол көтерген анасы Алмагүл Маматаева екені белгілі болды. Қыздың әкесі – Бас прокуратураның қызметкері Қадыржан Маматаев. Прокурор видеоға қатысты пікір білдіріп, болған оқиға туралы айтып берді деп хабарлады turkystan.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап. Қадыржан Маматаев бұл іспен Алматы аудандық полиция бөлімі айналысып жатқанын мәлімдеді. Әрі әйелінің әрекетін «ұру емес» деп бағалаған. «Өздеріңіз де көрдіңіздер ғой, ол шынтағымен соғылған. Кеше видеоны әкімдіктегі комиссия қарады, комиссияда 12 адам бар, әрқайсысы 3-4 рет көріп шықты. Ол шынтағымен соғылған. Оқиға орнында полиция қызметкерлері болды, видеоға түсірді, көгерген немесе өзге де жарақаттар жоқ. Қызым жарысқа қатысуы керек еді, бірақ шеттетіп тастады. Ол – көркем гимнастикадан абсолютті чемпион, барлығы қызымнан сондай нәтиже күтті. Ал сіздер біз оны күнде ұратындай етіп көрсеттіңіздер. Иә, бұл -  спорт, талап қатал. Оның үстіне көркем гимнастика, өзіңіз жақсы түсінесіз», – деді ол. Маматаевтың сөзінше, жаттықтырушы әйеліне қоңырау шалып, жаттығуға кедергі келтіргендіктен, алып кетуін сұраған. «Жұма күнге дайындалып жатқан, қалада жарыс өтіп жатты. Ал әйелім алып кетуге барды. Жұбайым ашуланған жоқ. Оның үстіне жаттықтырушы ертеңінде демалсын деген. Қызым енді спортпен шұғылданғысы келмейді. Жетістіктері көп еді...», – деп қосты ол. Алайда Бас прокуратураның қызметкері «Әйеліңіздің бұл ісін құптайсыз ба?» деген сұраққа жауап беруден жалтарды.