Түркістанда Бекзат Саттархановты еске алуға арналған халықаралық турнир басталды
Түркістанда Бекзат Саттархановты еске алуға арналған халықаралық турнир басталды
Осымен жиырмасыншы рет ұйымдастырылып тұрған жарысқа Қытай, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Йемен және еліміздің барлық өңірінен 160-қа жуық спортшы жиналды деп хабарлады turkystan.kz inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Боксшылар 13 салмақ дәрежесінде өзара мықтыны анықтайды. Халықаралық турнирдің ашылу салтанатына Ермахан Ыбырайымов, Мұхтархан Ділдәбеков, Серік Сәпиев сияқты олимпиада және әлем чемпиондары, Бекзаттың анасы қонақ ретінде қатысып, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Осы турнирден түлеген спортшылар арасынан Бекзаттай дара ұлдар шығады деген үміттерін жеткізді. Ал жарыс жеңімпазына «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атақ беріледі. Сондай-ақ жүлдегерлердің ұлттық құрама сапына кіру мүмкіндігі бар. Халықаралық жарыс 16 қазанда аяқталады.
«Көптеген мемлекеттің бокшылары осы турнирге тұрақты қатысып жатыр. Бұл шара Қазақстандағы ең мықты турнирлердің бірі, бірегейі де айтуға болады. Неге десеңіз, 20 жыл бойы осындай жоғары деңгейде өткізіліп келеді. Сондықтан Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған турнир жыл өткен сайын бұдан да жоғары деңгейде ұйымдастырылуы керек деп санаймын», - дейді Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов.