Несиеден тез құтылудың 5 жолы
Несиеден тез құтылудың 5 жолы
Қазіргі уақытта елімізде несие алмаған адам жоқтың қасы. Несиені уақытынан бұрын жауып, қарыздан құтылудың қандай амалдары бар? Turkistan.kz назарларыңызға қаржылық сарапшылар ұсынған кеңестерді ұсынады.
Шығынды есептеу. Ең алдымен, кіріс пен шығындарды жазып отыратын есеп кітапшасын арнау маңызды. Бұл қандай нәрседен үнем жасауға болатынын, үнемделген ақшаны несиені жабуға жұмсау керектігін түсіндіреді. Бастысы – төлем кестесін жасап, кестеден кешікпей несиені төлеуге талпыну керек.
Несие бойынша төлемді 10 пайызға арттыру. Қазір бір адамның басында бірнеше несиенің болуы таңсық емес. Мысалы, ипотека, автокөлік сатып алу, пәтерді жөндеу жұмыстарына алынған несие болса, барлық несиенің 10 пайызын жабудан ешнәрсе ұтпайсыз. Мұндайда кішіден үлкенге қарай ұмтылсаңыз, жағдай біраз жеңілдейді. Алдымен төлемі аз несиенің ай сайынғы сомасын арттырып, оны бірнеше айға жаба тұрыңыз. Содан кейін, мысалы, автокөлік үшін алынған несиеге кететін қаражатты екінші бір несиені жабуға жұмсайсыз және оның үстіне 10 пайызды қосамыз. Осылайша, қарызды екі-үш есе жылдам жабуға болады.
Бір басында бірнеше несиесі бар адамдар пайыздық мөлшерлемесі ең жоғары қарызды жауып тастауды қолға алғаны жөн. Мұндай несиені жауып тастау артық төлем құнын төмендетеді, ал үнемделген ақшаны екінші бір қарызды жабуға жұмсауға болады. Бастысы, екіжақты төлем жасаймын деп, несие мерзімін өткізіп алмау керек.
Банктер қуана-қуана ұсынатын тағы бір қызмет түрі – несиені қайта қаржыландыру. Алғашқы несиені жабу үшін жаңасын рәсімдеуде пайыздық мөлшерлемесінің төмен болуына жіті назар аудару керек. Бірақ кішігірім несиені өтеу үшін ірі көлемде қарыз алудың қажеті жоқ.
Төлем аяқталғаннан кейін, банктен ешқандай қарызыңыз жоқтығын растайтын анықтама алу қажет. Кейде банктерге тиын қарыз болып қалсаңыз, оның үстіне пайызы, банктің комиссиясы қосылып, сізді қарызға батырып қоюы мүмкін.
Дереккөз: Сыр бойы