Көрші елдің көші: салмағы мен салдары

Көрші елдің көші: салмағы мен салдары

Көрші елдің көші: салмағы мен салдары
ашық дереккөзі

Ресей билігі ішінара мобилизация жариялағалы бері көрші ел азаматтарының бір бөлігі шекара асып жатыр. Көштің бір бағыты бізге де бұрылды, сәйкесінше әсерін де сезіп үлгердік. Содан бері бұл мәселе қоғамда қызу талқыланып, түрлі пікір, болжам тудырды. Осыған байланысты тақырып төңіре­гін­дегі өзекті сұрақтарға жауап із­деп, миг­ранттар көшін саяси, эконо­ми­ка­лық, де­мог­рафиялық аспектілерден, заң тұр­ғысынан қа­рас­тырып, мамандармен тал­қылап көрдік. Келушілердің әсері қандай болуы мүм­кін? Экономикалық салдары қандай бола­ды? Ішкі нарықтағы абыр-сабыр жалғаса ма? Ре­сей билігі «қашқандарға» тосқауыл қоюға не­ге құлықсыз болып отыр? Біз тос­қауыл бол­сақ ше? Келгендер көп пе, кеткендер қанша? Кел­гендердің бәріне аза­маттық беріле ме? Ма­қа­лада осы және өзге де сұрақтар қамтылады.

300 мың адам әскерге шақырылады

21 қыркүйекте Ресей билігі ішінара мобилизация жариялады. Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу жалпы саны 300 мың адам шақырылатынын мәлімдеді. Бұл шешім көрші ел халқының наразылығын тудырды. Ресми мәлімдемелерге сәйкес, бірінші кезекте жауынгерлік тәжірибесі бар за­пастағы әскери қызметшілер шақырылады. Яғни, қазір Ресей әскеріне ең алдымен кәсіби және дайындалған әскери адамдар қажет бо­лып отыр. Бұған дейін Ресей үкіметі мобилизация жарияланбайтынын айтып келген бо­латын. Дегенмен оқиға басқаша өрбіп отыр. Мұндай шешім шығаруға не түрткі бол­ды? Мобилизация жарияланғаннан кейін басталған «қашқындар» көшіне Ресей билігі не­ліктен тосқауыл қойып, шекараны жауап, шара қабылдамай отыр? Саясаттанушы Жұмабек Сарабековтің пікірінше, эмигранттар көші Ресей би­лігінің мақсатына еш әсер етпейді.

 width=Жұмабек САРАБЕКОВ, саясаттанушы, ӘЭСИ сарапшысы:

Қашып жүрген азаматтар Ресей билігі үшін қауіп емес

– Ресей Федерациясындағы мобили­за­ция­ның ішкі себептері туралы айтсақ, ең алды­мен бұл әскери қажеттіліктен пайда бол­ған шешім. Күні кешеге дейін Ресей билігі мо­билизация болмайды деп қайталап келді, се­бебі Кремль мұндай қадам азаматтардың ашу-ызасын тудыратынын жақсы түсінді. Бірақ қыркүйектің аяғына қарай Ресей армиясы Донбаста соққы алып, Харь­ков облысында, кейіннен Донецк төңірегінде жеңіліске ұшырады. Одан бөлек, Херсон, Запорожье бағыттары бойынша да украин әскері Ресейдің басып алған территория­лары­на қауіп төндіре бастаған болатын. Және ең бастысы – жарты жылдан асып бара жатқан соғыс қимыл­дары­ның нәтижесінде Ресей армиясының жеке құрамы да біраз азайып, адам шығынын толтыру қажеттілігі туындаған. Осының бә­рін ескере отырып, Кремль 21 қыркүйекте мо­би­лизация туралы шешім шығарды. Енді осы уақыт ішінде Ресейден 700 мың­ға жуық адам кетіп қалған, кей сарап­шылар бұл көрсеткіштің тіпті мил­лионнан асып түсетінін айтып жатыр. Мо­билизациядан қашып жүрген ресейліктердің басым бөлігі Грузия, Еуропалық одақ және Қ­азақстан сияқты елдерді паналауға тыры­сып жатыр. Статистикаға сүйенсек, Қазақстан ре­сейлік «қашқындардың» ең жиі таң­дайтын елдерінің бірі болып отыр. Мұндай миграциялық толқынның қабылдаушы елдер үшін әртүрлі саяси және экономикалық әсері болатыны тү­сінікті. Қазақстан жағдайында өзіміз бай­қап отырғандай, ресейліктер қоныстай бас­таған үлкен қалаларда пәтер бағасы күрт өсіп кетті. Одан бөлек, жергілікті автомобиль нарығымызда да ресейліктерге көлік сатумен бай­ланысты спекулятивтік жайттарды бай­қап отырмыз. Нәтижесінде, ішкі нарықтағы баға өсімі байқалып отыр. Онсыз да инфля­ция өршіп тұрған экономикамыз үшін бұл – әрине үлкен негатив. Бірақ бұл тек қысқа мерзімде көрінетін эффектілер. Меніңше, алдағы уақытта Қазақстандағы ресейлік азаматтардың ары қарайғы қозғалысын жіті бақылап, соған бай­ланысты болжамдар мен қорытындылар жа­сауға болады. Себебі келушілердің бір бө­лігі Қазақстанды транзиттік пункт ретінде қа­растырып, еліміз арқылы үшінші мем­лекет­терге қоныс аударуды көздеп отыр. Белгілі бір бөлігі Ресейге қайтатыны түсінікті. Ресей билігі үшін мобилизациядан қа­шып жүрген азаматтар саны қандай да бір қауіп төндіріп отырған жоқ. Яғни, әзір­ге кетіп қалғандардың кесірінен мо­би­лизация жүзеге аспай қалады деген сөз жоқ. Одан бөлек, мобилизация үшін елінен кет­кен ресейліктердің біраз бөлігі соғысқа қар­сы адамдар, яғни Кремль үшін бұл қоғам­дағы белсенді наразылардың саны азаяды дегенді білдіреді. Мүмкін, осы үшін Ресей би­лігі «қашқындарға» аса қатты тосқауыл қойып отырған жоқ деуге болады.

Көші-қон сальдосы – 53 мың адам

Ресей ішінара мобилизация жария­лан­ғаннан кейін елден кеткендер саны күрт өсті. Олардың басым көбі біздің елдің, Грузия, Армения, Финляндияның шекарасын асқан. Frontex Еуропа шекара және жағалау күзеті агенттігінің 27 қыркүйектегі соң­ғы есебіне сүйенсек, 19-25 қыркүйек аралығында Еуропалық одаққа 66 мың ре­сейлік кірген. Агенттіктің мәліметінше, бұл оның алдындағы аптаға қарағанда 30 пайы­з­ға артық. Грузияның ішкі істер министрі Гоме­лаури Ресейде мобилизация жарияла­ған­нан кейін Грузияға күн сайын 10 мыңға жуық Ресей азаматы келіп жатқанын мәлім­де­ген еді. Министрдің сөзіне сүйенсек, одан бұрын Грузияға келетін ресейліктер саны бұдан екі есе аз болған. Ресей билігі елден кеткен адамдардың саны туралы ресми деректерді жариялаған жоқ. Қазір бұқаралық ақпарат құралдары ста­тистиканы басқа елдердің деректері негі­зінде жариялап жатыр. 4 қазанда Forbes Ресей басылымы ішінара мо­билизация жарияланғаннан кейін елден 700 мыңға жуық адам кеткені туралы мә­лі­меттерді Кремльдегі дереккөздерге сілтеме жа­сай отырып жариялады. Бірақ олардың қан­шасы турист, қаншасы басқа мақсатта ел­ден шыққанын есептеу әлі мүмкін емес еке­ні ескертілген. Ал 6 қазанда Ресей пре­зи­дентінің баспасөз хатшысы Д. Песков бұл ақ­паратты жоққа шығарды. Кейіннен Ре­сей­дің "Коммерсант" басылымы эмиграцияның екін­ші толқыны екі апта ішінде бәсеңдеді деп жазды. 23 қыркүйекте бізге келіп жатқан Ресей аза­маттарының күрт көбеюіне байланысты Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі ресми мәлімдеме жасап, мигранттардың келуін бақылап отырғанын хабарлады. – Шетелдіктердің Қазақстанда болу тәр­тібі заңмен реттеледі. Бірде-бір шетел аза­ма­ты көші-қон заңнамасының талаптарын орын­дамай, мемлекетіміздің аумағында жүруі­не жол жоқ, – деп жазылған ресми мә­лім­демеде. 4 қазанда Ішкі істер министрі Ресейде іші­нара мобилизация жарияланғаннан бері біз­­дің шекарадан 200 мыңнан астам ресейлік өт­кенін айтты. Министрдің сөзіне сүйенсек, осы уақыт аралығында 147 мың адам кеткен, яғни келгендер кетіп жатыр. Көші-қон саль­досы әзірге – 53 мың адам. Ресейде мобили­за­ция басталмай тұрып көші-қонның жалпы са­льдосы 20 мың адам болған еді. Жалпы, демографиялық тұрғыдан алып қарағанда, еліміздегі халық саны тек табиғи өсімнің әсерінен ғана өсіп отыр. Ал көші-қон сальдосы бізде бірнеше жыл қатарынан теріс көрсеткішке шығып ке­леді. Яғни, елімізге көшіп келгендерден кет­кендер аз. Мигранттың жаппай келуі бізде бірінші рет болып отыр. Қоғам бұл жаңа­­лықты сәл тосаңсып қабылдағандай, соның ішінде елдің демографиялық ахуа­лына алаңдау байқалғандай болды. Бірақ соңғы мәліметтерге сүйенсек, келгендердің қайта кетіп жатқаны байқалады. Осыған бай­ланысты Ресейдегі мобилизация біздің елдің демографиясына қаншалықты әсер ете­ді деген сұрақты демог­раф маманнан сұрап білдік.  width=Аяулым САҒЫНБАЕВА, демограф: Мигранттардың демографияға әсері олардың елде қалу-қалмауына байланысты айқындалады – Халық саны шын мәнінде де табиғи өсім арқылы ғана көбейіп отыр. Себебі жыл­ма-жыл біздің көші-қон сальдомыздағы айыр­машылық көбейіп жатыр. Бұл эмиграцияның ұлғайып, иммиграцияның азаюымен сипатталып отыр. Ресейден келген мигранттардың халық са­нына қаншалықты әсер етуі мүмкін деген сұрақтың жауабы келіп жатқан адам­дар тұрғылықты біздің елде қала ма, қалмай ма, соған байланысты айқындалады. Уақыт­ша, яғни 90 күнге келген азаматтар халық са­нының есебіне тіркелмейді. Тек осында тұр­ғылықты тұруға өтініш беріп, белгіленген құжат жинап, тұрғылықты мекенжай алған­нан кейін ғана халық санына қосылады. Қан­шалықты қосылатынын білу үшін әлі уақыт керек, себебі заңға сәйкес олар 90 күн тір­кеусіз жүре алады. Яғни, елге келгенін ха­барлайды, бірақ тұрғылықты мекенжайға тір­келмей жүруге құқығы бар. Сондықтан қазір, яғни 90 күн өтпей жа­тып олардың Қазақстан халқының ди­намикасына, демографиясына қанша­лық­ты әсер етеді деген сұрақтарға нақты жауап беру мүмкін болмайды.

Көштің экономикаға әсері қандай?

Ресей азаматтары шекарадан өте бас­та­ғаннан-ақ біздің елде де абыр-са­быр байқалды. Жалпы, мигранттарды халық түр­ліше қабылдады. Бірі көмек көрсетуге асықса, бірі шекараны жауып, келгендерді кір­гізбеу керек деген пікірлер болды. Себебі әр сала бойынша ішкі нарықтағы бағалар құ­былды. Мигранттардың келуінің экономи­ка­лық салдары болатыны түсінікті, де­ген­мен спекулятивтік жағдайлар көбейген соң халықтың бір бөлігінің наразылығын ту­дырды. Экономист сарапшы Мақсат Серәлі миг­ранттардың келуін экономика­лық жағынан талдап берді.

 width=Мақсат СЕРӘЛІ, экономист:

Мигранттар­дың басым бөлігі бізге транзит ретінде қарап отыр

– Шекарадан адам­дардың кіріп-шығуына тосқауыл қойыл­са да, ол тауар айналымына еш әсер ет­пейді. Қазір біздің, көршілес елдердің тауар­лары біз арқылы өтіп, Ресейге жетіп жа­тыр. Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-саттық деңгейі рекордтық көрсеткіш көрсетіп отырғаны да жасырын емес. Бұрын тек біз Ресейден тауар та­сымалдап келген болсақ, енді біз де Ресейге тауар кіргізіп жатырмыз. Тек бір нәрсені ес­керу керек, олар – отандық тауарлар емес, бас­қа мемлекеттерден келген, басқа елдер өн­дірген тауарлар. Бұл жерде біз тек тран­зиттік-экспорттық жүйені атқарып тұрмыз. Жал­пы алғанда, транзиттік мемлекет ретін­де ұтып тұрмыз: өткен тауарлар, кеден, са­лық түсімдері белгілі бір деңгейде кіріс са­на­лады. Мигранттарға тоқталар болсақ, олар Ресейдегі саяси-экономикалық жағ­дайға байланысты келіп жатыр. Ішкі істер министрлігінің ресми мәліметіне сүйенетін болсақ, олардың басым бөлігі біздің елді тран­зит ретінде қолданып отырғандар, яғни бізден басқа елге кетіп жатқандар. Ресейде қазір әуебилеттері өте қымбат. Бізге келіп, бізден билет алып, үшінші мемлекетке аттанып жатыр. Одан бөлек, бізде Ресеймен көрші бірнеше облыс бар. Мәселен, Са­мара­дан Астанаға немесе Оралға ұшақ арқылы емес, құрлық жолдары арқылы келіп, одан соң бізден басқа елге әуебилетін сатып алу әл­деқайда тиімді. Тағы бір айта кететін мәселе, көп жағ­дайда Ресейден келіп жатқан азамат­тар бұрын осында тұрған немесе осында туыс­тары бар азаматтар. Екінші кезекте орта немесе орта таптан төмен тапқа жататын аза­маттар келіп жатыр. Орта таптан жоғ­а­ры­лар басқа елдерге орналасып алды. Олар­дың келуінің бірден-бір артықшылығы – олар тауар, қызмет түрлерін тұтынады, ақша кіргізеді. Бұл, әрине экономикаға оңтайлы серпін береді. Бірақ таяқтың екі ұшы бар, қа­зір өздеріңіз байқап отырғандай, жалға алат­ын пәтер, үйдің қымбаттауы байқалды. Қара­пайым экономиканың заңдылығы – сұра­ныс көбейді. Сұраныс көбейген сайын баға да өседі. Сонымен қатар қазір көрші ел аза­мат­тары бізге рубльмен немесе доллар­мен келіп жатыр, оның барлығын теңгеге ауыс­­тыратындықтан, валютамыздың ны­ғаюына аз да болса септігін тигізеді. Бірақ тең­­генің рубльге қатысты бағамын бұрынғы­дай нығайтуға қауқарсыз, ондай үлкен ақша массасы, ондай үлкен сұраныс жоқ. Яғни, бұл – уақытша құбылыс. Бұл тенденция қай уақытқа дейін жалғасатыны әлі түсініксіз, дегенмен қазір Ресейден кеткісі келетін орта таптан жо­ғары азаматтар кетіп, басқа жаққа орна­ласып алды, ал орта тап өте көп, яғни мигра­ция көші әлі де жалғасатын сияқты.

Пәтерақы нарығы: отқа тамызық

Оқу жылының басында пәтерді жалға алу нарығында басталатын абыр-сабыр­ды мигранттардың көші тіптен үдете түсті. Статистика бюросының ресми мәлі­метіне сүйенсек, бір жыл ішінде елі­міз­де пәтерді жалға алу бағасы 47 пайызға өс­кен. Соның ішінде соңғы екі айдағы өсім 30 пайыз екен. Қыркүйек айында тұрғын үйдің бір шар­шы метріне шаққандағы жалдау ақысының орташа бағасы 4 612 теңге болды. Ал тамызда баға 4 029 теңге болатын. Алматыда жалдау ақ­ы­сы орташа көрcеткіштен әлдеқайда жо­ғары: бір шаршы метрге – 5 611 теңге. Мигранттар көші тек қыркүйектің аяғында бас­талғанын ескерсек, бұл сандар тұрғын үй жал­дау құнының еселеп өсуі одан бұрын бас­талғанын негіздейді. Яғни, бәрі сұраныс пен баға бір-біріне тура пропорционал болатын нарық заңына сай болды. Жағымсыз, бірақ қалыпты жағдай. Одан бөлек, мигранттар көші тұрғын үй жалдау нарығының көлеңкелі секторы өзекті мәселе екенін байқатқандай бол­ды. Әлеуметтік желіде тараған даулы мә­се­лелер, үйді алдын ала ескертпей босатуды та­лап ету, аяқастынан бағаны қымбаттату – барлығы үйді заңсыз жалға беріп отырғандар тарапынан болып отыр. Өкінішке қарай, бізде жалға беру, жалға алу мәдениеті әлі то­лық қалыптаспады. Жалға беруші де, жал­ға алушы да құқығын білмейді. Құқық тура­лы айту да абсурд, себебі нотариус куә­лан­дырған шарттар, міндетті құжаттар жоқ, заң жүзінде бекітілмеген, сәйкесінше салық төленбейді, бұл жалға беруші үшін де, жалға алу­шы үшін де үлкен қауіп тудырады. Деген­мен саладағы сарапшылардың көбі бұл на­рықты қолдан реттеу жағдайды оңалтпайты­нын, тіпті мәселені одан әрі ушықтыра тү­се­тінін айтады. Тұрғын үйді жалға алу нарығындағы өзгерістерге мигранттардың әсері, көлеңкелі сектор туралы сарапшы Дәулет Мұқаевтың пікірін білдік.  width=Дәулет МҰҚАЕВ, экономист, тұрғын үй нарығының сарапшысы: Жыл аяғына қарай баға түсуі ықтимал – Ресейдегі мобилизацияның ықпалынан көрші ел азаматтары түрлі елге көшіп кетіп жатыр. Ең алғашқы жаппай қоныс аудару ағыны бұдан бұрын, наурыз айында, соғыс жарияланған кезде болған еді. Дегенмен ол кезде ресейліктердің басым бөлігі Түркияға, Еуропа елдеріне, Дубайға кетіп үлгерді, бізге кел­гендер саны аз болды. Сол кезде Түр­кия­ның нарығында да тұрғын үй бағасы, пәтерді жалға беру бағасы бірден өсті. Міне, арада 6 ай өтіп, мобилизация жарияланғаннан кейін ре­сейліктер ең жақын аймақтарға немесе осы аймақтар арқылы кетіп жатыр. Үйдің бағасының қымбаттауы уа­қыт­ша құбылыс деп ойлаймын. Жылдың ая­ғында немесе жаңа жылдың басында жал­дамалы пәтер бағасы сәл де болсын арзан­дауы мүмкін. Шамамен 20, мүмкін 25 пайыз­ға түсуі ықтимал. Себебі елге келіп жатқан ре­сейліктер елімізде тек 90 күн болуы керек. Бас­қа елге шығып, қайта кіретіндер де бо­лады. Бірақ, жалпы қатты әсер етпейді. Иә, тұрғын үй нарығында, соның ішін­де пәтерді жалға беруде көлең­ке­лі бизнестің үлесі көп болып тұр. Бірақ ол мем­лекет бюджетіне қатты бір түсім әкеледі деуге келмейді. Себебі жалға беретін адам БЖТ (бірыңғай жиынтық төлем) төлеп-ақ кә­сі­бін жүргізе береді. БЖТ – 3 063 теңге, бір АЕК, оның тек 10 пайызы ғана әлеуметтік ау­дарымға кетеді. Екіншіден, ол адам жеке кәсіп­кер болса да, жеке кәсіпкерлер қазір біз­де жыл соңына дейін салықтан босатыл­ған. Жалға алушының құқығы бойынша, ол мін­детті түрде үй иесімен ке­лі­сім­шартқа отырғаны дұрыс. Бір жылда үйдің бағасын инфляция деңгейіне байланысты 10 немесе 15 пайызға ғана өсіре алады деген талап­тар қарастырылуы керек. Әрі кетсе 20 пайыз деуге болар, дегенмен дамыған, даму­шы елдерде 15 пайыздан асырылмайды. Пә­тер иесі қыста жалға алушыларды шығара ал­майды, «мүлкін сататын күннің өзінде 1 ай бұрын ескертуге тиіс» деген сияқты мә­селелер де заң аясында қарастырылуы керек. Осындай дүниелерді ескермегендіктен, көп жағдайда құқығымыз да тапталып жатады. Үкімет тұрғын үй нарығындағы кө­лең­келі бизнесті реттеп, күресеміз, ба­қылауға аламыз десе, үйдің иесі көп қи­нал­майды, заң аясында төлеуі керек төлем­дерді үйдің бағасына қоса салады. Сәйкесін­ше, бұл бағаның өсуіне әкеледі.

Заң не дейді?

5 қазанда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин 70 мың ресейлік ЖСН (жеке сәйкес­тен­діру нөмірі – республика аумағындағы әр­бір жеке тұлғаға берілетін бірегей 12 таң­ба­лы код) алғанын мәлімдеді. Бұл ресейліктердің біздің елге тү­бе­гей­лі кө­шіп келгенін білдірмейді. ЖСН ше­тел аза­матына банкте шот ашу үшін қа­жет. Оны кез кел­ген ХҚКО-дан бір күнде алу­ға болады. Ол үшін тек төлқұжат жеткі­лік­ті. Әуелде бірнеше рет айтып өткеніміз­дей, заңға сәйкес ЕАЭО азаматтары Қа­зақстанда 90 күн ғана бола алады. Кел­ген­нен кейін үш күн ішінде қабылдаушы тарап (қо­нақүй, үй иесі және басқалар) келген бас­қа ел азаматы туралы көші-қон поли­ция­сына хабарлауы керек. Келуші төлқұжат де­ректері, жоспарланған тұрғылықты ме­кен­жайы және келу мақсаты туралы ақпарат беруге тиіс. Осыдан кейін шетел азаматына 30 күн ішінде Көші-қон полициясы басқар­ма­сына тіркелу қажет болады. Онсыз Ресей аза­маттары Қазақстанда 30 күн ғана қала ала­ды. Ал 90 күннен артық қалғысы келген­дер онда уақытша тұруға рұқсат немесе ық­тиярхатқа құжат тапсыруы қажет. Ал аза­маттықты тек 3 жылдан кейін ала алады. Жауапты органдар заң бұзғандар ба­қылауға алынатынын мәлімде­ген болатын. 28 қыркүйекте Ішкі істер ми­нистр­лігі бақылау кезінде көші-қон заң­намасын бұзған 45 700 адам әкімшілік жауап­кершілікке тартылып, оның 4 200-і мәжбүрлі түрде Қазақстаннан шығарылға­нын хабарлады. Мәжбүрлеп шығарылғандар 5 жыл ішінде елімізге қайта кіре алмайды екен. Оның ішінде көші-қон заңнамасын бұзған 3 200 ресейлік жауапқа тар­тыл­ған. Бұл – елге келген Ресей азаматтары­ның тек 0,2 пайызы. Қорытындылай келе, мигранттардың көшінен туындаған абыр-сабыр бәсеңдеп келеді деп айтуға болады. Сарапшылар да мұны уақытша үрдіс деп отыр. Яғни, келушілер біз арқылы басқа елдерге өтіп жатыр. Қалатындар да болуы мүмкін, бірақ олардың үлесі өте аз болмақ. Ішкі нарықтағы құбылулар Ресей азаматтары келгенге дейін де болған, мигранттар легі оған тек тағы бір толқын қосқандай. Дегенмен Ресей азаматтарының келе бастағанына бір ай да болған жоқ, кесіп-пішіп айтуға әлі ерте, көштің нақты қандай әсері болатынын уақыт көрсетеді.