Көрші елдің көші: салмағы мен салдары
Көрші елдің көші: салмағы мен салдары
Ресей билігі ішінара мобилизация жариялағалы бері көрші ел азаматтарының бір бөлігі шекара асып жатыр. Көштің бір бағыты бізге де бұрылды, сәйкесінше әсерін де сезіп үлгердік. Содан бері бұл мәселе қоғамда қызу талқыланып, түрлі пікір, болжам тудырды. Осыған байланысты тақырып төңірегіндегі өзекті сұрақтарға жауап іздеп, мигранттар көшін саяси, экономикалық, демографиялық аспектілерден, заң тұрғысынан қарастырып, мамандармен талқылап көрдік. Келушілердің әсері қандай болуы мүмкін? Экономикалық салдары қандай болады? Ішкі нарықтағы абыр-сабыр жалғаса ма? Ресей билігі «қашқандарға» тосқауыл қоюға неге құлықсыз болып отыр? Біз тосқауыл болсақ ше? Келгендер көп пе, кеткендер қанша? Келгендердің бәріне азаматтық беріле ме? Мақалада осы және өзге де сұрақтар қамтылады.
300 мың адам әскерге шақырылады
21 қыркүйекте Ресей билігі ішінара мобилизация жариялады. Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу жалпы саны 300 мың адам шақырылатынын мәлімдеді. Бұл шешім көрші ел халқының наразылығын тудырды. Ресми мәлімдемелерге сәйкес, бірінші кезекте жауынгерлік тәжірибесі бар запастағы әскери қызметшілер шақырылады. Яғни, қазір Ресей әскеріне ең алдымен кәсіби және дайындалған әскери адамдар қажет болып отыр. Бұған дейін Ресей үкіметі мобилизация жарияланбайтынын айтып келген болатын. Дегенмен оқиға басқаша өрбіп отыр. Мұндай шешім шығаруға не түрткі болды? Мобилизация жарияланғаннан кейін басталған «қашқындар» көшіне Ресей билігі неліктен тосқауыл қойып, шекараны жауап, шара қабылдамай отыр? Саясаттанушы Жұмабек Сарабековтің пікірінше, эмигранттар көші Ресей билігінің мақсатына еш әсер етпейді.Аяулым САҒЫНБАЕВА, демограф: Мигранттардың демографияға әсері олардың елде қалу-қалмауына байланысты айқындалады – Халық саны шын мәнінде де табиғи өсім арқылы ғана көбейіп отыр. Себебі жылма-жыл біздің көші-қон сальдомыздағы айырмашылық көбейіп жатыр. Бұл эмиграцияның ұлғайып, иммиграцияның азаюымен сипатталып отыр. Ресейден келген мигранттардың халық санына қаншалықты әсер етуі мүмкін деген сұрақтың жауабы келіп жатқан адамдар тұрғылықты біздің елде қала ма, қалмай ма, соған байланысты айқындалады. Уақытша, яғни 90 күнге келген азаматтар халық санының есебіне тіркелмейді. Тек осында тұрғылықты тұруға өтініш беріп, белгіленген құжат жинап, тұрғылықты мекенжай алғаннан кейін ғана халық санына қосылады. Қаншалықты қосылатынын білу үшін әлі уақыт керек, себебі заңға сәйкес олар 90 күн тіркеусіз жүре алады. Яғни, елге келгенін хабарлайды, бірақ тұрғылықты мекенжайға тіркелмей жүруге құқығы бар. Сондықтан қазір, яғни 90 күн өтпей жатып олардың Қазақстан халқының динамикасына, демографиясына қаншалықты әсер етеді деген сұрақтарға нақты жауап беру мүмкін болмайды.
Көштің экономикаға әсері қандай?
Ресей азаматтары шекарадан өте бастағаннан-ақ біздің елде де абыр-сабыр байқалды. Жалпы, мигранттарды халық түрліше қабылдады. Бірі көмек көрсетуге асықса, бірі шекараны жауып, келгендерді кіргізбеу керек деген пікірлер болды. Себебі әр сала бойынша ішкі нарықтағы бағалар құбылды. Мигранттардың келуінің экономикалық салдары болатыны түсінікті, дегенмен спекулятивтік жағдайлар көбейген соң халықтың бір бөлігінің наразылығын тудырды. Экономист сарапшы Мақсат Серәлі мигранттардың келуін экономикалық жағынан талдап берді.Дәулет МҰҚАЕВ, экономист, тұрғын үй нарығының сарапшысы: Жыл аяғына қарай баға түсуі ықтимал – Ресейдегі мобилизацияның ықпалынан көрші ел азаматтары түрлі елге көшіп кетіп жатыр. Ең алғашқы жаппай қоныс аудару ағыны бұдан бұрын, наурыз айында, соғыс жарияланған кезде болған еді. Дегенмен ол кезде ресейліктердің басым бөлігі Түркияға, Еуропа елдеріне, Дубайға кетіп үлгерді, бізге келгендер саны аз болды. Сол кезде Түркияның нарығында да тұрғын үй бағасы, пәтерді жалға беру бағасы бірден өсті. Міне, арада 6 ай өтіп, мобилизация жарияланғаннан кейін ресейліктер ең жақын аймақтарға немесе осы аймақтар арқылы кетіп жатыр. Үйдің бағасының қымбаттауы уақытша құбылыс деп ойлаймын. Жылдың аяғында немесе жаңа жылдың басында жалдамалы пәтер бағасы сәл де болсын арзандауы мүмкін. Шамамен 20, мүмкін 25 пайызға түсуі ықтимал. Себебі елге келіп жатқан ресейліктер елімізде тек 90 күн болуы керек. Басқа елге шығып, қайта кіретіндер де болады. Бірақ, жалпы қатты әсер етпейді. Иә, тұрғын үй нарығында, соның ішінде пәтерді жалға беруде көлеңкелі бизнестің үлесі көп болып тұр. Бірақ ол мемлекет бюджетіне қатты бір түсім әкеледі деуге келмейді. Себебі жалға беретін адам БЖТ (бірыңғай жиынтық төлем) төлеп-ақ кәсібін жүргізе береді. БЖТ – 3 063 теңге, бір АЕК, оның тек 10 пайызы ғана әлеуметтік аударымға кетеді. Екіншіден, ол адам жеке кәсіпкер болса да, жеке кәсіпкерлер қазір бізде жыл соңына дейін салықтан босатылған. Жалға алушының құқығы бойынша, ол міндетті түрде үй иесімен келісімшартқа отырғаны дұрыс. Бір жылда үйдің бағасын инфляция деңгейіне байланысты 10 немесе 15 пайызға ғана өсіре алады деген талаптар қарастырылуы керек. Әрі кетсе 20 пайыз деуге болар, дегенмен дамыған, дамушы елдерде 15 пайыздан асырылмайды. Пәтер иесі қыста жалға алушыларды шығара алмайды, «мүлкін сататын күннің өзінде 1 ай бұрын ескертуге тиіс» деген сияқты мәселелер де заң аясында қарастырылуы керек. Осындай дүниелерді ескермегендіктен, көп жағдайда құқығымыз да тапталып жатады. Үкімет тұрғын үй нарығындағы көлеңкелі бизнесті реттеп, күресеміз, бақылауға аламыз десе, үйдің иесі көп қиналмайды, заң аясында төлеуі керек төлемдерді үйдің бағасына қоса салады. Сәйкесінше, бұл бағаның өсуіне әкеледі.
Заң не дейді?
5 қазанда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин 70 мың ресейлік ЖСН (жеке сәйкестендіру нөмірі – республика аумағындағы әрбір жеке тұлғаға берілетін бірегей 12 таңбалы код) алғанын мәлімдеді. Бұл ресейліктердің біздің елге түбегейлі көшіп келгенін білдірмейді. ЖСН шетел азаматына банкте шот ашу үшін қажет. Оны кез келген ХҚКО-дан бір күнде алуға болады. Ол үшін тек төлқұжат жеткілікті. Әуелде бірнеше рет айтып өткеніміздей, заңға сәйкес ЕАЭО азаматтары Қазақстанда 90 күн ғана бола алады. Келгеннен кейін үш күн ішінде қабылдаушы тарап (қонақүй, үй иесі және басқалар) келген басқа ел азаматы туралы көші-қон полициясына хабарлауы керек. Келуші төлқұжат деректері, жоспарланған тұрғылықты мекенжайы және келу мақсаты туралы ақпарат беруге тиіс. Осыдан кейін шетел азаматына 30 күн ішінде Көші-қон полициясы басқармасына тіркелу қажет болады. Онсыз Ресей азаматтары Қазақстанда 30 күн ғана қала алады. Ал 90 күннен артық қалғысы келгендер онда уақытша тұруға рұқсат немесе ықтиярхатқа құжат тапсыруы қажет. Ал азаматтықты тек 3 жылдан кейін ала алады. Жауапты органдар заң бұзғандар бақылауға алынатынын мәлімдеген болатын. 28 қыркүйекте Ішкі істер министрлігі бақылау кезінде көші-қон заңнамасын бұзған 45 700 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның 4 200-і мәжбүрлі түрде Қазақстаннан шығарылғанын хабарлады. Мәжбүрлеп шығарылғандар 5 жыл ішінде елімізге қайта кіре алмайды екен. Оның ішінде көші-қон заңнамасын бұзған 3 200 ресейлік жауапқа тартылған. Бұл – елге келген Ресей азаматтарының тек 0,2 пайызы. Қорытындылай келе, мигранттардың көшінен туындаған абыр-сабыр бәсеңдеп келеді деп айтуға болады. Сарапшылар да мұны уақытша үрдіс деп отыр. Яғни, келушілер біз арқылы басқа елдерге өтіп жатыр. Қалатындар да болуы мүмкін, бірақ олардың үлесі өте аз болмақ. Ішкі нарықтағы құбылулар Ресей азаматтары келгенге дейін де болған, мигранттар легі оған тек тағы бір толқын қосқандай. Дегенмен Ресей азаматтарының келе бастағанына бір ай да болған жоқ, кесіп-пішіп айтуға әлі ерте, көштің нақты қандай әсері болатынын уақыт көрсетеді.