Гибралтар бұғазын гидрокостюмсіз жүзіп өткен тұңғыш қазақ
Гибралтар бұғазын гидрокостюмсіз жүзіп өткен тұңғыш қазақ
Отандасымыз Құрал Жоламан Жерорта теңізі мен Атлант мұхитының бір-бірімен тоғысатын жерінде орналасқан әйгілі Гибралтар бұғазын гидрокостюмсіз 5 сағат 58 минутта жүзіп өтті. Испанияның Тарифа қаласынан Африканың Марокко қаласына дейінгі 16,7 шақырымды жүзіп өткен Құрал мұндай ерлік қазақтардың да қолынан келетінін дәлелдегісі келгенін айтады. Десе де ол бұл марафон туралы қазақстандық БАҚ жарыса жазып, ізінше толассыз хаттар мен сансыз қоңыраулар келіп түсетінін күтпесе керек. Тарифадан күні кеше оралған Құралға хабарласып, әңгімеге тартқан едік.
– Соңғы аптада отандық журналистер сізді Ақтау тұрғыны деп жарыса жазғанға сонда тұратын болар деп ойласам, олай емес екен. Гибралтар бұғазын жүзіп өту үшін Каспийде жаттығу жұмыстарын өткізгеніңізге бола көбі солай жазса керек.
– Негізі, мен – Маңғыстаудың перзентімін. Ақтауда №26 мектеп табалдырығын аттап, кейін 8-сыныпта ондағы IT лицей мектебіне ауыстым. Мектеп қабырғасында жүргеннен бастап білім қудым десем артық айтпаймын. Мектепаралық, қалалық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындар иелендім. 10-сыныпта сол кезде барлық оқушының арманы болған «XX ғасыр көшбасшысы» интеллектуалдық сайысына Ақтау қаласындағы іріктеуден мүдірмей өттім. Сосын Алматыға барып, онда өткен апталық ойында 3-орынды місе тұтып, айлық ойынға өте алмай қалдым. Есесіне туған інім Құрмет апталық кезеңнен өтіп, айлық ойында 1-орынды ұтып алды. Мектеп бітірген соң КИМЭП-ке Есеп және аудит факультетіне оқуға түстім. Сосын ондағы халықаралық бизнес құқығы мамандығын оқытатын магистратура бөлімінде білімімді жетілдірдім. Мен өте белсенді студент болдым. Студенттерге шамам келгенше көмектесуге тырыстым. «Жақсылықтың жақсылықтан басқа қайтарымы жоқ» деген сөз рас екен. Кейін сол студенттердің дауыс беруі бойынша Студенттер қоғамының қаржы мәселесі жөніндегі вице-президенті қызметіне тағайындалдым. Одан бөлек, достарымызбен бірге студенттерге әртүрлі курсты тегін үйрететін Itutor платформасының негізін қаладық. –Жаңылыспасам, 2017 жылы заңгер Ержан Есімханов Гибралтар бұғазын жүзіп өткен алғашқы қазақстандық атанған, бірақ ол сіз еңсерген қашықтықты гидрокостюммен жүзді.
– Иә. Ашық суда жүзумен айналысуыма ол кісінің тікелей ықпалы бар. Себебі бұл істі қолға алғалы бері оның әлеуметтік желідегі жазбаларын үзбей оқып, өзіме керегін түртіп алып жүрдім. Осылайша, бұл спортқа деген қызығушылығым еселей түсті. Ержан аға – Гибралтар бұғазын гидрокостюммен жүзіп өткен алғашқы қазақстандық. Негізі, мен гидрокостюммен де, гидрокостюмсіз де жүзіп, өз әлеуетім мен жүзу жылдамдығымды тексеріп көрдім. Гидрокостюммен жүзу әлдеқайда жеңіл екені айтпаса да түсінікті. Үстіңде арнайы киім болған соң судың бетінде қалықтап тұрасың. Әрі тоңбайсың. Оны кисем еш қиындықсыз жүзетінімді жақсы білдім. Бірақ мен қазақтардың арасында гидрокостюмсіз де жүзе алатын шыдамды, төзімді азаматтар бар екенін дәлелдегім келді. Гибралтарды гидрокостюмсіз бағындырған тұңғыш қазақстандық атанғым келгенін де жасырмаймын. Мен оқыған мәліметке сенсек, осы уақытқа дейін Гибралтарды 1,653 адам жүзіп өткен, оның 745-і гидрокостюмсіз, ал қалғаны гидрокостюммен жүзген. Енді сол қатарға мен де қосылдым.
– Facebook желісіндегі жеке парақшаңызда «Ең көп уайымдағаным судың температурасы болды» деп жазасыз. Судың температурасы төмен болса гидрокостюмсіз жүзуге рұқсат етілмей ме?
– Бізге он күн уақыт берді. Сол он күннің бірінде, теңіз беті тыныш болғанда жүзуіміз қажет болды. Даладағы ауа райы керемет болып тұрғанымен, теңіз толқынының бағыты күрт өзгеріп отырды. Сөйтіп, біз бір апта бойы теңіздің тынышталуын сарыла күттік. Судың температурасын уайымдаған себебім, біз барған кезде күн жылы болып, ертесі күрт суып, судың температурасы 15°C-ге дейін түсіп кетті. Сол кезде 40-50 минут суда жүзген соң денем қалтырап, жаурай бастадым. Сосын «Бұлай болса, алты сағатқа шыдай аламын ба?» деген күмән пайда болды. Сегізінші күні таңда ұйымдастырушылар «Бүгін ауа райы жақсы. Теңіз де тыныш. Түс қайта бастауларыңыз керек. Дайын болыңдар» деді. Алланың қалауымен сол күні судың температурасы 17°C-ге дейін көтерілді. Сол кезде жас балаша қуанғанымды көрсеңіз. Ұйымдастырушылар 3-4 шақырымды жүзіп өткеннен кейін судың температурасы тағы 1-2 градусқа жыли түсетінін айтты. Сонымен қатар олар бізге алты-жеті сағаттың ішінде жүзіп өту қажет екенін, одан соң күн батып, қиындық туатынын ескертті. Досымыз екеуіміз гидрокостюмсіз жүздік, қалған екеуі гидрокостюм киді. Сөйтіп, 30 қыркүйек жұма күні сағат түскі бір жарымда жүзуді бастадық. Алайда толқынның бағыты оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа өзгеріп, бізге үлкен кедергі келтірді. Жерорта теңізі жағынан тулаған толқын бізді әбден ығыстырып, бағыт сызылған сызықтан шығарып жіберіп тұрды. Сондықтан бізге жүзу қарқынымызды түсірмеу керек болды. Осылайша, Испанияның Тарифа қаласынан Африканың Марокко жағалауына дейінгі 16,7 шақырымды 5 сағат 58 минутта жүзіп өттік.
– Бұл ісіңізбен көпшілікке үлгі болғаныңызды сезіне алдыңыз ба?
– Иә, аздап (күліп). Жастар менің бұл ісім арқылы тәуекелге барудан, үлкен асуларды бағындырудан қорықпаса екен деймін. Өткенде елімізде алғаш рет ұйымдастырылған «Ұлы дала жорығы» марафон бәйгесінде Маңғыстау командасы елордадан Түркістанға дейінгі 1 200 шақырымды артқа тастап, бірінші орынды иеленгенін естіген боларсыз. Туыстарым «Мына жақта шабармандар Маңғыстаудың атын шығарып жатса, ана жақта сен біздің өңірді әйгілеп жүрсің. Маңғыстаудың жылқысы секілді Маңғыстаудың жігіті де төзімді болатынын байқаттың. Жарадың!» деп ақжарма тілектерін толассыз жаудырып жатыр. Шынымды айтсам, қазақстандық БАҚ мен туралы бұрқыратып жазады деп күтпедім. Басында туыстарым ғана құттықтайтын болар, сосын Ақтаудағы жергілікті бір-екі сайт мәлімет берер деп ойладым. Ертесі әлеуметтік желідегі парақшаларымды ашқанда көп адамның ыстық лебізін оқып таңғалдым. Сосын «Қазақстан» телеарнасынан шығатын «1001 түн» бағдарламасы хабарласты. Артынша екі-үш телеарна өкілдеріне сұхбат бердім. Әлі күнге дейін хабарласып, хат жазып жатқан кісілер бар. Уақыт айырмасына қарамастан оларға тәжірибемді бөлісіп, ақыл-кеңесімді айтып жүрмін. Мені бұл сайысқа баптаған бапкерім «Енді келесі жылы әйгілі Ла-Манш бұғазын бағындыр. Сен оған дап-дайынсың» деп ақылын айтты. Бірақ қазір мені алға жетелейтін басқа мақсат бар. Суда жүзу – менің хоббиім. Мен онсыз да Қазақстанның атын әйгілей аламын. Бұйырса, Американың Стэнфорд, Гарвард немесе Ұлыбританияның Оксфорд, Кембридж секілді жетекші оқу орындарында білімімді жетілдіріп, елге өз саласын жетік білетін кәсіби маман ретінде оралғым келеді. Қазір жатсам да, тұрсам да осы мақсат ойымнан кетер емес.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ