Қазақстанды 6 ай жаяу аралаған қарияның хикаясы

Қазақстанды 6 ай жаяу аралаған қарияның хикаясы

Қазақстанды 6 ай жаяу аралаған қарияның хикаясы
ашық дереккөзі
Алты ай бойы еліміздің 17 өңірін жаяу аралаған 72 жастағы Сәрсенбай Қотырашевтың мұнымен тоқтап қалғысы жоқ. Сапардан оралғанына небәрі он күн болса да, ол келесі жылы жүріп өтетін бағытын айқындап қойғанын, тіпті қасында еріп жүретін қолдаушылары да табылғанын айтады. 181 күнде 8 мың шақырымды артта қалдырған, жеті жұп аяқкиім, 20-дан астам резеңке дөңгелек тоздырған жиһанкез ендігі кезекте дүниежүзін жаяу аралап, Қазақстанды әлемге танытқысы келеді. Зейнет жасынан асса да, еңбекке араласып, түрлі бастама көтеріп жүрген қарт марафоншының әңгімесін жазып алған едік.

ТОҒЫЗ ЖАСЫМНАН БАСТАП ЕҢБЕККЕ АРАЛАСТЫМ

Мен 1950 жылы 15 қаңтарда Ұлытау об­лысы Жаңаарқа ауданы Атасу по­сел­кесінде дүниеге келдім. Тоғыз жасымнан бас­тап еңбекке араластым. Жаңаарқа ауда­нын­дағы сауда орталығында жүк тиеуші, со­сын Ақтау кеңшарында қойшы болдым. Жаңаарқада жаңадан ашылған құрылыс ме­кемесі ПМК-1015-те жұмысшы болып, төр­тін­ші разрядтық ағаш шебері мамандығын мең­гер­дім. Сосын әскерге аттандым. Одан оралған соң әлгі мекемеде жұмысымды жалғастырдым. Со­дан соң сол мекеме арқылы «Қарағанды шах­­та құрылысы» мектебінде жеті ай оқу мүм­­кіндігі туындап, онда автокраншы ма­ман­дығын алып шықтым. Содан кейін ол ме­кеме тара­ған соң аудандық атқару комитеті берген жолдамамен училищеге темір ұстасы болып жұм­ысқа тұрдым. Онда біраз жыл еңбек еткен соң басшылық мені өндірістік оқу шебері де­ген дәрежеге көтерді. Сосын тағы сол аудандық атқару комитетінен спорт мектебінің деңгейін көтеру жөнінде тапсырма алып, ол мектепте біршама уақыт завхоз болып жұмыс істедім. Со­сын райкомның ұсынысымен Жаңаар­қа­дағы әртүрлі мекемеде қызмет еттім. 1994 жы­лы Жезқазғандағы қаржы бақылау бас­қармасы жұмысқа шақырып, әкімшілік шаруа­шылық бөлімін басқардым. Кейін облыс мәр­тебесі алынып тасталған соң ол мекеме та­рап, әртүрлі жұмыс істеуге тура келді. Темір ауылындағы құс фабрикасында, «Арай» фирмасында, түрлі түсті металл қабылдайтын «Барыс» фирмасында, сосын өндірістік теміржолда ұста болып жұмыс істедім. Бертін келе «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және та­биғи қорық-мұражайына жұмысқа тұрып, археологтермен етене жұмыс істедім. Онда көптеген жәдігерді қайта қалпына келтіріп, қорықтың маңайын абаттандырып, қолдан қоршау жасап, тақтайшалар орнаттым. Бұл іс маған таңсық емес. Өйткені оған дейін бұры­нырақта Жаңаарқада училищеде жұмыс істеп жүргенде Еңбек музейінің экспозициясын салғаным бар. Сосын 1984 жылы Жаңаар­қа­да­ғы тарихи өлкетану музейінің экспозиция­сын қағаз бетіне түсірдім. 2012 жылы толық жөндеу жұмысына жабылған соң Ұлытау мем­лекеттік қорық-мұражайының жаңа экспозициясын әзірледім. Қазір зейнетке шық­сам да, Жезқазған темір-бетон зауытында ұс­та болып жұмыс істеймін.

ҚАЗАҚСТАНДЫ ЖАЯУ ЖҮРІП ӨТУГЕ АЛТЫ ЖЫЛ ДАЙЫНДАЛДЫМ

Алты жыл бұрын музейде жұмыс істеп жүр­генімде айналама Қазақстанды жаяу жүріп өткім келетінін айтқанда «Мақсатсыз шыққан сапар сәтті болмайды» деп бетімді қайтарып тастаған болатын. Алты жыл бойы бұл ой жа­дымнан кетпей, талай рет оқталдым. Ақы­ры Алла берген қуат, халық көрсеткен қолдау нәти­жесінде биыл оның сәті түсіп, алдыма үш мақсат қойып, 31 наурызда Қазақстанды жаяу аралау үшін жолға шықтым. Мен мұнда атымды шығаруды, өзіме назар аударуды көздеген емеспін. Жаңа айтып өткендей, жол бойы менімен бірге арқамда үш мақсат «мін­гесіп» келді. Бірінші мақсат – Ұлытау өңірінің қазақ тарихында алатын орнын көрсету, аймақты кеңінен насихаттау. Жол бойы үстіме ULYTAUMEN деген жазуы бар футболка киіп, арбама «Ұлытауға бардың ба?...» деп жазып алғаным да сондықтан. Кейбір білгіштер «Қа­зақта тарих жоқ» деп бос сөйлейді. Ал мен әлем­де біздің ұлтымыздың тарихына тең ке­летін тарих жоқ екенін дәлелдеуді мақсат еттім. Ұлытауды Қазақстан тұрғындарының 98 пайызы білмейді десем, өтірік емес. Ол түгілі Қарағанды жұрты Ұлытауды білмейді, атын айтсаң, «Біздің аймақта ондай жер бар ма еді?» дегендей аң-таң болады. Өткенде өз ал­дына жеке облыс ретінде бекіткен кезде ғана естігендер де бар. Біле білсеңіз, Ұлытау өңірі­нің 6 мың жылға таяу тарихы сонау тас дәуірі­нен басталады. Біздің дәуірімізге дейінгі 3,5 мың жыл бұрын қола дәуірінде дүние­жүзін­де ең алғашқы металл қорытқан – Ұлы­тау өңірі. «Металл қорыту бізден тараған» деп айт­сам көбі «Оны қайдан білесіз?» деп таңға­ла­ды. Олар мені кітаптан оқып не болмаса ақ­сақалдардан естігенімді айтып жүр деп ойласа керек. Ал шынында музейде жұмыс іс­теп жүріп, еліміздің және шетелдің ғал­ым­дары­мен бірге археологиялық қазба жұмыс­тарын жүргізген кезде пешті қолмен ұстап, көзбен көргенмін. Екінші мақсат – қолөнер­шілер­дің мәртебесін асыру.  width=Біздің Үкімет он сауса­ғынан өнер тамған қолөнер шеберлерін қол­дамайды. Өзге елдегі шеберлермен салыс­тырғанда біздікілер тасада қалып келеді. Мы­салы, көршілес жатқан Өзбекстанның Үкімет бас­шысы 17 мың қолөнер шеберінің тізімін жа­сап, қолдау жасап жатыр екен. Ал бізде тізім түгі­лі еш қолдау жоқ. Естуімше, ЮНЕСКО ұйы­мы әлемдегі мықты қолөнершілердің тізімін алып, оларға арнайы сайт ашып, түрлі көрмеге қа­тысуға мүмкіндік береді екен. Ұлттық қол ө­нерін әлем таныған шеберлер арнайы ше­бер­хана ашып, шәкірт тәрбиелеуді көздеп жүр екен. Бізде осыншалық қолдау болса ата-әже­міз­ден үйренгенімізді өскелең ұрпаққа үйре­тіп, халықтың игілігіне пайдамызды тигізер едік. Ал үшінші мақсатты сұрасаңыз, барлық ұлт­тың өзіне тән жеке мейрамы бар. Бізде той­ланбай кеткеніне 105 жыл болған бір ұлт­тық мейрам бар. Ол – Қымыз мерекесі. Ал бұл мей­рамды ата-бабаларымыз жылқыны қолға үйреткеннен бастап үзбей тойлап жүрген. Егін­ін егіп, малын төлдетіп, жайлауға көшкен соң жаздың ең ұзақ күні 22 маусым күні атап өткен. Бірақ Қазан төңкерісінен кейін ұмыт қал­ған. Сол мейрамды ел ішінде насихаттап, оның мәнін түсіндіруді көздедім. Сосын Пре­зидентке «Күнтізбе бетіне ұлттық мереке ре­тін­де бекітіп берсеңіз» деп халық атынан хат жолдамақпыз. Қазір сол хатты әзірлеудемін.

ЖОЛ БОЙЫ ЖЕТІ ЖҰП АЯҚКИІМ, ЖИЫРМАДАН АСТАМ РЕЗЕҢКЕ ДӨҢГЕЛЕК ТОЗДЫРДЫМ

Сапарды 31 мамырда Ұлытаудан бастап, жос­пар бойынша Жезқазған, сосын Қы­зылорда, Түркістан облыстарының жерін ба­сып өтіп, Шымкентке жеттім. Сосын Тараз, Ал­маты, Талдықорғаннан өтіп, Аягөзге ат ба­сын тіредім. Одан ары Өскемен, Семей, Пав­ло­дар, Қарағанды, Астана, Көкшетау топы­ра­ғын басып, ары қарай Петропавл, Қостанай, Ақ­төбе, Орал, Атырауға жетіп, марафондағы соңғы өңір Ақтау аймағына 1 қазан күні жет­тім. Нақтырақ айтсам, 181 күннің ішінде 8 мыңға жуық шақырымды жүріп өттім. Сол 181 күннің ішінде жеті жұп аяқкиім, 20-дан астам резеңке дөңгелек тоздырдым. Әу баста сызған бағы­тымды өзгертпеуге тырыстым, бірақ жо­лай бір бағытты қостым. Павлодардан Екібас­тұзға, сосын Қарағандыға жүруім керек бола­тын. Кейін тарихи жер Баянауылға жолай со­ғып кетпесем болмайтынын түсіндім. «Са­па­рым сәтті аяқталсын» деген ниетпен киелі то­пы­рақта Құран оқытып, сапарымды жалғас­тырдым. «Жолы ең нашар қай өңір?» деп сұрасаңыз, Жез­қазған – Қызылорда трассасын айтар едім. Көп жыл жөндеу көрмеген, әбден тозығы жет­кен жол екен. Сол жерде арбам ортасынан опы­рылып түсті. Қызылордаға жетер-жетпес тұс­та су жаңа дөңгелегім жарылды. Сосын Аягөз­дің маңында біраз бейнет көрдім. Ал қал­ғаны – жасырып не қыламын, тақтайдай тегіс жол. Бәріне арбамның ішіне не салып алып жүргенім қызық. Оның ішінде бірнеше киім, төсек қап, дәрі-дәрмек, арбаға қажет құрал-саймандар, азын-аулақ тағам салып алдым. Таңертең ерте жолға шыққаннан соң міз бақпай күн батқанда ғана тізе бүге­мін. Ал күндіз тізе бүкпеймін, түрегеліп жүре­мін. Тамақты да түрегеп тұрып жеймін. Себебі оты­рып тамақ ішсем, уақыт өтіп кетеді, оты­рып тұрған кезде ала таңнан бері ұстап келе жатқан қарқынымды қалпына келтіре алмай қаламын. Сосын жолда мен туралы естіп-біл­ген жолаушылар көп тоқтатты. Олардың сәле­мін қабыл алмасаң, сыртыңнан сөз айтып, әлеу­меттік желіде «Бізді менсінбейді. Өзі ашу­лы» деп жазуы ықтимал.  width=Сөйтіп, әрбірімен су­рет­ке түсіп, қойған сұрақтарына жауап бе­ріп, көңілін қалдырмауға тырыстым. Сонымен қатар Ұлытау, Қымыз мерекесі, қолөнер туралы айтудан жағым талмады (күліп). Күн сайын кемі 100, кей күндері тіпті 500 адаммен амандастым. Аудан, облыс орталығы мен ірі қа­лаларға кіреберіс жерде сол өңірлердің құр­мет­ті азаматтары, ақсақалдары, журналистері, студенттері мен оқушылары ерекше құрмет көр­сетіп, айрықша қарсы алды. Кейбірі жағ­дайымды жасап, қонақүйге орналастырса, енді бірі арнайы үйге апарып, қонақ етіп күтті. Тоқ­татушы саны көп болғандықтан, кей кездері күніне 40 шақырымды зорға жүріп отырдым. Бірақ оған де етім үйреніп алды. Жолаушылардан бөлек, жол бойы жұмыс істеп тұрған шайхана иелері де ерекше ықылас танытты. Алдыма ыстық тамақ қойып, бар тәттісін алып шығып, асты-үстіме түсті. Тағы бір айта кетерлігі, күтіп алушылар менің денсаулығыма алаңдап, жедел жәрдем қызметкерлерін қоса ертіп келген. Сол дәрігерлер «Бұл – мүмкін емес. Қанша өлшесек те, сіздің қысым мөлшеріңіз – 120/80. Мынадай жаста сізге Алла қуат берген екен ғой! Осы қалпыңыздан таймаңыз!» деп таңданады. Бірақ уайымдайтындай дәнеңе де жоқ еді, себебі қолыма таққан GPS құралы арқылы Астанадағы мамандар күнделікті мендегі қысым мөлшері мен температураны, мен жүріп өткен жолдың жылдамдығын бақылап отырады. Оның үстіне, жолға шықпас бұрын толығымен медициналық тексеруден өткен болатынмын. Алты ай бойы көбіне қалалар мен елді мекендерде аялдауға тырыстым, ал қараңғы түсіп, далада түн жамылған, жақын орна­лас­қан ауылдарға жете алмай қалған кезде жол­дан 30 метр ары шығып, арбамнан төсек қап­ты алып шығып, сол қаптың «ішіне» кіріп алып, ұйықтаймын да, таң ата жиналып, жолға шығып кетемін. Ұшқан құс, аңнан басқа тірі жан жоқ иен далада жалғыз қалай ұйық­тай­тыныма ел таңғалады. Көліктер тоқтаусыз ағы­лып жатқан жолдың бойына аялдасам, қор­қып нем бар?!

БІР РЕТ КӨЛІККЕ МІНГЕНІМДІ СУРЕТКЕ ТҮСІРІП АЛЫП, ХАЛЫҚТЫ АЛДАП ЖҮР ДЕП АЙЫПТАДЫ

Алты ай ішінде бір-ақ рет көлікке міндім. Оның өзінде амалым жоқ болған соң мінуге тура келді. Қостанайдан аса бергенде шелектеп жау­ған нөсердің салдарынан асфальт бетіндегі шұң­қырды көрмей қалып, аяғымды жара­қат­тап алдым. Аяғым ісіп, жүре алмай қалдым. Со­сын жолай өтіп бара жатқан полиция қыз­мет­керін тоқтатып «Бұл жерге арбамды тастап ке­те алмаймын. Алдымызда орналасқан елді ме­кенге жеткізіп таста» деп көмек сұрадым. Кө­лік ішінде кетіп бара жатқанымда бір орыс жі­гіт сыртымнан суретке түсіріп алып: «Ақ­са­қал елді алдап жүр. Арбасын тиеп, өзін көлік іші­не отырып алыпты. Біраз жерді көлікпен жү­ріп, сосын бізге «жаяу жүрдім» деп айтып ал­дайды» деп ел ішіне өсек таратып жіберіпті. Мен оны бірден естігенім жоқ. Көпшілік «Сіз неге көлікке мінесіз? Неге бізді алдайсыз?» деп сұ­рақты төпелетеді. Елден ештеңені жасыруға бол­майды. Бәрібір естиді. «Алдайтын түгім жоқ, көлікке мінгенім рас, аяғымды басып жү­ре алмай қалдым» деп ақталғаным бар. По­лиция қызметкері жедел жәрдем шақыру тура­лы ұсыныс айтқан еді, бірақ «Шақырсаң са­парымды аяқтай алмай қаламын» деп ша­қыртпай қойдым. Сөйтіп, жақын маңдағы ауыл­ға барып, халық емін қабылдап, қырық­қа­баттан компресс жасап, ертесі түк болмаған­дай шауып кеттім.  width=Жолда көп шытырман оқиғаны бастан кешірдім. Бір күні жолда келе жат­сам артымнан бір орыс әйел қуып жетіп «Почем мороженое?» дейді. Мен де қарап тұрмай, қалжыңмен орағытып, бір балмұздақ 10 мың теңге тұрады деп айта салдым (күліп). Көзі шарасынан шыға жаздаған ол бұл маңда мұндай бағаға балмұздақ сату мүмкін емес екенін айтты. «Мұның бағасы осындай. Сен оған өкпелеме. Қазір осы арада әрең дегенде такси ұстап, қалаға барып, базардан балмұздақ аласың да, қайтадан таксиге мініп, ауылыңа қайтасың. Сол ақша кетеді ғой» деп тағы да ызаландырдым (күліп). Арбам балмұздақ сатушының арбасына ұқсас болған соң мені балмұздақ сатады деп ойлап қалса керек. Сосын арбаға жапсырылған жапсырмалар мен Туды көргенде менің марафоншы екенімді түсініп, бір күліп алды.

«ҚАЗАҚМЫС» КОРПОРАЦИЯСЫ ЕКІ БӨЛМЕЛІ ПӘТЕР СЫЙЛАЙДЫ ДЕП ЕШ ОЙЛАМАДЫМ

Отбасымда бір қызым, бір немерем, екі шө­берем бар. Қазір немерем және ке­лі­німмен бірге Жезқазғанда тұрамыз. Алға­шын­да отбасым бұл бастамама қарсы болды. «Қар­тайған шағыңда көлік қағып кетсе, сосын сені қайдан тауып аламыз? Көмусіз қаласың ғой» деп біраз қипалақтады (күліп). Сосын жо­ғарыда діттеген мақсатымды түсіндіріп айт­қан соң туыстарым, достарым жиналып, жылы лебіздерін айтып, сапарға шығарып салды. Жол бойы Ұлытауды ұлық­­тағаным үшін «Қа­зақ­мыс» корпо­рация­сы күні ке­ше екі бөлмелі пәтер­дің кілтін табыстады. Бұған қоса, ішін жи­һа­з­ға, тұр­мыс­тық тех­никаға тол­тыр­ған. Ма­ған мұн­дай сый-сия­пат жа­сай­ды деп еш ойлаған емес­пін. Риза бол­ға­ны­мды жасырмай­мын. Осы ретте Ұлытау об­лысының әкімі мен «Қазақмыстың» басшы­лары­на шексіз алғысымды айтқым келеді. Алға қойған жоспарды тия­нақты орындап, Ақтауда са­па­рым­ды аяқтадым. Сосын ұшақ­пен Астанаға, ары қарай кө­лікпен Жезқазғанға жет­тім. Арбам­ды Ақтау қаласын­дағы ту­ризм қоғамының өкілдері музейге қою үшін сұрап алып қал­ды. Онсыз да оны ұшақ­қа алып жү­руге болмай­тын еді. Менің көр­сет­кі­шімді Гиннесс ре­корд­тар кітабына ен­­гі­зуді қолға алып жат­­қа­нын естідім. Әлем­­де ме­нің жасымда осын­­дай қа­шықтықты ең­сер­­ген басқа адам жоқ екен. Бірақ ол кітап бес жылда бір рет шығатын­дық­тан, мені келесі кітапқа енетін ре­кордсмендердің тізіміне тіркеп қойды.  width=Тағы қайталап айтамын, мен бұл сапар арқылы елге танылуды көздемедім. Бас­тысы, тың тарихи мәліметтерді ұлттың «қо­лына» ұстату, қолөнерге назар аударту, ұмыт қалған, бірақ кезінде ел ішінде дүркірей той­ланған ұлттық мейрамды қайта жаң­ғыр­туды мақсат еттім. Көпшілік мен арқылы Ұлы­тауды білді. Қымыз мерекесін естіп, таң-та­ма­ша болды. Қазіргі басты мақсат – Мем­ле­кет басшысына хат жолдап, жауабын алу. Егер қымыз мерекесі атаулы даталар мен мерей­тойлар қатарына қосылса, мұның үш түрлі пайдасы болады. Біріншіден, қымыз арқылы өзі­міздің, ұрпағымыздың денсаулығын нығайтамыз. Шетелдің сусындарын қажет ет­пейміз. Мұның жүзден астам ауруға шипа еке­нін әлем медицинасы біледі. Қымыздың пай­дасын атағы жер жарған ғалымдар мойын­дап отыр. Екіншіден, қымыз экспортқа шы­ғып, өзге мемлекеттерден сатып алушылар саны арта түседі. Экономикамызға сәл де бол­са серпін береді. Үшінші пайдасы – түр­кі­тілдес халықтар да бізге еріп, қымыз мерекесін той­лайтын болады. Осылайша, достарымыз кө­бейіп, дұшпандарымыз азаяды. Мүдде­ле­сіміз, бауырласымыз көп болғандықтан, бізді сырт­тан еш жау ала алмайды, ешкім де бізге тісін батыра алмайды.

КЕЛЕСІ ЖЫЛЫ ӘЛЕМДІ ЖАЯУ АРАЛАП, ҚАЗАҚСТАНДЫ ДҮНИЕЖҮЗІНЕ ТАНЫТСАМ ДЕЙМІН

Менде көлік жоқ. Автобусқа да мін­бей­мін. Қатты асыққанда болмаса, так­сиге де мінбеймін. Жаяу, емін-еркін жүргенді жөн көремін. Менің алдымда кетіп бара жат­қан адамды басып озбасам, көңілім көн­ш­і­мей­ді. Одан қалып қойғаным менің денсаулы­ғым­ның жоқтығы деп есептеймін. Бұл әдет бала күнімде қалыптасқан. Ауру қалса да, әдет қал­майды. Әлі сондаймын. Сапарымды аяқта­ға­ныма он күндей уақыт болса да, үйде отыр­май­мын. Бабымды сақтауға тырысамын. Жұ­мыста жүрген соң тізе бүкпеймін. Топтың ара­сында жұмыс істемесем, айналам адамға то­лы болмаса жалғызсырап қаламын. Көппен бірге жұмыс істесең, көңілді жүресің. Халқыма бергенімнен берерім әлі көп. Шама-шарқым жеткенше көмектесуге ты­рысамын. Ел мені төбесіне көтеріп сый­лай­ды. Халыққа керек екенімді сезіндім. Сон­дық­тан да жұмыста көңілді әрі ширақ жүремін. Ал үйде отырсаң, сылтауың көбейеді. «Ана жерім сыздап тұр, мына жерім қақсап тұр» деп айта берсең, орныңнан тұра алмай қаласың. Ауырдым деген адам ауыра береді. Бізде тіпті дені сау адамның басы сәл ауырса, жүріп, таза ауа жұтқанның орнына төсекке жантая кетеді ғой. Сондықтан мен ауру-сырқауды ойламай, жаяу жүруге тырысамын. Алға қойған жоспар көп. Алла қуат берсе, ке­лесі жылы бүкіл дүниежүзін жаяу жүріп өту­ді жоспарлап отырмын. Қазақстанды аралау арқылы көптен бері көкейімде жүрген мақ­саттарымды іске асырдым. Ендігі мақсат – Қазақстанды әлемге таныту. Қазақстан деген алып мемлекет, қазақ деген бейбітшілік сүйгіш ұлт бар екенін айтқым келеді. «Біз – тек бейбіт өмір сүруге жаратылған халықпыз» деген ұран­мен жолға шықпақпын. Соңғы аялдама Ақтау қаласынан пароммен Әзербайжанға, сосын Грузия, Түркия арқылы Еуропаға өтіп, ары қарай ұшақпен Америкаға жетіп, ол алып елдің бер жағынан ар жағына дейін жүріп өткім келеді. Содан соң оның солтүстік-батыс жа­ғалауынан ұшақпен Қытайға ұшып, оны жү­ріп өтіп, сосын Моңғолия, Шығыс Қазақ­стан­ға жету мақсатым бар. Бірақ бұл жолы мен жал­ғыз емеспін, маған еріп жүргісі келетін екі қол­даушым табылды. Бірі – елімізге танымал фо­тограф Дмитрий, екіншісі – ағылшын ті­ліне жетік кинооператор Володя деген жігіт. Олард­ың бірі жолда көлік айдап, артымыздан еріп жүрсе, бірі менімен бірге жаяу жүреді. Со­сын екеуі орын алмастырып отырады.

Жазып алған Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ