ТОҒЫЗ ЖАСЫМНАН БАСТАП ЕҢБЕККЕ АРАЛАСТЫМ
Мен 1950 жылы 15 қаңтарда Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы Атасу поселкесінде дүниеге келдім. Тоғыз жасымнан бастап еңбекке араластым. Жаңаарқа ауданындағы сауда орталығында жүк тиеуші, сосын Ақтау кеңшарында қойшы болдым. Жаңаарқада жаңадан ашылған құрылыс мекемесі ПМК-1015-те жұмысшы болып, төртінші разрядтық ағаш шебері мамандығын меңгердім. Сосын әскерге аттандым. Одан оралған соң әлгі мекемеде жұмысымды жалғастырдым. Содан соң сол мекеме арқылы «Қарағанды шахта құрылысы» мектебінде жеті ай оқу мүмкіндігі туындап, онда автокраншы мамандығын алып шықтым. Содан кейін ол мекеме тараған соң аудандық атқару комитеті берген жолдамамен училищеге темір ұстасы болып жұмысқа тұрдым. Онда біраз жыл еңбек еткен соң басшылық мені өндірістік оқу шебері деген дәрежеге көтерді. Сосын тағы сол аудандық атқару комитетінен спорт мектебінің деңгейін көтеру жөнінде тапсырма алып, ол мектепте біршама уақыт завхоз болып жұмыс істедім. Сосын райкомның ұсынысымен Жаңаарқадағы әртүрлі мекемеде қызмет еттім. 1994 жылы Жезқазғандағы қаржы бақылау басқармасы жұмысқа шақырып, әкімшілік шаруашылық бөлімін басқардым. Кейін облыс мәртебесі алынып тасталған соң ол мекеме тарап, әртүрлі жұмыс істеуге тура келді. Темір ауылындағы құс фабрикасында, «Арай» фирмасында, түрлі түсті металл қабылдайтын «Барыс» фирмасында, сосын өндірістік теміржолда ұста болып жұмыс істедім. Бертін келе «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайына жұмысқа тұрып, археологтермен етене жұмыс істедім. Онда көптеген жәдігерді қайта қалпына келтіріп, қорықтың маңайын абаттандырып, қолдан қоршау жасап, тақтайшалар орнаттым. Бұл іс маған таңсық емес. Өйткені оған дейін бұрынырақта Жаңаарқада училищеде жұмыс істеп жүргенде Еңбек музейінің экспозициясын салғаным бар. Сосын 1984 жылы Жаңаарқадағы тарихи өлкетану музейінің экспозициясын қағаз бетіне түсірдім. 2012 жылы толық жөндеу жұмысына жабылған соң Ұлытау мемлекеттік қорық-мұражайының жаңа экспозициясын әзірледім. Қазір зейнетке шықсам да, Жезқазған темір-бетон зауытында ұста болып жұмыс істеймін.ҚАЗАҚСТАНДЫ ЖАЯУ ЖҮРІП ӨТУГЕ АЛТЫ ЖЫЛ ДАЙЫНДАЛДЫМ
Алты жыл бұрын музейде жұмыс істеп жүргенімде айналама Қазақстанды жаяу жүріп өткім келетінін айтқанда «Мақсатсыз шыққан сапар сәтті болмайды» деп бетімді қайтарып тастаған болатын. Алты жыл бойы бұл ой жадымнан кетпей, талай рет оқталдым. Ақыры Алла берген қуат, халық көрсеткен қолдау нәтижесінде биыл оның сәті түсіп, алдыма үш мақсат қойып, 31 наурызда Қазақстанды жаяу аралау үшін жолға шықтым. Мен мұнда атымды шығаруды, өзіме назар аударуды көздеген емеспін. Жаңа айтып өткендей, жол бойы менімен бірге арқамда үш мақсат «мінгесіп» келді. Бірінші мақсат – Ұлытау өңірінің қазақ тарихында алатын орнын көрсету, аймақты кеңінен насихаттау. Жол бойы үстіме ULYTAUMEN деген жазуы бар футболка киіп, арбама «Ұлытауға бардың ба?...» деп жазып алғаным да сондықтан. Кейбір білгіштер «Қазақта тарих жоқ» деп бос сөйлейді. Ал мен әлемде біздің ұлтымыздың тарихына тең келетін тарих жоқ екенін дәлелдеуді мақсат еттім. Ұлытауды Қазақстан тұрғындарының 98 пайызы білмейді десем, өтірік емес. Ол түгілі Қарағанды жұрты Ұлытауды білмейді, атын айтсаң, «Біздің аймақта ондай жер бар ма еді?» дегендей аң-таң болады. Өткенде өз алдына жеке облыс ретінде бекіткен кезде ғана естігендер де бар. Біле білсеңіз, Ұлытау өңірінің 6 мың жылға таяу тарихы сонау тас дәуірінен басталады. Біздің дәуірімізге дейінгі 3,5 мың жыл бұрын қола дәуірінде дүниежүзінде ең алғашқы металл қорытқан – Ұлытау өңірі. «Металл қорыту бізден тараған» деп айтсам көбі «Оны қайдан білесіз?» деп таңғалады. Олар мені кітаптан оқып не болмаса ақсақалдардан естігенімді айтып жүр деп ойласа керек. Ал шынында музейде жұмыс істеп жүріп, еліміздің және шетелдің ғалымдарымен бірге археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген кезде пешті қолмен ұстап, көзбен көргенмін. Екінші мақсат – қолөнершілердің мәртебесін асыру.ЖОЛ БОЙЫ ЖЕТІ ЖҰП АЯҚКИІМ, ЖИЫРМАДАН АСТАМ РЕЗЕҢКЕ ДӨҢГЕЛЕК ТОЗДЫРДЫМ
Сапарды 31 мамырда Ұлытаудан бастап, жоспар бойынша Жезқазған, сосын Қызылорда, Түркістан облыстарының жерін басып өтіп, Шымкентке жеттім. Сосын Тараз, Алматы, Талдықорғаннан өтіп, Аягөзге ат басын тіредім. Одан ары Өскемен, Семей, Павлодар, Қарағанды, Астана, Көкшетау топырағын басып, ары қарай Петропавл, Қостанай, Ақтөбе, Орал, Атырауға жетіп, марафондағы соңғы өңір Ақтау аймағына 1 қазан күні жеттім. Нақтырақ айтсам, 181 күннің ішінде 8 мыңға жуық шақырымды жүріп өттім. Сол 181 күннің ішінде жеті жұп аяқкиім, 20-дан астам резеңке дөңгелек тоздырдым. Әу баста сызған бағытымды өзгертпеуге тырыстым, бірақ жолай бір бағытты қостым. Павлодардан Екібастұзға, сосын Қарағандыға жүруім керек болатын. Кейін тарихи жер Баянауылға жолай соғып кетпесем болмайтынын түсіндім. «Сапарым сәтті аяқталсын» деген ниетпен киелі топырақта Құран оқытып, сапарымды жалғастырдым. «Жолы ең нашар қай өңір?» деп сұрасаңыз, Жезқазған – Қызылорда трассасын айтар едім. Көп жыл жөндеу көрмеген, әбден тозығы жеткен жол екен. Сол жерде арбам ортасынан опырылып түсті. Қызылордаға жетер-жетпес тұста су жаңа дөңгелегім жарылды. Сосын Аягөздің маңында біраз бейнет көрдім. Ал қалғаны – жасырып не қыламын, тақтайдай тегіс жол. Бәріне арбамның ішіне не салып алып жүргенім қызық. Оның ішінде бірнеше киім, төсек қап, дәрі-дәрмек, арбаға қажет құрал-саймандар, азын-аулақ тағам салып алдым. Таңертең ерте жолға шыққаннан соң міз бақпай күн батқанда ғана тізе бүгемін. Ал күндіз тізе бүкпеймін, түрегеліп жүремін. Тамақты да түрегеп тұрып жеймін. Себебі отырып тамақ ішсем, уақыт өтіп кетеді, отырып тұрған кезде ала таңнан бері ұстап келе жатқан қарқынымды қалпына келтіре алмай қаламын. Сосын жолда мен туралы естіп-білген жолаушылар көп тоқтатты. Олардың сәлемін қабыл алмасаң, сыртыңнан сөз айтып, әлеуметтік желіде «Бізді менсінбейді. Өзі ашулы» деп жазуы ықтимал.БІР РЕТ КӨЛІККЕ МІНГЕНІМДІ СУРЕТКЕ ТҮСІРІП АЛЫП, ХАЛЫҚТЫ АЛДАП ЖҮР ДЕП АЙЫПТАДЫ
Алты ай ішінде бір-ақ рет көлікке міндім. Оның өзінде амалым жоқ болған соң мінуге тура келді. Қостанайдан аса бергенде шелектеп жауған нөсердің салдарынан асфальт бетіндегі шұңқырды көрмей қалып, аяғымды жарақаттап алдым. Аяғым ісіп, жүре алмай қалдым. Сосын жолай өтіп бара жатқан полиция қызметкерін тоқтатып «Бұл жерге арбамды тастап кете алмаймын. Алдымызда орналасқан елді мекенге жеткізіп таста» деп көмек сұрадым. Көлік ішінде кетіп бара жатқанымда бір орыс жігіт сыртымнан суретке түсіріп алып: «Ақсақал елді алдап жүр. Арбасын тиеп, өзін көлік ішіне отырып алыпты. Біраз жерді көлікпен жүріп, сосын бізге «жаяу жүрдім» деп айтып алдайды» деп ел ішіне өсек таратып жіберіпті. Мен оны бірден естігенім жоқ. Көпшілік «Сіз неге көлікке мінесіз? Неге бізді алдайсыз?» деп сұрақты төпелетеді. Елден ештеңені жасыруға болмайды. Бәрібір естиді. «Алдайтын түгім жоқ, көлікке мінгенім рас, аяғымды басып жүре алмай қалдым» деп ақталғаным бар. Полиция қызметкері жедел жәрдем шақыру туралы ұсыныс айтқан еді, бірақ «Шақырсаң сапарымды аяқтай алмай қаламын» деп шақыртпай қойдым. Сөйтіп, жақын маңдағы ауылға барып, халық емін қабылдап, қырыққабаттан компресс жасап, ертесі түк болмағандай шауып кеттім.«ҚАЗАҚМЫС» КОРПОРАЦИЯСЫ ЕКІ БӨЛМЕЛІ ПӘТЕР СЫЙЛАЙДЫ ДЕП ЕШ ОЙЛАМАДЫМ
Отбасымда бір қызым, бір немерем, екі шөберем бар. Қазір немерем және келініммен бірге Жезқазғанда тұрамыз. Алғашында отбасым бұл бастамама қарсы болды. «Қартайған шағыңда көлік қағып кетсе, сосын сені қайдан тауып аламыз? Көмусіз қаласың ғой» деп біраз қипалақтады (күліп). Сосын жоғарыда діттеген мақсатымды түсіндіріп айтқан соң туыстарым, достарым жиналып, жылы лебіздерін айтып, сапарға шығарып салды. Жол бойы Ұлытауды ұлықтағаным үшін «Қазақмыс» корпорациясы күні кеше екі бөлмелі пәтердің кілтін табыстады. Бұған қоса, ішін жиһазға, тұрмыстық техникаға толтырған. Маған мұндай сый-сияпат жасайды деп еш ойлаған емеспін. Риза болғанымды жасырмаймын. Осы ретте Ұлытау облысының әкімі мен «Қазақмыстың» басшыларына шексіз алғысымды айтқым келеді. Алға қойған жоспарды тиянақты орындап, Ақтауда сапарымды аяқтадым. Сосын ұшақпен Астанаға, ары қарай көлікпен Жезқазғанға жеттім. Арбамды Ақтау қаласындағы туризм қоғамының өкілдері музейге қою үшін сұрап алып қалды. Онсыз да оны ұшаққа алып жүруге болмайтын еді. Менің көрсеткішімді Гиннесс рекордтар кітабына енгізуді қолға алып жатқанын естідім. Әлемде менің жасымда осындай қашықтықты еңсерген басқа адам жоқ екен. Бірақ ол кітап бес жылда бір рет шығатындықтан, мені келесі кітапқа енетін рекордсмендердің тізіміне тіркеп қойды.КЕЛЕСІ ЖЫЛЫ ӘЛЕМДІ ЖАЯУ АРАЛАП, ҚАЗАҚСТАНДЫ ДҮНИЕЖҮЗІНЕ ТАНЫТСАМ ДЕЙМІН
Менде көлік жоқ. Автобусқа да мінбеймін. Қатты асыққанда болмаса, таксиге де мінбеймін. Жаяу, емін-еркін жүргенді жөн көремін. Менің алдымда кетіп бара жатқан адамды басып озбасам, көңілім көншімейді. Одан қалып қойғаным менің денсаулығымның жоқтығы деп есептеймін. Бұл әдет бала күнімде қалыптасқан. Ауру қалса да, әдет қалмайды. Әлі сондаймын. Сапарымды аяқтағаныма он күндей уақыт болса да, үйде отырмаймын. Бабымды сақтауға тырысамын. Жұмыста жүрген соң тізе бүкпеймін. Топтың арасында жұмыс істемесем, айналам адамға толы болмаса жалғызсырап қаламын. Көппен бірге жұмыс істесең, көңілді жүресің. Халқыма бергенімнен берерім әлі көп. Шама-шарқым жеткенше көмектесуге тырысамын. Ел мені төбесіне көтеріп сыйлайды. Халыққа керек екенімді сезіндім. Сондықтан да жұмыста көңілді әрі ширақ жүремін. Ал үйде отырсаң, сылтауың көбейеді. «Ана жерім сыздап тұр, мына жерім қақсап тұр» деп айта берсең, орныңнан тұра алмай қаласың. Ауырдым деген адам ауыра береді. Бізде тіпті дені сау адамның басы сәл ауырса, жүріп, таза ауа жұтқанның орнына төсекке жантая кетеді ғой. Сондықтан мен ауру-сырқауды ойламай, жаяу жүруге тырысамын. Алға қойған жоспар көп. Алла қуат берсе, келесі жылы бүкіл дүниежүзін жаяу жүріп өтуді жоспарлап отырмын. Қазақстанды аралау арқылы көптен бері көкейімде жүрген мақсаттарымды іске асырдым. Ендігі мақсат – Қазақстанды әлемге таныту. Қазақстан деген алып мемлекет, қазақ деген бейбітшілік сүйгіш ұлт бар екенін айтқым келеді. «Біз – тек бейбіт өмір сүруге жаратылған халықпыз» деген ұранмен жолға шықпақпын. Соңғы аялдама Ақтау қаласынан пароммен Әзербайжанға, сосын Грузия, Түркия арқылы Еуропаға өтіп, ары қарай ұшақпен Америкаға жетіп, ол алып елдің бер жағынан ар жағына дейін жүріп өткім келеді. Содан соң оның солтүстік-батыс жағалауынан ұшақпен Қытайға ұшып, оны жүріп өтіп, сосын Моңғолия, Шығыс Қазақстанға жету мақсатым бар. Бірақ бұл жолы мен жалғыз емеспін, маған еріп жүргісі келетін екі қолдаушым табылды. Бірі – елімізге танымал фотограф Дмитрий, екіншісі – ағылшын тіліне жетік кинооператор Володя деген жігіт. Олардың бірі жолда көлік айдап, артымыздан еріп жүрсе, бірі менімен бірге жаяу жүреді. Сосын екеуі орын алмастырып отырады.Жазып алған Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ