Гүл шамдар жасап сататын көпбалалы ана
Гүл шамдар жасап сататын көпбалалы ана
Мәдина Дәуренбек жұртшылық арасында шебер келін атанып кеткен. Өйткені қолынан көп дүние келеді. Тігін тігеді, құрақтың түр-түрін құрайды. Бұрын шаш қиюшы болып жұмыс істесе, қазір қолөнерге түбегейлі бет бұрған. Бүгінде жас ана кез келген жердің көркін келтіретін гүл шамдарын жасап, кәсібін дөңгелетіп отыр.
Түркістан облысына қарасты Жетісай қаласының тұрғыны үйде отырып жұмыс істеуді дұрыс көреді. Өйткені кішкентай баласы бар жас отбасы үшін тиімді жол осы.
«Негізгі мамандығы – мұғалім. Бұл кәсіпке келгенге дейін шаштаразда жұмыс істедім. Таңнан кешке дейін сыртта жұмыс істеу қолайсыздық туғызды. Балаларым бірінен кейін бірі өмірге келіп жатыр. Сондықтан бала күтіміне де көңіл бөлуім керек болды. Ойлана келе, үйде отырып жұмыс істеген ыңғайлы екенін түсіндім. Негізі, кішкентай кезімнен қолөнерге жақынмын. Ұлттық киімдер тігіп, құрақ құрайтыным бар еді. 2019 жылы декреттік демалысқа шығып, үйде отырдым. Құр отырмай, бір іспен айналысқың келеді. Сөйтіп, «Не істесем екен?» деп интернетті ақтарып, біраз іздендім. Содан гүл шамдарына көзім түсті. Әдемі әрі бәрімізге керек дүние. Қатты ұнап, жасап көргім келді. Бұл ойымды бірінші жолдасыма айттым. Ол бірден қолдау білдірді. Осыдан кейін көп ойланбай, жұмысты бастап кеттім. Қазір күні-түні жасаған жұмысымның жемісін көріп жатырмын. Еліміздің әр өңірінен тұрғындар хабарласып, тапсырыс береді, табысым да жақсы», – дейді қолөнер шебері.