Аудан архивтерінде құнды құжаттар сақталған
Аудан архивтерінде құнды құжаттар сақталған
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін Мемлекеттік комиссия құру туралы бастама көтерілді. Бүгінде 11 жұмыс тобы құрылып, ғалымдар, зерттеушілер, мемлекеттік орган өкілдері және тарихшылар республикалық, өңірлік деңгейде жұмыс атқарып жатыр. Комиссия алдына тұлғалар жөнінде тарихи әділдікті қалпына келтіруге қатысты маңызды міндет қойылды. Осы орайда Алматы облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия жұмыс тобының жетекшісі Еркін Стамшаловпен сұхбаттасып, қазір атқарылып жатқан жұмыстар туралы сұраған едік.
– Еркін Иманғазыұлы, сіз жетекшілік ететін комиссияның жұмысы қалай жүріп жатыр? Соңғы мәліметтерді бөліссеңіз.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен құрылған мемлекеттік комиссияның алдына толық ақтау, яғни жазықсыз жапа шеккен, атылған, лагерьлерге қамалған, жер аударылған, мүліктері тартып алынған, азаматтық құқығы шектелген азаматтар категорияларын жаппай ақтау мақсаты қойылды. Республикалық комиссия тарапынан құрылған 11 түрлі жұмыс тобы зерделеу, іздестіру жұмыстарын жүргізді. Республика бойынша мемлекеттік комиссия жұмысын оның жобалық кеңсесі ұйымдастырып отыр. Облыстарда өңірлік комиссиялар мен олардың жұмыс тобы жұмыс істеп жатыр.
Алматы облыстық өңірлік комиссиясында жоғарыдағы тоталитаризм құрбандарының 11 категориясын 7 жұмыс тобы қарастырып жатыр. Алматы округі, кейіннен Алматы облысы шекара аудандарында болған аштық, күштеп ұжымдастыру, кулакқа жатқызу, дінге қарсы науқан, шектен тыс салық, азық-түлік тапсырмасының ауыртпалығы, осыдан туған жаппай халық көтерілістері, босқындар тарихы, соғыс тұтқындары, Кеңес үкіметіне қарсы жеке қарсылық жеке-жеке қарастырылып жатыр.
Өзім жетекшілік ететін №5 жұмыс тобы халық көтерілісіне қатысқандарды, дінге қарсы науқан құрбандарын, жеке тұлғалардың, мәдениет, қызмет бабы бойынша антикеңестік жеке қарсылықты (диссиденттер) зерттейді. Зерттеу жұмыстары нәтижесінде 1928-1934 жылдар аралығында Алматы облысы аумағында ірі 20 бас көтеру анықталып, оған қатысқандардың сандық мәліметі жинақталды. 125 шаруа көтеріліске қатысқаны үшін сотталған. 44 шаруаның ақталмағаны анықталды. Бұрын олар туралы ешбір мағлұмат болмаған. «ОГПУ-НКВД-КГБ» тергеуі бойынша, контрреволюциялық топ, ұйым, жеке қарсылық ұйымдастырды деген айыппен қуғындалған, әлі күнге дейін ақталмаған тағы 55 тұлғаның тізімі анықталды. 1932 жылғы7 тамызда Орталық Атқару комитеті мен КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің «Мемлекеттік кәсіпорындардың, колхоздардың және кооперациялардың мүлкін қорғау және қоғамдық (социалистік) меншікті қорғау туралы» қабылдаған қаулысымен («Бес масақ» заңы) Алматы облысы бойынша сотталған 1 634 шаруаның жеке ісі қаралды. Қазір толық ақтау бойынша жинақталған деректер сараланып, қорыту кезеңі жүріп жатыр. Жобалық кеңсе тарапынан жұмыс топтары біріктіріліп, 2023 жылы комиссия жұмысы толыққанды жалғасады. Бұл, әрине, қуанарлық жағдай. Өйткені тұтас тоталитарлық жүйенің зорлығынан қапыда кеткен, өмірі өксікпен өткен адамдардың тағдырын жүйелі зерттеуге бір-екі жыл аздық етеді.
– Саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы ақпаратты анықтауда қандай да бір кедергі туындаған кездер болды ма?
– Комиссияның аты айтып тұрғандай, толық ақтау мақсаты қойылған соң жұмыс ауқымы кең болуын талап етеді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін бастапқы жылдарда саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі бірінші комиссия жұмысында ақталуға жататындар категориясы шектеулі болып, жұмыс орта жолдан тоқтағаны белгілі. Сол себептен құпия құжаттар мәселесі шешімін таппаған. Қазіргі толық ақтау комиссиясы сол түйінді мәселелерді шешу үстінде. Өңірлік комиссия жұмыс топтарының мүшелері құпиялылығы алынбаған құжаттарды зерттеу үшін арнайы рұқсатнамамен қамтамасыз етілуге тиіс. Бұл арада ескере кететін бір мәселе бар. Бұл өңірлік ерекшеліктерге байланысты. Жетісу губерниясы, Алматы округі, Алматы облысы деп аталып келген өңірдің 8 ауданы шекараға жақын өңір болғандықтан жұмысты күрделендірді. Толық ақтау жөніндегі комиссия жұмыс бағыттары бойынша анықтағанындай, босқын, көтерілісші, ашыққан халықтың басым көпшілігі большевиктік-өлкелік биліктің қолына түспей, босып кеткен. Алматы облыстық комиссиясы ұйымдастырған ғылыми экспедиция барысында Кеңес үкіметі жазалауына ұшыраған «шетелдік банда» деген топ анықталды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің арнайы архивінде, тіпті жабық қорларда мәлімет аз кездеседі. Бұлар – Кеңес үкіметінің аграрлық, діни саясатына қарсы шығып, қолына қару алып күресіп, бас сауғалап шекара асқандар. Алматы округі бойынша босқындар негізінен Батыс Қытайға, Қырғызстанға кеткен. Бірқатар халық көтерілісінің басшысы (Құндақбай Төлендинов, Жақыпберді Солтанбекұлы, Мергенбай Жаманкөзұлы, Көкімет Баялыұлы және т.б.) кеңестік биліктің талабы бойынша Қытай үкіметінің қолынан қаза тапты. Атап айтқанда, 1932 жылы Қытайдың Күре түрмесіндегі Жақыпберді Солтанбекұлы бастаған 24 көтерілісші атылды. Көтерілісшілердің мүрдесі Жаманбұлақ қорымына жерленген. Атылғандарың үлкені 47 жастағы Жақыпберді Солтанбекұлы болса, ең жасы 16 жастағы Тұрсынбай Әубәкірұлы болған. Жақыпберді бастаған 12 адамды да Күре түрмесіне әкеліп, сонда атады. 24 көтерілісшінің денесін жергілікті ұйғыр ауылы тұрғындары Жаманбұлақ қорымына жерлейді. Көріп отырғанымыздай, бұл тақырыпты зерттеуде отандық архив қорлары дерегі жеткіліксіз.
– Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға негіз болатын дереккөздер қандай? Архив қорлары ашық па?
– Жұмысты ұйымдастыруда көнекөз қариялардың, құрбан болғандардың ұрпағынан ауызша дерек жинау маңызды. Алматы облыстық комиссиясы жұмыс топтары Райымбек, Кеген, Ескелді, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Ұйғыр аудандарына экспедиция ұйымдастырды. Экспедицияның пайдасы – көнекөз куәлер, құрбандардың ұрпақтарымен көзбе-көз сұхбаттасуға мүмкіндік беруі. Куәгерлердің айтқаны, олардың аузынан жазып алған жергілікті өлкетанушылардың қолындағы мәліметтер толық ақтау комиссиясы қорытындыларына пайдаланылады. Мұндай ғылыми-зерттеу экспедициялары бармаған аудандар әлі бар. Ұйымдастыру жұмыстары қаржылық қолдауды қажет етеді. Мұнымен бірге XX ғасырдың 30-жылдары бойынша отандық архив қорлары «тазартылып» отырған. Кейбір хронологиялық деректер мүлде кездеспейді. Мұндай архивтерді тазалау жұмыстары цензура мақсатында жүргізілген. Архивтерді тазалау жұмыстары орталықтағы мұрағаттарда көп жүргізілген. Ал аудан архивтерінде ондай құнды құжаттар сақталып қалғанын көріп отырмыз. Аудандық архивтерде орталық архивтерден табылмаған деректер кездесіп жатыр. Осындай жағдайды біз Райымбек, Панфилов аудандары архивтеріне экспедиция кезінде көрдік. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша зерттеу архивтерде жүргізіледі. Алматы облыстық комиссиясының іздестіру жұмыстары Орталық мемлекеттік архив, Президент архиві, Алматы облыстық мемлекеттік архиві, Алматы облыстық Ішкі істер департаментінің арнайы архиві, облыс прокуратурасының құқықтық статистика жөніндегі архивінде жүргізіліп жатыр. Архивтердің үшеуі жалпы негіздегі азаматтық архив болса, құқық қорғау органдарының архивтері зерттеушілерді тиісті рұқсатнамамен ғана кіргізеді. Жоғарыда айтылған қуғын көргендердің 11 категориясы әрқилы заңдық нормалармен өлтірілген, сотталған, қысымға ұшыраған. Ол – сол кездегі Қылмыстық кодекстің баптары. Мысалы, 1926 жылғы қылмыстық кодекстің 58-бабы контрреволюциялық қызмет болса, 59-бап қарақшылық, 61-бап ортақ істен бас тарту, 84 шекараны заңсыз өту, тағы басқалары. Міне, осы баптар бойынша қаралған қылмыстық іс материалдары (хаттамалар, айыптау қорытындылары, жауап алу, үкімдер, қадағалау өндірісі құжаттары) – зерттеушінің негізгі сараптайтын дереккөзі. Сіз айтып отырған құжаттардың ашықтығы туралы сұрақтың жауабы құпиясыздандыру жұмыстарымен байланысты. Комиссия жұмысы басталғалы бері жабық қорлардағы істерден «құпия» белгісін алу жұмыстары қолға алынды. Прокуратураның арнайы статистика архиві құжаттарының басым бөлігі құпиясыздандырылып жатыр. Құпиясыздандырумен арнайы заң шеңберінде тиісті мемлекеттік органдар айналысады. Бұл жұмыстарға, әрине өңірлік комиссияның жұмыс топтары сарапшы ретінде көмектеседі.
– Қуғын-сүргінге ұшырағандардың нақты саны белгілі болды ма?
– Толық ақтау комиссиясының бір мінде-ті – ұлттық апаттың көлемін нақтылау. Бұл оңай шаруа емес. Деректердің жұтаңдығы, құжаттардың жойылуы, қолда бар жалпылама құжаттар көлемінің ауқымдылығы құрбандар санын анықтау жұмысын қиындатады. Алматы облысындағы архивтерде тәркіленуші шаруа, діндәр, босқын, жер аударылғандар сияқты құрбандар категорияларының араб графикасымен жазған арыз-шағымдарының мол қоры бар. Құрбандар санын анықтау үшін бұл құжаттар да зерделенуі керек. Осы құжаттармен жұмыс істеу үшін Алматы облыстық комиссиясы жұмыс топтарында араб графикасын меңгерген 4 маман жұмысқа тартылды. Тізбеленген қиындықтарға қарамастан, белгілі бір нәтиже бар. Жалпы, облыс бойынша 83 шаруаның тізімі анықталып, олардың 30-ы ақталмағаны дәлелденіп отыр. Алматы облысының шекаралық аудандарынан мал-мүлкі тәркіленіп, жер аударылған 273 шаруаның тізімі анықталды.
Мамандардың талдауынан өтіп жатқан 1932 жылғы 7 тамыздағы «Бес масақ» заңы бойынша Алматы облысында 1 634 шаруа сотталғаны анықталып, тізімі алынды. Ал 1947 жылғы 4 маусымда қабылданған осыған үндес Жарлық бойынша 181 адам жазаланған. Ал діни адамдардың қуғындалуына байланысты зерттеулер бойынша 23 діндар ату жазасына кесілген, 1-еуі еш сотсыз өлтірілген, 6-ауы ұзақ мерзімге сотталған, 4 адам «молданың баласы» болғаны үшін сотталған. Сонымен қатар босқыншылыққа ұшыраған 7 діндардың есімі анықталды. Дінге қарсы науқан кезінде қиратылған немесе басқа мақсатқа берілген 15 мешіт, 14 шіркеу сияқты құлшылық орындары белгілі болды. 40-50-жылдарда мешіт ашу үшін өтініш жазып қудаланған діндарлардан 2 молда анықталды. Жалпы, облыс бойынша қуғын-сүргінге ұшыраған діндарлар саны – 43. Мұнымен қоса, ресми органдар «қаңғыбас молдалар» деп атаған арнайы категорияға жататын діндарлар бар. «Кеңес өкіметін құлатпақ болды» деген айыппен Ақсу ауданынан «Сердөбе» атты ұйымнан 26 адам сотталған. Шелек ауданынан ұйым болып зиянкестік жасады деген айыппен 22 шаруа қамалса, олардың 7-еуі ату жазасына кесілген. 10 адам 10 жылға сотталған. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмысы белгілі бір қорытынды жасалғаннан кейін арнайы қабылданған заң аясында жүргізілетін болады.
Өткен жылы Алматы облыстық комиссиясы тарапынан 4 кітап жарық көрді. Олардың әрқайсысының мазмұны жұмыс топтарының бағыттарына сай келеді. Кітаптар қатарында «Жетісудағы ашаршылық (1928-1934)», «1928. Қастек ауданындағы тәркілеу» атты құжат жинақтары, саяси қысымның кесірінен Қытайға босқан ақын Көдек Байшығанұлының шығармалар жинағы, тарихшы Ә.Шашаевтың «Жетісу өлкесіндегі империялық-полицейлік қадағалау тарихы (1867-1917)» атты монографиясы бар. Осы жылы тағы екі құжат жинағы әзірленіп жатыр. Олардың бірі Жетісу өңіріне депортацияланғандардың эшалондық тізімі болса, екіншісі – Балқаш ауданындағы 1928 жылғы тәркілеу науқаны материалдары.
1928 жылғы тәркілеу бойынша Қастек ауданынан Орал округіне 79 жасында жер аударылған Жылқыбай Қадырбаев Жамбыл жыраудың замандасы болған. Бай, болыс болған Жылқыбайдың өзі 1929 жылдың басында Орал округі Зауралье ауданында қаза табады. Әкесі қайтыс болғаннан кейін оның ұлы Шөжеғұл Жылқыбайұлы белгісіз себеппен айыпталып, Сібірге жер аударылған. Сібірден қашып шыққан ол қайтадан Қастек ауданына келеді. Шөжеғұл 1930 жылдарда осы ауданда басталған Шалтабай Құдайбергеновтің көтерілісшілеріне қосылады. Ақырында Шөжеғұл Шалтабай отрядынан бөлініп, Қордайда әрекет еткен Күнбатар, Таңатар есімді қарулы босқындармен бірге Қытайға кеткен. Әйелі Жібек пен оның қамқорлығындағы балалары осында қала береді. Шекарадан өте салып, сібе топтарының тонауына ұшырап, жанын аман алып Күнеске жеткен. Оспан батыр Исламұлының көтерілісіне қатысқан. Шөжеғұл Қазақстанда қалған, баққан баласы Төленбай Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, аман-есен келген. 50-жылдары консулдық қызметтен кеңес паспортын алып, 1956 жылы КСРО-ға өтіп келеді. 1977 жылы қайтыс болған. Алматы облысы өңірлік комиссия мамандарының мағлұматы бойынша, Жылқыбайдың қайтыс болған мекені анықталды. 2022 жылдың 25 мамырында Жылқыбайдың шөпшегі Шыңғыс Тоққұлов Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Покатиловка ауылына барып, арнайы мал сойып, атасына Құран оқытып қайтты. Бұл ізгі істі комиссия жұмысының нәтижесі деуге болады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ