Төлеубек Қарамендітегі: Сәулет өнері халыққа да, мемлекетке де пайдалы болуға тиіс

Төлеубек Қарамендітегі: Сәулет өнері халыққа да, мемлекетке де пайдалы болуға тиіс

Төлеубек Қарамендітегі: Сәулет өнері халыққа да, мемлекетке де пайдалы болуға тиіс
ашық дереккөзі
Бүгінгі сәулет өнері тек әдемілік пен үйлесімді ға­на емес, адамдардың өмір сүруіне қолайлы жағ­дай жасау мәселесін де басты назарда ұстайды. Кеңестік кезеңдегі архитектурада бұл мә­се­лелердің талайы ескерусіз қалып, бүгінде еліміздің қа­­лаларында түрлі қиындық туып жатқаны белгілі. Сон­дай-ақ бұрынғы кезде ұлттық сәулетшілердің аз болғаны себепті қалаларымызда ұлттық архитек­тура­ның ескерусіз қалғаны да белгілі. Оған не себеп? Осы және өзге де мәселелер жайында біз сәулет ғылым­да­ры­ның кандидаты, профессор Төлеубек Қарамен­діте­гімен сұхбаттасып, әңгімесін жазып алған едік.

Сәулетшілік жолым қиындыққа толы болды

Кеңестік кезде ұлттық рес­пуб­ли­ка­ларда жергілікті мамандарды дайын­дауға өте құлықсыз болды. Тіпті, өсір­меуге түрлі себеп тауып, кедергі кел­тірді. Оны өз басымнан талай өткізген адам­мын. Мен Қазақ политехникалық инс­ти­тутының Архитектура факуль­те­тін 1966 жылы елімізде алғашқылардың бірі болып үздік белгімен бітірдім. Дип­лом­дық жұмысым Алматының бір ауда­ны­ның жобасы еді. Ол – М.Әуезов, Абай, Төле би (ол кезде Комсомольская) көше­лері­нің арасында орналасатын квартал. Мен жобамда жаңа ауданның қалаға және та­биғатқа үйлесімдігіне сай жұмыс бола­тын. Онда еркін көлік қозғалысына мән бері­ліп, Әуезовтің Төле би көшесін қиып өтер тұсында көпір салу жобаланған-ды. Бұл жобамның бір жаңалығы болса, екін­ші жаңалығы – Абай көшесінен Қап­ша­ғай­ға қарай электропойыз жүргізу (қазіргі ЛРТ сияқты) жобаланған болатын. Жоба­ның үшінші жетістігі қаладағы ауа қо­з­ға­лысына арналған еді. Шынын айту ке­рек, бұған ұқсас жоба Алматының Верный ата­нып тұрған кезінде француз сәулетшісі Гурба деген кісінің жұмысында болған. Онда қала көшелері таудан төмен қарай созылып жатуға тиіс болатын. Мен соны жетілдірдім. Өйткені Алматы – жел соқ­пай­тын қала. Сондықтан екі не үш қабат­ты үйлерден тұратын (жалпы Алматыға биік үй салу қауіпті әрі олар ауа ағымына кедергі келтіреді) көшелер таудан төмен тіке созылып жатса, таудың салқын ауасы көшенің бойымен жүріп, ыстық ауаны жо­ғары көтереді де, ауа тазарып тұрады. Жә­не мен жобалаған кварталда балалар ой­найтын алаң мен жасыл желекке оран­ған тұрғындар демалатын орын болуы қарас­тырылған. Сонымен бірге мен салы­натын жаңа аудандағы биік үйлердің бірін­ші қабатын пәтерден босатып, тұр­ғындар пайдаланатын: түрлі затын (мә­селен, велосипед, шаңғы, т.б.) қоятын бөл­мелер жасауды жобаладым. Тағы бір ай­та кететін нәрсе – менің жобамда бір үй екін­ші үйдің алдын көлегейлемей, бәріне тау көрініп тұратын ыңғайда жасалған еді. Олардың бәрінің төбесінде де тауға қарап, адамдар таза ауамен демалып отыратын жан-жағы ашық шатырлар болуға тиіс еді. Дегенмен дипломдық жұмысыма ба­ға берушілер (Мәскеудегі жоба­ны бекітушілер) жобамның біраз тұсын экономикалық жақтан тиімсіз деп тапты. Мә­селен, жер бетінен метро жасау (жо­ғары­дан жүретін электропойыздар ғой, ол кез­де КСРО-да ондай жоба болмаған) көп қаржыны талап етеді, сосын биік үйлердің бірінші қабатын босату – көп пәтерді жо­ғал­туға әкеледі, Әуезов пен Төле бидің қиы­лысынан жолайрығын салу қажетсіз деп санаған. Мен оны білген жоқпын. Ал біз­дің оқу ордасының басшыларына бұл жағ­дай, әрине оңайға соқпайды. Маған жо­бамның сыналып жатқанын, қорғау қиын болатынын, қорғай алмаған жағ­дай­да үздік диплом ала алмайтынымды айт­ты. Бірақ мен оған бола уайымдаған жоқ­пын. Өзімнің жобамның Алматы та­б­иғатына үйлесімді екеніне сенемін. Дипломдық жобамды қорғау ке­зін­де оның тиімділігін дәлелде­ге­німде мемлекеттік емтихан комис­сия­сының бастығы Репинский деген кісі (Каз­горпроект мекемесінің бастығы) ме­нің жобамның қала тұрғындарына қо­лайлы екенін айтып, өте жақсы баға берді. «На­ғыз жаңашыл жоба осындай болуы керек» деп диплом жұмысымды жарамсыз қыл­ғысы келіп отырғандардың аузына құм құйды. Жалпы, архитектура екіге бөлінеді: жеке ғимараттар салу мен тұтас квар­талдар мен елді мекендер архи­тек­турасы. Менің мамандығым да, қорғап жат­қан жобам да – соңғысы. Сөйтіп, сәу­летші ретінде алғашқы жобамның та­быс­ты болғаны бар. Архитектурада ансамбль деген ұғым бар. Оның шарты бойынша, салынған ғи­марат­тар, үйлер маңайындағы өзге ғи­ма­рат­тар мен үйлерге үйлесіп тұруы қажет. Сол сияқты табиғатпен де үйлесіп, адам­дар­дың өмір сүруіне де қолайлы болуы тиіс. Менің әлгі жобамда осы шарттардың бәрі ескерілген-ді. Дипломды қорғап болған соң Мәс­кеуге барып аспирантураға түсуге құжат тапсырғанда, сәулет бойынша жо­бам­н­ың кемшілігін көрсетпей-ақ, маған ем­тиханда «екі» қойған. Менімен бірге ас­пи­рантураға түсуге талпынған Грузия аза­матына да солай істеген. Төмен баға қой­ғандар неге олай жасағанын түсін­дірмейді. Сосын мен Қазақстанның сол кез­дегі Мәскеудегі өкіліне барып мән-жай­ды түсіндірген соң сол өкілдің көмегімен ас­пирантураға қабылдандым. Сосын кан­дидаттық диссертациямды қорғаған соң қайтадан Қазақ политехникалық инс­ти­тутының сәулет өнері факультетіне келіп жұ­мыс істей бастадым. Істегеніме үш жыл тол­ғанда оқытушыларды аттестациядан өт­кізіп, кеңес мүшелері мені «оқыту­шы­лыққа жарамайды» деп құлатты. Ал мен сту­­­денттеріммен жақсы жұмыс жүргізетін ку­ратормын. Бәрі маған келеді, әлгі мені «құ­латқандардың» бәрі де мені жақсы біле­тін адамдар. Шамасы, менің жұмыс ор­нымдағы талапшылдығым мен барын бар, жоғын жоқ деп айтатын принцип­шіл­дігім ұнамаған болуы керек. Оның зардабы аз емес. Себебі ондай аттестациялық ко­мис­сиядан құлатылған адамды басқа жер­­ге жұмысқа алмайды. Ол кезде аттес­та­циялық комиссияның берген қорытын­дысын сот қарамайды. Яғни, шағымдану мүмкіндігің жоқ. Енді не істеу керек? Мен сол кездегі Қазақ КСР Жоғары жә­не орта кәсіптік білім ми­нис­трі­­нің орынбасары Сағындық Кенжебаевқа ба­рып мән-жайды түсіндірдім, ашық қия­нат жасап отырғандарын айттым. Ол кісі ма­ған мұны шешудің бір жолы барын тү­сін­дірді: яғни мен өзім істеп жатқан жер­ден «өз еркіммен кетуге» арыз жазуым ке­рек. Сонда мен аттестациялық комис­сия­ның шешімімен жұмыстан шығарыл­ған деген сөзден құтылып, өзге жерде жұ­мыс істеуге мүмкіндік аламын. Солай жа­­садым. Осылайша, Целиноград қа­ла­сын­­дағы (қазіргі Астана) Ауыл шаруа­шы­лы­ғы институты жанынан ашылған ар­хи­тек­тура бөліміне оқытушы болып кеттім. Ол жерде бір жылдан соң кафедра мең­герушісі болдым. Одан кейін тағы бір ка­федра ашылған соң Архитектура фа­куль­теті құрылды.

Тарихи ескерткіштердің қадірін сәулетшілер біледі

Оқытушы бола жүріп, Целиног­рад­тың архитектурасына қатысты мә­селелерге де назар аудара бастадым. Жалпы, қаланың орталығынан үл­кен трасса салынбайды. Үлкен көлік ағымы қаланың сыртында болуға тиіс. Бірақ осындай мәселе ол кезде ес­ке­рі­ле бермейтін. Ал мен барған қаланың ор­тасынан үлкен көше салу үшін үйлерді бұза бастады. Кеңестік кезде тарихи мәні бар ескерткіштерге мемлекеттің онша жа­ны аши қоймады ғой, ондай әдет Це­ли­ноград қаласында да көрініс тапты. Жаңа­ғы үлкен көшені жасау үшін қала ор­­тасында ұзақ жыл бойы тұрған, сапалы қы­­­зыл кірпіштерден салынған көпес­тер­дің үйлері де бұзыла бастады. Оның ішін­де ХІХ ғасырда салынған көпестің үйі – кейін «Родина» деген гастрономға айнал­ған ғимарат пен Сәкен Сейфуллин атын­дағы кітапхана да бар. Бұған құр қарап отыра беруге бола ма? Сондықтан мен мақала жазып, «Целиноградская правда» га­зетіне жолдадым. Бірақ мақаланы бас­пай үш ай бойы ұстап отырды. Мақаланы қа­лалық атқару комитетіне жіберген. Ал қа­лалық атқару комитетінен «сіз мақа­лаңызда атап көрсеткен көпестің үйі тари­хи ғимаратқа жатпайды. Сондықтан ол қаланы кеңейту үшін бұзылуға тиіс» де­ген қысқаша ғана жауап келді. Бірақ ма­қалам 1979 жылдың 6 маусымында «Ка­зах­стансая правда» газетінде «Лицо горо­да» деген атаумен басылып шықты (арада бір-екі жыл өткенде бұл мақала «Социа­лис­тік Қазақстан» газетіне «Қала келбеті» де­ген атпен жарияланды). Соның себе­бі­нен бұ­зыл­ғалы тұрған тарихи ғимараттар жойы­лып кетуден аман қалды. Осы арада тағы бір айта кететін нәр­се, 1979 жылы Мәскеудегі ор­та­лық үкімет бүгінгі Ақмола облысындағы Ерей­ментау ауданы аймағынан Неміс авто­номиялық республикасын құрмақшы бо­лып, соған қарсы студенттердің ереуілі бол­ған. Оған қатысқандардың арасында өзім де жүрдім. Сол кезде маған тісін қай­рап жүрген қала басшылығы митингіні ұйым­дастырушылардың бірі ретінде айып тақпақшы болды, дегенмен студенттерім менің ереуілге қатысқанымды жоққа шы­ға­рып, саяси мәні бар іспен ұсталудан аман қалдым. Шынын айту керек, аталған ми­тингіге еліміздің басқа қалаларынан кел­ген жастар да қатысқан. Целиноградта бес жыл жұмыс іс­те­ген соң Алматыға оралдым. Мұнда кел­­­ген соң инс­ти­тут­та бөлім бастығы бо­­лып қызмет ете бас­тадым. Тараз қала­сы­­на барып көне Та­раз қаласын зерттедім. Зерт­теуімді пісі­ріп алған соң жұмыста екі айдай оты­рып мақала жазып шықтым. Ма­қалам «Сох­ра­нить и использовать» де­ген ат­пен «Ка­зах­стан­ская правда» газе­тін­де жа­­­рияланды. Он­да мен «ескі қаланың ор­­нын аздаған жөн­деу жұмыстарын жүр­гізе отырып ашық музей ретінде қалдыру ке­рек» деп ұсы­ныс айтқанмын. Ал бұл идея­­ны ұнатпағандар менің мақаламда ай­тыл­ғандарды жоққа шығарып, «ескі қала­ның орнын сақтаудың қажеті жоқ, он­да­ғы сақталған нәрселер сақтау норма­тивіне сай келмейді, өйткені олар ағаштан жа­салмаған» деп жоғары жаққа арыз түсі­ріп­ті. Ол нормативте негізі архитектура­лық ескерткіштер (үйлер, т.б. ғимараттар) ағаш­тан жасалған болуға тиіс. Ал біздің жеріміздегі тарихи ғимараттардың түгелге жуы­ғы тастан қаланғаны, сабанды кірпіш­терден жасалғаны белгілі. Сонда біздің көнеден келе жатқан, бүгінге дейін жеткен үйлер, ғимараттар қалайша ресейлік нор­мативтерге сай болады? Енді мен өз ұсы­нысымды тиісті орындар алдында қор­ғауым керек болды. ҚазКСР Мәдениет ми­нистрінің орынбасары Әбіш Кекіл­баевқа барып жағдайды түсіндірдім. Ол кісі мені қолдады. Сәулетшілердің міндеті жаңа жоба жа­сап, салу ғана емес, ескіден келе жатқан тарихи ескерткіштерді де қорғау. Құдайға шү­кір, бұл мәселеде де өз ұстанымымды та­лай қорғап шыға алдым.

Халыққа қиындық туғызатын ғимараттар салынбауға тиіс

КСРО кезінде Сәулетшілер одағында үл­кен ғимараттардың жобасы жан-жақты тал­қылаудан өтіп барып салынуына рұ­қ­сат берілетін. Мәселен, бір кезде Алма­ты­дағы Орталық мемлекеттік ұлттық музей­дің жанына шетелдік қонақтарға арнап үлкен қонақүй салу мәселесі талқыланды. Қо­нақүй ғимаратының жобасы архитек­туралық жағынан мінсіз, әдемі. Бірақ ол салынса, музейге зардабын тигізбей тұрмас еді. Музей тыныш жерде, адам ер­сілі-қарсылы ағылатын жерде орналасуға тиіс. Ал қонақүй салынса, оның жан-жағы адамға, көлікке толып ығы-жығы болып кететіні анық. Одан қалса биік ғимараттың қасында музейдің сұсы басылып қалар еді. Сәулеттік жағынан музейдің келбеті басқа да, қонақүйдің көрінісі басқа. Екеуі архи­тектуралық жағынан үйлеспейді. Бізге ол керек пе? Музей – рухани орталық. Оны көру­ге барғандарға ештеңе кедергі бол­мауы керек қой. Осыларды саралай келе мен егер ол жерге қонақүй салынса, тым биік болмауы қажет, шағын, музейді көле­гей­лемейтіндей болсын деп ұсыныс айт­тым. Сөйтіп, сол жерге жоспарланған қо­на­қүй салынбай қалды. Тағы бір ретте Абай мен Әуезов кө­ше­лерінің қиылысынан үлкен бір азық-түлік дүкені (гастроном) салынбақ болды (ол кезде мен Ақмолада жүрмін). Ал ол маңға жақын жерде музей және му­зы­калық мектеп бар. Әлгі гастроном сол мек­тептің стадионының орнына салын­бақ. Жобаның талқылауында мен бұған қарсы болдым. «Біріншіден, балалардың ой­найтын жерін алып қоямыз, сосын бұл араға гастроном салынса, адамдар, ма­ши­налар қаптап, у-шу болады. Мектепте оқып жатқан балалардың берекесі кетеді. Абай – Әуезов қиылысында көлік кептелісі пай­да болады. Бұл қай жағынан алғанда да ойланбай жасалған жоба», – дедім. Бақ­сам, – мен қатысардан бұрын да талқылау бол­ған екен. Былайша айтқанда, жоба ма­құлданып кеткен. Оған рұқсат берген сол кездегі Қазақстан орталық комитетінің құрылыс бөлімі. Гастроном салынатын жер қазылып, іргетастары да қалана баста­ған. Талқылауда менің сөзімді тыңдаған тиіс­ті орындағы адамдар «Сіздің айтқа­ныңыз дұрыс, бірақ жоба бекітіліп кетті» деді. Менің дәлелдерімнің қаншалық әсер етке­нін қайдам, ақыры, сол гастроном са­лынбай қалды. Қандай керекті ғимарат болса да, ха­лық­қа пайдалы әрі ешқандай қиындық ту­ғы­збайтын болуы шарт. Кейінгі кезде оны ескеру қалып бара жатыр. Бос жер бол­са, иеленіп алып, әйтеуір бір құрылыс са­ла беру әдет болып кетті кейінгі кезде. Мәселен, ана бір жылдары «Самал» шағы­н­ау­даны аумағында 10 мың адамға арнал­ған үлкен спорт кешенін салмақшы болды. Халық тығыз тұратын жерге де сондай алып спорт кешенін салуға бола ма? Егер сал­са, ол маңда адам мен көлік шектен тыс кө­бейіп, ол жерде тұрып жатқан қала тұр­ғындарына қиындық туғызбай ма? Мен оған да қарсы шығып, өз пікірімді дәлел­дедім. Сөйтіп, алып құрылыстың темір қаң­қалары көтерілгенімен, ол жерде атал­ған спорт кешені салынбай қалды. Қаланы сәулеттендіру деген оны қап­таған биік үйлермен, түрлі ғимаратпен тол­тырып тастау емес. Керекті нәрсені ке­рек­ті жерге ыңғайлы қылып салу қажет. Әри­не, қаланың әдемі болғаны жақсы, бір­ақ ең алдымен қандай ғимарат, кешен­дер салынса да, ол сол жердің тұрғын­дары­на қиындық тудырмауы керек. Архитектуралық жобалар қала халқы мен қо­нақтарына қолайлы жағдай жасауға, ауаның тазалығы мен адамдардың тым көп шоғырланбауына бағытталса ғана пайдалы.

Архитектурамызға ұлттық ерекшелік керек

Өзге өнер түрлері сияқты сәулет өне­рі де елдің, халықтың ерекше­лі­гін танытатын нәрсе. Еуропа мен Шығыс ел­дерінің ерекшелігін көрсетіп тұратын да осы архитектурасы. Мұсылман елде­рі­нің ғимараттарындағы күмбездер оларды бөлекшелеп тұрса, Қытайдың не Жапония­ның ғимараттары да өзге елдерге ұқса­май­ды. Демек, біздегі сәулет өнеріне қаза­қи­лық керек. Соңғы жылдары еліміздің қала­ла­рын­­да салынып жатқан ғимараттар мен тұрғын үйлерде готика, классицизм, модерн, эклектика, басқа да еуропалық сәу­лет өнерінің үлгілері басым. Бұл біздің сәу­летшілердің ізденбей, дайын үлгілерді кө­шіріп алуға бейім тұратынын, ұлттық сәу­лет өнерінің тарихынан хабарсыз еке­нін көрсетеді. Бүгінде Алматыда не Аста­на­да болсын сорайған биік ғимараттар көп. Әртүрлі, бір-біріне үйлесімсіз са­лын­ған ондай ғимараттар ансамбль құра­май­ды, керісінше бір-бірінің сиқын қашырып, көрер көзге теріс әсер етеді. Мәселен, Алматыда «Орбита» шағы­н­ау­данындағы «Алма» деп аталатын ғи­ма­раттың терезелері түгел жабылып тас­тал­ған. Адам өмір сүретін жерлерге күн сәу­ле­сі еркін түсіп тұруы керек, әйтпесе күн сәу­лесі түспейтін жерлерде түрлі ауру пай­да болады. Ал «Ақсай» секілді шағы­н­ау­д­андарда биік үйлердің қабырғаларына крест белгісі салынып тасталған... Кілең иін тіресіп тұрған биік үй­лер­дің арасына ауа бармайды да, ол маң­­дардан қолқаны қабатын түрлі иіс шы­ғып тұрады. Кейбір мақтаулы ғимараттардың өзі көңіл көншітпейді. Мысалы, Алма­тыдағы Әуезов атындағы академиялық дра­ма театры ғимаратының түрі бун­керге ұқсайды, тіпті сырттан келген адам оның театр екенін де білмеуі мүмкін. Ал театр­лар­дың классикалық үлгілері бар ғой! Ол аздай, соңғы жылдары оның арты­на са­лынған көпқабатты биік тұрғын үй ке­ше­ні театрды басып тастаған. Сол сияқты Алматыдағы тағы бір бел­гілі ғимарат – Республика са­райы да Абай ескерткішінің артына тақап салынып, қазақтың классик ақынының айтулы ескерткішін көлегейлеп тұр. Қалалардағы жеке ғимараттарды айт­­­пағанның өзінде, қазір қала ірге­ле­рін­дегі по­сел­келерде қаптаған коттед­ж­дер бір-біріне тым жақын салы­нып жа­тыр, көше­лері тап-тар. Мұның бәрі бү­гінгі қазақ сәулет өнерінің үлкен кем­ші­лігі. Шағын елді мекендер болсын, ірі қа­­лалар болсын – бәрінде жергі­лік­ті жердің ерекшелігі көзге ұрып тұруы қа­жет. Өйтпеген күнде елдің де, ел архи­тек­турасының да бөлекше болмысы бай­қалмайды. Бүгінде мегаполис дегенді мақтана айтамыз. Ал мынадай жері кең, хал­қы аз елге мегаполис қажет пе? Саны­мыз жүз, екі жүз миллион болып жатса бір жөн. Бар болғаны 19 миллион халық тұ­ра­тын елде үш-төрт қаланың мега­полиске ай­налып кетуі оншалық жақсы құбылыс емес. Өмір сүруге ең ыңғайлы шаһар хал­қының саны төрт жүз, бес жүз мыңнан аспа­ғаны дұрыс. Қысқасы, бүгінгі қазақ архитектура­сы­ның шешілмеген мәселесі көп. Соның бәрі­нің оң шешім табуына қол жеткізе ал­сақ қана сәулет өнеріміз өз бағытын тауып, нағыз ұлттық архитектураға айна­лар еді.

Әңгімені жазып алған Ахмет ӨМІРЗАҚ