Қайтарылған жер халықтың игілігіне беріледі
Қайтарылған жер халықтың игілігіне беріледі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пайдаланылмай жатқан жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Ауыл шаруашылығы саласындағы осы түйінді мәселені шешу мақсатында «AMANAT» партиясы жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясы еліміздің өңірлерін аралап, пайдаланылмай бос жатқан жерлерді мемлекетке қайтару ісімен айналысып келеді. Жақында Ақмола облысындағы 60 мың гектар жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Осы орайда Ақмола облысының Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Ерғали Қалжанұлымен хабарласып, мемлекет меншігіне қайтарылып жатқан жер мәселесі жөнінде сұраған едік.
– Ақмола облысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі қанша және қалай пайдаланылып жатыр?
– Облыс бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі – 10 млн 914 мың гектар. Оның ішінде егістік жерлер – 6 млн 41 мың гектар, жайылым жер – 4 млн 441 мың гектар. Ақмола облысының аумағында ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалануға қатысты мониторинг ақпараттық технологияларды қолдана отырып, жүргізіледі. Жер қатынастары бөлімдері жайылымдық және егістік жерлерге қатысты мәліметтермен танысып, Qoldau.kz порталынан алынған космомониторинг нәтижелерін талдайды.
Бүгінде облыс бойынша 2 144 жер иеленуші жалпы ауданы 2 млн 455 мың гектар жайылым, аумағы 191,6 мың гектар болатын 306 жер учаскесін (егістік жер) пайдаланбағаны анықталды. Осыған қатысты шара қолданылып жатыр. Қазір тұрғындар 581,9 мың гектар жерді пайдалануға кірісті. Оның 506,7 мың гектары – жайылым, 75,2 мың гектары – егістік жер. 171,5 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның 159,5 мың гектары жайылым болса, 12 мың гектар – егістікке арналған жер. 336 мың гектар жер кепілге алынған. Оның ішінде жайылым – 320 мың гектар, егістік – 16 мың гектар. Сонымен қатар 782,9 мың гектар жер тиімсіз пайдаланылған. Жергілікті атқарушы органдардың меншігінде 774,3 мың гектар пайдаланылмаған жер (жайылым – 685,9 мың гектар, егістік – 88,4 мың гектар) қалып отыр.
– Жақында облыста 60 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылғаны туралы ақпарат тараған болатын. Қайтарылған жерді пайдалануға өтінім бергендер бар ма?
– Осыған дейін жалпы аумағы 275 мың гектар болатын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Енді бұл жер мал жаю және шөп шабу үшін пайдаланылатын болады. Жерді қайтарудағы мақсат – азаматтарды жайылыммен қамтамасыз ету.
– Ақмола облысы тұрғындары үшін жайылымның жетіспеуі өзекті болып отыр. Өйткені тұрғындардың барлығы дерлік мал шаруашы-лығымен айналысады. Енді бұл мәселе қалай шешіледі?
– Ақмола облысының аумағында мал шаруашылығы үшін жайылым алқаптардың тапшылығы байқалғаны рас. Әлеуметтік шиеленісті болдырмау мақсатында қабылданып жатқан шаралардың бірі – ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен жерді бірлесіп пайдалану туралы меморандум жасасу. Бүгінде 333,4 мың гектар жерге қатысты меморандум жасалды. Бұдан бөлек, биыл елді мекендер шекарасына жалпы ауданы 42 мың гектар жерді енгізу бойынша іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Астрахан ауданының әкімдігі 8,9 мың гектар алқапты ауылдық округтерге жайылым жерлер ретінде бекітуге қатысты іс-шара өткізді. Сондай-ақ 1,1 мың гектар жерді (Есілден 563 гектар, Зерендіден 500 гектар) мемлекет мұқтажы үшін пайдалану жоспарда бар. Мұнымен қоса, Бұландыдағы 1,9 мың гектар жерді жайылымға қосу күн тәртібіндегі мәселе болып отыр. Қазір пайдаланылмай, бос жатқан жерді қайтару бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл жер халықтың игілігіне беріледі. Жергілікті атқарушы орган бұл мәселені бақылауына алды.
– Жер ресурстарын басқару департаментінің жұмысы қалай жүріп жатыр? Осы уақытқа дейін қанша тексеру ұйымдастырылды?
– Ақмола облысының Жер ресурстарын басқару департаменті – жерді пайдалану мен қорғау, мемлекеттік бақылау саласындағы саясатты іске асыратын мемлекеттік мекеме. Жер заңнамасының сақталуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ жер қатынастары саласындағы заңнаманың бұзылуын анықтайды, жояды.
Биыл департамент 216 тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесі бойынша 170 ұйғарым берілді. Оның 56-сы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қатысты болып отыр. Ал 114-і мемлекеттік органдардың жұмысымен байланысты. Департамент тексеру жұмыстарын жүргізгеннен кейін 48 субъект ауыл шаруашылығы мақсатындағы 116 мың гектар жерді пайдаланып жатыр.
– Тексеру барысында қандай заңбұзушылықтар анықталды? Жер иеленушілер негізінен қандай заңсыздықтарға барған?
– Негізгі заңбұзушылық туралы айтар болсақ, жер иелері алған жерін тиісті мақсатта пайдаланбаған. Мемлекеттік органдардың жер қатынастары жөніндегі бөлімі жер заңнамасының нормаларын сақтау бойынша тексеру жүргізді. Оның нәтижесі бойынша, жер бөлу заңдылығы бөлігінде бірқатар заңбұзушылық анықталған. Соттың қарауында 141,1 мың гектар алаңға қатысты 23 талап арыз жатыр. Оның 3-еуі 41,3 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді мәжбүрлеп алып қоюға қатысты болса, 20-сы 99,8 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің заңсыз берілгені жөнінде. Қазір 275 мың гектар жер жалға алу мерзімінің аяқталуына байланысты ерікті түрде мемлекет меншігіне қайтарылды. Қалған пайдаланылмаған жерді қайтаруға қатысты жұмыс жалғасып жатыр.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ