Түркістанда бриллиантпен көмкерілген «Алтын домбыра» сақтаулы тұр
Түркістанда бриллиантпен көмкерілген «Алтын домбыра» сақтаулы тұр
Түркістандағы «Ұлы Дала елі» орталығында алтынмен апталған аналогы жоқ «Алтын домбыра» сақтаулы тұр деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Орталықтың ғылыми қызметкері Айман Мирзабекованың айтуынша, домбыраның іші ағаштан жасалған. Ал бірінші қабаты күміспен қапталып, үстіңгі жағы алтын және бриллиант тастармен көмкерілген. Шыны витрина ішіне қойылған ұлттық аспапты музейге келушілер еркін тамашалай алады.
«Алтын домбыраны» түркістандық айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков 2021 жылы «Тәуелсіздік қасиетім, қастерлім!» атты республикалық ақындар айтысында жеңіп алған болатын. Содан Түркістанға келген соң, «Алтын домбыраны» «Ұлы Дала елі» орталығына салтанатты түрде табыстады. Салтанатты шараға Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы термешілер одағының төрағасы Жүрсін Ерман, айтыстың әділқазы алқалары, Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова, «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков және министрліктің өкілдері қатысты», – дейді ол.
Жалпы, алтын домбыраның салмағы 4 келіге жуық. Сондай-ақ оны жасау үшін 4,5 келі күміс, 300 гр алтын, 15 дана бриллиант, 300 гр мыс және ағаш пайдаланылған. Ұзындығы 98 см, ені 24 см құрайды. Сыртқы қорабын жасауға ағаш пен қола және алтын қолданылған. Қазақстанда аналогы жоқ ұлттық аспаптағы барлық жұмыс зергерлердің қолымен жасалған.
«Домбыра тәулік бойы бақылауда, оған қол тигізуге болмайды. «Алтын домбыра» ақынның туған өңірінде келесі жылғы жеңімпаз анықталғанша сақталады. Сондай-ақ өңірімізде түрлі мәдени-танымдық іс-шаралар өткізіп, бірегей тарихи және мәдени мұрамызды дәріптеу, құндылықтарын арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді», – дейді орталық басшысы Гүлжанат Дюсенбаева.
Бүгінде алтынмен апталған ұлттық аспапты көру үшін орталыққа келуші түркістандықтар көбейген. Тіпті, қалаға келген туристерде арнайы тамашалап, тамсанып кетеді.