Жаңалықтар

Ираннан келген қандастар кері көшкелі жатыр

ашық дереккөзі

Ираннан келген қандастар кері көшкелі жатыр

Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданына Иран Ислам Республикасынан келген қандастар мемлекет тарапынан төленетін квотаны ала алмай жүр. Жергілікті әкімдік өкілдері дипломы жоқ азаматтарға қаржы мүлде берілмейтінін мәлімдеді. Қандастардың басым көпшілігі жұмысқа да орналаспаған деп хабарлады turkystan.kz Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап. «АУДАН ӘКІМ АУЫР СӨЗ АЙТЫП БАЛАҒАТТАДЫ...» Хамит Шадкам Иранның Горган қаласынан көшіп келген. Ол аудандық әкімдік берген үйге қоныстаныпты. Баспана үшін белгілі мерзім аралығында 8 млн теңге төлейді. Қандас қазіргі тұрып жатқан үйінің сапасына, жұмыстың жоқтығына, квотаның уақтылы берілмей жатқанына шағымданады. Айтуынша, осы проблемаларын аудан әкіміне жеткізбек болған әрекетінің соңы жанжалмен аяқталыпты. «Аудан әкімі Рахат Смағұлов мені балағаттап, ар-намысыма тиді. Ауыр сөз айтты. Кәдімгідей орысшалап, үш әріпке жіберді. Квота берілмей жатыр. Үйде жейтін тамақ жоқ. Аудан әкімінің орынбасары Арман Дүсенбинов маған қол көтерді. Оның соңынан іле полиция қызметкерлері келді. Шенеунік араға адам салып, үстінен арыз жазбауға көндірді. Үш баласы барын, үстінен шағым түсірсем, ол жұмыстан шығарылып, бейкүнә сәбилер қиналып  қалатынын айтты. Сөзге тоқтадым. Бірақ жағдайымыз мүшкіл. Үй суық, жылымайды. Қылышын сүйретіп қыс келеді. Күніміз не болары белгісіз», - дейді Хамит Шадкам. «КВОТА – ДИПЛОМЫ БАР АЗАМАТТАРҒА ҒАНА БЕРІЛЕДІ...» Шал ақын ауданында тұрып жатқан қандастардың басым көпшілігі жұмыссыз. Олардың қазіргі бар үміті – мемлекет тарапынан берілетін квотада. Қаражатқа керек-жарақ алып, уақытша күнелтуге болады. Алайда, аудандық әкімдік өкілдері оның барлығына бірдей берілмейтінін айтып отыр. «Адам басына 204 мың теңге ақша беріледі. Ең басты талап білімі болу керек. Егер дипломы болмаса, квота берілмейді оларға. Ираннан келген қандастардың 90 пайызында жоғары білімі жоқ. Орта арнаулы білім де алмаған. Төлем алудың бірнеше шарты бар. Басында төленбеген несиесі болмауы керек. Зейнеткерлер де квота ала алмайды», - дейді Шал Ақын ауданы әкімінің орынбасары Арман Дүйсенбинов. Бұл ақпарат елін аңсап келген азаматтар үшін жығылғанға жұдырық болып тигені анық. Шенеуніктер қандастар жұмыс істеуге құлықсыз екенін айтып отыр. Келгелі бірнеше серіктестікте бірер күн ғана еңбек етіп, кетіп қалған. «Қандастардың 20-сы еңбекке жарамды. 11 әйел, 9 ер адам бар. Жергілікті серіктестіктерге жұмысқа орналастырдық. 2-3 күн жүріп, кетіп қалады. Үйде ақаулар болып тұрады ғой. Өздері-ақ жөндеп алуға болады. Қолдарынен келмесе, мені шақырсын. Барып істеп берейін», - дейді Рахат Смағұлов. ҚАНДАСТАР КЕРІ ҚАЙТПАҚ Ираннан қандастардың көшіп келгеніне бір ай болды. Бірақ ешқайсысы тұрақты жұмыс таппапты. Сондықтан ішерге тамақ, киерге киім жоқ. Тұрып жатқан үйлерде сапа жоқ. Қабырғасы сөгіліп, терезелерден жел үрлеп тұр. «Үйдің бәрін өз қаражатымызға жөндеп жатырмыз. Ақысын 5 жылда өтейтінімізді айтты. Өткенде журналистер келгеннен кейін ғана әкімдік қимылдады. Мал қорада жатқандай болдық. Соны айқау-шусыз істеуге болады ғой. Бізге «шыдаңдар» дейді. Бала-шаға бар. Өздері төзер ме екен осындай жағдайда тұруға?!  Біз бұл жерге өмір сүруге келдік. Ешқандай дайындық жоқ. Ешкімді танымаймыз. Білмегенді сұрайтын адам да жоқ. Жұмыс қарадық. Қара жұмысқа шақырды. Ондайды істеп көрмегенбіз, шыдамадық. Осы жаққа келгенде мамандық бойынша қызмет беруге уәде еткен. Бізді заң білмейді деп ойлайды-ау деймін. Дипломсыздарға квота берілмейтінін айтты», - дейді қандас Абдожалил Шадкам. Айта кетейік, қыркүйек айында Ираннан Солтүстік Қазақстанға 20 отбасы көшіп келген болатын. Олардың 12-сі Шал ақын ауданының орталығы Сергеев қаласына қоныстанды. Қалғандары Есіл ауданына қоныс тепті. Қандастардың кейбірінің жергілікті атқарушы органдарына деген өкпесі қара қазандай. Олар тиісті жағдай жасалмаса, қайта кетіп қалмақ ниеттерін жасырмады. Солтүстік Қазақстан облысына жыл басынан 32 отбасы көшіп келген. Қытайдан – 24, Моңғолиядан – 3, Өзбекстаннан – 3, Ресейдан – 2 қазақ отбасы қоныс аударған. Мамандардың айтуынша, тарихи Отанына оралғысы келетіндер көп. Осындай жағдайлардан кейін көштің жалғасатынына күмән басым.