ҚАЗАҚ ПОЛИЦИЯСЫ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛГЕ НЕГЕ ҚАРСЫ?

ҚАЗАҚ ПОЛИЦИЯСЫ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛГЕ НЕГЕ ҚАРСЫ?

ҚАЗАҚ ПОЛИЦИЯСЫ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛГЕ НЕГЕ ҚАРСЫ?
ашық дереккөзі

 Елбасымыздың көптеген мемлекет басшыларынан көш ілгері тұратындығы да сонда – өте алғыр, көрегендігімен қоса байқампаз білімділігі ерекше білініп тұрады. Осы жылдар ішінде жыл сайынғы халыққа Жолдауында бірде-бір сала назарынан тыс қалған емес, қоғамның кез келген сала қызметкерлерінің міндеттері мен мақсаттарына бағыт-бағдар беріп келеді. Әсіресе, еліміздің тыныштығы жолында, бейбіт тіршілігі жолында сыңдарлы тұжырымдамаларын белгілеп қана қоймай, оның  алдағы жұмыс барысын да қырағы бақылауында ұстайды.

Жақында Мемлекет басшысының төрағалығымен Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия жұмысының мәселелері жөнінде өткен кеңесте Нұрсұлтан Назарбаев құқық қорғау органдарына қызметке қабылдау барысында конкурстық рәсімдерді қолдану қажеттігін айтты. «Полицияның елімізде қалыптасқан келбеті өзгеруге тиіс. Қызметкерлер азаматтардың сеніміне ие болып, олардың қызметі ең алдымен халыққа көмек көрсетуге бағытталуға тиіс, – деді Елбасы. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жергілікті полиция қызметінің құзіретін белгілеп, олардың есептілігіне қатысты еліміздің құқық қорғау органдарын жаңғырту мәселелерін қосымша тағы пысықтауды тапсырды.

Қоғамдық тәртіп дегенде, ең алдымен полиция қызметкерлері аталатыны, әрине белгілі. Заң ортақ, Ата заңымызды қолдаймыз, қорғаймыз. Сол сияқты тәртіп те ортақ. Дегенмен,  осы саланың қызметкерлерін Елбасымыз айтқандай, қайта сүзбеден өткізіп, қатал байқаудан өткізіп отыру бүгінгідей алаң-елең қоғамда керек-ақ. Әсіресе, жол полицияларының өте-мөте дөрекі қылық танытып жататынын кез келген автокөлік жүргізушілері растайтыны тағы белгілі.

Таяуда өз басымнан да осындай бір бейәдеп оқиға өткені, біраз уақыт есеңгіреп жүріп барып,  ақыры қолыма қалам ұстатты.

Оқиға былай болды. Жұмыстан шығып, Абай даңғылымен Өтеген батыр көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйдің сыртына орналасқан «Халық банкінің» банкоматына бұрылдым. Ондағы ойым ақша түсті ме, жоқ па – соны анықтау еді. Көлігімді де сөндірместен, есігімді де кілттеместен тұрақтан үш-ақ қадам қашықтықтағы сол бір жәшікке картамның салып, шотымды дереу тексердім де, кері бұрылғаным сол еді, полиция киіміндегі екі жігіт менің көлігімнің жанында тұр. Жан-жағыма қарап олардың  қызмет көлігін көре алмадым.

–Айналайын, не болып қалды, – дедім  тұрақтағы мүгедектер орнын жартылай басып тұрғанымды аңғармағандай боп. – Өте асығыс болдым да, өздерің де көріп тұрсыңдар есігімді де жаппастан банкоматты тексере салып едім, – дедім іштей өзімнің кінәмді сезіп тұрсам да. Тәртіптің аты  қашанда тәртіп, бағыну керек. Мойындау керек! Бірақ бірдеңе айту керек қой,  анасындай адам екенімді, тіпті журналист екенімді айтып далбасалап жатырмын. Зейнеткер екенімді, бұрын-соңды ешқандай тәртіп бұзып, жол ережесін бұзбағанымды да ескерттім.

 Әңгіме созылып бара жатты ма, қайдам, көліктің ішінен бір жас жігіт (иығындағысына да қарамаппын)  шықты да, түсін суытып: «Ваши документы, а ну-ка  покажите» демесі бар ма?!  Ал керек болса!

–Айналайын, біріншіден, сен маған қазақша сөйле, екіншіден... – дей беріп едім, әлгі  «Дәл осы сөзіңіз үшін айыппұл жазамын» демесі бар ма?!  Аңырап қалдым.  Бұл не сұмдық,  қазақ полициясы мемлекеттік тілді менсінбей ме, жоқ әлде... Қаным басыма шапты. Сонда да сөзімді әрі қарай жалғадым. –  Екіншіден, даусыңды бәсеңдет,  кім болсаң да алдыңда анаңмен жасты адам тұр, сәлемің қайда, өзіңді таныстыр, ешкім қылмыс жасап қойған жоқ қой, көп болса айыппұл төлерміз, – дедім бойымды ыза кернеп.

Көлік жүргізіп жүргеніме бес жыл болыпты. Осы уақыт аралығында, беті аулақ, Құдай сақтасын, ешқандай жол ережесін бұзып, не болмаса жолаушыларға қауіп төндіретіндей оқиға болған емес. Ұсақ-түйек мәселелер болмаса,  жол полициясы да тоқтатқан емес еді. Бірнеше рет жол қауіпсіздігі акциялары кезінде тоқтатып, тексергені болмаса мұндай сұмдықпен бетпе-бет келіп көрмеппін. Жап-жас жігіттің неге сонша мәдениетсіздік көрсетіп, бейәдеп қылық танытқанына әрі таң қалдым, әрі ызамды келтірді. Сасқанымнан  сырттай сыйлап, қадір тұтып жүретін осы саладағы бір азаматқа телефон шалдым, «мынау не деген сұмдық, қазақ полицясы мемлекеттік тіліміз, тіпті ана тіліміз ғой, қазақ тілін неге менсінбейді» дегенімді, ол азаматтың «ана жігіттерге беріңізші, не болып қалды» дегенін, ал әлгі «дөрекі полицейдің» тіпті трубканы алмағаны да одан сайын ашуымды келтірді.

Кінәсін мойындап, әрине, толық мүгедектерге арналған тұрақты толық басып тұрмасам да, тәртіптің аты – тәртіп, заңымызды сыйлау керек деп іштей өкініп тұрсам да, кешірім өтініп, жылы сөйлегеніме өкінгенім, әлгінің әлгіндей «сол сөзіңіз үшін» деп тепсінетіндей қисыны жоқ қыңыр әңгіме болмағанын да, тіпті қызмет көлігі де емес, қай жақтан келе қалғандарын да түсінбей дел-сал күйде үйге келдім.  Бас сынып барады, қан қысымым 150/90!!!   Не керек сол жатқаннан, он күн төсек тартып жатып қалғанымды да несіне жасырайын?!

Бұл Жаңа жылдың алдындағы аптада болған оқиға. Келер жылдан күтер жақсылықтарым, бала-немерелерімнің, отбасымның амандығын тілеп, зор үміт күтер Жаңа жылды ұрыс-керіспен бастамайыншы деген оймен, біраз уақыт өткізіп алдым. Жақсылықтар демекші, әлгі жігіттің аты-жөні Бауыржан Жақсылықов екен, ызаланып жүрсем де, сұрап алдым.

Кеше 106 мың 05 теңге айыппұл төледім. Мәселе ақшада емес, әрине, бұл жүз мың кісі құны емес шығар, ден сау болсын дейік. Бірақ қоғамдық тәртіп, жол қауіпсіздігін бақылап-қадағалап отыратын, өзіміз өмірімізді сеніп тапсырған жол полициясындағы кейбір азаматтардың дөрекі мінездері, тіпті мәдениетсіздік танытып, көпшілікпен қалай сөйлесу, қарым-қатынас жасау сынды қарапайым ғана қасиеттерді білмейтіні, сезінбейтінін көріп, Абай атамыз айтпақшы, «қайнайды қаның, ашиды жаның» болып жүріп жатырмыз. Бәлкім, сіздің де ойыңызда жүрген осындай бір тұрпайы оқиғаларды есіңізге түсірер деп жариялауды жөн көрдік. Жол полициясынан абай болыңыздар, әсіресе, жаны нәзік, жүрегі жұмсақ қыз-келіншектер!!!