Жаңалықтар

Алматылық оқушылар Универсиада кезінде демалады

ашық дереккөзі

Алматылық оқушылар Универсиада кезінде демалады

Алматы қаласының мектеп оқушылары шаһарда өтетін Универсиада ойындарына байланысты 30 қаңтардан 8 ақпанға дейін демалады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Алматыда өтетін Дүниежүзілік Универсиадаға санаулы күндер қалды. Қазір еліміздің оңтүстік астанасы үстіміздегі жылдың ең ірі оқиғасына дайындық үстінде. Бұл білім беру саласына да қатысты, Универсиаданы өткізуге байланысты Алматы қаласының мектептерінде оқитындарға 30 қаңтар мен 8 ақпан аралығында қосымша демалыс енгізу туралы шешім қабылданды.

Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі ұсынған  хабарламаға сүйенсек, барлық елде осындай халықаралық ірі әрі маңызы бар жарыстар кезінде осындай шаралар қолданылады. Оның мақсаты – жергілікті оқушылардың жарыстарды тамашалауға баруға мүмкіндігі болып, оларды салауатты өмір салтына баулып, спортты халыққа тарату, оқиғаның бір бөлігі екенін сездіру. Алматыдағы мектеп оқушылары да енді осы оқиғаны тамашалай алатын болды.

Ал Алматы қалалық білім бөліміндегілердің хабарлауынша, бұл қосымша каникул Наурыз мейрамы күндеріне әсер етпейді, яғни, алматылық оқушылар 21,22,23 наурызда қазақстандық басқа оқушылар секілді  демалады. 24 наурыз бен 1 сәуір аралығында оқушылар оқуын жалғастырып, 1 сәуірде оларға тоқсандық бағалар қойылады. 4 сәуірде 4-ші тоқсан басталады. Айта кетейік, бұл өзгеріс Алматыдағы жоғары оқу орындары мен колледждердің сабақтар кестесіне әсер етпейді.