Жаңалықтар

«200-ден астам елді мекенде медициналық мекеме жоқ» – министр

ашық дереккөзі

«200-ден астам елді мекенде медициналық мекеме жоқ» – министр

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Мәжілісте өткен Үкімет сағатында депутаттарға денсаулық сақтау саласындағы реформалардың қалай жүзеге асырылатынын баяндады деп хабарлады turkystan.kz. Денсаулық сақтау министрі ауыл тұрғындарын медициналық қамтамасыз етуде бүгінде мемлекет тарапынан атқарылып жатқан шараларға тоқталып, Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған реформаларды жүзеге асыру барысы туралы депутаттардың сауалына жауап берді. Жиынды ашқан Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Балаим Кесебаева қазіргі таңда қазақстандықтардың шамамен 41 пайызы ауылдық жерлерде тұратынын, оның 3,6 миллионы немесе 46 пайызы балалар мен қарттар екенін атап өтті. Ал оларды сапалы медицинамен қамтамасыз ету ерекше назар аударуды және жаңа жұмыс әдістерін қолдануды талап етеді. Мәжіліс депутаты Жәмилә Нұрманбетова өз баяндамасында ауылдардағы денсаулық сақтау саласын одан әрі дамытудың өзекті мәселелерінің бірі – Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын сапалы жүзеге асыру екеніне назар аударды. «Салынып жатқан нысандарды сала мамандарымен, соның ішінде ультра дыбыстық зерттеу, МРТ, КТ аппараттарында жұмыс істей алатын медициналық мамандармен қамтамасыз ету бойынша күнтізбелік жоспар әзірлеу қажет деп есептейміз. Ол үшін медицина қызметкерлерінің тапшылығына зерттеу жүргізген жөн», – деді Ж.Нұрманбетова. Жиын барысында Мәжіліс депутаттарының сауалдарына құзырлы орган өкілдері де жауап берді. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау және ауыл тұрғындарының өзекті мәселелерін шешу бойынша біраз тақырып қозғалды. Ол – жұмыссыз азаматтарға медициналық қолдау көрсету, білікті медициналық кадрларды тарту, жаңа ауруханалар мен фельдшерлік пункттер салу, жедел медициналық көмек көрсету, ауыл ауруханаларын интернетпен қамтамасыз ету. Өз кезегінде депутат Зарина Камасова министрге және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының төрағасына сауал жолдады. «Өздеріңіз білетіндей, бүгінде Қазақстанның 3,5 млн азаматы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылмаған. Олардың 46%-ы ауылды жерлерде тұрады. 1,6 миллион сақтандырылмаған ауыл тұрғындарына медициналық қызмет тек шұғыл жағдайда ғана көрсетіледі. Басқа кезде ақылы түрде болады. Бұл ретте, 2021 жылдың қорытындысы бойынша, ауылда жүрек-тамыр жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 11 пайызға артқан. Сонымен қатар онкологиялық аурулардың 10,5 пайызға өсуі байқалады. Осыған байланысты Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының төрағасына сұрақ қойғым келіп отыр. МӘМС жүйесіне ауыл тұрғындарын қалай тартасыздар?»  – деді депутат. Сондай-ақ З.Камасова Денсаулық сақтау министрлігіне барлық ауыл тұрғыны үшін сақтандыру мәртебесін ескермей, скринингтер мен басқа да маңызды медициналық қызметтерді жүргізуді ұсынды. «Біз міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға төлем аудару туралы норманы түсіндіру бойынша ақпараттық жұмыс жүргізіп, МӘМС-тің артықшылықтары туралы айтатын боламыз», – деп түсіндірді қор басшысы Айдын Ашуев. «Дәрігер ретінде мен барлық кәсіби тексерулерді, скринингтерді Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің (ТМККК) аясында жүргізуді қолдаймын. Бірақ бүгінгі күні ТМККК-да қаражат жеткіліксіз. Бұл - өте маңызды мәселе. Сондықтан оны болашақта қарастырамыз, мүмкін тәсілдерді өзгертеміз. Біз скринингті он жылға жуық уақыт бойы жүзеге асырып келеміз және ауылда анықталу деңгейі өте төмен. Ол тек 5-7 пайызды құрайды. Енді біз кәсіби медициналық тексеру жүргіземіз, ауыл тұрғындарының денсаулық жағдайын көреміз. Содан кейін шаралар қабылданады», – деп жауап берді министр З.Камасованың ұсынысына. Үкімет сағатына бейнеконференция форматында Денсаулық сақтау комитеттерінің, медициналық ұйымдардың басшылары, өңір әкімдері мен денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері де қатысты.