Жаңалықтар

АҚШ-та жаттығу залын ашып, бапкерлікке бетбұрыс жасадым – Елеусінов

ашық дереккөзі

АҚШ-та жаттығу залын ашып, бапкерлікке бетбұрыс жасадым – Елеусінов

2005 жылдан бері Қазақстанның атын әлемге танытып, әуесқой бокста жетістіктерге жетіп, қазақтың туын көкке желбіреткен Дәурен Елеусінов алдағы уақытта АҚШ-та «үш мектептің симбиозы» деп аталатын мектеп ашатыны туралы, Кеңес дәуіріндегі, қазіргі қазақ және АҚШ, Куба бокс өнерінің қыр-сыры туралы айтып берді.  - Дәурен, бокста жүріп жиған тәжірибеңізді енді бапкерлік жолда пайдаға асырмаққа бекініпсіз. Қуаныштымыз! Сіз ұсынып отырған «үш мектептің симбиозы» дегеніміз не? - Әуесқой рингте 2005 жылдан бері әлемді аралап, Қазақстанның намысын қорғап, байрақты бәсекелерде жекпе-жектер өткіздім. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, екі дүркін ел чемпионы және студенттер арасында әлем чемпионы атандым. 2014 жылы кәсіпқой бокста АҚШ-та дебют жасадым. Жекпе-жектерім мен оқу-жаттығу лагерімнің басым көпшілігі Америкада өтті. Осылайша қазақ бокс мектебінен түлеп ұшып, заманауи бокстың қыр-сырын да меңгере жүріп, бапкерлікке бетбұрыс жасауды жөн көрдім. Қазір жиған-терген тәжірибеммен бөлісіп, елімнің боксын жаһандық деңгейде дамытып, жаңаша леп әкелуге бекіндім. Осы мақсатта жылдар бойы үлкен ізденістер жасай отырып, “Үш мектептің симбиозы” деген бокстан жаңа методиканы жасап шықтым. Бүгінгі тілге тиек ететін әңгіме - қазақ (кеңестік) - америка-куба бокс мектептерінің ең үздік әдіс-дәстүрлерінің жиынтығы.  - Кезіндегі басты бәсекелес әрі бақталас КСРО мен АҚШ бокс мектептері жайлы не айтар едіңіз? - КСРО кезінде бокс нақты бір жүйеге негізделген еді. Ғылыми әрі стандартты түрге ие жаттығу процессі барлық боксшыға бірдей болды. АҚШ-та керісінше, жекелей тұлғалық дамуға басымдық берілді. Кеңестік бокс мектебі үлкен салмақ салатын физикалық дайындық пен боксшыны жан-жақты шыңдауға бетбұрыс жасады. Америкалық бокс мамандары болса, шәкіртінің мықты жақтарын дамытуға иек артты.  - Әлемге әйгілі болған куба бокс мектебіне тоқталсақ. Кубалық былғары қолғап шеберлерінің табысты болуының құпиясы неде? - Кубалық бокс мектебі өз түлектерін хореографиямен шұғылдануға ынталандырады. Олар рингте құдды билеп жүргендей әсер аласыз. Осылайша әлемдік брендке айналған «билеп жүріп, соқ» деген кубалық стиль қалыптасты. Негізінде кубалық бокс мектебі – америкалық әрі кеңестік бокс мектептерінің қосындысы. Осы екі мектеп негізінде, кубалықтар өзінің дәстүрлі элементтерін үйлестіре отырып, өз боксын әуесқой деңгейде биікке көтере алды. Жергілікті спортшылардың физиологиялық ерекшеліктері, табиғи төзімділігі оларға басымдық береді. Қанға біткен би қимылдарына бейімділік куба боксшыларының икемділігін, ойнақшып тұратын ринтегі ширақтығын паш етеді. Аяқпен әмбебап қозғалыс, жекпе-жектің қарқыны, сан-алуан қашықтықта шабуылдай білу және тұрысты лезде алмастыра алу – куба боксының сипаты.  - Кеңестік дәуірден тамыр алып, кейін өзіндік даму жолы мен өрнегін тапқан қазақ бокс мектебіне тоқталсақ. Біздің былғары қолғап шеберлеріміз несімен бағаланады?  - Тәуелсіздік алған уақыттан бері қазақ бокс мектебі түрленіп, жаңаша бағытта дамуда. Заманауи қазақ боксында кезіндегі кеңестік мектептің негізі қалса да, соңғы уақытта үлкен ілгерілеу байқалады. Ең бірінші, қазақ халқының генінде бар ерекшеліктер рингтегі боксшыларымызды әркез айрықшалап тұрады. Бұл қасиеттердің қатарында қайсарлық, табиғи күш-қуат, шымырлық пен қоян-қолтық айқасқа деген құштарлық бар. Соңғы жылдардағы әуесқой бокстан өткен әлемдік біріншіліктер мен олимпиада ойындарында өнер көрсеткен қазақ боксшыларының стилінде, өзге посткеңестік елдердің былғары қолғап шеберлеріне ұқсамайтын жаңаша өрнек бар. Бұған жаһандық бокстың дамуы, қазақ бапкерлерінің жетілуі өз ықпалын тигізіп жатыр. Егемендік алған отыз жылда әуесқой бокста жеткен жарқын жетістіктеріміз осыған дәлел.  - Қазақ боксы – әлемдегі үздіктердің сапында екені сөзсіз. Бүгінде кәсіпқой рингте де бірнеше чемпионымызбен мақтана аламыз. Кәсіпқой боксымыздың жалпы аяқ алысы қалай? - Бүгінгі қазақстандық былғары қолғап шеберлері кәсіпқой рингте атой салып, «Qazaq style» деген терминді әлемдік брендке айналдыра алды. Василий Жиров, Геннадий Головкин, Жанат Жақиянов, Бейбіт Шүменов, бауырым Данияр Елеусінов пен інім Жәнібек Әлімханұлы секілді чемпиондарымыздың жолымен мақтанамыз. Қазіргі таңда еліміздің әр түкпірінде кәсіпқой бокс кештері үзбей өтіп тұрады. Жанкүйер жұртымыздың да талғамы күн санап артып, жас кәсіпқой боксшыларымыз қанат жайып өсіп келеді.  - Өзіңіз «үш мектептің симбиозы» деп ат қойған бапкерлік әдістемеңізге келсек. Бұл боксқа сіз әкелген жаңалық па, әлде жаңашылдық па? - Мен ұсынып отырған бапкерлік әдістемеде  баланы кішкентайынан бокстың темірдей тәртібіне көндіру міндет емес деген басты қағида бар. Яғни, баланың боксқа деген махаббаты оянуы үшін, алдымен жаттығу залының атмосферасын бойына сіңіруі қажет. Ойнап жүріп-ақ, бала көзімен көргенін тез қағып алатын қабілетке ие. Одан кейін былғары қолғапты кигізіп, боксқа баулу басталады. Қазіргі таңда бокс өте қарқынды дамып, ескірген шаблондардың шеңберінен шығатын уақыттың келгендігін көрсетті. Баяғыдан қанымызда бар қазақ бокс мектебінің ең мықты тұстарын, америкалық және кубалық бокс дәстүрінің озық үлгілерімен ұштастыра отырып осындай методиканы ұсынып отырмын.  - ХХІ ғасырдағы бокс үлкен өзгеріске ұшырады ма? - Бүгінгі бокс, бұрынғы бокстан өзгерек. Әуесқойдағы бас жабдығын (шлем) шешу туралы шешім шыққалы бері, бокс түрленіп сала берді. Кеңестік кезеңнен келе жатқан боксты үйретудің кем-кетігі де көрініс тапты. Қазақстандық бапкерлер заманауи бокс талаптарын игеріп, өз білімдерін толықтырып, жақсы даму үстінде. Мұнымен тоқтап қалмай, бүгінде көшілгері саналатын америкалық бокс нарығына да бетбұрыс жасуды жөн санаймын. Бапкерлік ізденісті әркез шыңдап, біліктілікті жетілдіріп отырудың арқасында ғана үлкен нәтижелерге қол жеткізуге болады. Осы мақсатта жан-жақты толысып, білгенімді үйретуді қалаймын. Бокс - мінезді шыңдайтын, төзімділік пен өрлікті дәріптейтін нағыз бекзада спорт түрі. Осы жолда чемпиондарды тәрбиелеп, өсіріп шығару – ізгі арманым.   - Кез келген жақсы боксшының табысты бапкер болып кетуі сирек. Бұл істің де қыр-сырын білу үшін көп уақыт қажет. Сіздің жаттықтырушылыққа құштарлығыңызды не оятты? - Әуесқой бокста біраз жүрдім, кәсіпқой рингте қанша жыл өнер көрсетіп келем. Жаңалыққа ынтам оянып, зерттей келе, көп дүниені көңілге түйдім. Өзім жекпе-жек өткізген әрі жаттыққан елдердің бокс залдарынан ең үздік әдіс-тәсілдерді меңгеруге тырыстым. Осылайша өзімнің бапкерлікке икемім бар екендігін байқадым. Бокс тоқтаусыз дамып келеді, мамандар да соған сай болуы қажет.  - Сіз үйрететін бокстың үлгісі қандай? Әдістеріңіз несімен ерекше? - Мысалы, барлық адамдар оңқай және солақай деп бөлінеді. Солақайлар сирек кездескенімен, оларды бокстың тізімінен сызып тастай алмаймыз. Кез келген тәжірибелі боксшы, «солақайды» – ең ыңғайсыз қарсылас деп айтар еді. Өйткені боксшыны даярлауға арналған әдістемелік құралдардың көпшілігі оңқай боксшыларға негізделген. Бокс әлеміндегі әйгілі солақай кәсіпқой былғары қолғап шеберлерінің тізімінде - Мэнни Пакьяо, ДеМаркус Корли, Забдиэль Джуда, Хоэль Касамайор және Антонио Тарвер секілді көптеген есімдер бар. Олардың көпшілігі екі қолын да теңдей қолдана білетін қауіпті боксшылар ретінде белгілі. Мына қызыққа қараңыз, әуесқой және кәсіпқой бокста әлем чемпионы атанғандардың әрбір төртіншісі – солақай боксшы. Бұл солақайлардың рингте оңқайлармен көбірек жұмыс істеп үйренуінің нәтижесі ғана емес. Бастағы мидың белгілі бөліктерінің дамуы да, осыған тікелей себепші болуы мүмкін дейді ғылым. Әйгілі Василий Ломаченко, Александр Усик секілді боксшылар - осыған дәлел.  - Демек, сіздің жасап шыққан бапкерлік әдіс-тәсіліңіз солақай боксшылардың стиліне негізделген бе? - Тек солақайлардың табиғи басымдығын арттырып қана қоймай, солақай боксшыны қалай жеңуге болатынын үйретемін. Қазақстанның бокс тарихында Василий Жиров, Ермахан Ибраимов, Бақыт Сәрсекбаев, Серік Сәпиев секілді солақай боксшылар бар. Олардың рингтегі айқасына көз салсаңыз, әрқайсысы ерекше мәнерде жұдырықтасады. Бұл - табиғи жолмен берілген қасиеттер. Солақайлардың координациясы жақсырақ дамыған, әрі олар тепе-теңдікті сақтауда ұтымды келеді деп санайды бокс мамандары. Бокстағы статистикаға сүйенсек, солақайдың табысқа жету жолы бірнеше есе оңтайлырақ болуы мүмкін. Әрине, барлық боксшы бірдей тер төгіп, тек мыңнан тұлпары ғана биіктерді бағындыра алады. Дегенмен, бұл - өз алдына ерекше әрі қызықты ізденіс жасауға болатын тақырып.  - Ал солақайларға қарсы тұра білудің және оларды ұтудың қандай жолдарын айтар едіңіз? - Оңқай боксшының ерекше және солақай боксшыға қарсы пайдалана алатын, көп маман біле бермейтін тұстары бар. Солақай боксшылардың әлсіз тұстары көп жерде зерттелмеген. Мысалы, солақай боксшыға алдыңғы барлаушы қолын айқаста емін-еркін қолдануына жол бермейтін, оны сескендіретін әдістер бар. Бұл нұсқаулық оң қолды боксшылар үшін өте пайдалы. Барлығын бір сұхбатқа сыйғызу мүмкін емес. Солақайдың осал тұстарын дөп басып танып, оңқайдың бес қаруын сай етіп рингке шығару үшін уақыт керек. Менің үйрететін авторлық әдістердің ішінде бұл кеңірек қамтылған.