Әкесі мен 3 ұлы газдан уланып көз жұмды: оқиғаға қатысты тың деректер шықты

Әкесі мен 3 ұлы газдан уланып көз жұмды: оқиғаға қатысты тың деректер шықты

Әкесі мен 3 ұлы газдан уланып көз жұмды: оқиғаға қатысты тың деректер шықты
ашық дереккөзі
Алматы облысында бір отбасынан 4 адам көз жұмды. Төтенше жағдайлар қызметінің ақпаратынша, отағасы мен оның үш баласы пропан газына уланған. Үйді жылыту үшін 25 литрлік баллонды газ-пешке қосып қойған көрінеді деп хабарлады turkystan.kz Халық үніне сілтеме жасап. Оқиға Іле ауданына қарасты Жомарт саяжай қоғамдастығында болған. Отағасы мектепте аспаз боп жұмыс істейтін жұбайын түнгі ауысымға апарып, үйге келіп жатып қалған. Ол уақытта 3 ұлы да ұйықтап жатқан. Отбасы мүшелері сол күйі оянбапты.
«Оқиға орнына ТЖД жедел тобы, өрт сынақ зертханасы, сондай-ақ Іле ауданының тергеу-жедел тобы мен аудандық полиция басқармасы және жедел медициналық көмек топтары жіберілді. 1970 жылы туған азамат және оның үш ұлы, біреуі 2009 жылы туған және 2014 жылы туған екеуі пропан газына уланған», - деді Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі.
Бұл отбасы 2 ай бұрын Тараз қаласынан көшіп келген көрінеді. Үйге газ құбырын жүргізу үшін тапсырыс беріп қойған. Оны 3 ай күту керек деген соң, баспанасын өз бетімен жылыта бастапты.
«Ол да ұйықтап қалған, балалар да ұйықтап қалған. Білмейді, иісті сезбеген. Бәрі бір бөлмеде жатқан екен. Әйелі келіп бұлардың солай уланып қалғанын біледі. Жақсы, тыныш, жуас адамдар еді», - дейді саяжай тұрғыны Ысмайыл Нұрғабылов.
Тұрғындардың айтуынша, елді мекендегілердің көпшілігі әлі күнге дейін үйлеріне газ кіргізбеген. Себебі ол үшін қомақты қаражат керек. «Ал мұны көптің қалтасы көтере бермейді» дейді.
«Бұл болған жағдай природный газдың қымбатшылығынан. Өзім көпбалалы анамын, ондайға шама жетпейді. Өйткені мына қосылатын природный газдың бағасы өте қымбат. Жоқ дегенде 500-600 мың теңге көлемінде. Паровойын, пешін қоспағанның өзінде. Қанша көпбалалы ана болсақ та, бізге ешқандай жеңілдік жоқ», - дейді саяжай тұрғыны Мөлдір Сүйірбаева.
Отбасы мүшелерінің денесі бүгін жер қойнына тапсырылды. Қайтыс болған үш баладан бөлек, жанұяда 1 ұл, 1 қыз бар.