Жаңалықтар

Жастар арасында жұмыссыздық азайды ма?

ашық дереккөзі

Жастар арасында жұмыссыздық азайды ма?

2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту жаңа бағдарламасында жастарды тегін оқыту және оларды еңбекпен қамтудың мүмкіндіктерін қамтамасыз етудің негізгі тәсілдері қарастырылған. Бұл туралы ҚР Үкіметі отырысында ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова айтты. «Жаңартылған бағдарламада басты назар жаппай оқыту арқылы нақты дағдыларды қалыптастыруға аударылған. Оқытылғандардың алған дағдылары олардың жұмысқа орналасу немесе жеке ісін ашу мүмкіндігін арттырады. Бұған Жұмыспен қамту орталықтары мен бұрынғыдай ауылдарда ғана емес, қалаларда да шағын несиелендіру құралдарын қолдану кеңейтілген жаппай кәсіпкерлікті дамыту шаралары ықпал ететін болады», — деді Т.Дүйсенова. Бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін үш негізгі бағыт анықталған. Біріншіден, орта арнайы немесе жоғары оқу орындарына түспей қалған, білімі жоқ 100 мыңға жуық жастарға ерекше көңіл бөлінетін болады. Олар техникалық және кәсіптік білім базасында алғашқы жұмыс кәсібін тегін алу мүмкіндігіне ие болады. «Екіншіден, жастарды жұмыспен қамту шараларында кәсіби бағдар беру жұмыстарын ұйымдастыру да қамтылады. 2017 жылы ҚР БҒМ бірлесіп барлық жалпы білім беретін мектептерде, ЖОО-лар мен колледждерде кәсіби бағдар беру кабинеттері іске қосылады», — деді министр. Үшіншіден, білім мекемелерін тәмамдаған жастарды жұмысқа орналастыруда туындайтын кедергілердің бірі — еңбек өтілінің болмауына байланысты «алғашқы жұмыс орны» мәселесі. Оны шешу үшін «жастар іс-тәжірибесі» құрауышы сақталатын болады. Бұл жас түлектерге мемлекеттің қолдауы есебінен жұмыс дағдыларын игеріп, алғашқы еңбек өтілін алуға мүмкіндік береді, ал бұл болашақта тұрақты жұмыс орнымен қамтылуына жол ашады. 2016 жылдың қорытындылары бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2001 жылмен салыстырғанда төрт еседен аса төмендеген – 16%-дан 3,9% дейін. Сонымен қатар, оның деңгейі еліміз бойынша жұмыссыздықтың жалпы деңгейінен біршама төмен. Ел тұрғындарының жалпы санына шаққанда  14 жастан 29 жасқа дейінгі жастардың үлесі олардың төрттен бірін немесе 4,1 млн адамды құрайды.