Мұстафа Нұрланұлы: Моңғол күресінде алып пен жас бала қатар белдеседі
Мұстафа Нұрланұлы: Моңғол күресінде алып пен жас бала қатар белдеседі
Түркияның Изник қаласында өткен IV Дүниежүзілік көшпенділер ойынына әлемнің 102 елінен келген 3 500 спортшы ұлттық спорт түрлерінен өзара кім мықтыны анықтады. Төрт күнге жалғасқан бұл сайыста Қазақстан құрамасы жалпы саны 9 медаль иеленіп қайтты. Жеңіс тұғырына көтерілгендердің қатарында Моңғолия атынан сынға түскен қандастарымыз Серік Бердімұратұлы, Мұстафа Нұрланұлы мен Жанарбек Мақсат та бар. Моңғол ұлттық күресінен екі мәрте мемлекеттік лашын атағын иеленген Мұстафа Нұрланұлы бұл сайыста түрік ұлттық күресінен сынға түсіп, күміс жүлдені місе тұтты. Моңғолияда ұлттық күрестен басталған командалық жарысқа дайындалу үшін Ұлан-Батырға асығып, жол жүріп бара жатқан қандасымызға хабарласып, аз-кем әңгімеге тартқан едік.
– Өзіңіз айтқан лашын, қаршыға, арыстан атағы кімдерге беріледі? Моңғол ұлттық күресінен бейхабар бізге бұл спорттың неге сонша қызығушылық тудыратынын айтыңызшы?
– Ел егемендігін алған күніне орай жылына бір рет «Наадам» деп аталатын Моңғолияның ұлттық мерекесі мемлекеттік деңгейде тойланады. Мұнда кіл мықтылар садақ ату, ат жарыс және ұлттық күрестен сайысқа түседі. Бұл мейрамға президент және де өзге де лауазымды тұлғалар қатысады. Балуандар қатаң іріктеуден өтеді. Олар алдымен сұмындық, бір жылдан соң аймақтық деңгейде мықты екенін дәлелдеу керек. Сосын жолдаманы қалтасына басқаннан кейін бір жылдаң соң ел астанасында «Наадам» мерекесінде белдесуге мүмкіндігі бар. Сол кездесуде қарсыластарын бес рет жыққанға лашын, алты рет сұлатқанға қаршыға, жеті кездесуде жеңіске жеткенге піл, сегіз рет жеңгенге самұрық, ал тоғыз рет жеңіс тойын тойлаған балуанға арыстан атағы беріледі. Арыстан атағы бірінші орынмен пара-пар. Моңғолия қазақтарының ешбірі мемлекеттік арыстан, самұрық атақтарына қол жеткізбеген. Өткенде...
– Суреттерден байқағанымдай, балуандар алаңда қара жерде күреседі. Арнайы кілемше жайылмайды.
– Иә, кілем жайылмайды. Тек қыстыгүні кәдімгі үйде жайылатын кілем үстінде белдесеміз. Ал басқа мезгілде үлкен алаңның қақ ортасында жерде күресеміз. 16 жұпқа бөлінген 32 балуан бір уақытта күреседі. Қарсыласының алақаннан басқа жері жерге тисе балуан жеңеді. Тізесі тисе, таза жеңіс болып есептелінеді. Бізде жарыс 15 минутқа жалғасады. Осы аралықта бір-бірін сұлата алмаса, төреші екі балуанды алдымен иығынан ұстатып, күрестіреді. Одан тағы ешкім жыға алмаса, бір-бірінің белінен ұстатады. Тағы бір айта кететін жайт, моңғол күресінде салмақ дәрежесі деген болмайды. Салмағы аз-көп болсын, барлығы бір-бірімен күреседі.
– Сіздер қазақ күресінен өтетін әлемдік жарыстарға жиі қатысады деп ойлап жүрсем...
– Қазақ күресінен өткен әлем чемпионатына бір рет қатысқаным бар. Сосын тағы бір жарыста белдестім. Ұмытып отырмын, нақты қай жарыс екенін. Біз, Моңғолия қазақтары қазақ күресіне қызықпаймыз емес, қызығамыз. Бірақ жоғарыда айтып өткенімдей, моңғол ұлттық күресі – сіздердегі бокс, күрес секілді бізде басты спорт түрі. Сосын бұл күрестен өтетін сайыстарда халық таразының рөлін атқарады. Қарсыласыңның тізесі жерге тисе болды, жеңімпазсың. Тіпті, қапталдағы төреші қарсыласыңды жақтап тұрса да, жеңіс сенікі. Себебі алаңға жиылған қалың ел барлығын көріп отыр. Басқа ереже жоқ. Меніңше, қазақ күресінен өтетін жарыстарда төреші бізге әділ қарамайды. Мен мұны қазақ күресінен өткен жарыстар кезінде байқадым.
– Сонда төрешілер бозкілемде қандастар қанша жерден мықты болып тұрса да оларды мойындағысы жоқ па?
– Солай секілді. Қазақстанның атынан қатысатын қазақтарды жақын тартады. Оны түсінуге болады. Патриоттық сезімге бой алдырады, оған қоса өз елінде өтіп жатқан бәсекеде жеңілмеуі керек қой. Төрешілер тек Қазақстанда ғана осылай көзқарас танытады деп ойласам, Түркияда да солай екен (күліп). Осы ойында да өз балуандарына болысып жүргеніне куә болдым. Жалпы, таза бәсекеге төрешілер араласқан соң кімнің де болса көңілі қалады. Бұрын бала кезімде самбо, дзюдо спортынан күрескенде де осындай әділетсіздіктерді жиі көргенмін. Сол моңғол ұлттық күресіне көңіл аударып, ақырында онымен кәсіби түрде айналыстым.
– Көздеген мақсатыңыз қандай? Мемлекеттік лашын атағыңыз бар, ендігі меже – мемлекеттік піл, арыстан атағы ма?
– Ондай мақсатым бар еді, бірақ биыл өткен 100 жылдыққа орайластырылған ұлттық мереке алдында үлкен жарақат алып, екі-үш ай аяғымды баса алмай қалдым. «Наадам» мерекесіне толық айыға алмасам да, күреспесем болмайтын секілді көрінді. Сөйтіп, жарысқа қатысып, ақырында үшінші кезеңде жығылып қалдым. Бұйырса, келесі жылы өтетін ұлттық мерекеге сақадай-сай дайындалып баруды көздеп отырмын.
– «Наадамға» дайындықты биылдан бастайсыздар ма?
– Иә, бірақ қазір бізде аймақтар арасында командалар жарысы басталды. Бұл моңғол ұлттық күресі тарихында бірінші рет өткізілуде. Бұрын әр балуан жеке нәтиже үшін күресетін еді, ал мында әркім команданың жалпы көрсеткішіне жауапты. Мұнда жауапкершілік екі есе жоғары. Жалпы саны 21 аймақтың командасы өзара белдесіп, ұпай саны бойынша келесі кезеңге өтіп, соңында жеңімпазды анықтайды. Бірінші орын иегерлеріне қомақты жүлде тігіліп отыр. Амандық болса жуырда біз бұл сайысқа Баян-Өлгей аймағының атынан араласамыз.
– Бір командада неше палуан белдеседі? Оның нешеуі қазақ?
– Бір командада алты палуаннан. Біздегі алты балуанның біреуі – біздің өлкеде өсіп-өнген моңғол балуан. Қалған бесеуміз – қазақпыз. Арасында Серік те бар. Команда атынан сынға түсетіндер жыл бойы көрсеткен нәтижесі, арнайы жүргізілген статистика бойынша іріктеліп алынады. Командалық жарыс ай сайын өтетін болады. Ал ақтық бәсеке, чемпиондық атақ үшін талас келесі жылдың сәуір айында өтеді. Қазір елге бара салып, сол бәсекеге дайындаламыз.
– Әңгімеңізге рахмет! Баян-Өлгей аймағының командасына тек жеңіс тілейміз!