Өніміміз шикі болса, өміріміздің сиқы бола ма?

Өніміміз шикі болса, өміріміздің сиқы бола ма?

Өніміміз шикі болса, өміріміздің сиқы бола ма?
ашық дереккөзі
Экономиканы қайта бағдарлау керек. Бұл туралы Мем­лекет басшысы биылғы екі Жолдауында да ай­тып, салада мәселе қордаланып қалғанын, оларды рет­теу үшін тың тәсілдер қажет екенін мәлімдеген бо­ла­тын. Тәуелсіздік алғаннан кейін салаға айрықша мән беріліп, «Әуелі экономика, содан кейін – сая­сат» деген ұстаным бас­шы­­­лыққа алын­ған еді. 30 жылда қандай экономика құра ал­дық? Жаңа экономикалық сая­сат қалай қалыптасады және бұл не әкеледі? Қай бағытқа ойысуымыз керек? Жаңа экономикалық саясат керек Тәуелсіздік алғаннан кейін ел шаруа­­шылығының тиімді үлгі­сін таңдау мәселесі тұрды. Бізге белгісіз, ұшы­­распаған, тәжірибеде, тарихи са­на­мыз­да жоқ нарықтық экономиканың соқ­пағына түскен соң, бұл жолдың жеңіл болмайтыны әу бастан белгілі бол­ды. Мол шикізаттың жемісі болған уақытша тұрақтылықты, яғни эко­номикадағы шикізат секторының, әсі­ресе мұнай секторының жедел да­муы­нан қалыптасқан сыңаржақтықты рет­теу керек екені егемендік алғаннан кейінгі 10-15 жыл ішінде де айтыла бастады. Оған әр жылдары елдегі өн­діріс­ті әртараптандыруға, әсіресе өңдеу салаларының жедел дамуына, инновацияларды экономиканың бас­ты салалары ететін, экономиканы ин­­­дустриялық сатыға көтеруге тал­пын­ғанымыз, соған сәйкес стра­те­гия­лық бағдарламалар қабылданғаны дә­­лел болады. Соған қарамастан, ел шаруа­шы­лығы әлі күнге дейін шикізатқа тәуелді болып отыр. – Біз экономикамызда қордаланған мә­селелерді жақсы білеміз. Мысалы, ши­кізатқа әлі де тәуелдіміз. Еңбек өнім­­ділігі төмен, инновация жет­кілік­сіз. Ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырған жоқ, – деді Пре­зидент 1 қыркүйектегі Жолдауын­да. Экономиканы әртараптандыру үшін нақты шаралар қажет еке­ні биыл тіп­тен айқындала түсті. Азық-түліктің қымбаттауы, кей тауар­лардың тапшылығы, қаңтардағы толқулар, Каспий құбыр консорциумының жұ­мы­сындағы ақаудың барлығы бізге да­был белгісі сияқты болды. Ал жыл басынан бері азық-түлік 22,2 пайызға қым­бат­таған. Екі есе, тіпті 100 пайыз қым­бат­таған тауарлар да бар. Қыркүйек айы­ның қорытын­ды­сы бойынша ел­дегі инфляция жыл­дық мәнде 17,7 пайыз болды. Азық-түлік емес тауарлар 17 пайызға, ақылы қызметтер 12,3 пайыз­ға өскен. Бұл – ресми мәлімет. Мәселен, қанттың бағасы бір жыл­да 87,7 пайызға өскен. Ал азық-түліктің қымбаттауының се­бебі – бір жыл ішінде біздің барлық им­­пор­тымыздың 40 пайыздан аста­мы бо­ла­тын Ресей импорты 37 пайыз­ға қым­бат­тауы. Бір жыл ішінде тең­ге рубльге қа­тысты біршама әл­сіре­ді. Егер осылай жал­ғаса берсе, қа­зір­гі шаралар қым­батшылықтан құт­қара алмайды. Яғни, бұл – им­порт­тық инфляция. Дайын өнімді экспорттаудан бөлек, ішкі нарықты қамтудың өзінде проб­ле­ма көп екеніне жоғарыда келтірген сан­дар дәлел бола алады. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төр- а­ғасы Әсет Ерғалиев келтірген дерекке сүйенсек, еліміздің жалпы экспор­ты­ның 70 пайызы – шикізат импорты. Сол кезде төраға экономиканың қазір­гі құрылымы тұрақты және инклюзивті экономикалық өсім қалыптастыруға қауқарсыз екенін айтқан еді. Осылайша, жаңа Қазақстанға жаңа экономикалық саясат керек екені айқындалып отыр. Тек бұл тіркес жалықтырған жалған ұран­дар­дың деңгейінде қалмауға тиіс. Бағдар қандай, бағыт белгілі ме? Экономиканы тығырықтан шы­ғу­дың жолдары ретінде эконо­ми­ка­ны әртараптандыру және циф­р­лан­­дыру, сондай-ақ шағын және ор­та бизнес пен адам капиталын да­мыту мәселелері айтылды. – Әрине, мұның барлығы – күрделі мә­селелер. Бірақ оны шешудің нақты жол­дары бар. Атап айтсақ, бұл – макроэ­ко­но­ми­калық тұрақтылықты қамтамасыз ету, эко­номиканы әртараптандыру және циф­рландыру. Сондай-ақ шағын және ор­та бизнес пен адам капиталын да­мыту, заң үстемдігін орнықтыру. Сон­дық­тан тың тәсілдер қажет екені сөз­сіз, – деді Мемлекет басшысы. Яғни, экономикалық саясаттың негізгі мақсаты еш өзгермейді. Тек қайта бағдарлануы керек. Соның ішін­де жеке кәсіп ашам деушілердің бас­тамаларын ынталандыруға көңіл б­өлінбек. Бұл мақсаттағы жұмыстар, түрлі гранттар конкурсы біраз жыл­дан бері өткізіліп келеді. Жоспар бойын­ша, мұның нәтижесі мемлекеттік ка­питализмді және мемлекеттің эко­но­микаға шектен тыс араласуын азай­туы керек. Сол арқылы бәсекелестік да­мып, кәсіп ашып, ісімді дөңгелетемін де­ген ниеттілердің бәріне бірдей мүм­кіндік беру көзделіп отыр. Адам капиталын дамыту да өз ал­дына жеке мәселе. Өзгерістерге халық қан­шалықты дайын? Қазіргі жағ­дайы­мызға қарасақ, тәуелсіздік жылдарында бізде халық пен бизнес аз араласқан эко­номика құрылымы қалыптасты. Ал тұрақ­ты экономикада халық, бизнес, мемлекет барлығы пайда көруі керек. Экономиканың қазіргі құры­лымы неліктен бәсекеге қабі­лет­ті емес? Қайтадан бағдарланатын эко­номикалық бағыттың мәні қандай болуы керек? Жалпы, экономиканы тұрақ­т­андыру үшін не істелуі керек? Осы қатарлы мәселелердің жауабын сарап­шы мамандардан сұрап көрдік. Жәнібек АЙҒАЗИН, AERC (қолданбалы экономиканы зерттеу орталығы) бас директоры: Біз шетелдік бұқаралық нарыққа ештеңе ұсына алмаймыз
– Экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің негізгі көр­сеткіші не сататынымен өлшенеді. Жаһандық эко­но­мика тұрғысынан алғанда біздің экономикамыз – шағын ашық экономика. Қазір ешбір ел әлемдік шаруашылық байланыстардан тыс өмір сүре алмайды. Өйткені бәрін тек өзінде өндіре алмайды, импорттайды. Сонымен қатар ел тұрғын­дары бір елден бір елге барады. Әрине, Солтүстік Корея сияқты ешқайда бармай, ешкім­мен сауда қатынастарын құрмай жабық экономикалық саясат ұстануға бола­ды, дегенмен олардың өзі азық-түлік қажеттілігінен сауда жасайды. Бірақ біздің экономикамыз – шағын ашық экономика және әлемдік эконо­ми­калық байланыстарға қатысамыз, экспорттаймыз, ол шамамен 60-70 миллиардты құрайды. Бізде ЖІӨ-нің 30 пайызы – экспорттың өзі, cонымен қатар шамамен сон­дай мөлшердегі импорт бар. Бізде ЖІӨ-нің 50 пайызы сыртқы сауда айна­лымынан тұрады. Біз керегіміздің бәрін өзімізде өндіре алмаймыз, бұл – Кеңес Одағының мұрасы. Екіншіден, бізде мақсатты аграрлық бағыт болды. Біз ауыл шаруашылығының аграрлық өнімдерін шикізат ретінде Кеңес Одағының әр бөлігіне, қайта өңдейтін шикізат ретінде жеткізіп келдік. Яғни, біз өкінішке қарай, Кеңес заманынан бәсекеге қабілетсіз құрылыммен шықтық. 30 жыл ішінде осы құрылымнан кетуге тырыстық. Біз тек экспортқа, шикізат экспортына, сонымен қатар ауылшаруашылық өнім­дері­нің экспортына тәуелді екенімізді түсіндік. Ауылшаруашылық өнімдері, астық та шикізатқа жатады. Ал – бұл жеткіліксіз, өнімді технологиялық жағынан қайта өңдеу керек, яғни осы шикізаттан өнім өндіру керек. Шикізаттан әлдене өндіреді, жаңа өнім жасайды со­дан кейін ол сатылады немесе немесе жалпы нарыққа шығады. Қосылған құн көп болған сайын, елде көбірек кіріс қалады. Экономика әртараптандырылмаса, тиім­ділігі төмен болатынын 2001 жылдары түсіндік. Шикізаттың табысына ғана қарап отыру Нигерияда болған «Голланд ауруының» классикалық мысалының қай­талануына әкеп соғады. Міне, сондықтан біздің құрылым бәсекеге қабілетті және әртараптандырылған болуы керек деп айтамыз. Ұлттық қор құрған кезде де өнеркәсіптің құрылымын неғұр­лым қайта өңдейтін салаға бағыттап, біршама дайын өнімді әлемдік нарыққа экспорттау керек екенін бағамдай бастадық. Содан соң мемлекеттік Индустриялық даму және инновациялық стратегиясы бағдарламасы жасалды. Бірақ бағдарламаның қабылданғанына үш бесжылдық өтсе де нәтиже, көңіл көншітерлік емес: бізде әлі күн­ге дейін өнеркәсіп құрылымы өзгерген жоқ, әлі де шикізат өндіруші салалар басым. Мысалы, қазір бізде өңдеу өнеркәсібінің ЖІӨ-дегі үлесі –11-12 пайыз. 1 немесе 2 пайызға өсім. Бірақ бұл – біздің индустриямызды экспортқа бағытталған етіп қайта құрғанымыздың көрсеткіші емес. Экономикалық заңдарға сәйкес, тиімділік ауқымға байланысты болады, неғұр­лым көп өнім, соғұрлым үлкен сұраныс көлеміне қарай жасалады. Осы тұрғыдан алғанда біздің экономикамыз Қытайдан жүз есе, Ресейден 8-9 есе кіші. Осыған сәйкес, бұл елдерде өнімнің өзіндік құны біздікінен бірнеше есе аз. Ал егер біз тек өзіміз үшін өнім өндірер болсақ, сәйкесінше, аталған елдерге қарағанда өзіндік құн жүз есе жоғары болады. Өйткені экономиканың ауқымы әртүрлі. Баға жағынан осы екі алпауытпен салыстырғанда бәсекеге қабілетсіз боламыз. Сондықтан біз сыртқы нарыққа шығуымыз керек. Бірақ біз әлемдік нарыққа не ұсынамыз, мәселе осында. Импорт пен экспорт және шикізат тұрғысынан, сөз жоқ, бәсекеге қабілеттіміз. Олардың бағасы биржамен белгіленеді. Бірақ болашақты, алыс­ты ойласақ және қосымша құн тұрғысынан қарасақ, біз бәсекеге қабілетті емес­піз. Бізде тіпті сапалы жұмыс күші де жеткіліксіз. Мұны Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігінің ресми деректері де нақтылайды. Алдағы 2-3 жылда біз жұмыс күші жағынан мүлде бәсекеге қабілетсіз боламыз, өйт­кені Қытай, жалпы оңтүстік-шығыс Азияның басқа елдері бәрін өндіретін болады. Бірде-бір инвестор бізде өндіріс орнын ашпайды. Өйткені біз жалпы нарықта бәсекеге қабілетсізбіз, баға әрқашан жоғары болады. Инвесторлар өндіріс ашып, зауыт салар алдында бірінші кезекте сол елдің нарығының көлеміне қарай­ды. Сол елде қаншалықты сұраныс болады, соны ескереді, «ішкі, жергілікті нарықты қамтымай, бірден экспортқа өнім шығарамын» деушілер де болуы мүмкін дегенмен бәрібір ішкі нарықтан бастау оңайырақ, ал одан қалғаны экспортталады. Бізде халық саны аз, ішкі нарықтың сыйымдылығы өте аз. Сондықтан біз шетелдік бұқаралық нарыққа ештеңе ұсына алмаймыз. Мүмкін ор­таша және орташадан жоғары сегменттерге, кейбір бірегей өнімдерге, орга­никалық өнімдерге назар аударуымыз керек шығар. Сонымен қатар көліктік-транзиттік әлеуетімізді пайдалануымыз қажет. Ғылымға, технологиялар мен ин­новацияларға да мән беру керек, негізінен бұл да – экономика. Өңдеу өнеркәсібінде бағдар жалпы нарыққа арналған тауар өндіруге емес, жаһандық корпорацияның кей бөлшектеріне бағытталуы керек. Естеріңізде болса, бір ай бұрын Премьер-Министр 50 шетелдік компаниямен меморандумға қол қойды. Яғни, олар бізде бөлшек әзірлеумен айналысады, кейін олар басқа елде өндіріліп жатқан өнімнің деталі болады. Міне, осы нәрседен үміт күтуге болады. Ал жалпы нарықты біз еңсере алмаймыз.
Ғалымжан КЕРІМБЕК, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қаржы және есеп кафедрасының доценті, экономика ғылымдарының кандидаты: Ауыл шаруашылығын дамытпай, ешқандай жетістікке жете алмаймыз
– Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асты. Біз әлі күн­ге дейін Кеңес Одағынан қалған, сол тұста қалып­тас­қан саясат бойынша шикізат базасы ретінде қалып отыр­мыз. Отандық өнімдерді өндірудің орнына біз ши­кізат­ты экспортқа жібереміз, ол дайын өнім болып өзімізге қайтып келеді. Яғни, бізде шикізат өнімдері басым, отандық өнім өте аз. Ал өзіміз өнімді аз өн­дір­гендіктен, бәсекеге қабілетті бола алмаймыз. Мәселен, ауылшаруашылық өнім­дері, күнделікті тұтынатын жұмыртқа, ет-сүт өнімдері бар, солардың барлығы бі­зге көрші мемлекеттерден, әсіресе Ресей, Беларусь сияқты ТМД елдерінен келеді. Бәс­екеге қабілетті болу үшін, ең алдымен отандық өнімге назар аудару керек. Қазір сап­а жағынан да, сан жағынан да шетелге бәсекелес бола алмаймыз. Бұл – бірінші мәселе. Экономиканы дамыту үшін ауыл шаруашылығына баса назар аударуымыз ке­рек. Мәселен, алдыңғы ғасырларда, ХІХ ғасырдың аяғында, ХХ ғасырдың басын­да Америка, Жапония, Еуропа елдерінде үлкен дағдарыстар болды. Сол дағ­дарыс­тардан шығудың негізгі жолы ретінде олар ауыл шаруашылығы өнімдеріне баса назар аударды. Негізі, ауыл шаруашылығы – экономиканың басты қозғаушы күші, драйвері. Әсіресе, біз ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру арқылы көптеген жетіс­тік­ке жетуге әлеуетіміз бар. Кезінде, 2003-2005 жылдары ауыл жылдары деген бастама көтеріліп, ауылға қол­дау көрсетілген еді, бірақ сол саясат, сол жоба аяқсыз қалды. Енді бұл мәселені та­ғы да көтеріп, айтып жүрміз, дегенмен ауыл шаруашылығына әлі де болса жеткі­лік­ті түрде көңіл бөлінбей отыр. Осыдан 10 жыл бұрын осы тақырыпта ғылыми жұ­мыс қорғадым, сол кезде ұсынған, сол кезде айтқан мәселелер әлі өзекті болып отыр. Ауыл шаруашылығын дамытпай біз ешқандай жетістікке жете алмаймыз. Ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын ілгерілету керек. Сол арқылы өзімізді азық-түлікпен қамтамасыз етеміз, жаңа жұмыс орындары да көбейеді. Мәселен, ма­ған шырын өндіретін зауыт ашу керек болса, маған алдымен 1000 гектар жер қажет. Бірінші кезекте зауытыма қажетті жемісті өзім өсіруім керек. Ал біз даң­ғарадай қылып зауыт саламыз да, шикізатын басқа елден әкелеміз. Сол себепті де біз­де бар өндіріс орындары жабылып қалып жатыр. Одан бөлек, диқандардың, шаруа­лардың еңбегін бағаламай отырмыз. Канадада 6 пайыз фермерлер қалған ха­лықты азық-түлікпен қамтамасыз етеді, оларға көрсетілетін құрмет те бөлек. Мәселен, Түркия мемлекетін алайық. Одан кейін Араб елдерін, Жапония, Қытай ел­дерін алайық, олардың барлығы да азық-түлік өнімдерін өндіру үшін бар мүм­кіндіктерін пайдаланып отыр. Біздің жеріміз үлкен, әлеуетіміз жетеді, дегенмен біз тек шикізат ретінде сатып отырмыз, өйткені бізге сол тиіміді болып келді.