Өніміміз шикі болса, өміріміздің сиқы бола ма?
Өніміміз шикі болса, өміріміздің сиқы бола ма?
Экономиканы қайта бағдарлау керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы биылғы екі Жолдауында да айтып, салада мәселе қордаланып қалғанын, оларды реттеу үшін тың тәсілдер қажет екенін мәлімдеген болатын.
Тәуелсіздік алғаннан кейін салаға айрықша мән беріліп, «Әуелі экономика, содан кейін – саясат» деген ұстаным басшылыққа алынған еді. 30 жылда қандай экономика құра алдық? Жаңа экономикалық саясат қалай қалыптасады және бұл не әкеледі? Қай бағытқа ойысуымыз керек?
Жаңа экономикалық саясат керек
Тәуелсіздік алғаннан кейін ел шаруашылығының тиімді үлгісін таңдау мәселесі тұрды. Бізге белгісіз, ұшыраспаған, тәжірибеде, тарихи санамызда жоқ нарықтық экономиканың соқпағына түскен соң, бұл жолдың жеңіл болмайтыны әу бастан белгілі болды.
Мол шикізаттың жемісі болған уақытша тұрақтылықты, яғни экономикадағы шикізат секторының, әсіресе мұнай секторының жедел дамуынан қалыптасқан сыңаржақтықты реттеу керек екені егемендік алғаннан кейінгі 10-15 жыл ішінде де айтыла бастады.
Оған әр жылдары елдегі өндірісті әртараптандыруға, әсіресе өңдеу салаларының жедел дамуына, инновацияларды экономиканың басты салалары ететін, экономиканы индустриялық сатыға көтеруге талпынғанымыз, соған сәйкес стратегиялық бағдарламалар қабылданғаны дәлел болады.
Соған қарамастан, ел шаруашылығы әлі күнге дейін шикізатқа тәуелді болып отыр.
– Біз экономикамызда қордаланған мәселелерді жақсы білеміз. Мысалы, шикізатқа әлі де тәуелдіміз. Еңбек өнімділігі төмен, инновация жеткіліксіз. Ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырған жоқ, – деді Президент 1 қыркүйектегі Жолдауында.
Экономиканы әртараптандыру үшін нақты шаралар қажет екені биыл тіптен айқындала түсті. Азық-түліктің қымбаттауы, кей тауарлардың тапшылығы, қаңтардағы толқулар, Каспий құбыр консорциумының жұмысындағы ақаудың барлығы бізге дабыл белгісі сияқты болды.
Ал жыл басынан бері азық-түлік 22,2 пайызға қымбаттаған. Екі есе, тіпті 100 пайыз қымбаттаған тауарлар да бар. Қыркүйек айының қорытындысы бойынша елдегі инфляция жылдық мәнде 17,7 пайыз болды. Азық-түлік емес тауарлар 17 пайызға, ақылы қызметтер 12,3 пайызға өскен. Бұл – ресми мәлімет.
Мәселен, қанттың бағасы бір жылда 87,7 пайызға өскен. Ал азық-түліктің қымбаттауының себебі – бір жыл ішінде біздің барлық импортымыздың 40 пайыздан астамы болатын Ресей импорты 37 пайызға қымбаттауы. Бір жыл ішінде теңге рубльге қатысты біршама әлсіреді. Егер осылай жалғаса берсе, қазіргі шаралар қымбатшылықтан құтқара алмайды. Яғни, бұл – импорттық инфляция.
Дайын өнімді экспорттаудан бөлек, ішкі нарықты қамтудың өзінде проблема көп екеніне жоғарыда келтірген сандар дәлел бола алады.
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төр-
ағасы Әсет Ерғалиев келтірген дерекке сүйенсек, еліміздің жалпы экспортының 70 пайызы – шикізат импорты. Сол кезде төраға экономиканың қазіргі құрылымы тұрақты және инклюзивті экономикалық өсім қалыптастыруға қауқарсыз екенін айтқан еді.
Осылайша, жаңа Қазақстанға жаңа экономикалық саясат керек екені айқындалып отыр. Тек бұл тіркес жалықтырған жалған ұрандардың деңгейінде қалмауға тиіс.
Бағдар қандай,
бағыт белгілі ме?
Экономиканы тығырықтан шығудың жолдары ретінде экономиканы әртараптандыру және цифрландыру, сондай-ақ шағын және орта бизнес пен адам капиталын дамыту мәселелері айтылды.
– Әрине, мұның барлығы – күрделі мәселелер. Бірақ оны шешудің нақты жолдары бар.
Атап айтсақ, бұл – макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру және цифрландыру. Сондай-ақ шағын және орта бизнес пен адам капиталын дамыту, заң үстемдігін орнықтыру. Сондықтан тың тәсілдер қажет екені сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.
Яғни, экономикалық саясаттың негізгі мақсаты еш өзгермейді. Тек қайта бағдарлануы керек. Соның ішінде жеке кәсіп ашам деушілердің бастамаларын ынталандыруға көңіл бөлінбек.
Бұл мақсаттағы жұмыстар, түрлі гранттар конкурсы біраз жылдан бері өткізіліп келеді. Жоспар бойынша, мұның нәтижесі мемлекеттік капитализмді және мемлекеттің экономикаға шектен тыс араласуын азайтуы керек. Сол арқылы бәсекелестік дамып, кәсіп ашып, ісімді дөңгелетемін деген ниеттілердің бәріне бірдей мүмкіндік беру көзделіп отыр.
Адам капиталын дамыту да өз алдына жеке мәселе. Өзгерістерге халық қаншалықты дайын? Қазіргі жағдайымызға қарасақ, тәуелсіздік жылдарында бізде халық пен бизнес аз араласқан экономика құрылымы қалыптасты. Ал тұрақты экономикада халық, бизнес, мемлекет барлығы пайда көруі керек.
Экономиканың қазіргі құрылымы неліктен бәсекеге қабілетті емес? Қайтадан бағдарланатын экономикалық бағыттың мәні қандай болуы керек? Жалпы, экономиканы тұрақтандыру үшін не істелуі керек? Осы қатарлы мәселелердің жауабын сарапшы мамандардан сұрап көрдік.
Жәнібек АЙҒАЗИН,
AERC (қолданбалы экономиканы зерттеу орталығы) бас директоры:
Біз шетелдік бұқаралық нарыққа ештеңе ұсына алмаймыз
– Экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің негізгі көрсеткіші не сататынымен өлшенеді. Жаһандық экономика тұрғысынан алғанда біздің экономикамыз – шағын ашық экономика.
Қазір ешбір ел әлемдік шаруашылық байланыстардан тыс өмір сүре алмайды. Өйткені бәрін тек өзінде өндіре алмайды, импорттайды. Сонымен қатар ел тұрғындары бір елден бір елге барады. Әрине, Солтүстік Корея сияқты ешқайда бармай, ешкіммен сауда қатынастарын құрмай жабық экономикалық саясат ұстануға болады, дегенмен олардың өзі азық-түлік қажеттілігінен сауда жасайды.
Бірақ біздің экономикамыз – шағын ашық экономика және әлемдік экономикалық байланыстарға қатысамыз, экспорттаймыз, ол шамамен 60-70 миллиардты құрайды. Бізде ЖІӨ-нің 30 пайызы – экспорттың өзі, cонымен қатар шамамен сондай мөлшердегі импорт бар. Бізде ЖІӨ-нің 50 пайызы сыртқы сауда айналымынан тұрады.
Біз керегіміздің бәрін өзімізде өндіре алмаймыз, бұл – Кеңес Одағының мұрасы. Екіншіден, бізде мақсатты аграрлық бағыт болды. Біз ауыл шаруашылығының аграрлық өнімдерін шикізат ретінде Кеңес Одағының әр бөлігіне, қайта өңдейтін шикізат ретінде жеткізіп келдік. Яғни, біз өкінішке қарай, Кеңес заманынан бәсекеге қабілетсіз құрылыммен шықтық. 30 жыл ішінде осы құрылымнан кетуге тырыстық. Біз тек экспортқа, шикізат экспортына, сонымен қатар ауылшаруашылық өнімдерінің экспортына тәуелді екенімізді түсіндік. Ауылшаруашылық өнімдері, астық та шикізатқа жатады.
Ал – бұл жеткіліксіз, өнімді технологиялық жағынан қайта өңдеу керек, яғни осы шикізаттан өнім өндіру керек. Шикізаттан әлдене өндіреді, жаңа өнім жасайды содан кейін ол сатылады немесе немесе жалпы нарыққа шығады. Қосылған құн көп болған сайын, елде көбірек кіріс қалады. Экономика әртараптандырылмаса, тиімділігі төмен болатынын 2001 жылдары түсіндік. Шикізаттың табысына ғана қарап отыру Нигерияда болған «Голланд ауруының» классикалық мысалының қайталануына әкеп соғады.
Міне, сондықтан біздің құрылым бәсекеге қабілетті және әртараптандырылған болуы керек деп айтамыз. Ұлттық қор құрған кезде де өнеркәсіптің құрылымын неғұрлым қайта өңдейтін салаға бағыттап, біршама дайын өнімді әлемдік нарыққа экспорттау керек екенін бағамдай бастадық. Содан соң мемлекеттік Индустриялық даму және инновациялық стратегиясы бағдарламасы жасалды. Бірақ бағдарламаның қабылданғанына үш бесжылдық өтсе де нәтиже, көңіл көншітерлік емес: бізде әлі күнге дейін өнеркәсіп құрылымы өзгерген жоқ, әлі де шикізат өндіруші салалар басым.
Мысалы, қазір бізде өңдеу өнеркәсібінің ЖІӨ-дегі үлесі –11-12 пайыз. 1 немесе 2 пайызға өсім. Бірақ бұл – біздің индустриямызды экспортқа бағытталған етіп қайта құрғанымыздың көрсеткіші емес.
Экономикалық заңдарға сәйкес, тиімділік ауқымға байланысты болады, неғұрлым көп өнім, соғұрлым үлкен сұраныс көлеміне қарай жасалады. Осы тұрғыдан алғанда біздің экономикамыз Қытайдан жүз есе, Ресейден 8-9 есе кіші. Осыған сәйкес, бұл елдерде өнімнің өзіндік құны біздікінен бірнеше есе аз. Ал егер біз тек өзіміз үшін өнім өндірер болсақ, сәйкесінше, аталған елдерге қарағанда өзіндік құн жүз есе жоғары болады. Өйткені экономиканың ауқымы әртүрлі. Баға жағынан осы екі алпауытпен салыстырғанда бәсекеге қабілетсіз боламыз.
Сондықтан біз сыртқы нарыққа шығуымыз керек. Бірақ біз әлемдік нарыққа не ұсынамыз, мәселе осында. Импорт пен экспорт және шикізат тұрғысынан, сөз жоқ, бәсекеге қабілеттіміз. Олардың бағасы биржамен белгіленеді. Бірақ болашақты, алысты ойласақ және қосымша құн тұрғысынан қарасақ, біз бәсекеге қабілетті емеспіз. Бізде тіпті сапалы жұмыс күші де жеткіліксіз. Мұны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми деректері де нақтылайды.
Алдағы 2-3 жылда біз жұмыс күші жағынан мүлде бәсекеге қабілетсіз боламыз, өйткені Қытай, жалпы оңтүстік-шығыс Азияның басқа елдері бәрін өндіретін болады. Бірде-бір инвестор бізде өндіріс орнын ашпайды. Өйткені біз жалпы нарықта бәсекеге қабілетсізбіз, баға әрқашан жоғары болады. Инвесторлар өндіріс ашып, зауыт салар алдында бірінші кезекте сол елдің нарығының көлеміне қарайды. Сол елде қаншалықты сұраныс болады, соны ескереді, «ішкі, жергілікті нарықты қамтымай, бірден экспортқа өнім шығарамын» деушілер де болуы мүмкін дегенмен бәрібір ішкі нарықтан бастау оңайырақ, ал одан қалғаны экспортталады. Бізде халық саны аз, ішкі нарықтың сыйымдылығы өте аз.
Сондықтан біз шетелдік бұқаралық нарыққа ештеңе ұсына алмаймыз. Мүмкін орташа және орташадан жоғары сегменттерге, кейбір бірегей өнімдерге, органикалық өнімдерге назар аударуымыз керек шығар. Сонымен қатар көліктік-транзиттік әлеуетімізді пайдалануымыз қажет. Ғылымға, технологиялар мен инновацияларға да мән беру керек, негізінен бұл да – экономика.
Өңдеу өнеркәсібінде бағдар жалпы нарыққа арналған тауар өндіруге емес, жаһандық корпорацияның кей бөлшектеріне бағытталуы керек. Естеріңізде болса, бір ай бұрын Премьер-Министр 50 шетелдік компаниямен меморандумға қол қойды. Яғни, олар бізде бөлшек әзірлеумен айналысады, кейін олар басқа елде өндіріліп жатқан өнімнің деталі болады. Міне, осы нәрседен үміт күтуге болады. Ал жалпы нарықты біз еңсере алмаймыз.
Ғалымжан КЕРІМБЕК,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қаржы және есеп кафедрасының доценті, экономика ғылымдарының кандидаты:
Ауыл шаруашылығын дамытпай, ешқандай жетістікке жете алмаймыз
– Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асты. Біз әлі күнге дейін Кеңес Одағынан қалған, сол тұста қалыптасқан саясат бойынша шикізат базасы ретінде қалып отырмыз. Отандық өнімдерді өндірудің орнына біз шикізатты экспортқа жібереміз, ол дайын өнім болып өзімізге қайтып келеді.
Яғни, бізде шикізат өнімдері басым, отандық өнім өте аз. Ал өзіміз өнімді аз өндіргендіктен, бәсекеге қабілетті бола алмаймыз. Мәселен, ауылшаруашылық өнімдері, күнделікті тұтынатын жұмыртқа, ет-сүт өнімдері бар, солардың барлығы бізге көрші мемлекеттерден, әсіресе Ресей, Беларусь сияқты ТМД елдерінен келеді. Бәсекеге қабілетті болу үшін, ең алдымен отандық өнімге назар аудару керек. Қазір сапа жағынан да, сан жағынан да шетелге бәсекелес бола алмаймыз. Бұл – бірінші мәселе.
Экономиканы дамыту үшін ауыл шаруашылығына баса назар аударуымыз керек. Мәселен, алдыңғы ғасырларда, ХІХ ғасырдың аяғында, ХХ ғасырдың басында Америка, Жапония, Еуропа елдерінде үлкен дағдарыстар болды. Сол дағдарыстардан шығудың негізгі жолы ретінде олар ауыл шаруашылығы өнімдеріне баса назар аударды. Негізі, ауыл шаруашылығы – экономиканың басты қозғаушы күші, драйвері. Әсіресе, біз ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру арқылы көптеген жетістікке жетуге әлеуетіміз бар.
Кезінде, 2003-2005 жылдары ауыл жылдары деген бастама көтеріліп, ауылға қолдау көрсетілген еді, бірақ сол саясат, сол жоба аяқсыз қалды. Енді бұл мәселені тағы да көтеріп, айтып жүрміз, дегенмен ауыл шаруашылығына әлі де болса жеткілікті түрде көңіл бөлінбей отыр. Осыдан 10 жыл бұрын осы тақырыпта ғылыми жұмыс қорғадым, сол кезде ұсынған, сол кезде айтқан мәселелер әлі өзекті болып отыр. Ауыл шаруашылығын дамытпай біз ешқандай жетістікке жете алмаймыз.
Ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын ілгерілету керек. Сол арқылы өзімізді азық-түлікпен қамтамасыз етеміз, жаңа жұмыс орындары да көбейеді. Мәселен, маған шырын өндіретін зауыт ашу керек болса, маған алдымен 1000 гектар жер қажет. Бірінші кезекте зауытыма қажетті жемісті өзім өсіруім керек. Ал біз даңғарадай қылып зауыт саламыз да, шикізатын басқа елден әкелеміз. Сол себепті де бізде бар өндіріс орындары жабылып қалып жатыр. Одан бөлек, диқандардың, шаруалардың еңбегін бағаламай отырмыз. Канадада 6 пайыз фермерлер қалған халықты азық-түлікпен қамтамасыз етеді, оларға көрсетілетін құрмет те бөлек.
Мәселен, Түркия мемлекетін алайық. Одан кейін Араб елдерін, Жапония, Қытай елдерін алайық, олардың барлығы да азық-түлік өнімдерін өндіру үшін бар мүмкіндіктерін пайдаланып отыр. Біздің жеріміз үлкен, әлеуетіміз жетеді, дегенмен біз тек шикізат ретінде сатып отырмыз, өйткені бізге сол тиіміді болып келді.