Дидағаңның күнделігі

Дидағаңның күнделігі

Дидағаңның күнделігі
ашық дереккөзі
Күнделік те айна секілді. Оған жалған айта алмайсың. Сол сәттегі көңілкүйің дәл сол қалпында ақ параққа құйылады. Сондықтан да болса керек, дүниеден озған қаламгердің күнделігін оқыған оқырманның кейде әрі-сәрі күйге түсетіні бар. Белгілі қаламгер Дидахмет Әшімханұлы күнделік жүргізіпті. Ұлы Дәулет Әшімхан оны кітап қып шығармақ ниетте екен. Біз Дәулеттің рұқсатымен бір тарауын оқырман назарына ұсынып отырмыз. 2 желтоқсан (дүйсенбі), 1991 жылы «Заман – Қазақстан» газетіне ор­на­лас­тым. Бүгін бірінші рет жұмысыма бардым. Әзір­г­е «Араның» редакциясында, 12-қабатта. Ре­дакторы – Қалтай Мұқамеджанов, орын­ба­сары – Әбілмәжін Жұмабаев, жауапты хат­шысы – Әбіраш Жәмішев. Мені бөлім ре­дакторы етіп алды. Айлығы – мың сом. Әлеу­меттік мәселелер жағына мен иелік ете­тін секілдімін. «Қазақ әдебиетінен» әзірге шыққам жоқ. Ай­лық демалысымды 25 қарашадан ал­ға­н­мын. Енді осы айдың аяғына дейін олардың есебінде болатын шығармын. Сонымен «Қазақ әдебиетіне» 1980 жылы 9 ию­льде келіп, 1991 жылдың 25 қарашасына дейін қызмет істедім. Үлкен бір кезең. Өмірімнің тұтастай бір бөлігі. Алғаш кел­ге­нім­де Сайын Мұратбеков редактор еді, кейін Шерхан, Төленді ауыстырып, Оралханның тұ­сында қош айтыстым. Солардың арасында тек Шерханмен ғана 9 жылдан астам қыз­меттес болыппын. Кеше Нұрсұлтанды Президенттікке сай­ладық. 98,76 процент дауыс алыпты. 6 қаңтар (дүйсенбі), 1992 жылы Бүгіннен бастап еркін, бақылаусыз ба­ғаға көштік. Бір бөлке нанның құны – 7 сом­ға жуық. Осы еркін саудаға көшеміз де­генде: «барлық заттың бағасы 2-3 есе ғана өсе­ді» деп еді, қазір енді 8-9 есеге жетіп қал­ды. Әңгіме барлық жерде қымбатшылық жө­нінде. Редакцияға әлі баспана ала алмай отыр­мыз. «Араның» есігінде жүрген жай... Түсте Әбілді көрдім. (Алтай өлкесінен кел­ген). Ілеге көшіп келіпті. «УАЗИК мініп келдім, 93-ке «Волгаға» облигация алғам» дейді. Қол өнер жағынан шағын кәсіпорын ашпақшы екен. Сырмақ, алаша, түскиіз тоқып-сырып дегендей. «Времядан» естідік: Гамсахурдия қашып ке­тіпті. Беталысы Иран секілді. 13 қаңтар (дүйсенбі), 1992 жылы Жеке бөлмеміз жоқ. Екі Әбекеңнің (Жұ­ма­баев, Жәмішев) есігін кезек-кезек «күзетіп» жү­реміз. Мен көбінде Әбілмәжін – Әбе­кең­мен әңгімелесіп отырамын. Бүгін Сәбең – Сә­бит Мұқанов туралы біраз сыр ақтарды... Сөз Сә­бетқазы жөнінде басталған. Мен ол тура­лы айта келіп, бір кезде сол Сәбетқазы Мәс­кеу­де оқып жүргенде Мұрат Әуезов, Мақаш Тә­тімов, т.б. біраз жастың «Жас тұлпар» деген ұйым құрғанын айттым. Бұл «тарихтың» сыңы Сәбеңе ауысып кетті. – Сәбең абыройсыздау қартайды, – деді Әбе­кең. – Алпысыншы жылдардың басында мен ЦК-да қызмет істеп жүрдім. Сол кезде Сә­бең бізге жиі келуші еді. Бірде сондай бір сә­тінде менің бөлмемде отырып: «Анау «Жас тұл­пардың» жайын естіген шығарсың. Сол же­ліккендердің ішінде Мұхтардың Мұрат де­­ген баласы да бар көрінеді. Олардың қа­зіргі ісі – баяғы жиырмасыншы жылдардағы Мұхтардың ұлтшылдығынан аумайды» деді... Кейін, ұмытпасам Әбекеңнің (Тәтібаевтың – Д.Ә.) өз аузынан естідім. Сәбең сол Әбе­кең­нің үйінде қонақта отырғанда Ғабитпен қат­ты байланысып қалыпты. Рас болса, Ға­бит қолындағы рюмкасын Сәбеңе атып ұрса ке­рек... Сонда Ғабең: «Сен айтысып-тартыс­саң мына менімен тартыс, менімен күрес. Ал анау Мұхтардан қалған жас балада шаруаң болмасын» дегенді айтыпты... Неге екенін кім біл­сін, Сәбең әйтеуір алпысыншы жылдары өте бір қазымыр, кінәмшіл, күдікшіл болып жүр­ді... –(Осы тұста әңгімемізді кіші Әбекең – (Жәмішев) бөліп жіберді бөлмеге келіп қап). Байқаймын, Әбілмәжін аға былай өте ақыл­ды, биязы, жұмсақ мінезді адам секілді. Әр сөзін баптап сөйлейді. Екеуміздің ой-пікі­рі­м­із көбінде бір жерден шығады. Қалай десем де осы кісінің түріне қарап жылынған­дайсың. 15-16-17-18 қаңтар, 1992 жылы «Заман–Қазақстанның» бірінші нөмірін шы­ғардық. Бұл өзі бір тарихи сәттердің бірі ғой деп, кезекшілікке өзім сұранып бар­ған­мын. 15-і күні таңертеңгі 9-дан түнгі 9-ға дейін баспаханада болдым. Жанымда: Көл­бай, Әбіраш Жәмішев, Ақан, Ізімгүл, Ардақ, Алтынай болды. Кештетіп Қалекеңнің өзі кел­ген. Мен ол кісіге: «Бізге сеніңіз, қайта бе­ріңіз» деп қоя бергенмін. Ертеңінде кешке дейін жүріп, газетке қол қоя алмадым. Түсте үй­ге келгенім сол, Әбекең звондайды: «Осы ке­шегі беттерден түрік әліппесі (алфавит кес­тесі) қалай түсіп қалып жүр?!» – дейді. Түк түсінсем бұйырмасын. Артынша труб­ка­ны Қалекең алды: «Жағдай қалай?» – дейді. «Жақсы. Түстен кейін қол қоямын» деймін мен. Ал Қалекең: «Мен оған қол қоймаймын. Не істесеңдер өздерің біліңдер. Газетте тек тү­рік алфавиті болсын!» – дейді. «Жақсы. Қазір ба­рып, макетті көріп, ақылдасайық», – дедім мен. Іс мәнісі былай екен. Көлбай макет жүр­гізіп жүріп, екінші беттегі Әбіштің мақаласы көп қысқаратын болған соң алфавит кес­тесін өзі алып тастапты бізге айтпай... Қыс­қа­сы, үлкен айқай-шумен ақыры алфавитті қай­та екінші бетке салдық қой. 17-сі күні таңертең ғана екі бояулы газе­ті­міз қолға тиді. Төрт бояулы мың данасына 18 қаңтар күні түнгі сағат 3-те қол қойдым. 6 наурыз (жұма), 1992 жылы Газетіміздің презентациясы болды. «Дос­тық» үйінде М.Жолдасбеков, Қ. Сұлтанов, Ш.Шаяхметов, т.б. ығайлар мен сығайлар жи­налған... Бұның өзі түптеп келгенде Түр­киядан «Заман–Қазақстан» редакторы Иль­хан Ишбләннің келуімен орайласқан еді. Соңынан үлкен банкет болды. Дас­тар­ханда құс етінен басқасының бәрі бар: ко­ньяк, арақ, шампан дейсің бе, қара уылдырық, бе­кіре еті, неше түрлі сусын дейсің бе... Іш­тік... Жедік. Соңынан бір сөмке арақты тол­тырып алып, редакцияға барып, қыздарды ме­рекесімен құттықтадық. Сөйледік... қыз­дық... қызара бөртіп үйге қайттық. 10 көкек (жұма), 1992 жылы Дәулетті поликлиникаға апардым тек­серу­ге. Оның беломыртқасы туғаннан аздап қи­сық қой. Дәрігерлік пунктте ол есепте тұ­рады былтырдан бері... Толықтау келген, ор­та жастағы орыс әйелі Дәулеттің арқасын әрі қарап, бері қарап: «Алып бара жатқан дә­неңе жоқ. Емдік (сауықтыру) гимнас­ти­камен айналыссын» деп, 4-этажға жіберді. Ондағы инструктор әйел түстен кейін 4-тен бастап жұмыс істейді екен. Үйге қайт­тық. Түстіктен соң Дәулет екеуміз дачаға «ем­кость» заказ беруге бір жақа бардық. 2,5 т. «ем­кость» 3 мың сомға шығып кетіпті. Был­тыр осы уақытта 350 сом, күзде – 500, жаңа жыл­дан кейін 1300 сом болатын. Ал не дей­сіз! Сағат 3:15-те редакцияға келсек, Қажы­ғали, Нұрғожа, Жұмагүл бәрі: «Ойбай, Ди­дах­мет, дереу Жоғарғы Советке жүгір, 3 жарымда сон­да бір жиналыс болады екен. Қалағаң: (Қал­тай) «Дидахметті жылдам тауып, сонда жібе­ріңдер деген», – дейді. Сөз арасында Шә­кизаданың аты аталып кеткен. Соған те­лефон шалдым. «Назарбаевпен пресс-кон­ференция болады. Мұндай жағдай үнемі туа бермейді ғой», – дейді. Дәулетті 6-шы автобусқа салып жібердім де, өзім Ақ ордаға тарттым. 428-бөлмедегі Шә­хизадаға бардым. «Кеше ішіп қойып едім» деп, шаршаңқырап, түтігіңкіреп отыр екен. Пресс-конференция сағат 5:40-та таман бас­талды. «Халық кеңесінен» – Жүнісбеков, «Жас алаштан» бір жас жігіт, Оралхан «Қазақ әдебиетінен» сұрақтар берді. Жүнісбеков «Единствоға» ауыздық, тыйым бола ма, бәрін бүл­діріп бітті. Ұлт араздығын қоздырып жүр» дегенді айтып еді, Н.Назарбаев: «Сен айт­қан екенсің анау «Алашты» неге айт­пай­сың! «Желтоқсан» мен «Азаттың» қимылын неге жасырып қаласың!»... деп оны біраз жер­ге апарып тастады. Оралхан жекешелендіру кезінде совхоз ма­лын жеке адамдарға үлестіріп беріп, кейін олар оны баға алмай, өлтіріп, аштан қырып ал­май ма?» дегендей сұрақ қойды. Кешкі сағат 7-ге жақындап қалғанда, Назарбаев: «Осымен бітеміз бе?» дегенде, мен ор­нымнан жайлап тұрдым да: өзімді таныс­тырып болғаннан соң: «Баспасөздің үлкен мін­деттерінің бірі – халыққа, ұрпаққа адам­гершілік тәрбие беру, жұртты имандылыққа ша­қыру ғой. Бірақ осы отырған журна­лис­тердің осы салада бір ай атқарған жұмысын ком­мерциялық канал (КТК) бір-ақ күн өші­ріп, сызып тастап отырғызғандай. Біз КТК-ның алдында дәрменсізбіз. КТК әр отба­сының ортасына от тастап отыр. Ата-ана баласымен бірге отырудан қалды. Баяғыда, 60-жылдардың басында «Тарзан», «Фантомас» деген кинолар шыққанда, бала-шағаны аз­ды­рады деп, оларды экраннан жылдам алып тас­тап еді, ал қазір КТК-дағы киноларды көр­генде, баяғы сол «Тарзан», «Фантомас­тар­мен» жылап көрісетін болдық» дедім. Сосын: «Сізге айтайын дегенім: Жұрттың көбі осы ка­налға қатты наразы. Соны сізге жеткізейін деп едім», – дедім. Назарбаев: «Шалахметов жолдас, бұған не дейсіз? Позор! Жуықта бір ауылда бол­ға­ным да әлдебір қарт адам: Бала-шағаның ал­дында ұялып біттік» деді. Бұл қалай сонда, те­левизия мемлекеттікі ме, әлде қайдағы біреулердің меншігі ме?» – деді. Қуаныш Сұл­тановқа да қатты айтты. Ең соңында: «Мен оны мүлде жауып тастаңдар! демеймін, бірақ түнгі сағат 12-ден кейін көрсетсін КТК-ны. Соны бүгіннен бастап істеңдер», – деді. Президенттің мықтылығын осы сөзінен кейін көрерміз! 4 маусым (бейсенбі), 1992 жылы Қазақстан Республикасының елтаңбасы (гербі), әнұраны (гимні) және жалауы қа­был­данды. Мен сессияны өз көзіммен көріп отыр­дым, парламент тілшісі ретінде. Әнұран­ның әуеніне баяғы ескі нұсқасын (Мұқан Төлебаевтың) қайта алды. Оған 100% дауыс берді. Сөзін әзірге қараған жоқ. Қ. Мұ­ха­метхановтың қайта жазған сөзін оқыдым. Көңіліме аса қонған жоқ. Ұйқастары бос, ыр­ғағы кедірлеу. Қысқасы, көркемдігі мазмұ­ны­нан төмендеу. Елтаңбаға біраз дау болды. «Мүйізді ат, се­гіз бұрышты жұлдыз» төңірегінде. Мүйізді ат солай кетті, ал сегіз бұрышты жұлдыздың ор­нына бұрыңғы бес бұрышты жұлдыз қа­был­данды. Туды таңдарда кейбір мүйізі қарағайдай, ұлтым десе ішкен асын жерге қоятын Азамат де­ген ағаларымыздың өзі сүрініп-ақ кетті. Со­ның бірі – Шерхан. Қараңыз: олар таң­даған тудың суреті мынау: Осы тудан Қазақстанды елестете аласыз ба? Қандай ұлттық нышаны бар? Бұл сөзді Ка­мал Смаилов т.б. біраз адам айтты. Шерхан қалайша мына туды ұнатып отыр деп қайран қа­лып отырсам, осы тудың суреті өз газетінде ба­сылған екен. Демек, оның осы туды қор­ғауы – өз газетін қорғауы болса керек. Серік Әбдірахманов та өстіп шатасты. Кешкісін ақыры Назарбаевтың тізеге салуының арқасында ту қабыл­дан­ды. Әрине, тура осындай болмағанмен осы негізде. ...Кешеден бері шұқыланып отырып, Ли­за­ның ескі етігінің қонышынан шағын қол сөм­- ке (визитка) жасап алдым. Өте әдемі шық­ты. Ертең (5) Лизаның туған күні. Әне, кухняда бауырсақ пісіріп жатыр. 25 маусым (бейсенбі), 1992 жылы Жәнібекті соңғы сапарға шығарып сал­дық. Ол 22-і күні Қапшағайдың жолында өз машинасымен кетіп бара жатқанда апатқа ұшыра­ған екен. Нақтысын білмеймін. Ма­шинасы аударылса керек. Мәйітін Жастар театрынан шығарды. Та­бытты сыртқа шығарып келе жатқанда Сауыт­бекті көріп қалдым. Көзі қып-қызыл екен. Көп жылағанға ұқсайды. Оның Жәні­бекпен аса жақын қатынаста болғанына кө­зім жетпейді. Тірліктегі екеуінің жолы да, мінезі де, өрісі де екі басқа еді. Бірақ осы қа­заға Сәкеңнің қабырғасы қайысқаны анық. Неге? Өйткені Сауытбек Жәнібекті әй­теуір бір қазақтың баласы ғой деп, жас кет­ті ғой деп, бауыры езілмегеніне, Жәні­бекпен бірге халықтың қайталанбас өнері кетіп бара жатқанына, қазақтың сүйексіз тілі, татаусыз әдебиеті кетіп бара жатқанына шын шерменді болғанына мен сенемін. Есіне кешегі өткен Асқар, одан бұрынғы Сағат, Кеңшілік, Жұматай да түскен болар. Ел үшін еңіреу деген осындай болсын. Сауыт­бекке деген құрметім бұдан кейін тіпті арта түскендей. Қазақта осындай ақылды, әр нәрсені халықтық, елдік, ұлттық тұрғыдан ойлайтын азаматтар неге аз екен? (Мүмкін көп шығар. Нағыз азаматтар өздерінің аза­мат­тығын айқайлап жұртқа жаймайды ғой). Бейіт басынан кейін «Жұлдыз» рестора­нын­да еске алу дастарханы жайылды. 26 маусым (жұма), 1992 жылы Кеше түнгі сағат 3-ке дейін отырып, «Го­лощекинге» ескерткіш керек пе?» деген ма­қала жазып бітіргем. Таңертең бірден Ми­рагүлге барып, оны машинкаға бастырып ал­дым... Екі Әбекең оқып, қатты риза болды. Енді Қалекеңнің өзі оқуға алды. Кешкісін «Жастар» ресторанына тойға бар­дық. Лиза екеуіміз. Алтыбайдың Қанаты үйлен­ген. Әлібек тамада болды. Бірінші сөзді Бошайға берді. 10 минуттан астам сөйледі. Бос сөз! Баяғы сарын! Баяғы кеуде. Әр сәрсені пай­даланып өзін көрсетіп қалу. (Шежіре кітап жазып жатқанын, т.б. қыстырып жі­берудің әйтпесе не қажеті бар!) Мәлікті (Тоқашты) ертіп үйге кеш қайт­тық. 23 ақпан (сейсенбі), 1993 жылы Мен үшін ерекше күн. Газет («Заман–Қа­зақстан») редакторының орынбасары болып тағайындалдым. Әбекең – Әбілмәжін Жұма­баев­тың орнына. Ол кісі менің орныма бөлім­ге барды. Уақыт, жағдай реті осыған тірегендей. Қа­лағаңа (Қалтайға) жерлестеріңді жиып ал­дың, бәрі кәрі-құртаң деген сөздер көп айтылса керек. Оны маған Қалағаңның өзі де сездірген. Мен Әбекеңнен қатты қысылып жүрдім осы әңгіменің шеті шыққаннан бері. Құдды ақсақалдың орнын тартып алатындай болып. Соны бүгін жұрт көзінше айттым да. Жүзім жарық болғаны жөн ғой. Обалы нешік, коллектив те, Әбекең де мені түсін­гендей болды, басу айтты. Жиналыстан соң Әбекең маған өзі келіп, еш ренішінің жоқ екенін, жағдайдың осылай болғаны дұрыс екендігін тағы айтты. Бейбіт туралы, оның сырт жерлерде не деп жүргенін естігені тура­лы тілге тиек ете келіп, «жап-жас жігіт­тен мұн­дай іс күтпегенін» білдірді. Мен қызметімнің өскенінен гөрі жігіт­тердің, жалпы коллективтің өзіме деген жы­лы ниет, ілтипатын естігеніме қуандым. Был­тыр «Қазақ Әдебиетінен» қатты ренжіп кетіп едім, орта көңілімді Құдайдың өзі толтырғандай. Түстен кейін Қалағаң қайта шақырып алып, «Рафик» машинасын сен мін деді. Бух­галтер екеумізге сонымен бір көлік тиіп қал­ды. ...Лиза 4-5 күннен бері қатты ауырып жа­тыр. Тұмау. Түні бойы ыңқылдап шығады, ұйық­тамайды. Қызметімнің өскеніне байқұс қатты қуанды. Дәулет пен Зүлфия да. Күн керемет суық. Ауа сызды. 24 ақпан (сейсенбі), 1993 жылы Қалағаң (Қалтай) маған қызметке мінуге же­ке көлік берді. «Рафик» шоферы – Сәрсөк (Сәр­сен). Бухгалтер Рысжан екеуіміз кезек пай­даланамыз. Бала-шағамның алдында бұл да – абырой болды. Айтпақшы, айлығым – 30 мың. 6 наурыз (сенбі), 1993 жылы Кеше сағат 11-де летучка өткіздік. Жұма­гүл кезекші болған. Баяндама жасады. Газет­ке өте жоғары баға берді. Жаңа бір леп се­зі­ле­ді дегендей болды. Бұнысы – Дидахмет га­зетті қолға алды дегені еді. Расында, осы нө­мірде бірінші рет түрік тілін үйрету са­бағын бастадық. (өткен сенбі, жексенбі күн­дері оны үйде отырып өзім жасап шық­қан­мын). Бірінші рет саяси хабарлар жинақ­талып, қысқаша ғана алғашқы беттің басына берілді. Менің түртпектеуіммен тағы да бірін­ші рет түрік тілшілері газетке қатысып, ел­шіліктегі дін өкілінен хабар жариялады. Жұмагүл «Наурызды қалай өткіземіз» деген материалына орай үш-төрт пікір ұйым­дас­тырды. Қысқасы, алғашқы қадам тәп-тәуір. Бұны Қалағаңның өзі жеке атап өтті. Бұл да мен үшін абырой! Лиза жұмыстан көңілді келді. Екі айлық ақ­шасын алыпты. Бүгін Рамазан туралы материалымды бі­тірдім. Дәулет екеуіміз түстен кейін Көктө­бені шыр айналып қайттық. 1 көкек (жұма), 1994 жыл Түске дейін жаңбар жауды. Кешке қарай кесек-кесек қарға айналды. Көңіл күйім жақсы. Редакциядағы жұ­мыс­тарым жақсы жүріп жатыр. Түркиядан кел­ген екі қазаққа арендаға бір бөлмені бер­дім. Айына 100 доллар. Бухгалтерияға өт­кізіп тұрады. Подвалдағы қойма үшін жә­не төлеуге тиіс... «Огутай» спонсор ретінде тө­лейді... Жапонияға жолым түспей қалды. Ке­шігіп қалыппыз тізімге іліктіруге. Делега­ция 4-де жүрмек. «Заман – Қазақстанға» құрылтайшы болу­дан Қалдарбектер бас тартыпты. 11 ақпан (сейсенбі), 1997 жыл 21 жыл газетте істей жүріп, 30 жыл бұ­рын алғашқы мақалам жарық көре отырып, Жур­налистер одағының мүшелік билетін бүгін алдым. (№2486). Одақтың жауапты хатшысы Рахым Са­таев билетті жазып беріп отырып, шимен тісін шұқыдыма-ау, қисынын иіп келтіріп Одақ­тың төрағасы Камал Смановты жаман­да­дыма-ау, билетке мөр баса алмай қинал­ды­ма-ау, езіп қайдағы-жайдағыны айттыма-ау... Не приятно! «Естіртуді» Бану машинкаға бастырып жатыр. 12 бетін бітті. Күн жылы. Таңертең -8-10 болып еді, күн­діз +4+5-ке жетті. Кеше Азамат ауылдан келіпті. Кешке Зәуреш, Жансая үшеуі біздің үйде болды. 13 ақпан (бейсенбі), 1997 жыл Әмірханның «Қазақ әдебиетінде» жария­ланған «Ұлттығымыздың кепілі неде?» деген мақаласына орай «Ұлттығымыздың кепілі тек дінде болмаса керек» деген материал жа­зып «Қазақ әдебиетінің» өзіне тапсырдым. 20 ақпан (бейсенбі), 1997 жыл 18-і күні Серік Ақылбековтен кітабым­ның қолжазбасын алып қайттым. Майдың басына дейін толықтыруым керек. Сонда таза әдеби, қап-қалың кітап болмақ... «Жер аңсағанды» бастап едім, «Менің әжем» қалып кетті. Оның бір бетін жазған соң «Тонды» бас­тадым. Кеше қаламым жақсы жүріп еді, бүгін тағы тосылып қалдым. 3 сағат отырып, жарты-ақ бет жаздым. Күндіз «Алма-арасанда» жатқан Еркінге бардым. Шаршадым, ұйықтаймын. Ертең қала­лық әкімшілікке пресс-конференцияға баруым керек. 26 ақпан (сәрсенбі), 1997 жылы «Тонды» жазып жатырмын. Машинкамен он беттей болып қалды. Қаламым жақсы жүргендей. Жазғаным және ұнап жатыр. Енді таза үш күн отырсам, 15-16 беттік жә деген дүние бола қалар. Талаптан ұлды болды. 3 күн бұрын. Ри­за­ның көрген түсіне орай атын Мағжан қой­мақшы. Ертең Сапармұрат Түркіменбасшы Алма­тыға келмек. Салтанатына, баспасөз кон­фе­рен­циясына мен қатысамын. Күн жылы. 3-4 градус жылы. 12 наурыз (сәрсенбі), 1997 жыл «Қазақ әдебиетінің» кешегі санында «Ес­тір­ту» жарық көрді. Сол қалпында. Еш жері қысқармаған. Қалекең – Қалтай аға бүгін таңертең: «Құтты болсын! Жақсы әңгіме екен», – деді. Сосын несімен жақсы екенін ай­тып берді. Батық звондады. Қатты ұнаға­нын айтты. Ал өзім үшін ортаңқол дүние. «Сары самауырға» жетпейді. Оған жетпесе де же­деқабыл болатын дүние – «Тон» шығар. Бітуіне 2-3-ақ бет қалды. Әдемі өріліп келеді. Күн сайын соның жұмысымен отырмын. Қа­зіргі жазғаным – машинкамен 20 беттей. 16 наурыз (жексенбі), 1997 жыл «Тонды» осы қазір бітірдім (22:00). 25 бет­тей боп қалар. Тәуір дүние болғандай. Үстінен енді бір редакциялап шықсам, тіпті қатып кетуі мүмкін. Шенеуніктердің ішек-қарнын ақтарған секілдімін.