Ғылыми жобаларға арналған «Жаңа Асу» грант конкурсы жарияланды
Ғылыми жобаларға арналған «Жаңа Асу» грант конкурсы жарияланды
Бұл туралы Л.Гумилев атындағы «Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы – ректоры Ерлан Сыдықов есеп беру кездесуінде хабарлады. Ішкі гранттар конкурсының мақсаты – коммерцияландыру мүмкіндіктері бар ғылыми жобалар мен озық идеяларды қолдау. Оған жаңа ғылыми, инженерлік, зерттеу немесе қолданбалы нәтижелерден тұратын өз бетінше орындалған инновациялық жобалар қабылданады. Жеңімпаздар
25 қазан – Республика күнінде белгілі болады.
Офлайн және онлайн форматта өткен есептік кездесуде ЕҰУ ректоры 2021-2022 оқу жылындағы жұмыс қорытындыларына тоқталып, университеттің алдағы жылдарға басымдықтарын белгіледі. Оған студенттер мен олардың ата-аналары, жұмыс берушілер, ғылыми-педагогикалық қауымдастық және БАҚ өкілдері қатысты.
Биыл ЕҰУ жетекші ғалымдары 100-ден астам ғылыми зерттеуді жүзеге асыруда. Университет шетелдік ғалымдармен де халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытуда. Өткен жылы ЕҰУ ғалымдары бірлесе 500-ге жуық әртүрлі мемлекеттердің мамандары бірлесе еңбек етті.
Университет ғылымының дамуында ғылыми кадрлардың әлеуеті аса маңызды. ЕҰУ-да ғылыми дәрежесі бар профессор-оқытушылар құрамының үлесі 67 пайызды құрайды. ЕҰУ-дың 14 оқытушысы ҚР профессор-оқытушылар құрамының ТОП-50 бас рейтингіне енгізілген. Рейтингте бірінші орынды ЖОО профессоры Ратбай Мырзақұлов иеленді. ЕҰУ-дың 13 оқытушысы «ЖОО-ның үздік оқытушысы» атанды, 9 ғалым «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығын иеленді.
Есептік кездесу барысында ректор ЕҰУ жастарды ғылымға тартуға баса назар аударатынын атап өтті. 2020 жылдан бастап университетте постдокторантурада оқыту жүргізілуде. Қолданбалы ғылыммен және әзірлемелерді коммерцияландырумен айналысатын «зерттеуші-инноватор» позициясы енгізілді.
2021 жылдың желтоқсан айында университет түлектерінің бастамасымен құрылған ЕҰУ Endowment қоры да талантты және мұқтаж жастарды қолдауға, студенттердің ғылыми және инновациялық жобаларын қаржыландыруға бағытталған.
Білім беру қызметтері сапасының бағалануы ЖОО үшін маңызды шарт. Өткен оқу жылында 21 білім беру бағдарламасы халықаралық аккредиттеуден және қайта аккредиттеуден өтті. Университет бағдарламаларының 95 пайызы аккредиттелген. Бұл ретте инновациялық білім беру бағдарламаларын енгізуге ерекше көңіл бөлінеді. Өткен оқу жылында талапкерлерді қабылдау 262 білім беру бағдарламасы бойынша жүзеге асырылды. Нарықтың талаптарына сәйкес 35 инновациялық білім беру бағдарламасы әзірленді.