«Ақаңның әні» атанған туындының ақиесі кім?

«Ақаңның әні» атанған туындының ақиесі кім?

«Ақаңның әні» атанған туындының ақиесі кім?
ашық дереккөзі
Апта басында редакцияға қолында домбырасы бар қария келді. Оюлы шапаны, өрнекті тақиясы мен дом­быра­сы ақсақалдың өнерге қатысы барын айғақтап тұр. Қасы­на бір баласын ерте келген қария сонау Торғай өңірі­нен екен. Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатовтай ұлт қайраткерлері туған өлкеден әдейі ат терлетіп келгені бекер емесі белгілі. Ақсақалдың есім-сойы – Нағашыбай Алпысов. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Ахмет Байтұрсынұлының Орын­бордан әні табылды» деген ақпарат бүкіл интернет жүйесін шулатқан. Ол әуеннің өзі де бір қазіргі заманның ыр­ғағына ұқсамайтын, көнеден жеткен күмбірдей құлақ құры­шын қандыратын туынды еді. Жырда Ахмет Бай­тұр­сынұлының елдегі Файзолла деген досына хат жаз­ған­ды­ғы, Алаш қайраткерлерінің аты-жөндері, сол кездегі уақыт бе­дері баяндалады. Жыр: «Файзолла досым, аса қымбатты, Мұң менен азап жаныма батты. Өтпелі дәуір – өкініш уы… Асау өзендей толқыны қатты… Өзіңе аян өмірім, ісім, Көрдім ғой бейнет туған ел үшін. Жабылған нақақ жаланы ойласам, Өзегім күйіп, өртенеді ішім», – деп басталады. Жыр сөзі мен әуені астасып, өткен ғасыр тарихынан сыр шертіп тұрған соқталы туынды еді. Дәл сол шулы жыр­дың әуенін шығарған автор осы Нағашыбай Алпысов екен. Нағашыбай Алпысов жастайынан ел ішіндегі жыр­шы­лар мен өнерпаздардың көне сарын ырғағын құлағына құйып өскен. Нағашыбайдың әкесі Алпыс та кез келген өлең жолдарын жыр әуен­дері­мен ше­бер орын­дайтын жыр­шы болған. Атадан жалғасқан асыл сарынды бүгінге жет­кізіп отыр­ған Нағашыбай ақсақалдың ба­лалары да кілең өнерпаздар. Ұлдары Абзал, Ақан, Әбдірахман, Серік бар­лығы да жырды на­қышына, әнді ырға­ғына кел­тіріп ай­татын өнер ше­бер­лері. Өнерлі әулет – «Мерейлі отб­а­сы» конкур­сы­ның жүл­дегері. Жуықта Қос­танай об­лысы Ал­пы­совтардың өнер ке­шін өт­кізіп Наға­шыбай ақсақалға «Жыр құлагері» деген төсбелгі табыс­та­ған. «Жыр құлагері» атануының да се­­бебі жоқ емес. Кезінде Наға­шы­бай жыр­­шы Ілияс Жансүгіров­тің «Құлагер» поэмасына әуен шы­ға­рып, оны екі сағат тоқ­тау­сыз жыр­лаған. Ол кезде «Құ­ла­герді» бүкіл халық ұйып тыңдап, телеарна мен радиодан беріл­ген. Біз қариямен әң­гімені елді «Ақаң­ның әні деп» шатас­тыр­ған «Қан­шең­гел» жырының тарихынан бастадық.  width=– Осыдан бірнеше жыл бұрын «Ақаң­ның әні» деген атпен тарап, бүкіл ин­тер­нетті дүр сілкіндірген әуездің авторы өзіңіз екенсіз. Енді әңгімені бұл жыр­дың тарихынан бастасақ. – 1990 жылдары Торғайдың әкімі болған Жа­қан Қосабаев деген ағамыз маған ауыл аза­маттарынан сәлем айтып жіберіпті. «Біз Ақаң мен Жақаңды ақтауға құжат даярлап жа­тырмыз. Сол кезде айтуға Алпысов бір туын­ды ойластырып жүрсін» депті. Содан бұ­ған не даярласам болар екен деп басым қат­­ты. Ол кісінің маған олай сәлем жол­дай­тын себебі 1983 жылы Ілияс Жансүгіровтің «Құ­лагер» поэмасын бір сағат жырлағанмын. Ол теледидардан көрсетілген. Одан кейін ақындар айтысына қатысып, сол айтыста Ақын Нұрхан Ахметбектің «Торғайдан сә­лем» деген термесін орындағам. Мұның бә­рін көрген әкім ағамыз шамасы разы болса ке­рек, «Алпысовтан бірдеңе шығады» деп ма­ған сәлем жолдапты. Ол жөнінде не даяр­лауға болады деп тарығып жүргенімде ақын Ха­митбек Мусабаевтың «Қаншеңгел» деген поэ­масы газетте жарияланғанын көрдім. Кеше­гі алаш арыстары өмір сүрген дәуірден әжептәуір мағлұмат беретін, қайраткерлердің есімдері аталған, шағын болса да дерегі бар поэма екен. Соны жырлайын деп даярланып жат­қанда маған совхоз директоры іссапарға шы­ғатынымды айтты. Менің мамандығым – құрылысшы. Поэманың алдыңғы 5-6 шу­ма­ғын оқып-оқып алдым да, жыршы-термеші Абзал деген балама сен осы жырды жаттап алшы, мен әуенін ойластырып келем дедім. Қазіргі айтыскер ақын Айбек Қалиев екеуі бір сыныпта оқитын. Ғалымжан Бекетов де­ген ұстаздары сол екеуін айтыстырып, тәр­биелеп жүрген. Сонымен, мен әуенін шы­ғарып келіп, балама орындатсам әжептәуір үйлесіп тұр екен. Сосын «менің жасым 45-ке келді, осы жырды сен орындап жүр» деп бергенмін. Оны Абзал жақсы орындап жүрді. – Әуеннің шығу тарихы белгілі бол­ды. Ал ел неге «Ақаңның әні табыл­ды» деп шулап кетті? – Иә, содан бұл жыр туғаннан кейін 25 жыл өткенде 2017 жылы біздің елде есепші бол­ған Кеңесбек Мәулетов деген ағамыз тың­дапты. Сейіт Кенжеахмет ағамыз бар, тағы басқа облыстан келген делегация бар, со­лардың алдында балам Абзал жырды орын­дайды. Сосын мұның әуені мен сөзі үй­лесіп тұрғандықтан тыңдармандар на­за­рын аударады. Жұрт жырды жылап тұрып тыңдайды. Көрермендер бұл жыр Ахмет Байтұрсынұлының өзінің өлеңі сияқты деп жора­малдайды. Әлгі жерде Кеңесбек Мәу­ле­тов мұны анықтаймыз дейді де әрі қарай әртүрлі анықталмаған алыпқашпа әңгіме кө­бейеді. Тіпті, бір күні «Ахметтің жаңа әні Орын­бордан табылды» деген жаңалық тарап, айды аспанға бірақ шығарды. Әңгіме ауаны бас­қаша бағыт алып кетті. Сосын Елдос Тоқтарбай деген жас ғалым ру­­ханияттағы азаматтардың басын қосып, «Қаншеңгел» кімнің жыры?» деген сұрақты талқылады. Әлгі жерде жырдың авторы Ха­митбек Мұсабаевтың өзі «бұл менің жырым, жаңа­ғы басында орындалатыны Ақаңның мо­нологы» деді. Мен де бұл жырды Ақаң жазуы мүмкін еместігін, әуенін шығарға­ным­ды айтып бердім. Сонда жиналған зиялы қауым өкілдері мен азаматтар Ақаңның әні емес­тігіне көзі жетіп қайтты. Ақаңның өмір­баяны мен қоғамдағы қызметі, ұстанымын қарас­тырғанда «Файзолла достым» деп хат жазуы мүмкін емес. Екеуінің ұстанымы екі басқа болған. Файзолла ауылында 4-5 жыл милиция болып қызмет еткен. Одан кейін барып Бұхара, Самарқан жақтан оқып, ишандық атақ алған. Олар ата-бабасынан бері қарай дін жолындағы адамдар екен. Ал Ахмет Байтұрсынұлы Торғайдағы 2-сыныпты бітіргеннен кейін, Орынборға ба­рып оқыған. Одан кейін Ақтөбенің Бат­пақты деген ауылында, одан соң Қос­та­най­дың қасындағы Әуликөлде, Қаратал деген ауылда мұғалім болған. Одан кейінгі 5-6 жыл Қар­қаралыда, әрі қарай Семейде болып, Жүсіп­бек Аймауытов екеуі газет шығарған. – Сонда «Қаншеңгел» жырында ай­тылғандай, Ахмет Байтұрсынұлы мен Фай­золла ишанның арасында байланыс бол­маған ба? Жалпы, Файзолланың өмірі туралы дерек бар ма? – Ахмет Байтұрсынұлы мен Файзолла ишан ешқашан араласпаған, жас шамасы да бір-біріне жақын емес. 1937 жылы Ақаң 4 - рет сотталып, түрмеде отырып, Файзоллаға хат жазды деген мүлде қисынға келмейді. Жаз­ған хаты туралы да ешқандай дерек жоқ. Бұл жерде жырды жазған Хамитбек Мұсабаев сол дәуірдің суретін айқынырақ беру үшін оқиғаларды ойдан шығарып, ақындық қиял­ға ерік беріп жырлаған. Әрі Файзолла ишан «Қаншеңгел» жырының авторы Хамитбектің аталас туысы болғандықтан, оны да Алаш қайраткерлерімен қатарластыра жырлаған. Сөйтіп, басы дауға қалды. Хамитбек Мұса­баев – ақын, журналист. Амангелді аудандық газетінің бас редакторы болған. Жырда ата­латын Файзолла да діндар болғанымен ақын адам екен. Ол да кейіннен 1937 жыл­дары сотталған. Сосын оны Хамитбек бұл да сотталған, Алаш қайраткерлерімен бір дәуірде өмір сүрген деп Ақаңның досы ре­тінде сипаттаған. Бірақ мұның соңы осындай үлкен тартысқа айналды.  width=– Бұл жырдың әрі қарай «Ақаңның әні» деп ел ішіне тарап кетуінің тағы да басқа себебі бар емес пе? – Осы арада бұл жырдың басы дауға қалу се­бебін анығырақ айтып берейін. Сол ау­данда оқу бөлімінің бастығы, мектеп ди­рек­торы, кейін қажы атанған Ғазез Әмір­ханов де­ген ағамыз болған. Сол кісі жаңа­ғы Ақаң­дар ақталып жатқан кезде бір жиында баян­дама жасау керек болып, журналист Ха­мит­бек Мұсабаевтан көмек сұ­рай­ды. Сонда Ха­митбек өзінің жазған «Қан­­­шеңгел» поэмасын бере­ді. Жиын тара­ған­да әлгі қағаздар қалады да, әкімшілікте жұмыс істейтін Сәуле Аяшева деген қыз қалған қағаздарды жинап алып, үйіне апарып тастайды. Бертінде күйеуі Кеңесбек Мәулетов зейнетке шыққанда әлгі қағазды көріп қалып, «міне, Ақаңның өлеңі та­былды» деп елді шулатып жібереді. Олар газет­ке, ин­тернетке, жоғары-төмен хат жа­зып, мұ­ның соңы дауға айналғанда зиялы қауым жиналып, өлеңнің авторы Хамитбек екенін айтқан. Жиында Хамитбек ақын жыр өзінің туындысы екендігін, ешқайдан ұрла­мағандығын, басында айтылған Фай­золлаға жазған хат сияқты бөлімі Ақаңның моно­логы екендігін айтты. Ал анау Кеңесбек Мәу­летов бастаған адамдар «Хамитбек Ақаң­ның хатын ұрлаған, өлеңін өзгерткен» деген сияқты неше түрлі қауесет таратып жіберген. Мұндай анықталмаған ақпаратты шала­сауат­ты, кітап оқымайтын жас журналистер одан әрі ушықтырып, халықтың басын қатырды. Осы даудан кейін Хамитбек Мұса­баев қайтыс болып кетті. Жақында Кеңесбек фейс­букке «Өлер Хамитбек өлді, енді Ақаң­ның өлеңін өзіне қайтарайық» деп жазып жіберіпті. Мынау тіпті масқара! Кеңесбек Мәулетов осылай әдебиеттің заңдылығын түсінбей елді шатастырып жүр. Есепші бо­лып жұмыс істеген ол кісі монолог деген не екенін түсінбейді де. Зерттеуші ғалымдардың еңбегінде, мұра­ғатта Файзолланың Ахметке хат жаз­ған­дығы жайлы ешқандай дерек жоқ. Сосын бұл өлең жолдарының буын сандары, жа­зылу стилі ешқандай да Ахмет өлеңдеріне кел­мейді. Мұны түсінетін Мәулетов жоқ. – Сіз ел ішінен келіп отырсыз. Әйгілі Ақаңдар мен Жақаңдар туған өлкеде әлі де ақындық пен сөз ұстар таланттардың жалғасып жатқандығы жалған емес. Ел ішіндегі көнекөз қариялардан тыңдаған әңгімелеріңіз болса айта отырыңыз. – Торғайда үлкен ақындар мектебі бол­ды. Кезінде біздің Назарбек Бектемісов деген мұғалім ағайымыз бар еді. Сол кісі ел аралап жүріп талай ескілікті әңгіме тыңдаған екен. Сол ағайымыздың айтуы бойынша Торғай өңі­рінде Есенжол Жанұзақов деген ірі төкпе ақын өмір сүріпті. Олар жазда Ахметтің ауы­­лымен жақын жайлайтын болған. Ахметтің бала кезіндегі талпынысынан, тұл­ғалық пішімінен үлкен үміт күткен ол: Беремін саған осы домбырамды, Тербетіп жалғау үшін қоңыр әнді. Қамшылап тор шолақтай жүре бермей, Ағаң да әлі бір күн болдырады. Сонда сен осы әнді жалғарсың да, Шығарсың әлі талай тауға, шыңға, Домбыра қағысың мен салған әннен, Тыңдаушың Есенжолды аңғарсын да! – деп Ахметке домбыра сыйлаған. Ол кісі әрі ақын, әрі композитор болған. Бірақ ол кезде жазып алатын құрал болмағандықтан бізге ол мұралардың барлығы түгел жетпеді. Сол сияқты Торғайда Сейітахмет Бейсенұлы, Иманқұлдың Әбдірахманы, Күдері, Әбіқай Нұртазаұлы, Әбіқайдың баласы Ахметхан деген ақындар болды. Олардан қалған көп­теген жырды менің әкем де жатқа айтатын еді. Әкем жырды әуенге салып, таңға дейін айта беретін жыршы болған. Ахмет Бай­тұр­сынұлының «Қырық мысалын» әкем жырлап отыратын. Осы жыршылық мектеп бізге атамыздың қанымен, ұлттық дәстүрдің ізі­мен жалғасып келе жатыр. Сол сияқты Торғайдағы үлкен ақындық мек­тептің ұстазы Жұмабай деген ақын бо­лыпты. Оны уақ Жұмабай деп атаған. Ол өте ірі, талантты ақын екен. Байырғы дәстүр бойын­ша бала кезінде оған ауылы бір тай атап қояды. Сосын ол бірде суатқа келген жыл­қы ішіндегі тайға мінейін деп барса, тай­дың үстінде жарбиған біреу отыр дейді. Әлгі жерде бала қорқып, қашып кетеді. Ауыл­дан адамдарды ертіп барса, тайдың үстінде ешқандай адам жоқ. Кейіннен тағы бір күні бала жылқыға барса тайдың үстінде тағы да адам отырады. Сонда бала сасқалақтап тұра қашады. Сол уақытта Жұмабайдың құлағына дүң­гірлеп дауыс естіліпті дейді. «Ей, Жұма­бай, қашпа! Мен саған қонайын деп жүрген пірмін. Сен өз уақытыңда аяқтыға жол бер­мей­тін, ауыздыға сөз бермейтін ақын бола­сың» депті. Содан кейін Жұмабай тек өлең­мен сөйлеп кеткен деген әңгіме бар. Расында, Жұмабай керемет төкпе ақын болған екен. – Әңгіме басында Ілияс Жансүгіров­тің «Құлагер» поэмасын жырлағаныңыз жайлы атап өттіңіз. Бұл қай кез еді? – 1962 жыл. Үйде бір кітап жатыр екен. Сыр­тында Ілияс Жансүгіров деп жазулы тұрды. Ішін ашсам Жансүгіровтің «Құлагер» поэ­масы екен. Бұл менің 17 жастағы кезім бо­латын. Жансүгіровтің шығармалары ел іші­не түгел таралмаған кез еді. Себебі Жан­сүгіров­тің өзі 1956 жылы ғана ақталған. Со­дан кейін 6 жылдан соң сол кітап қолыма түс­ті. Оны оқу үшін әкем бір жерден алдыр­ған екен. «Құлагерді» қатты қызығып оқы­дым. Жырдың маған әсер еткені соншалық, оның ырғағы құлағыма әуез болып құйылып, еш қиналмастан түгел жаттап алдым. Оны жат­тағанда маған ол керек болады деп ой­ла­мадым. Бұған дейін де мектепте жүргенде Торғайдағы Нұрхан Ахметбековтің «Есім сері», «Жауыз торы» деген поэмасын, Бейім­бет Майлиннің «Бай баласы» деген поэма­ла­рын да жаттап алғам. Мен бұған дейін ел ішіндегі әңгімеден ке­зінде Ақан деген сері болғанын, ол байдың қызын алып қашқанда қуғыншылар ұстап алып, сабап, атын тартып алғанын естігем. Содан ол нағашысынан бір тай сұрап алып, оны күтіп, баптайды. Ол әйгілі жүйрік болады. Ақанның жүйрігі бүкіл Арқа жұртын дүрліктіргені жайлы ел ауызынан естіп өскем. Поэманы оқып болғаннан кейін жыр­дың әуезі құлағымнан кетпей қойды. Бірақ оны ол кезде жырламадым. Ша­ма­мен 30 жастан асқан соң кейін өнерге ара­ла­са бастадым. 37 жасымда «Құлагерді» өз әуе­німмен жырладым. «Құлагер» поэмасын көптеген жерде орындадым. Ол телеарнадан көрсетіліп жақсы насихатталды. Алматыға барып жырлағанда 2 сағат сұрап едім, ұйым­дастырушылар 1 сағат қана уақыт берді. Ха­лық ерекше ілтипатпен қабылдады. Нег­і­зінен, 30 жасымнан кейін ғана өнердің не еке­нін түсініп, бұрынғы жыршылар мен ақын­дардан қалған мектептің сүрлеуімен бір­неше әуен шығарып, жыр-жырладым. «Наурыз айы туғанда» деген де әнім бар. Сүйін­бай мен Қатаған айтысын да өзім шы­ғарған әуенмен орындағам. Міне, осы ел ішін­дегі ырғақты одан әрі дамытып, қазір ба­лаларыма табыстап жатырмын.

Сұхбаттасқан Бейбіт Тоқтарбай