Жаңалықтар

«Ақаңның әні» атанған туындының ақиесі кім?

ашық дереккөзі

«Ақаңның әні» атанған туындының ақиесі кім?

Апта басында редакцияға қолында домбырасы бар қария келді. Оюлы шапаны, өрнекті тақиясы мен дом­быра­сы ақсақалдың өнерге қатысы барын айғақтап тұр. Қасы­на бір баласын ерте келген қария сонау Торғай өңірі­нен екен. Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатовтай ұлт қайраткерлері туған өлкеден әдейі ат терлетіп келгені бекер емесі белгілі. Ақсақалдың есім-сойы – Нағашыбай Алпысов. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Ахмет Байтұрсынұлының Орын­бордан әні табылды» деген ақпарат бүкіл интернет жүйесін шулатқан. Ол әуеннің өзі де бір қазіргі заманның ыр­ғағына ұқсамайтын, көнеден жеткен күмбірдей құлақ құры­шын қандыратын туынды еді. Жырда Ахмет Бай­тұр­сынұлының елдегі Файзолла деген досына хат жаз­ған­ды­ғы, Алаш қайраткерлерінің аты-жөндері, сол кездегі уақыт бе­дері баяндалады. Жыр: «Файзолла досым, аса қымбатты, Мұң менен азап жаныма батты. Өтпелі дәуір – өкініш уы… Асау өзендей толқыны қатты… Өзіңе аян өмірім, ісім, Көрдім ғой бейнет туған ел үшін. Жабылған нақақ жаланы ойласам, Өзегім күйіп, өртенеді ішім», – деп басталады. Жыр сөзі мен әуені астасып, өткен ғасыр тарихынан сыр шертіп тұрған соқталы туынды еді. Дәл сол шулы жыр­дың әуенін шығарған автор осы Нағашыбай Алпысов екен. Нағашыбай Алпысов жастайынан ел ішіндегі жыр­шы­лар мен өнерпаздардың көне сарын ырғағын құлағына құйып өскен. Нағашыбайдың әкесі Алпыс та кез келген өлең жолдарын жыр әуен­дері­мен ше­бер орын­дайтын жыр­шы болған. Атадан жалғасқан асыл сарынды бүгінге жет­кізіп отыр­ған Нағашыбай ақсақалдың ба­лалары да кілең өнерпаздар. Ұлдары Абзал, Ақан, Әбдірахман, Серік бар­лығы да жырды на­қышына, әнді ырға­ғына кел­тіріп ай­татын өнер ше­бер­лері. Өнерлі әулет – «Мерейлі отб­а­сы» конкур­сы­ның жүл­дегері. Жуықта Қос­танай об­лысы Ал­пы­совтардың өнер ке­шін өт­кізіп Наға­шыбай ақсақалға «Жыр құлагері» деген төсбелгі табыс­та­ған. «Жыр құлагері» атануының да се­­бебі жоқ емес. Кезінде Наға­шы­бай жыр­­шы Ілияс Жансүгіров­тің «Құлагер» поэмасына әуен шы­ға­рып, оны екі сағат тоқ­тау­сыз жыр­лаған. Ол кезде «Құ­ла­герді» бүкіл халық ұйып тыңдап, телеарна мен радиодан беріл­ген. Біз қариямен әң­гімені елді «Ақаң­ның әні деп» шатас­тыр­ған «Қан­шең­гел» жырының тарихынан бастадық. – Бұл жырдың әрі қарай «Ақаңның әні» деп ел ішіне тарап кетуінің тағы да басқа себебі бар емес пе? – Осы арада бұл жырдың басы дауға қалу се­бебін анығырақ айтып берейін. Сол ау­данда оқу бөлімінің бастығы, мектеп ди­рек­торы, кейін қажы атанған Ғазез Әмір­ханов де­ген ағамыз болған. Сол кісі жаңа­ғы Ақаң­дар ақталып жатқан кезде бір жиында баян­дама жасау керек болып, журналист Ха­мит­бек Мұсабаевтан көмек сұ­рай­ды. Сонда Ха­митбек өзінің жазған «Қан­­­шеңгел» поэмасын бере­ді. Жиын тара­ған­да әлгі қағаздар қалады да, әкімшілікте жұмыс істейтін Сәуле Аяшева деген қыз қалған қағаздарды жинап алып, үйіне апарып тастайды. Бертінде күйеуі Кеңесбек Мәулетов зейнетке шыққанда әлгі қағазды көріп қалып, «міне, Ақаңның өлеңі та­былды» деп елді шулатып жібереді. Олар газет­ке, ин­тернетке, жоғары-төмен хат жа­зып, мұ­ның соңы дауға айналғанда зиялы қауым жиналып, өлеңнің авторы Хамитбек екенін айтқан. Жиында Хамитбек ақын жыр өзінің туындысы екендігін, ешқайдан ұрла­мағандығын, басында айтылған Фай­золлаға жазған хат сияқты бөлімі Ақаңның моно­логы екендігін айтты. Ал анау Кеңесбек Мәу­летов бастаған адамдар «Хамитбек Ақаң­ның хатын ұрлаған, өлеңін өзгерткен» деген сияқты неше түрлі қауесет таратып жіберген. Мұндай анықталмаған ақпаратты шала­сауат­ты, кітап оқымайтын жас журналистер одан әрі ушықтырып, халықтың басын қатырды. Осы даудан кейін Хамитбек Мұса­баев қайтыс болып кетті. Жақында Кеңесбек фейс­букке «Өлер Хамитбек өлді, енді Ақаң­ның өлеңін өзіне қайтарайық» деп жазып жіберіпті. Мынау тіпті масқара! Кеңесбек Мәулетов осылай әдебиеттің заңдылығын түсінбей елді шатастырып жүр. Есепші бо­лып жұмыс істеген ол кісі монолог деген не екенін түсінбейді де. Зерттеуші ғалымдардың еңбегінде, мұра­ғатта Файзолланың Ахметке хат жаз­ған­дығы жайлы ешқандай дерек жоқ. Сосын бұл өлең жолдарының буын сандары, жа­зылу стилі ешқандай да Ахмет өлеңдеріне кел­мейді. Мұны түсінетін Мәулетов жоқ. – Сіз ел ішінен келіп отырсыз. Әйгілі Ақаңдар мен Жақаңдар туған өлкеде әлі де ақындық пен сөз ұстар таланттардың жалғасып жатқандығы жалған емес. Ел ішіндегі көнекөз қариялардан тыңдаған әңгімелеріңіз болса айта отырыңыз. – Торғайда үлкен ақындар мектебі бол­ды. Кезінде біздің Назарбек Бектемісов деген мұғалім ағайымыз бар еді. Сол кісі ел аралап жүріп талай ескілікті әңгіме тыңдаған екен. Сол ағайымыздың айтуы бойынша Торғай өңі­рінде Есенжол Жанұзақов деген ірі төкпе ақын өмір сүріпті. Олар жазда Ахметтің ауы­­лымен жақын жайлайтын болған. Ахметтің бала кезіндегі талпынысынан, тұл­ғалық пішімінен үлкен үміт күткен ол: Беремін саған осы домбырамды, Тербетіп жалғау үшін қоңыр әнді. Қамшылап тор шолақтай жүре бермей, Ағаң да әлі бір күн болдырады. Сонда сен осы әнді жалғарсың да, Шығарсың әлі талай тауға, шыңға, Домбыра қағысың мен салған әннен, Тыңдаушың Есенжолды аңғарсын да! – деп Ахметке домбыра сыйлаған. Ол кісі әрі ақын, әрі композитор болған. Бірақ ол кезде жазып алатын құрал болмағандықтан бізге ол мұралардың барлығы түгел жетпеді. Сол сияқты Торғайда Сейітахмет Бейсенұлы, Иманқұлдың Әбдірахманы, Күдері, Әбіқай Нұртазаұлы, Әбіқайдың баласы Ахметхан деген ақындар болды. Олардан қалған көп­теген жырды менің әкем де жатқа айтатын еді. Әкем жырды әуенге салып, таңға дейін айта беретін жыршы болған. Ахмет Бай­тұр­сынұлының «Қырық мысалын» әкем жырлап отыратын. Осы жыршылық мектеп бізге атамыздың қанымен, ұлттық дәстүрдің ізі­мен жалғасып келе жатыр. Сол сияқты Торғайдағы үлкен ақындық мек­тептің ұстазы Жұмабай деген ақын бо­лыпты. Оны уақ Жұмабай деп атаған. Ол өте ірі, талантты ақын екен. Байырғы дәстүр бойын­ша бала кезінде оған ауылы бір тай атап қояды. Сосын ол бірде суатқа келген жыл­қы ішіндегі тайға мінейін деп барса, тай­дың үстінде жарбиған біреу отыр дейді. Әлгі жерде бала қорқып, қашып кетеді. Ауыл­дан адамдарды ертіп барса, тайдың үстінде ешқандай адам жоқ. Кейіннен тағы бір күні бала жылқыға барса тайдың үстінде тағы да адам отырады. Сонда бала сасқалақтап тұра қашады. Сол уақытта Жұмабайдың құлағына дүң­гірлеп дауыс естіліпті дейді. «Ей, Жұма­бай, қашпа! Мен саған қонайын деп жүрген пірмін. Сен өз уақытыңда аяқтыға жол бер­мей­тін, ауыздыға сөз бермейтін ақын бола­сың» депті. Содан кейін Жұмабай тек өлең­мен сөйлеп кеткен деген әңгіме бар. Расында, Жұмабай керемет төкпе ақын болған екен. – Әңгіме басында Ілияс Жансүгіров­тің «Құлагер» поэмасын жырлағаныңыз жайлы атап өттіңіз. Бұл қай кез еді? – 1962 жыл. Үйде бір кітап жатыр екен. Сыр­тында Ілияс Жансүгіров деп жазулы тұрды. Ішін ашсам Жансүгіровтің «Құлагер» поэ­масы екен. Бұл менің 17 жастағы кезім бо­латын. Жансүгіровтің шығармалары ел іші­не түгел таралмаған кез еді. Себебі Жан­сүгіров­тің өзі 1956 жылы ғана ақталған. Со­дан кейін 6 жылдан соң сол кітап қолыма түс­ті. Оны оқу үшін әкем бір жерден алдыр­ған екен. «Құлагерді» қатты қызығып оқы­дым. Жырдың маған әсер еткені соншалық, оның ырғағы құлағыма әуез болып құйылып, еш қиналмастан түгел жаттап алдым. Оны жат­тағанда маған ол керек болады деп ой­ла­мадым. Бұған дейін де мектепте жүргенде Торғайдағы Нұрхан Ахметбековтің «Есім сері», «Жауыз торы» деген поэмасын, Бейім­бет Майлиннің «Бай баласы» деген поэма­ла­рын да жаттап алғам. Мен бұған дейін ел ішіндегі әңгімеден ке­зінде Ақан деген сері болғанын, ол байдың қызын алып қашқанда қуғыншылар ұстап алып, сабап, атын тартып алғанын естігем. Содан ол нағашысынан бір тай сұрап алып, оны күтіп, баптайды. Ол әйгілі жүйрік болады. Ақанның жүйрігі бүкіл Арқа жұртын дүрліктіргені жайлы ел ауызынан естіп өскем. Поэманы оқып болғаннан кейін жыр­дың әуезі құлағымнан кетпей қойды. Бірақ оны ол кезде жырламадым. Ша­ма­мен 30 жастан асқан соң кейін өнерге ара­ла­са бастадым. 37 жасымда «Құлагерді» өз әуе­німмен жырладым. «Құлагер» поэмасын көптеген жерде орындадым. Ол телеарнадан көрсетіліп жақсы насихатталды. Алматыға барып жырлағанда 2 сағат сұрап едім, ұйым­дастырушылар 1 сағат қана уақыт берді. Ха­лық ерекше ілтипатпен қабылдады. Нег­і­зінен, 30 жасымнан кейін ғана өнердің не еке­нін түсініп, бұрынғы жыршылар мен ақын­дардан қалған мектептің сүрлеуімен бір­неше әуен шығарып, жыр-жырладым. «Наурыз айы туғанда» деген де әнім бар. Сүйін­бай мен Қатаған айтысын да өзім шы­ғарған әуенмен орындағам. Міне, осы ел ішін­дегі ырғақты одан әрі дамытып, қазір ба­лаларыма табыстап жатырмын.

Сұхбаттасқан Бейбіт Тоқтарбай