Жаңалықтар

Жалған дипломмен әкім болғысы келген қостанайлық сотталды

ашық дереккөзі

Жалған дипломмен әкім болғысы келген қостанайлық сотталды

Жалған дипломмен жауапты қызметке орналаспақшы болған қостанайлық азамат сотталды. Бұл туралы облыстық сот қызметіне сілтеме жасап Sputnik Қазақстан хабарлады.

Қылмыстық іс материалдары бойынша, 2009 жылдың күзінде Алматының автобазарында болған Н. белгісіз тұлғадан 350 АҚШ долларына оның 2006 жылы 23 маусымда Т.Рысқұлов атындағы қазақ экономикалық университетін тәмамдағандығы туралы жалған дипломды заңсыз сатып алған.

"2015 жылдың қарашасында азамат Н. Қарасу ауылында аудан орталығының әкімі қызметіне орналасқанда аталған дипломды пайдаланған. Жергілікті өзін өзі басқару органдарына мемлекеттік лауазымға үміткер кандидаттарға жүргізілген арнайы тексеріс кезінде аталған құжаттың жалған екені анықталған.Бұл жайтты арнайы сот сараптамасы да растады", — делінген хабарламада.

Қостанай облысының Қарасу аудандық соты Қылмыстық кодекстің 385-бабы 3-бөлігі бойынша (жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау) айыпталған 50 жастағы азамат Н-ға қатысты қылмыстық істі қарады. Сот үкімі бойынша айыпталушыға 60 АЕК көлемінде, яғни, 127 000 теңге айыппұл салу жазасы тағайындалды.