«Адамдары қауіпсіз өмір сүрсе, ел дамиды» – Әсел Бауыржанқызы

«Адамдары қауіпсіз өмір сүрсе, ел дамиды» – Әсел Бауыржанқызы

«Адамдары қауіпсіз өмір сүрсе, ел дамиды» –  Әсел Бауыржанқызы
ашық дереккөзі
«Amanat» партиясының VII шақырылымның Атырау облыстық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Жолмуханова Әсел Бауыржанқызы елдегі реформалар мен алдағы президенттік сайлауға қатысты turkystan.kz  тілшісіне сұхбат берді. - Қазақстанда 20 қараша күні Президенттік сайлау өтеді. Бұл жаңалықты қалай қабылдадыңыз? - Бұл ретте Мемлекет басшысын 7 жылға сайлап, бір реттік мерзіммен шектеу – дұрыс шешім деп есептеймін. Ал өз басым үміткер ретінде  Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кандидатурасын қолдаймын. Бүгінде  біздер үшін, ол – бас үміткер. Сондықтан оның жеңісіне күмәнданбаймын. Қазіргідей сыртқы әлемдегі тұрақсыз жағдайда Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев - өз халқына қауіп төндірмей, бейбіт дипломатиялық жолмен халықты дұрыс жолға бастайтын жалғыз Президент. Бұл – менің өз пікірім. Өйткені, ол жастардың болашағын, біздің болашағымызды және балаларымыздың болашағын ойлайды. Қысқа мерзімде оның Конституциялық реформасы Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болды. Сол себепті де Президентімізді және ол жүргізіп жатқан саясатты толық қолдаймын. Сол кісінің арқасында Қазақстан жаңа биіктерге жетеді деп сенемін. Ол - бірнеше тілді жақсы меңгерген мықты дипломаттардың бірі, аса көрнектi саясаткер, стратег және әлемдiк деңгейдегi қайраткер, қазақ елiн әлемге мойындатқан көреген көшбасшы. Ол 1975 жылы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын бітірген. Қазіргі таңда менің де сіңлім Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтында білім алып жатыр. Атап өтетін жайт, оқу орнында өткізілетін үлкен жиындарда университеттің ең үздік студенттері арасында Қасым Жомарт Тоқаевтың фотосуреті бірінші болып көрсетіледі екен. Сол жерде білім алып жүрген жас буын алдағы уақытта үлкен ағаларымыздан үлгі алып, ізін жалғастырады деген үміттемін. - Президент айтқан «Естуші мемлекет» тұжырымдамасы жайлы не айтасыз? - Қасым-Жомарт Тоқаев «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгертуде. Мемлекет, ең алдымен, бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады. Қоғам игілігіне арналған қызмет деңгейі жоғары болуына кепілдік береді. Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетіп,  мүмкіндігі шектеулі жандарды да көмексіз қалдырмайды. Осы орайда, Мемлекет басшысы енді Үкімет халықтың мұң мұқтажын ойлап, әлеуметтік мәселелердің түйінін шешуге ерекше басымдық беру керек екенін аңғартты. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекет және ұлт үшін осындай қиын қыстау уақытта көрегендік танытып, стратегиялық шешімдер қабылдап, елде болған қасіретті оқиғадан сабақ алу керек екенін айрықша атап өтті. Ең бастысы, Мемлекет басшысы елдегі азаматтардың арыз-өтініштерін ескеретін «Тыңдаушы мемлекет» қағидасын дамытып, әлеуметтік мемлекет құруды, баға тұрақсыздығы мен қымбатшылықты, ұлттық валютаның девальвациясын және инфляцияны тежеуді, әділетсіз жүйені жоюды, елдің ішкі қауіпсіздігі мен сыртқы қорғанысын нығайтуды стратегиялық міндеттер ретінде алуы – Қазақстанды тұрақтылық пен бейбітшілікке, экономикалық даму мен гүлденуге алып баратынына кәміл сенеміз. Менің ойымша, Мемлекет басшысының қыркүйектегі халыққа Жолдауында сөз етіп отырған реформалар мен проблемалардың маңызы өте зор. Айтылған тақырыптар елдегі жағдайды түбегейлі өзгертіп, халқымыздың әл-ауқатын жақсартады. Өздеріңіз білетіндей, Президенттің Жарлығымен Қазақстанда үш облыс — Абай, Жетісу, Ұлытау құрылды. Сонымен қатар, Алматы облысының әкімшілік орталығы Талдықорғаннан Қонаевқа көшірілді. Айта кетейік, қысқа уақыт ішінде Мемлекет басшысы мемлекеттік бағыттың дәйектілігін қамтамасыз етті, жаңа саяси стандарттар қойды, азаматтардың іргелі құқықтарын қорғауды күшейтті, мемлекеттік аппараттың басқарылуын сақтап қалды, елдің халықаралық ұстанымдарын нығайтты, мемлекетке деген сенімді арттырды, ұлттық идеологияның жаңа тәсілдерін қалады. Жағымды жаңалық пен стратегиялық маңызды игілікті бастамаларға, соны идеяларға толы Президент Жолдауы – халықтың көкейінде жылдар бойы мазалап жүрген, наразылығын тудырған мәселелерді шешуге арналып, еліміздің экономикасын дамытып, саясаты мен тәуелсіздігін нығайтуға, халқымыздың әл-ауқатын арттырып, материалдық жағдайын жақсартуға бағытталған, елімізді жарқын болашаққа, Қазақстанның жаңа даму кезеңіне бастайтын маңызды құжат. Адам өміріне қауіп төнбеген мемлекетте ғана даму мен өркендеу бар. Мұндай үлкен сөздердің артында ұлы істер жатыр. Біз Мемлекет басшысымен  біргеміз! Еліміз үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін маңызды әрі қиын кезеңде Президентке қолдау көрсетуге дайынбыз! - Әсел Бауыржанқызы, сөз соңында сұрай кетейін, 6 қазанда Астанада өтетін «AMANAT» партиясының алдағы XXIV Съезінен не күтесіз? -  Әлі басталмаған Съезд жұмысының не туралы өтетіні және одан шығатын нәтиже жайлы дәл қазір тап басып айта алмаймын. Себебі алдағы Съездің күн тәртібі әлі бекітілген жоқ қой. Тек бүгін партияның Саяси кеңесі Бюросы 5 қазанда Астана қаласында партияның Саяси кеңесінің отырысын шақыру туралы қаулы жариялағанын естідім. Десе де Съезд жұмысы қашанда маңызға ие. Өйткені, онда партия тарапынан жасалып жатқан жұмыстар мен жоспарлардың мән-маңызы сараланып, жаңаша бағыт-бағдар түзеуге нық қадамдар жасалады деп сенемін. P.s. Кәсіпкер Әсел Бауыржанқызы қоғамдық бастамалардың бел ортасында жиі жүретін жан екен. Мысалы, ол ай сайын мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы барып тұратын көрінеді. Оларға моральдық, материалдық көмек беріп, жиі көңіл бөлуге тырысады. Біз онысын Instagram-дағы парақшасынан көрдік. 500 мыңнан астам оқырманы бар оның қоғамдық қорлармен тығыз жұмыс істеп жүргенін байқауға болады.   width=