Жұма, 2 Желтоқсан, 2022

Ғалым әдісі тұқым қуалайтын аурулардың алдын алуға септігін тигізеді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде биология ғылымының докторы, Орегон ұлттық приматтарды зерттеу орталығы және АҚШ-тың Діңгекті жасушалар орталығының профессоры Шухрат Миталипов «Қазіргі эмбриология мен генетикадағы жаңа технологиялар» тақырыбында көшбасшылық дәріс оқыды деп хабарлады turkystan.kz.

Оқу орнының биология және биотехнология факультеті ұйымдастырған шараға университет басшылығы, оқытушы-профессорлар құрамы, ғалымдар мен білім алушы жастар қатысты.

Портландтағы Орегон денсаулық және ғылым университеті жанындағы Эмбрионалды жасушалық және гендік терапия орталығын басқаратын әлемдегі ең ықпалды ғалымдардың бірі, ядролық трансплантация бойынша көптеген зерттеулердің авторы Шухрат Миталиповтің дәрісі көпшіліктің үлкен қызығушылығын тудырды. Мәскеудегі Тимирязев ауылшаруашылық академиясын, одан кейін РМҒА Медициналық-генетикалық ғылыми орталық аспирантурасын тәмамдаған және РФ Медицина ғылымдары академиясының Медициналық-генетикалық ғылыми орталығының Адам генетикасы институтында докторлық диссертация қорғаған Қазақстан тумасы ғылымда таңғажайып нәтижелерге қол жеткізді.

Шухрат Миталипов пен оның әпкесі Майя ақауы бар аналық ДНҚ-ны сау донорға ауыстырып, оны ондаған макакада сынап көру арқылы тұқым қуалайтын ауруларды емдеудің әдісін ойлап тапты. Шын мәнінде олар адам эмбрионының геномын «өңдеген» алғашқы ғалымдар болды. Бұрынырақ Орегон денсаулық университетінің зертханасында «үш ата-анадан туған бала» әдісі алғаш рет сыналған болатын, бұл кейбір гендік аурулардан арылуға мүмкіндік береді.

Құрметті қонақты әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев таныстырып, приматтарды клондауға алғаш қол жеткізген ғалымның ерен еңбегін атап өтті.

«Елімізде және шетелде жоғары дәрежеге жеткен тұлғалардың көшбасшылық дәрістерін ұйымдастыру университетіміздің студенттері мен жас ғалымдарына зор тәжірибе, үлкен мүмкіндіктер береді. Cтуденттерге таңдаған мамандығының ерекшеліктері туралы алғашқы құнды ақпараттарды беріп, одан әрі өзін-өзі дамытуға және жетістікке жетуге жетелейді. Шухрат Миталипов – генетикалық ауруларды емдеуде әлем бойынша жетекші ғалымдардың бірегейі. Шухрат Миталиповтің зерттеулері ғылымға жаңа жаңалық алып келді. Бүгінгі көшбасшылық дәріс университеттің ғалымдары мен студенттеріне пайдалы болады деген үміттемін», – деді ректор.

Заманауи эмбриология мен генетикадағы жаңа технологиялар мен жетістіктерге арналған дәріс пайдалы ақпаратқа толы болды. Генетикалық модификацияланған адам ұрығын шығаруға деген алғашқы талпынысты Шухрат Миталипов бастаған зерттеушілер тобы жасады. Зерттеу аясында үлкен көлемдегі бір жасушалы эмбриондардың ДНҚ-сы CRISPR деп аталатын генді редакциялау құралы арқылы өзгертілген. Ғалым Шухрат Миталипов жатырдағы сәбиді тұқым қуалайтын аурулардан сақтау жолын дәріске қатысушыларға кеңінен ақпарат беріп, өзінің ғылыми жобасын түсіндірді.

«Біздің ғылыми әдістің артықшылығы – генді терапияға қарағанда нақтырақ. Себебі генді терапия қолданған кезде өзгерістер қалаған жерде және қалаған күйде жүзеге аспауы мүмкін. Ал біздің әдіс арқылы гендер өзгерістен кейін тұрақтанып, келесі ұрпаққа беріледі. Бұл әдіс сәбилерде көптеген тұқым қуалайтын аурулардың алдын алуға үлкен септігін тигізеді», – деді ғалым.

Дәріскер сөз соңында өз командасының ғалымдарын тәжірибе алмасу мақсатында ҚазҰУ профессорларымен таныстыруға ниетті екенін білдірді. Осы бастама арқылы ол бірлескен бағдарламалар мен жаңа зерттеулер жүргізуге болатынын жеткізді.

Сондай-ақ жүздесуде ҚР ҰҒА академигі, «ПЕРСОНА» репродуктология аналитикалық орталығының бас директоры, Халықаралық репродуктология академиясының президенті Вячеслав Локшин «Бедеулікті емдеудегі заманауи технологиялар» тақырыбында баяндама жасады. Ал ҚР ҰҒА академигі Амангелді Бисенбаев әл-Фараби атындағы ҚазҰУ биология және биотехнология факультетінің ғылыми зерттеулері стратегиясы мен келешегі жайлы мағлұмат берді.

Дәріс соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, көкейдегі сұрақтарына толыққанды жауап алды.

 

 

 

 

 

Байқау айқын
Байқау айқын

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button