Президенттікке үміткер Дайрабаевтың ұлдарына қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды
Президенттікке үміткер Дайрабаевтың ұлдарына қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды
Тараз қаласы сотында сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемдену, ірі мөлшерде алаяқтық жасады деген айыппен төрт азаматқа қатысты іс қаралады деп хабарлады turkystan.kz Halyq Uni сайтына сілтеме жасап.
Жамбыл облыстық сотының хабарлауынша, іс №2 қалалық сотының өндірісіне 2022 жылғы 19 қыркүйекте түскен.
Айыпталушылардың арасында Жамбыл облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары Ерлан Күлкеев және Елжан Елібай бар. Олар тергеу изоляторында отыр. Ал Марат Дайрабаев пен Дидар Молдақалық үйқамаққа алынған.
Айта кетейік, үйқамаққа алынған Дайрабаев пен Молдақалық «Ауыл» партиясы атынан кезектен тыс Президент сайлауына кандидат ретінде ұсынылған Жигули Дайрабаевтың ұлдары екені айтылды.
Осыған байланысты Жигули Дайрабаевқа телефон арқылы хабарластық, алайда ол сөйлесуге уақыты жоқ екенін айтты.
30 қыркүйекте елордада «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының кезектен тыс ХХ съезі өтті. Жиын барысында партия төрағасы Әли Бектаев алдағы Президент сайлауына партия атынан Қазақстан фермерлер одағы қауымдастығының президенті Жигули Дайрабаев үміткер болатынын мәлімдеді.
Айта кетейік, қылмыстық іс бойынша басты сот талқылауы 2022 жылғы 11 қазанға тағайындалған.