Еркек жегіш әйелдер аралы

Еркек жегіш әйелдер аралы

Еркек жегіш әйелдер аралы
ашық дереккөзі
Ертеде алыстағы Солтүстік теңізінде кілең әйелдер тіршілік ететін арал болыпты. Тулаған теңіз бетіндегі бұл аралға кемелер тақап барса да, аралға аяқ басқан еркек атаулы кері қайтпайды екен. Сонымен, бұл «әйелдердің жұмақ аралы» деп аталыпты. Эдзо өлкесінің балықшысы да, тепсе темір үзетін жігіт те, белі бүкірейген қария да «шіркін-ай, таңғажайып аралды бір көрсем» деп, армандапты. Бірақ, ғажайып аралдың қайда екенін ешкім білмепті. Еркектер ол туралы тек ауызша әңгімелерден біледі екен. Бірде балық аулауға шыққан кеме қалың тұманға кез болады. Бағытынан адасқан кеме белгісіз жаққа еріксіз жүзе береді. Кенет жарқ еткен бір сәуле пайда болады да, теңіз бетіне ғажайып арал қалқып шыға келеді. «Ау, бұл сұлулар аралы ғой!». Кемедегі ерлер гүжілдесіп, құрлыққа шығады. Алайда, жасықтау бір жігіт серіктеріне қосылмай, кемеде қалып қояды. Арада бірнеше күн өтіп, әлгі жігіт еліне оралады. «Сұмдық қорқынышты жер екен» дейді өңі боп-боз болған жігіт. «Расында кілең әйелдер тіршілік етеді екен. Арасында жезтырнақ кемпір де бар. Аралға барған жігіттердің бәрі мерт болды. Оларды шетінен өлтіріп жатқан кездегі дыбыстарды мына өз құлағыммен естідім». Оның сөзін тыңдап тұрған балықшылар үрейден көкпеңбек боп кетеді. Қарт балықшы жігіттің сөзінің төркінін былай деп түсіндіреді: «Мен бала кезімде атамнан оның атасы айтқан хикаяларды жиі тыңдайтынмын. Солтүстік теңізіндегі аралды бізге ұқсамайтын бір тайпа мекендейді екен. Аралдағы әйелдердің тісі сұмдық өткір де, ерлерін кеміре берген соң, еркек атаулы мерт болып, өңшең әйел заты қалған көрінеді». Төңіректегі балықшылар ауыздарын ашпастан көкпеңбек қалпы тұра береді. Тек бір жас жігіт мырс етіпті. Бұл жігіт жолдастарының арасында ең ақылдысы еді. Ол бірден кемені жасақтап, Солтүстікке тартып кетеді. Жігіт шаршамастан жүзе береді. Бір уақыттар болғанда ғажайып аралға да жетеді, Сол-ақ екен, сұлулығы көзді қарықтыратын келіншек жартас басында пайда болады да, жігітті өзіне шақырады. Тобығына дейін төгілген қара шашы аппақ тәнін жауып тұр. Жігіт жақындай бергенде сұлу толықсыған денесін жарқ еткізеді де, жартас саңылауына түсіп кетеді. Жігіт алдын-ала дайындаған қайрағын саңылауға сүңгітіп жібереді. Тістің сынған дыбысы естіліп, әйелдің өкірген дауысы жетеді құлаққа. Жеңісіне қуанған жігіт шат көңілмен еліне оралып, балықшыларға болған жайды айтып береді. Жолдастары бірінен кейін бірі Солтүстік теңізге аттанады. Қайрағы бары қайрағын, өзгесі қолына түскен өзге тас құралдарды алып, ғажайып аралға барып, сұлуларды «сынақтан» өткізеді. Еркек жегіш әйелдердің тістерін сындырған соң сол аралға халық еш кедергісіз қоныстана бастапты. Ал қазіргі қай өлке таңғажайып арал екенін бірде бір жан білмейді.

«Хоккайдо  аңызы»

Жапон тілінен аударған Шарафат Жылқыбаева