Көкшетауда ер адам 92 жастағы анасын ұрып өлтірді

3 қазан, 2022 / Өтей Торғайұлы
ашық дереккөзі
Көкшетауда ер адам 92 жастағы анасын ұрып өлтірді Көкшетауда анасын кірпішпен ұрып өлтірді деген күдікпен 62 жастағы адам ұсталды деп хабарлады turkystan.kz Polisia.kz-ке сілтеме  жасап. 2 қазанда полиция бөліміне егде жастағы әйелдің өлгені туралы ақпарат түскен. Тәртіп сақшыларына марқұмның ұлы хабарласып, 92 жастағы анасының құлап, салдарынан қайтыс болғанын айтқан. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы барды. Тергеушілер жалғыз куәгер – зейнеткердің 62 жастағы ұлынан жауап алған.
- Алдын ала тергеу барысында полиция егде жастағы әйелдің басына соққы жасалғанын, қылмысқа зейнеткердің ұлының қатысы барын анықтаған. Күдікті анасын кірпішпен ұрған. Салдарынан ол қайтыс болған, - деп жазылған хабарламада.
62 жастағы ақмолалық өз кінәсін мойындап, қайғылы оқиға болған күні мас болғанын, анасымен сөзге келіп қалғанын айтқан.
- Жанжал кезінде күдікті ашуға ерік беріп, кірпішпен анасының басынан бірнеше рет ұрған. Есін жинаған кезде өзі оқиға орнына полиция мен дәрігерлерді шақырған. Ол қылмысты жазатайым оқиға ретінде көрсеткісі келген, - деп жазылған хабарламада.
Бұл дерек негізінде Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті қамауға алынды.