«Зейнеткерлер күзетіп жүр»: мектептегі қауіпсіздік көңіл көншітпейді

«Зейнеткерлер күзетіп жүр»: мектептегі қауіпсіздік көңіл көншітпейді

«Зейнеткерлер күзетіп жүр»: мектептегі қауіпсіздік көңіл көншітпейді
ашық дереккөзі
Оқу-ағарту министрлігі мектептердің күзетіне қатысты алаңдаушылық танытты деп хабарлады turkystan.kz «Астана» арнасына сілтеме жасап.  Астанадағы Ғафу Қайырбеков атындағы №2 мектеп-гимназиясы  күзет қызметімен қамтамасыз етілген. Бірақ, бүгін ғана жұмысқа кіріскен күзетшінің қолында қажетті құрал-жабдық жоқ.
«Дубинкасы, металоискатель міндетті түрде болады. Ол дүниесіз олар мектепке кірмейді. Бұл бізге қызмет көрсететін фирма ғой. Фирма бізге кімді жібереді, біз сонымен жұмыс істейміз. Егде жастағы кісімен жұмыс істеу ыңғайсыз. Біз мүмкіндігінше 45 жасқа дейінгі кісілермен жұмыс істеуге тырысамыз», – дейді Ғ.Қайырбеков атындағы №2 мектеп-гимназиясының директоры Сырым Нұғманов.
Зейнет жасындағы кісі мектептегі балалардың қауіпсіздігіне жауап береді деу қиын. Ата-аналар да осылай деп алаңдайды. Былтыр Ресейде Қазан қаласындағы мектептегі атыстан кейін еліміздегі білім ошақтарының қауіпсіздігі күшейтілген. Ғимараттарға кіріп-шығу тәртібі қатаңдатылды. Білім беру нысандарын күзет қызметімен қамтамасыз ету тапсырылды. Ал өткен аптада Ижевсктегі жағдай жұртты тағы дүрліктірді. Алайда, бізге бұл да сабақ болмай тұрған секілді. Министрдің айтуынша, мектепті сеніп тапсырған мамандандырылған күзеттің де жұмысы сын көтермейді.
«Мектептерде мамандандырылған күзет агенттіктері болуы керек деген шешім қабылдағанда, негізінен, тиісті қарсылық көрсете алмайтын немесе қауіпсіздіктің тиісті деңгейін қамтамасыз ете алмайтын вахтерлардың орнына осы талаптарға сай келетін мамандар келгенін қаладық. Бірақ қазір кейбір фактілер мамандандырылған күзет агенттіктері арқылы келген қызметкерлердің бізбен бұрын жұмыс істеген әріптестерінен еш айырмашылығы жоқ екенін көрсетті», – дейді Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.
Елімізде 7 228 мектеп бар. Оның жартысы дабыл жүйесімен қамтамасыз етілген. 400 мектеп қана арнайы мамандандырылған күзет қызметімен келісім жасаған. Олқылықтың орнын толтыруға оқу жылы соңына дейін уақыт бар. Ол үшін жергілікті әкімдіктер тиісті қаржы бөліп, орындалуын тиісті министрлік қадағалауы қажет.